республикалық телемарафоны басталды
Кеше «Қазақстан» ұлттық арнасында «Шын жүректен» қайырымдылық телемарафоны бастау алды. Мейірімділік пен ізгілікті насихаттап, тағдыр талайымен түрлі дертке ұшыраған сырқат жандарға көмек қолын созуды көздейтін бұл шараға ұлттық арнаның аймақтардағы тілшілері қосылып, түнгі 22.00-ге дейін күні бойы тікелей эфир жүргізілді.
Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстан» телеарнасы бірнеше жыл қатарынан күн сайын айналасына жақсылық жасайтын адамдар туралы сыр шертетін «Шын жүректен» атты әлеуметтік-қайырымдылық тележобасын ұсынып келеді. Аталған арна ұйымдастырып жатқан телемарафонда әу баста 4 балаға көмек көрсету жоспарланған-ды. Бірақ, қайырымдылық ісі тек мұнымен шектеліп қалмақ емес. Бұл орайда «Қазақстан» РТРК» АҚ қызметкерлері де қолындағы барын аянып қалмай, әркім шамасына қарай қаржылай көмек көрсете білді. Ал телемарафон студиясына келген қонақтар болса, қалың бұқараға адам баласына жақсылық жасаудың, бір-біріне көмек берудің мән-маңызына тоқталып, ғибратты әңгімелер қозғады. Сондай-ақ, телеарна студиясына қайырымдылық жасаудан қалыс қалмайтын мемлекет және қоғам қайраткерлері, депутаттар, БАҚ және қайырымдылық ұйымдарының өкілдері, спортшылар жиналды. Олардың барлығы да осындай игі бастамаға қолдау көрсетуді жөн санаған екен.
Студияға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов, Парламент Мәжілісінің депутаты, Балалар омбудсмені Зағипа Балиева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сұлтан Оразалин сынды азаматтар келіп, игі бастамаға ізгі ниеттерін білдірді.
Бүгінде «Қазақстан» ұлттық арнасының мекенжайына көмекке зәру жандардан өтініштер көптеп түсуде. Күйіп қалып, шетелдік мамандардың еміне зәру болған Полат Бақытжан, Түркияда екі бүйрегіне де ота жасалуын күтіп жүрген Әділхан Мәдібекұлы, шетелде омыртқасына ота жасатуға мұқтаж Жұмахан Асылов, Ресейде емделуді қажет ететін Әділхан Бейсенбайұлы және басқалар қайрымдылықтан үміт етеді.
Бастысы, көмекке зәру жандар үшін ашылған есеп-шот бұқара халыққа үздіксіз таныстырылып жатыр. Келіп түскен ақпаратқа сәйкес, «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоры» Қоғамдық қорының есеп-шотына отандастарымыз молынан қаржы аударуда. Қуантарлық жайт, аталған есеп-шотқа түс ауғанша 5 миллионнан астам қаражат түсіп үлгеріпті.
Бұл көрсеткіш әлі де өсе түсеріне сенім мол.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»