Олар туралы біз не білеміз?
Демалыс күні болатын. Есіктің қоңырауы шылдыр етті. Ойымда ештеңе жоқ барып ашып қалсам, қазақтың бір жігіті мен қызы тұр. Біз «Иегова куәгерлеріміз», әңгімелесейік деп едік дейді, онымен қоймай, мынаны оқысаңыз деп қолдарындағы кітаптарын тықпалайды. Бір жағынан, демалыс уақытымды бөліп, мазамды алғанына, екінші жағынан, қазақтың жап-жас жігіті мен қызының қайдағы бір дінді уағыздап үй-үйді жағалап жүргеніне ашуым келіп, әлгі екеуіне едәуір сөз айтып тастадым. Күтпеген жерден шырқымды бұзған шақырусыз «қонақтарға» ренішімді жеткізе тұрып, бұл сияқтылар қашанғы үйлерді аралап, халықты мазалай береді, мұндайларға тыйым салатын не заң, не билік жоқ па деген ой да көкейге орала берді. Әлде «иесіз үйді қонағы билейді» дегеннің кері ме?..
Жалпы, соңғы кездері тым көбейіп кеткен осындай діни ағымдар мен секталар дегендер кімдер? Олар нендей мақсаттарды көздейді? Олардың сені кейде көшеде тоқтатып алып, енді бірде үйіңе жетіп келіп уағыз айта бастауларының себебі неде? Неліктен олар аяқтарын соншалықты алшаң басады? Діни сипаттағы түрлі қозғалыстар мен ағымдар туралы сөз қозғауға түрткі салған да осындай сауалдар.
Егер тарихқа үңілер болсақ, секталар немесе сектанттық топтар сонау антикалық дәуірде де өмір сүрген екен. Олардың адамға тигізетін ықпалдары да орасан. Әсіресе, дәстүрлі діндерден хабары аз адамдар ондайлардың айтқандарына тез көнетін көрінеді. Өздерін адамдарды құтқарушы ретінде көрсетіп, жеңіл ойлы еліктегіштерді соңдарына ерте білетіндер әр заманда да табылған. Қазіргі жаһандану дәуірі олар үшін тіпті «іздегенге – сұраған» болған сыңайлы.
Секталар мен діни ағымдар бұрындары да, қазіргі уақыттарда да халықтың жақсы, үйлесімді өмірге деген үміттерін жүзеге асыруға, одан қалды, өлгеннен кейін олардың рухтарын азат етуге уәде беру арқылы адамдардың бастарын айналдыруды мақсат тұтқан. Осы саланы зерттеуші мамандардың пайымдауларынша, секталарға мүше болған адамдарға олардың өмірлерінде қандайда бір мағынаның пайда болуы мен өздерін қауіпсіз сезінуі айрықша әсер етеді екен. Адамдардың көпшілігіне шым-шытырық, күрделі өмірде өзі үшін дұрыс жол тауып алудың қиынға соғып жататыны белгілі. Осыдан келіп олардың саналарында мақсатсыздық, алдағы күндерге деген беймәлімдік қалыптасып, ойлары екіұштылыққа ұласады. Өзіміз айтқан уағызшылар да дәл осындай екіұдайылықты, яғни адамның қай бағытқа қарай жүрерін білмей дағдарған сәтін оңтайлы пайдаланып, «саған былай қарай жүрген дұрыс» деп «жөн» көрсете қояды. Коммунистік идеология сап тыйылып, оның орнын ештеңе алмастыра қоймаған қазіргі кезең түрлі уағызшылар үшін өте қолайлы болғанға ұқсайды. Ал енді «қауіпсіздік» жайына келер болсақ, ондай сезім белгілі топқа мүше болу, қандайда болмасын іс-әрекеттерді, соның ішінде діни рәсімдер де бар, бірлесіп жасау нәтижесінде пайда болады екен. Басқаша айтқанда, адамдар өзінің белгілі бір қауымның мүшесі екенін, жан-жағында мүдделестердің бар екенін біледі.
