29 Сәуір, 2016

Ғылым мен өндіріс ұштасса ұтады

329 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жақында «Математикалық және компью­терлік модельдеу мәселелері» атты респуб­ликалық ғылыми семинар өтті. Оған Қазақ­стандық математика бірлестігі, еліміздің Ұлттық инженерлік академиясы мен Ғылыми және технологиялық ұйымдар қауымдастығы ұйытқы болды. Семинарға академик, Қазақ­стан­дық математика бірлестігінің президенті Бақытжан Жұмағұлов жетекшілік етті. Бұл семинарды дәстүрлі деуге болады. Тоқсанына бір рет өткізіледі. Онда мате­матикалық модельдеу мәселелері, шешу жолдары, сандық әдістер мен алгоритмдердің дамуы, компьютерлік және ақпараттық жүйелер, басқа да есептеуіш, ақпараттық технологиялар қарастырылады. Осы жолғы семинардың бірінші отырысында математикалық және компьютерлік модельдеудің жай-күйі туралы физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Уәлихан Әбдібеков баяндамасы тыңдалды. Сонымен қатар, РҒА Сібір бөлімі есептеуіш технологиялар институтымен байланыс жасау кеңінен айтылды. Алдағы жылы Астана қаласында өтетін Түрік әлемі математиктерінің VI халықаралық конгресін өткізуге дайындық та қарастырылды. Осы конгресс құрылған сәттен бастап ол жаһан­дық пікірсайыс алаңына айналып, жаңа идеялардың шоғырлануына ықпал еткенін атап айтқанымыз жөн. 2018 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін халықаралық математиктер конгресіне қазақстандық математиктердің де қатысуы маңызды мәселе болып табылаты­ны хақ. Бұл конгреске қатысуға академик Тыныс­бек Калменов бастаған математик ғалымдар ұсынды. Семинардың қорытындысында академик Бақытжан Жұмағұлов Қазақ елі бойынша математика және компьютерлік модельдеу саласы бойынша сапалы кадрларды дайындау, олардың әлеуетін көтеру, халықаралық байланысты нығайту, сонымен қатар, отандық ғалым­дардың зерттеу жұмыстарының нәтиже­лерін газ-мұнай, экология және басқа салалар­да да өндіріске енгізуді тиімді пайдалану қажет екендігі туралы баса айтты. Семинарға қатыс­қан ғалым-математиктер бірауыздан ғы­лым мен өндірісті ұштастыру туралы ортақ байлам­ға келіп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»