02 Мамыр, 2016

Татулыққа үндейтін тағылымды шара

408 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Жарқын болашақ сурет2Ел мен елдің, ұлт пен ұлттың арасына алтын көпір орнатып, жат жерлік болса да жақындастыра түсетін негізгі байланыс күші олардың өнері мен мәдениеті болса керек. Осы қағиданы берік ұстанып, ұлтаралық татулықтың арта түсуіне үлес қосып жүрген Білім және ғылым министрлігі мен KATEV қоғамдық қоры биыл да «Жарқын болашақ» тіл және мәдениет фестивалін өз деңгейінде өткізді. Бұған дейінгі жарыстар рес­публика шеңберінде шектелсе, осы жолғы дарындылар додасы халықаралық дәрежеге көтерілген. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға әлемнің жиырмаға жуық елінен өнерлі өрендер келіп, өз бақтарын сынады. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Қазақ тілі ға­жап тіл, тек біз оны насихаттай білуіміз керек», деген сөзін ту етіп, жыл сайын «Жар­қын болашақ» қазақ тілі олимпиадасы өткізіліп келеді. Бұл олимпиаданы өткізудегі бас­ты мақсат – мемлекеттік тілдің мәр­тебе­сін көтеру, қазақ және өзге ұлт өкіл­­дерінің қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыру, олар­ға ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрімізді, тарихымызды бойына сіңіру арқылы «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын жүзеге асыруға үлес қосу болып табыла­ды. Биыл 8-ші рет өткізілген «Жар­­қын болашақ» қазақ тілі олим­­пиадасына дүниенің түкпір-түкпірінен 5 мыңға жуық дарынды жас қатысып, 172 оқушы жеңімпаз атанған және олардың 42-сіне жоғары оқу орындарының білім гранттары табысталды. Осы жолы олимпиадаға бірінші рет Қырғызстан, Өзбекстан, Моң­ғолия және Алтай өлкелерінен келген қандастарымыз қатысты. Кіндік қаны тамған жерге келген бірқатар қазақ балаларына да жоғары оқу орындарының грант­тары бөлініп, оларға ата­жұртында білім алуға жағдай жасалды», – деді алғаш болып сөз алған KATEV халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте. Фестивальдың басталу ба­ры­сында әр елдің тұрмыс-тір­­­­ші­­лігінен, мәдениетінен мәлі­мет беретін көрме ұйым­дас­ты­рылғанын да айта кетсек дей­міз. Жүзден жүлдегер, мың­нан мықты шыққан оқушыларды ма­ра­паттау рәсімінде құрметті қонақтардың құрамын Парламент депутаттары Сауытбек Аб­драх­манов пен Қуаныш Айта­қанов, ҚХА мүшесі, профессор Әділ Ахмет толықтырды. «Бір мәселені астын сызып ай­туымыз керек. KATEV қоры ұйымдастыратын «Жарқын бо­лашақ» фестивалінің деңгейі жыл­дан жылға өсіп келеді. Бүгінгі құлақтан кіріп бойды алған әсем ән мен би жүректен жүрекке жететін дүниелер. Бұған тәржіме керек емес. Егемендігіміздің 25 жылдығына арналған фестивальға 25 елден келген түлектер бүкіл жер жүзіне ең керегі бірлік пен татулық, достық екенін, соғыссыз өмір керек екенін дәлелдеді. Әлем­нің әр жерінен келген жас­тар ертең өз елдеріне қайтқанда біздің тәуелсіз Қазақстаннан бейбітшіліктің жаршысы болып, достықтың елшісі болып аттанады. Мен бүгінгі фестивальде орындалған әндер мен билер Біріккен Ұлттар Ұйымының бас пәтерінде көрсетуге лайықты дү­ние деп санаймын», – деп Әділ Ахметов өз ойын ортаға салды. Олимпиаданы өткізудің бас­ты мақсаты – Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту болса, екін­ші жағынан, ерекше дарынды оқушыларды анықтау, қазақ тілінде ән айту, мәнерлеп оқу, ғылыми жұмыс қорғау, шы­­­ғар­машылық қабілетін көрсету арқылы Қазақстанның «жарқын болашағы» үшін аянбай қызмет ететін қабілетті жас­тарға қолдау көрсету екенін де естеріңізге саламыз. Сайыстың іріктеу кезеңінде мемлекеттік және мемлекеттік емес жалпы білім беретін мек­теп­­тердің, ли­цейлердің, гим­на­зия­лардың арасында еліміздің барлық облыстарынан, сондай-ақ, жоғарыда атап өткеніміздей, шетелде тұ­ратын қандастарымыздың ішінен 7-11 сынып оқушылары 5 бағыт бойынша «Тілші-әде­биет­шілер», «Жас ғалымдар», «Жа­­зу­шылар», «Сөз шеберлері», «Ән­ші-бұлбұлдар» деген аталымдар аясында бақтарын сынаған бо­латын. Айта кететін тағы бір жайт, бұл жолғы жарысқа келген Аф­рика, Сенегал, Корея, Ре­сей сияқты елдердің өнерлі өкіл­деріне жоғары оқу орындарынан бөлінген гранттар берілмейді, олар­дың келудегі негізгі мақсаты  Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын өздерінің өнері ар­қы­лы құттықтау сезімдерін жеткізу болып табылады. Өз тілін өрге шығарып, өзге тілді өгей көрмейтін жастардың бұл жолғы қадамы да қарқынды. Шарапатты шараның жабылу салтанатындағы жүрек те­бі­рентер әсерлі тұстары ар­қылы фестивальдың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына көз жет­кізуге болады. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан» АСТАНА