02 Мамыр, 2016

Шын жүректен жасалған жақсылық

1785 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
шын28 сәуір күні «Қазақстан» ұлттық арнасында «Шын жүректен» қайырымдылық телемарафоны басталғаны туралы жазған болатынбыз. Аталған шара қайырымдылыққа мұқтаж жандар мен оларға қолұшын созуға ерікті адамдар арасындағы алтын көпірге айналды десек, артық айтқандық емес. Қайырымдылық пен ізгілікті насихаттап, түрлі дертке шалдыққан жандарға көмек қолын созуды көздеген бұл әлеуметтік-қайырымдылық тележобасы ұлттық арнадан 3 күн бойы күндіз-түні тоқтаусыз, тікелей эфирге шығып отырды. Телемарафонға ұлттық арнаның аймақтардағы филиалдары да түгелдей атсалысып, көмекке зәру жандардың армандарының орындалуына сеп болды. Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстан» телеарнасы бірнеше жыл қатарынан күн сайын айналасына жақсылық жасайтын адамдар туралы сыр шертетін «Шын жүректен» атты тележобасын ұсынып келеді. Біздің қоғамда өмірдің түрлі ауыртпалығын көріп, тағдырдың әртүрлі сынағына тап болса да мойымайтын қайсар жандар көп. Олар өздері бетпе-бет келген қиындықты жеңіп қана қоймай, сонымен қатар айналасындағы адамдарға да қолынан келгенше жақсы­лық жасап, айрықша ерік-жігердің, қайырымдылықтың үлгісін көрсетіп жүр. Олардың қажымас қайраты, игі істері мен өмірлік тәжірибесі тек туған-туыстарына, өз ортасына ғана емес, бүкіл ел-жұртқа үлгі бола алады. ERA_2705+Ең қиыны, олардың арасында әлі өмір­дің ыстық-суығын сезініп үлгер­меген бүлдіршіндер мен бозбалалар да бар. Бүкіл­халықтық акцияның түпкі мақса­­ты да сол, тағдырдың қатал сынына ұшы­раған жандарға, оның ішінде дертіне дауа іздеген періште пейіл балаларға қолұшын беру. Аталған арна ұйымдастырып жат­қан телемарафонда әу баста 4 балаға көмек көрсету жоспарланған-ды. Бірақ, қайы­рымдылық ісі тек мұнымен шектеліп қалмақ емес. Бұл орайда «Қазақстан» РТРК» АҚ қызметкерлері де қолындағы барын аянып қалмай, әркім шамасына қарай материалдық көмек көрсете білді. Коксартроз дертіне 11 жасар Диас Жәнібекұлы небәрі екі жарым жасында шалдыққан. Содан бері сегіз жыл уақыт өтіпті. Бүгінде дәрігерлер Диастың буындарын босатып, бұлшық еттерін шынықтыруға жұмыс жасауда. Ол үй жағдайында білім алады. Әлеуметтік қызметкерлер, педагог және психолог мамандар келіп тәрбие мен білім беру жұмыстарын жүргізуде. Жақсылықтың жаршысына айналған телеарнаға Диастың анасы Дана Жұманова да өз алғысын білдірді. Шара аясында Сыр елінің халық қалаулылары көмекке мұқтаж жандарға қолұшын созды. Үш баланың анасы Ғалия Аппақова жиырма жылдан бері бала күтімімен үйде отыр. Оның екінші ұлы Қуаныш сал ауруына шалдыққан. Қалалық мәслихат депутаттары алдымен осы шаңыраққа көмек көрсетті. Сонымен қоса, бес баланың анасы 78 жасар Дариха Махамбетованың бүгінде мүмкіндігі шектеулі қызымен бірге тұрып жатқан жай-күйін көріп, көмек берді. Мұндай игі бастама тұрмысы төмен отбасыларына, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көп балалы аналарға демеу болары сөзсіз. Бағдарламаға келген қонақтар да жақсылық жасаудың, адам баласының бір-біріне көмегінің маңыздылығы турасында ғибраты мол әңгімелер айтып, жұртшылықты ізгілікке үндеді. Қайырым жасау – Алла тағаланың разылығына бөлейтін амал. Шара шеңберінде «Қа­зақстан» ұлттық арнасының мекен-жайы­на, түрлі әлеуметтік желілер арқылы мыңнан астам көмекке зәру жандардан өтініштер келіп түскен. Балалардың тағдырына алаңдап, себеп болғысы келетін адамдарға арнайы банктік есепшот та ашылды. Телемарафон барысын қорытындылай келе, бас-аяғы 3 күнде Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құрылған арнайы қорға 50 миллион теңгеге жуық қаражат аударылып үлгеріпті. Жұмы­ла көтерген жүк жеңіл. Алайда, қайы­рымдылықты қанша жасасаң да көптік етпейді. Өйткені, жақ­сылықтың ешқашан шегі болмақ емес. Шара барысында қаншама адам жанына жұбаныш тауып, қуаныштан жылап та алды. Тіпті, мұндай қайырымды өңі түгілі түсінде көрмеген кейбір жандар тосын сыйды ертегіге балап, өз көздеріне өздері сенбей таңырқады. Балалар шаттанды. Олардың әуелі Жаратушыға, сосын шараны ұйымдастырып жатқан ҚХА мүшелеріне, «Қазақстан» телерадио­корпорациясы» АҚ басшылығы мен қызметкерлеріне ізгіліктің айнасы бола білген Атымтай жомарт азаматтарға, ұйым, мекеме, бірлестіктерге аударған қаражаттарына шексіз ризашылықтарын білдірген алғыстар легі толастар емес. ҚХА «Өзбек этномәдени орталығы» ҚБ төрағасының орынбасары, жеке кәсіпкер Хасан Шарипов, ҚХА неміс қауымдастығының «Возрождение» әлеуметтік бағдарламалар үйлестірушісі Елена Шварц және ҚХА жанындағы Астана қаласы бойынша «Жарасым жастар» ұйымының төрағасы Азамат Сүндетов те шарапаты мол шараны қолдап, шынайы лебіздері мен көмек­те­рін аяп қалмады. Міне, аз да болса, сенімнің ақталғаны, армандардың орын­далғаны! Тауқымет тартқан жандардың тағдырына алаңдап, көмек көрсете білу үлкен іс. Мейірімді жандар өздерінің жақсы істерін айтуды ұната бермейді. «Шын жүректен» бағдарламасының мақсаты – осындай ерекше ерлік, жақсылық иелерін елге таныту. Сондықтан, тек «Шын жүректен» бағдарламасы аясында ғана емес, жалпы, өмірде де бір-бірімізге әрдайым жақсылық жасап жүрейік. Табиғаттағы барлық жылу – күннен, өмірдегі барлық жылу адамнан екендігін ұмытпайық. Әрбір адамның жүрегінде жылуы болса, бір-біріне әрдайым жақсылық жасап жүрсе, онда барлығымыз қуаныш пен бақытта өмір сүрер едік. Өмірде қайырымды адамдардың көп екеніне сеніңіз... Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