Латын тілінен алынған секта сөзінің мағынасы біздің тілімізге аударғанда мектеп, ілім, партия деген ұғымды білдіреді. Ал жалпақ тілмен айтар болсақ, бұл сөз бөліп алу, кесіп тастау деген түсінікке жақынырақ келеді. Осылайша секта сөзі дәстүрлі діндерден бөлініп шыққан діни қауымдастықты немесе топты білдіреді. Осы тұрғыдан келгенде кейбір діни ағымдар өкілдерінің өздері туралы әңгіме қозғалғанда, біз секта емеспіз деп ақталуы шындыққа онша үйлесе қоймайтын сияқты.
Егер фактілерге жүгінер болсақ, әлемде ең қатерлі деген 5 секта бар деп саналады екен. Олардың алғашқысы – Джим Джонс деген уағызшы Гайанада құрған «Халық храмы». Бізге жеткен мәліметтер бойынша, Джонс қорқыту мен ұрып-соғу арқылы адамдарды өзіне бағындырып отырған. Олардың уағыздарының өзі саяси митингілерге ұқсас болып, жекелеген бір поселкеде «кооперативтік социализм» орнатқан. 1978 жылдың 18 қарашасында бір мыңға жуық АҚШ азаматтары өздеріне өздері қол жұмсап, өмірлерімен қоштасады. Поселке тұрғындарының қайғылы қазаға душар болуының себебі әлі күнге дейін анықталған жоқ. Кейбір деректер бойынша, кооперативті таратамыз деген кезде оның тұрғындары цианды калий ішкен көрінеді. Қауіптілігі жағынан екінші орын алатын секта – Аум Синрике. Жапонияда құрылған бұл сектаның жекелеген топтары Ресейде де жұмыс істейді деген деректер бар. Секта Жапонияда бірнеше рет террорлық актілер ұйымдастырған. Солардың қатарында 12 адамның қаза табуына соқтырған Токио метросында болған теракті де бар. 1975 жылы Маршалл Эпплуайт пен Бонни Неттлздің ұйымдастыруымен АҚШ-та дүниеге келген «Жұмақ қақпасы» деп аталатын секта бұл тізімде үшінші орында тұр. 1997 жылы Эпплуайт Жердің Хейл-Бопп кометасымен соқтығысатыны күмәнсіз деген наныммен сектаның 39 мүшесін өздеріне қол жұмсауға көндірген. Ол соңынан ерушілерге ғарыш кемесіне отырып саяхатқа аттанасыңдар деп уәде берген. Төртінші орын алатын «Мэнсон сектасы» да ең қауіптілер санатына жатады. Өзін пайғамбармын деп мәлімдеген Мэнсон ақыл-есі айныған маньяк болған көрінеді. Ол ақ нәсілділер мен қара нәсілділер арасында соғыс жариялаған. 1969 жылы оған бірнеше мәрте кісі өлтірді деген айып тағылады. Сот үкімі бойынша ол газ камерасында өлімге кесілуге тиіс болатын, бірақ 1977 жылы Калифорния жоғарғы сотының өлім жазасын конституциялық емес деп тануына байланысты ол өмір бойы түрмеде отыру жазасына кесілген. Осы санаттағы бесінші секта «Жетінші Күн Адвентшілері» деп аталады. Адвентшілер шіркеуі 1844 жылы қарапайым фермер Вильям Миллердің жетекшілігімен АҚШ-та пайда болған. Ресейде бүгінде осы сектаның жолын ұстанушылар белсенді жұмыстар жүргізеді.
Абырой болғанда, бұл сияқты қатерлі секталардың өкілдері Қазақстанда бар деген әңгіме естіле қоймайды. Дегенмен, көптеген діни ағымдардың елге емін-еркін келіп, жұмыс істеп жатқанын ескерсек, ондайлардан сақ болу үшін кімнің кім екенін біле жүргеннің де артықтығы жоқ. Оның үстіне діни ағымдардың дамыған мемлекеттерде өмірге келіп, өз жұмыстарын дамудың жолына енді түскен елдерде жалғастыратыны да көпшілікке мәлім жәйт.
Ал енді діни ағымдарға келер болсақ, бұл ретте әңгімені өзіміз жоғарыда айтып өткен «Иегова куәгерлерінен» бастаған жөн. Бұл ұйымның тарихы ХІХ ғасырдың 70-інші жылдарының соңында Чарльз Тейз Расселлдің АҚШ-та ұйымдастырған «Інжілді зерттеушілер» қозғалысынан бастау алады. 2009 жылғы есеп бойынша ұйымның белсенді мүшелерінің саны 7 миллионнан асады екен. Олар 236 елде немесе аумақтарда уағыздар жүргізеді. Ал әлемнің 30 елінде «Иегова куәгерлерінің» қызметіне тыйым салынған. Олардың қатарында Қытай, Солтүстік Корея, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Сауд Арабиясы, Иран, Ирак, Абхазия және басқа да мемлекеттер бар. Еуропада, негізінен христиан дінін ұстанатын елдерде «Иегова куәгерлері» өз жұмыстарын заңды негізде жүргізеді.
Көптеген христиандық шіркеулер тәрізді «Иегова куәгерлері» өздерінің діни ілімдерін Інжілге негіздейді. Сондықтан олар өздерін христиандармыз деп атайды. Олар тек Иеговаға ғана құлшылық етуге болады деп есептейді, ал әулиелерге, иконаларға құлшылық ету, сол сияқты жеке адамды асыра құрметтейтін патриоттық рәсімдер мен мерекелерге қатысу пұтқа табыну ретінде қарастырылады. «Куәгерлер» Иса пайғамбар арамызда жүр, тек көзге көрінбейді деп санайды. Сол сияқты олар саясатқа, әскери іске араласудан, яғни әскер қатарында қызмет етуден, мемлекеттік гимнді орындаудан, мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетуден бас тартады. Туған күнді тойлау, Жаңа жыл, 8 наурыз, 1 мамыр, 9 мамыр сияқты мемлекеттік мейрамдарды атап өту де олар үшін жат. Бір қызығы, Иегова куәгерлері кресті христиандық символ ретінде пайдалануға қарсы. Бірқатар зайырлы қоғам тарихшылары мен филологтары сияқты олар да Иса кресте емес, қарапайым бағанға керілген деп есептейді.
Қазақстанда өз қызметін жүзеге асырушылардың қатарында саентология деген де ағым бар. Бұл америкалық фантаст-жазушы Рон Хаббард негізін қалаған діни-философиялық ілім болып табылады. Бүгінде әлемнің 100-ден астам елінде, Голливуд жұлдыздарын қоса алғанда, Саентология шіркеуінің жақтаушылары бар. Саентологтар сайтында кейбір қоғам қайраткерлері мен өзге де дін өкілдерінің оң пікірлерінің келтірілгеніне қарамастан, саентология ең дау-жанжалды діни қозғалыстардың бірі болып саналады. Олардың қатысуымен өткен көптеген сот процестерінің соңы санкцияларға және айыппұлдар төлетуге әкеліп соқтырған. Ал оған сын айтушылар саентологияның гуманитарлық және діни-философиялық миссиясын жоққа шығарып, оларды тек коммерциялық кәсіп қана деп есептейді, ал олардың әдіс-тәсілдері адамның ағзасына, мінез-құлқына бүлдірушілік әсер етеді деп бағаланады.
Саентология Австралия, Австрия, Индонезия, Испания, Италия, Жаңа Зеландия, Португалия, Словения, АҚШ, Тайвань, Хорватия, Швеция және ОАР елдерінде ресми дін ретінде танылған. Ал Германия, Бельгия, Франция, Ирландия, Люксембург, Ұлыбритания, Мексика және Израиль мемлекеттері оны дін ретінде мойындамайды.
