30 Сәуір, 2016

Қор мен қойма

499 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Маңғыстау облысы тұрғындары қажетіне тұтыну үшін сулы жерді сүйе­тін өнімдерді, көкөніс түрлерін сатып алуға мәжбүр. Шөлді жерде көк­өніс түрлерін баптап егіп, балбыратып жинап, сүйсіне жеу қызығы бұйыр­маған, сондықтан бұл тағам түрле­рін алыс-жақыннан тасымалдап, құны­ның арзан-қымбатына қарамай сатып алуға тура келді. Мұндай жағдайда маң­ғыс­тау­лықтардың уәжі өнімнің баға­сына емес, «таптырып тұрса болды ғой» де­генге де сайып жататын тұстар аз емес. Маңғыстау облысында күнделікті тұтынатын тауар түрлерін, әсіресе, көкөніс пен жеміс-жидекті сырттан тасы­малдап, арнайы мұздатқыштары бар қой­маларды сапалы сақтай алатын орын ашылды. Бұл «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы аумағындағы 3 субзонадан ашылған «Азерсун өндірістік және логистикалық орталығы» ЖШС қоймасы. Әзербай­жан­дық «АнадолуИнвестмент Ком­пани» компаниясының бастамасымен және негізін қалауымен арнайы экономикалық аймақтан 4,2 гектар жерде жүзеге асырылған жоба жұмыстары – орталық құрылысы қазір аяқталып, қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. Толыққанды қуатына енген соң 40 адамды жұмыспен қамтитын жобаға 1 463 000 000 теңге инвестиция жоспарланып, бұл қаржы көлемі толықтай «АнадолуИнвестмент Компани» компаниясының жарғылық капиталынан қаралған. Жобаға сәйкес, қоймада әртүрлі категориядағы өнімдерді сақтау жос­парланған. Онда кәдуілгі қойма мен мұздатқыш қойма қарастырылған. Әрбір қоймада 4 қабатты тауарларды сақтау орындары бар. Сондай-ақ, барлық орындарда штрих-код­тар арқылы жекелеген және орта­лықтандырылған бақылау жүйесі орнатылған. Қоймалар орталық басқару жүйесі арқылы автоматты түрде толықтай климаттық бақылауда болады. Инновациялық жабдықтау, соның ішінде мұздату жабдықтары, климат жүйелері, терең мұздықтар Германия және Голландия елдері технологиялары бойынша жабдықталған. Жобаның бастамашысы болған «Азерсун Холдинг» компаниясы – құра­мына 20-дан астам аграрлық-өнер­кәсіптік кәсіпорындар кіретін Әзер­бай­жан Республикасындағы маңдайал­ды компаниялардың бірі. Әзер­байжан сынды елдерден тауар түрлерін тасы­малдаушылар ол тауарларды екі жыл бойы сапалы күйінде сақтай алатын­дықтарына сендіріп отыр. Сонымен қатар, Әзербайжан Республикасының Губинский, Гусар, Гяджин, Шемкир секілді бау-бақшалы аудандарынан кәсіпкерлер жобаға тасымалдаушы ретінде қатысуға ынталылы. Аталмыш жоба – Маңғыстау облысында «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру барысында атқарылып жатқан жобалардың бірі ретінде белгілі. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Маңғыстау облысы