29 Сәуір, 2016

Жер – біздің басты асыраушымыз

1119 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
ЗенченкоСондықтан оның қадір-қасиетін жете ұғынып, анамыздай мәпелеп,  күтіп ұстамаса болмайды. Даңғайыр диқан осылай кесіп айтады Биылғы жылдың 1 шілдесінен күшіне енетін «Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес облыс аумағында қал-қадерінше түсінік жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдаланудың өзекті мәселелері де ортаға салынды.  Біз Қазақстанның Еңбек Ері, «Зенченко және К» командиттік серіктестігінің бас директоры Геннадий ЗЕНЧЕНКОНЫ әңгімеге тартып, ой-пікірлерін білген едік. – Геннадий Иванович, соң­ғы кездері Қазақстанның жерін шетелдіктерге сату туралы түрлі ақпараттардың тараты­луына байланысты жер мәсе­лесіне алаңдаушылықтың кө­бейіп кеткені рас. Ол туралы Қазақстан халқы Ассам­блея­сының жақында өткен сессиясында Президент те ашық айтып, оның шындыққа жанаспайтынын, ата-бабамыздан мұраға қалған басты байлығымыздың шетелдіктерге сатылмайтынын мәлімдеді. Сіз білікті басшы ретінде не айтар едіңіз? – «Ауруда – шаншу, сөзде қаңқу жаман» деген сөз бар. Ел ішін алатайдай бүлдіріп, шап­қынға салып қоятын осындай алыпқашты әңгімелердің түп-тамырына үңілетін болсақ, заң нормаларын білмеушіліктен және түсінік жұмыстарының жеткілікті жүргізілмеуінен туындап жататыны жасырын емес. Нұрсұлтан Әбішұлы өте дұрыс атап көрсетті, Үкіметтің алға қойып отырған мақсаты– ауыл шаруашылығымен айналысатындарға жекеменшігіне жер алу мүмкіндіктерін туғызу. Осы мәселені талай жылдан бері көтеріп, тиісті орындар алдына қойып келдім. Өйткені, арамшөп басып кеткен егістік алқаптарды көргенде жүрегім ауыратын, ішім қан жылайтын. Біздің әкелеріміз, аталарымыз мемлекет, қоғам меншігіне жеке иелігіндегі дүниесіндей, мүлкіндей қарап, шаң жуытпайтын. Олар жердің иесімен қатар, киесі де болатынын біздерге ұқтырып кеткенімен, қазір ондай көзқарас некен-саяқ. Тіпті, жоққа тән. Сондықтан, түрлі өзгеріс-толықтырулармен Жер кодексінің қабылданып, бірер айдан кейін күшіне енетінін асыға тосып жүргендердің бірі – менмін. Заңның ең басты айырмашылығы да, өзгешілігі де ауылшаруашылық жерлерін сатып алған адамға оны дұрыс мақсатта пайдалануына ықпал жасау болып табылады. Демек, басты байлығымыз, негізгі асыраушымыз Жер-анаға деген шын ие, еге табылды деген сөз. Және де «мә» деп кез келгеннің қанжығасына байлап бере салмайды. Ауылшаруашылық жерлері бірінші кезекте жеке және заңды тұлғаларға жекеменшік құқығымен жер учаскесінің кадастрлық құнын арттыруды көздейтін аукцион арқылы сатылымға шығарылады. Сатып алу тетігінде бірталай жеңілдіктер де қарастырылған. Заңды дұрыстап оқыған адамның ауылшаруашылық жерлерін шетел азаматтарына, болмаса компанияларына сату жөнінде бірде-бір бап жоқ екеніне көзі жетер еді. Кезінде жерлерді арендаға алғанымен, не бабын келтіре алмай, не өнім ала алмай, тіпті, басқа біреуге субарендаға беріп қой­ғандарды талай кездес­тір­генбіз.  – Сіз басқаратын шаруа­шы­лықта 30 мың гектардай ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер бар болса, 25 мыңдай гектарына ауыл шаруашылық дақылдарын егеді екенсіздер. Осы жерлер қандай үрдісте пайдаланылады? – Бізде 700-ге жуық адам еңбек етсе, бір шоғыры егіншілікпен айналысады. 1996 жылы «Ново­ни­кольское» кеңшарына директор болып келгенімде, ауыл тұр­ғындары жер пайларын маған сеніп тапсырған болатын. Содан бері бірлесе жұмыс істеп келе­міз. Жалғыз құрылтайшы болған­дықтан, «өзімдікі дегенде – өгіз қара күшім бар». Орташа түсім 22-25 центнерден кеміп көрген емес. Ауа райы қолайсыз болғанның өзінде жақсы өнім жинай білдік. Өйткені, егіншілік мәдениетін жетілдіруде алды­мен озық технологияларға сүйендік. Мәселен, теріскейде пияз өсіру оңай емес. Ауа райының қаталдығына қарамастан гектар басы 500 центнер өнім алдық. Көкөніс өсіру де озық әдіс-тәсілге негізделген. Бәзбіреулер 100-500 гектар жерді жалға алғандарына, аз-мұз табыс алғандарына мәз. Жердің күтімін, бабын, органикалық, минералды тыңайтқыштармен байытуды ойлай бермейді. Осындайлар ғой «өзгенікі дегенде бір кісідей ісім бардың» керін келтіретін. Енді жер-ананың қадірін білмейтіндерге тосқауыл қойылатын, тамырына балта шабылатын күн алыс емес. Оның сыртында, жерді жеке­меншікке сатып алып, мақсатты пайдаланбайтындарға да заңдық тұрғыдан қатал шаралар көріледі.  – Осы уақытқа дейін Қы­зыл­жар өңірінде жекеменшікке  сатылған егістік алқаптар бар ма? – Аймақ басшысы Ерік Сұл­танов БАҚ өкілдерімен болған бри­фингте 6175 гектар жердегі 28 учаскенің сатылғаны, оның 1636 гектары егістік жер, 4383 гек­тары жайылым екені, ал өңір бойын­ша 683,3 мың гектар жерді жеке­меншікке беруге болатыны жайлы деректер келтірді. Мұның өзі аграрлық салаға жаңа серпіліс әкеліп, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарындағы 35-ші қадам­ды орындау аясындағы жаңа өзгеріс­тер ауыл шаруашылығы мақса­тындағы жерлерді жекеменшікке беруге ықпал жасары анық.  – «Богби» және «Трансавто» серіктестіктері жүздеген мың гектар жерлерге егін сеппей, тұр­ғындарды тақырға отыр­ғызып кеткенін білетін боларсыз? – Менің шыр-пыр болып айтып жатқаным да сол, жерге нақты қожайын болмай көсегеміз көгермейді. Білуімше, «Богбиден» – 100 мың, «Трансавтодан»– 48 мың гектар егістік алқап мемлекет меншігіне қайтарылған көрінеді. Облыс бойынша жалпы жер қоры–9,8 миллион гектарды, оның ішінде ауыл шаруашылығы маңызы бар жерлер 74 пайызын құрайтынын ескерсек, бәріне де шын қожайын табыларына сенім­дімін. Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы