29 Сәуір, 2016

Ауыл әңгімелері

815 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ауыл әңгімелеріСары ат Ауылдағы Жұмабек көкеміз кеңшар тарағанға дейін пошташы болып жұмыс істеді. Буян деген сары жорға аты болатын. Күн сайын газет таратады. Күн сайын атымен төрт ауылдағы әр үйдің ауласына кіріп шығады. Ауылда газетке жазылмаған бірді-екілі үйлер болатын. Сары ат ондай үйлерді өзі-ақ айналып өтіп кетеді. Яғни, Буян да қай үйге бұрылу-бұрылмау керек екенін әбден біліп алған. Күндегі кәсібі үй аралау болғаннан кейін үйренбей қайтеді енді?! Бірде ауылдың бір ақсақалы көрші ауылдағы асқа бармақ болып, Жұмабек көкенің атын сұрап мінгені бар. Бірақ келгеннен кейін көкемді жақсылап тұрып балағаттады. Сөйтсе, сары ат асқа жеткенше күндегі «маршрутымен» әр үйге кіріп кете беріпті. Ақсақал аттың тізгінін тарта-тарта әбден шаршап, ауылдың жартысын аралап шыққан ғой. Сексеуіл Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары болса керек. Бірде Мойынқұм ауданында тұратын екі орманшы сексеуілді заңсыз отаушыларды ұстап, ақша таппақшы болып, жолға шығады. Мезгіл – қыстың кезі, ақ боран ысқырып түтеп тұр екен. Жеңіл көлікпен үлкен жолдың қиылысына кеп тұра қалады. Көп күтпейді. Бір сағаттан кейін-ақ сүйрет­песін сексеуілге толтырып, қара түтінін бұрқы­ратып, ышқынып келе жатқан трактор көрініпті. Тоқтатады. Шынында сексеуілдің ешқандай рұқсат құжаты жоқ. Қыспаққа алады. Трактордың руліндегі жігіт ағасының тісі ауырып жүрген бе, әлде суықтан қымтанған түрі ме, әйтеуір аузын қалың бөкебаймен орап алған екен. Даусы әрең естілетін көрінеді. Екі орманшының арам ойын сезе қойған тракторшы: «Жігіттер, келісейік, жолын жасайын..» деп иіле кетеді. – Не бересің? – депті сонда орманшының бірі. Тракторшы бөкебайынан тұмсығын сәл шығарып: – Үйде екі бием бар еді, соның біреуін берейін, – депті өлімсіреп. Бұл қуанып кетеді. Дереу көлікте отырған екінші орманшыға жүгіріп барады: «Ойбай, анау бие берем деп жатыр, не істейміз?». «Келісе бер, бие болмаса да, биенің ақшасын беретін шығар», депті ол. Сонымен, екі жақ қол алысып, трактор алдыға түсіп, жеңіл көлік соңынан ереді. Көп жүрді ме, жоқ, аз жүрді ме, әйтеуір, бір кезде ауылға келеді. Тракторшы өз үйінің кең ауласына еркін кіріп, сүйретпедегі сексеуілді төңкеріп тастап, жүгіріп үйіне кіріп кетеді. Екі орманшы қолдарын ысқылап: «Шынында биенің ақшасын беретін болды-ау...» деп қораның қалқасында күтіп тұрыпты. Бір кезде тракторшы кісі үйден асығыс шығады. Қойнына жасырып алған бір заты бар сияқты. Қорбаңдап келіп, бұлардың қолына бір шиша арақты ұстатыпты да: «Жігіттер, жақсы, сау болыңдар?» деп бұрылып жүре беріпті. Мынау екеуі аң-таң. «Ей, тоқта, мынауың не?» дей берсе, тракторшы қайтадан бұрылып: «Екіншісін өзім ішемін...» деп үйіне кіріп кетіпті. Сөйтсе, аузын бөкебаймен тұмшалап алған тракторист: «Үйде екі бием бар...» деп емес: «Үйде екі «БМ» бар еді...» деп айтқан екен. Біреуін орманшыға берді, енді екіншісін де сұрап тұр екен деп: «Екіншісін өзім ішемін...» дегені сол екен. Ол жылдары Тараздан «БМ» деген арақ шығып, біраз жыл дүрілдегенін ел әлі ұмыта қойған жоқ. Осылайша «қызылға» ұмтылған екі орманшы үйлеріне құр қол қайтыпты. Ас 93 жасқа жетіп бақилық болған апамыздың жылдық асын беруді ақылдасу үшін жақын ағайындар ауылдағы қарашаңыраққа жинал­дық. «Басқа-басқа, асқа адам көп жиналады, сондық­тан дастарқанды молынан жайып, келген жегжаттарға жағдай жасау керек», деп ақыл айтты бір ағамыз. Сонымен, жеңгелеріміз бен келіндер барлық керек-жарақты дәптерге жазып, шығындарды есептеп шығарды. Ол қаржыны апамыздың балалары мен немерелеріне теңдей етіп бөліп берді. Былайша айтқанда, апамыздан тараған үрім-бұтағының естияр еркектерінің бәріне салық салынды. – Әжептеуір шығын кетеді екен... Ауыр боп кеткен жоқ па? – деп қалды бір ағамыз. – Жо-жоқ, апамыздың әруағы риза болсын! Ешқандай ауырлығы жоқ. Бөлінген ақшаны табамыз, қосамыз, – деп шу ете қалдық бәріміз. Сөйтсек Әуесхан деген ағамыз: – Ауылдағы пәленшенің баласы қайтыс болғанда жылдық асын кластастары көтерген екен. Біздің апамыздың да кластастары жоқ па екен-ей? – деп, елді ду күлдірді. Ұн Жақын ағайынымыздың баласы үйленіп, біздің жақ құдалық шақыруға қамданып жатқан. Осындай қарбалас күндердің бірінде ауылдағы бір апамыз қалаға барып, базардағы ұн сатушыдан: – Әй, айналайын, жақсы ұның бар ма? – деп сұрапты. – Әрине, бар, апа! Сатып жатқанымыздың бәрі жақсы ұн. Жоғарғы сорт. Қандайы керек сізге? – Білмеймін, қарағым! Құда шақыратын едік, ет асамыз, нан жабамыз, тоқаш пісіреміз дегендей... – Міне, елдің бәрі мына ұнды алады. Қанша килосын аласыз? – Ең жоғарғы сорт па? Бағасы қаншадан? – Иә, ең жоғарғы сорт... Бағасын келісеміз ғой, түсіріп беремін... – Онда мынау кішкентай қапшықтағысын бер... Қаптағы ұнды жанына қойған апа: – Енді айналайын, ең арзан, ең төменгі сортты ұның бар ма? – деп сұрапты. – Бар, апа... – Содан бір килодай бер? – Бір-ақ кило ма? Оны не істейсіз? Сөйтсе апамыз: – Келген құдалардың бетіне жақпаймыз ба? – дейтін көрінеді.  Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан»