02 Мамыр, 2016

Ядролық державалар үшін озық үлгі

402 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
крис-6Қазақстанның таратпау сала­сындағы күш-жігері жоғары бағаға лайық және басқа ядролық державалар үшін озық үлгі болып табылады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке қатысуы өте жемісті болды. Мемлекет басшысы «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жария етті. Сондай-ақ, Қазақстанның бірқатар шет мемлекеттермен бірнеше бір­лескен мәлімдемесі қабылданды. Олардың арасында АҚШ-пен таратпау және ядролық қауіпсіздік сала­сындағы ынтымақтастық туралы мә­лімдеме де бар. Сонымен қатар, Жапониямен арада Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың күшіне жедел енуіне қол жеткізу бойынша мәлімдемеге де қол қойылды. Осы ретте, Ұлыбритания, Венгрия, Гер­мания, Иордания, Испания, Қазақстан, Канада, Қытай, Норвегия, Біріккен Араб Әмірліктері, Америка Құрама Штаттары, Филиппин, Фин­ляндия, Франция, Чехия, Швеция, Оң­түстік Корея және Жапония елдері МАГАТЭ-нің туы астында Төмен байы­тылған уран банкіне қатысты шарт бойынша уағдаластыққа қол жет­кізді. Аталған құжаттар, сондай-ақ, Пре­­зидент Нұрсұлтан Назарбаевтың саммитте сөйлеген сөзі халықаралық қоғамдастықта, оның ішінде АҚШ-тың саяси топтарының арасында да үлкен резонанс туғызды. Менің өзім Делавэр штатынан демократ, АҚШ Сенатының сыртқы бай­ланыстар жөніндегі комитетінің мүшесімін. АҚШ Президенті Барак Обама мен Қазақстан Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит шеңберінде Бірлескен мәлімдеме қабылданғаннан кейін мәлімдеме жасадым. Онда мен екі елдің таратпау саласындағы ын­ты­мақтастығын қолдайтыным­ды біл­­дірдім. Б.Обама әкімшілігінің АҚШ-тың Қазақстанның таратпау саласындағы күш-жігерін тағы да қолдағаны Құрама Штаттардың осы істегі Астананың бастамашылығына жақындығын кезекті мәрте қуаттап беріп отыр. Міне, ширек ғасырдан бері Қазақстан Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен (МАГАТЭ) ынтымақтастықтың үл­гісін көрсетіп келеді. Қазақстанның ядролық қаруды таратпауға ұмтылған қадамдары өзге елдер үшін үйренетін үрдіс болуы тиіс. Жоғарыда атап көрсеткен осы маңызды мәселені тағы да қайта­лайын, Қазақстанның таратпау сала­сындағы күш-жігері өте жоғары бағаға лайық және басқа ядролық державалар үшін озық үлгі болып табылады. Сондай-ақ, мен Президент Обаманың Қазақстанның таратпау саласындағы күш-жігерін қолдап келе жатқан саясаты жағындамын және Сенатты Ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа хат­таманы, Ядролық қаруға жаппай тыйым салу туралы шартты ратификациялауға шақырамын. Сонымен бірге, Конгресті МАГАТЭ-ні тұрақты және ұзақ мер­­­зімді қаржыландырумен қамта­масыз етуге шақырып, Лора Хол­гейт­тің кандидатурасын АҚШ-тың Біріккен Ұлттар Ұйымының Венадағы бөлімшесіне елші ретінде бекітуге үндеймін. Осындай іс-қи­­мыл таратпаудың жаһандық ре­жімін күшейтіп, тұрақтырақ және қауіпсіздеу әлем құруға әкеледі. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы «Нанн-Лугар» бағдарламасының 25 жылдығы атап өтіледі. Бұл – Джорджия штатынан сенатор Сэм Нанның және Индиана штатынан сенатор Ричард Лугардың есімдерімен аталған бағ­дарлама. Олар 1991 жылы кеңестік ядролық қатерді қысқарту туралы акт қабылдау бойынша бірлесіп жұмыс істеген еді. Аталған бағдарламаның арқасында Қазақстаннан 1 мыңнан астам кеңестік ядролық оқтұмсықтар табысты шығарылып, залалсыздандырылды. Сондай-ақ, ядролық сынақтар жүргізілетін жүздеген жер­асты радиоактивті нысандары қауіпсіз жағдайға келтірілді. «Нанн-Лугар» бағдарламасының табысы АҚШ сенатының таратпау және сыртқы сая­си мақсаттарға қол жеткізу жөніндегі Ақ үй саясатын жүзеге асыруда ай­тар­­­­лықтай рөл атқара алатынының айғағы болып табылады. Соңғы бірнеше жыл бойы Қазақ­стан Орталық Азияны ядролық қа­рудан азат аймақ жасау туралы шарт­тың хаттамасын ратификация­лады. Сөйтіп, өзінің мойнына ядро­лық қаруды сынауға тосқауыл қоятын Ядролық сынақтарға жаппай ты­йым салу туралы шартқа, сол секілді, ядролық қаруды шығармау, сатып алмау, сынамау немесе иелік етпеу туралы шартқа қатысты жа­уап­­­кер­шілік алды. Қазақстанның МАГАТЭ-мен бірлесіп ел аумағында, яғни Өскемен қаласында Төмен байытылған уран банкін құру бойынша үлкен жұмыс жүргізгенін де атап көрсеткен жөн. Аталған банк елдерді уранды байытатын технологияларға қол жеткізуде тежейтін болады. Ал ядролық энергияны бейбіт мақсатта қолданамын дейтін елдер болса, оған еш наразылық білдірілмейді. Крис КУНС, сенатор (АҚШ)