Сол сияқты саентологияға қатысты адамдардың өз өздеріне қол жұмсауы, қайғылы қазаға немесе апатқа ұшырауы сияқты ондаған жағдайлар тіркелген. Бірнеше жағдайларда Саентология шіркеуіне науқасқа көмек көрсетпеді, лицензиясыз медициналық қызметпен айналысты деген айыптар тағылған.
Осы айтылғандардан кейінгі бізге аты жақсы мәлім діни қозғалыс – Хизб ут-Тахрир. 1953 жылы Иерусалимде жергілікті апелляциялық шариғат сотының судьясы Такиуддин ан-Набхани құрған ұйымның атауы «Исламды азат ету партиясы» деген ұғымды білдіреді. Мұхаммед пайғамбар уақытындағы діни-саяси құрылымды (халифат) қалпына келтіру идеясы ұйымның саяси доктринасының негізін қалайды.
Орталық Азияның бірқатар мемлекеттерінде, Ресейде және кез келген ұйымды қудалайтын авторитарлық режімдегі өзге де кейбір елдерде Хизб ут-Тахрирге террорлық ұйым ретінде қарайды. Сонымен бірге АҚШ-та да, Еуропаның көптеген мемлекеттерінде де қазіргі күнге дейін Хизб ут-Тахрир террорға қолдау көрсететін құрылымдар қатарына жатпайды. Мұндай атаққа ұйым негізінен Ресейде ие болып отыр. Соның өзінде де елдегі жекелеген дін және қоғам қайраткерлері билік тарапынан жүргізілген саясатты негізсіз, діни сенімі бойынша қудалау сипатына ие деген сындар айтуда. Мәселен, 2004 жылдың желтоқсанында Татарстанның ұлттық қозғалысының өкілдері Ресей өкіметіне «Хизб ут-Тахрир әл-Ислам» ұйымымен байланысы бар деген желеумен ресейлік мұсылмандарды жаппай тұтқындады деген айып тақты. Ұйым Индонезия, Малайзия, Бангладеш, Ирак, Йемен, Ливан, Судан және басқа да мұсылман елдерінде белсенді жұмыс істейді. Сонымен бірге, осы елдердің бірқатарында көптеген тұтқындаулар болғанына қарамастан, шығарылған үкімдердің бірде-бірінде ұйымның террорлық актілер жасағандығы айтылмаған. Хизб ут-Тахрир күш көрсету мен террор жолын ұстанбайды, оның қызметі саяси іс-қимылдармен, халыққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үндеу тастаумен ғана шектеледі. Бір айта кететін жәйт, ұйым Исламды капитализмге балама ретінде ұсынады. Осы бағытта исламдық партия ислам идеологиясы бүкіл адамзатқа айқын болуы үшін саясаткерлермен, ойшылдармен, қоғамның басқа да топтарымен ашық идеологиялық пікірталастарға барады.
Сөз соңында аты қазақстандықтар үшін жақсы таныс «Ваххабизм», қазақшаласақ «уахабшылдық» немесе «уахабшылар», туралы да бір-екі ауыз сөз айта кеткен жөн. Исламдағы діни-саяси қозғалыс болып табылатын бұл ұйым ХVІІІ ғасырда өмірге келген. Бұл жолды ұстанушылар өздерін «салафиттер» деп атайды. Өйткені аты қозғалыс атауына айналған Мұхаммед ибн Әбд әл-Уахаб (1703-1792) нағыз исламды тек Мұхаммед пайғамбардың жолын қуушы алғашқы үш буын («Әл-Саляф Ас-Салих») ғана ұстанды деп санап, одан кейін орын алған өзгерістердің бәріне қарсы болды. Әбд Әл-Уахаб идеясын ұстанушылар өздері жүргізген күрес нәтижесінде 1932 жылы тәуелсіз араб мемлекеті – Сауд Арабиясын құрды. Уахабшылардың ең басты догмасы жалғыз Құдайға ғана сиыну. Салафиттер Алла мен адам арасында «делдалдықтың» болуын теріске шығарады. Сол сияқты өздерін исламның тазалығы үшін күресушілер деп санайтын олар сопылықты да қолдамайды.
