30 Сәуір, 2016

Жуалы тамшы судан табыс таппақ

462 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жуалы ауданында 8 мың гектардан астам суармалы жер бар. Былтыр «Көксай» жаңа каналы іске қосылғалы бері тағы 3 мың гектар жерді сулан­ды­руға мүмкіндік туды. Осыдан кейін алқапты тамшылатып суару әдіс­тері де кеңінен қолға алынуда. Содан болар ауданда там­шылатып суару алаңы екі мың­нан астам гектарға дейін ұлғаймақ. – Аудан аграрлы ай­мақ, сондықтан ауыл шаруа­шы­­лы­ғына баса назар аударылады, – дейді бұл жөнінде Жуалы ауда­нының әкімі Батырбек Құлекеев Орталық коммуникация қызметінің Жамбыл облысы өңір­лік филиалында берген бри­фингінде. – Сондықтан, тамшы­латып суаруға басым күш беріп отырмыз. Өткен жылы шаруа­лар 18,17 млрд. теңгенің өні­мін өндірген. Сондай-ақ, ауданда кәсіп­керлік саласы дамып келеді. Жалпы, тіркелген жеке кәсіп­керлік субъектілерінің 98,5 пайызы жұмыс істейді. Аудан кәсіп­кер­лері 2015 жылы 899,9 млн. теңге несие алып, кәсіптерін жүргізуде. Қазіргі таңда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Даму» қорының ке­піл­­дігімен жеке кәсіпкер Гүлмира Әсе­мо­ва сырт киімдер тігу цехын ашу үшін 6,1 млн. теңге, «Мешелова З.» жеке кәсіп­керлігі сүт өнімдерін өңдеу цехын ашу үшін 39,0 млн. теңге, инфра­құ­рылым жүргізуге 20,5 млн. теңге, кәсіпкерлер Г.Серік­баева құрылыс материалдарын шығару үшін 2,0 млн. теңге, А. Ибрагимова кондитер цехын ашу үшін 10,0 млн. теңге қаржыға қол жеткізді. Талайдан бері «жыр» болып, құрылысы тым созылып кет­кен Ертай ауылындағы 120 оқу­шыға арналған орта мектеп жақын­да пайда­лануға берілді. Ал жалпы сме­талық құны 453 038,0 мың теңгені құрайтын Қош­қа­рата ауылындағы 180 оқушыға ар­налған орта мектеп құрылысы бойынша 2015 жылға бөлінген қаржы 280 464 мың теңге толы­ғымен игерілді, ағымдағы жылы нысанның құрылысы аяқталады. «Автомобиль жолдарының жұ­мыс істеуін қамтамасыз ету» бағ­­дар­­ламасы бойынша 2015 жылға аудан­­дық маңызы бар және ауыл­іші­лік автомобиль жолдарын орта, ағым­дағы жөндеуден өткізу­ге  аудан­дық бюд­жеттен 217 732,0 мың теңге қа­рас­тырылып, 15,2 ша­­қы­рым жол орта жөндеуден өткізілді. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы