29 Сәуір, 2016

Бос жатқаннан не пайда?

282 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
feb0efe35c1a07e1ee7f8e17876189e7Жер – о бастан халқымыздың асыл мұрасының бірі. О шетімен бұ шетіне көз жетпейтін ұлан-ғайыр даламыздың әрбір қадам жері ерекше аялауды, күтімді қажет етеді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы мақсатында қолданылатын құнарлы жердің нақты иесі болса, бұл осы саланы өркендетуге үлкен септігін тигізері даусыз. Бұған өзім басқарып отырған «Райхан» шаруа қожалығының мысалынан нақты деректерді алға тоса аламын. Қазір біздің шаруа қожалығымыздың иелігінде 49 жылға жалға алынған 300 гектар жер бар. Оның 70 гектарына көкөніс, бақша дақылдарын егіп, жыл сайын мол өнім жинауға қол жеткізіп келеміз. Мәселен, жыл сайын 36 гектарға картоп, 4 гектарға қауын, қарбыз, 30 гектар аумаққа қырыққабат пен сәбіз, жуа мен бұрыш, қызанақ пен қияр, баклажан өнімдерін өсіреміз. Өткен жылы 36 гектардан 1440 тонна картоп өнімін жинадық. Бұған қоса жоғарыда айтып өткенімдей түрлі өнімдерді өңір тұрғындарының дастарқанына ұсынып келеміз. Осылайша, бұрын тек мұнай-газ өнеркәсібі қарыштап дамыған Атырау облысының ауыл шаруашылығы өнімдерімен өзін өзі толық қамтуына үлесімізді қосып келеміз. Бұл күндері Атырауға еліміздің өзге өңірлерінен, сондай-ақ, көршілес Ресейдің шекаралас облыстарынан тасымалданатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі азая түсті. Шаруа қожалығында 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Сонымен бірге, ерте көктемнен күз айларына дейін созылатын маусымдық жұмыстар кезінде тағы да 50-60 адамды қосымша жұмысқа тартып келеміз. Мұның бәрін неге айтып отырмын? Өйткені, соңғы кезде ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жердің шетелдіктерге сатылатындығы және жалға берілетіндігі төңірегінде түрлі алыпқашты әңгімелер айтылып жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында осы мәселеге орай өзінің алаңдаушылығын білдіріп, «Тағы да айтқым келеді – ауыл шаруашылығы жерлерін шетел азаматтарына және компанияларына сату туралы мәселе жоқ, талқыланбайды да. Бұл тақырыптың төңірегіндегі алыпқашты әңгіменің бәрі негізсіз. Біздің мақсат – ауыл шаруашылығымен айналысатындарға жекеменшігіне жер алу мүмкіндігін беру», деп түйіндеп берді. Шынында да, біз, ауыл шаруашылы­ғы саласының өкілдері осы мақсатта қолданылатын жер аумағының азып-тозғанын қаламаймыз. Өйткені, иесіз жатқан жер де күтім жасалмағаннан кейін құнарлылығын жоя бастайды. Ал егер жердің нақты иесі болса, оның ел үшін пайдасы ұшан-теңіз боларына сенемін. Біріншіден, иесі бар жер айрықша күтімге алынады. Қай азамат өзінің иелігіндегі жерінің бүлінгенін қалаушы еді. Бұл – бір. Екіншіден, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді жалға, не өз иелігіне алған шаруашылық иесі оның құнарлылығын арттыруға мүдделі болады. Сөйтіп, сол жердің төсінде түрлі ауыл шаруашылығы өнімдерін молынан өсіруге ынтасы оянады. Дала төсінде төрт түліктің санын да арттыруға батыл қадам жасайды. Сағидолла БӨЛЕКОВ, «Райхан» шаруа қожалығының жетекшісі Атырау облысы, Махамбет ауданы