Біз осынау діни сипаттағы ұйымдарды тізбелегенде, оларға баға беруді емес, қарапайым халық кімнің кім екенін танып-білсін деген ойды көздедік. Өйткені елдер арасында ашық қарым-қатынастар орнаған қазіргідей заманда кез келген біреудің келіп өз жолын уағыздай бастамасына еш кепілдік жоқ. Сондықтан мардамсыған миссионерлер мен есік қаққан секталардан сақ болу үшін олардың көксегендерінің не екенін біле жүрген айып емес. «Мардамсыған» деген сөзді біз әншейін айта салып отырған жоқпыз. Осыдан бір жылдай ғана уақыт бұрын орын алған қаржы дағдарысына байланысты үлескерлік тұрғын үй проблемасы туындап жатқан кезде шаруасын айтып редакцияға шетел азаматының келгені бар. Сөйтсек, ол Кореядан келген миссионер екен. Үлестік құрылыстан пәтер алмақ болып, ақшасын салған. Сол уақыттарда қалыптасқан жағдайға орай ақшасы «күйіп кеткен». Соның салдарынан жеке меншігіне пәтер алып, жылдап жатып өз қызметін жүзеге асырмақ болған миссионер мырза тығырыққа тіреліпті.
Уағызшылар туралы айтқанда, Қазақстанда негізінен, жаңағы кореялық азамат сияқты, христиандық бағыттағы діни ұйымдардың белсенді жұмыс істейтіні таңқалдырады. Әлде олар жергілікті халықтың бөтен дінге өтуге бейім екенін біліп алған ба? Мәселен, «Хизб ут-Тахрир» өкілдері немесе «уахабшылар» өздеріне шақырды деген кісіні кездестіре қоймайсың, оның есесіне, христиандық бағыттағы уағызшылар көшеде өріп жүр дегенді екінің бірі айтады. Олар тіпті жұрттың жұмыс орындарына келіп те үгіт-насихаттарын жүргізе береді.
Осы мәселеге қатысты түсінуге қиын тағы бір жәйт бар. Ол батыстық құқық қорғаушылардың діни көзқарасына қарап қудалауға болмайды деп жоғарыда айтылғандай діни ұйымдарды қызғыштай қорып шыға келетіндігі. Соған қарағанда осы «діндарларың» саясатпен де астыртын айналысады-ау деген күмән да туады. Әйтпесе, батыстағылар қайдағы бір діни қозғалыстың қызметіне бола өзге мемлекеттің ішкі ісіне қол сұға қоймас еді. Оның сыртында, өзіміз әңгіме қылып отырған уағызшылардың адамдарды кез келген жерде әй-шәй жоқ тоқтатып алып, үгіттей бастауы әлгі адамның жеке өміріне араласу, құқығына нұқсан келтіру болып табылмай ма? Ол аз десеңіз, миссионерлердің көбінің ақша беру арқылы да халықты өз жағына тартып жатқанын қайда қоямыз? Жер шарын аралап жүріп үлестіретін қыруар ақша қайдан шығып жатыр? Алаңдататын да осындай жауабы жоқ сансыз сауалдар.
Қалай дегенде де, елдігінің іргесін енді ғана нығайтып жатқан Қазақстан мен оның азаматтары үшін қандайда бір ағымның, топтың соңынан жүгіргеннен гөрі, елінің, өзінің болашағы үшін еңбек еткені әлдеқайда тиімдірек болатын сияқты. Біреулер тойып секірсе, енді біреулердің тоңып секіретіні және бар. Біз осылардың қайсысына жатамыз деген ой да осындайда қылаң береді...
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.