02 Мамыр, 2016

Тиімді пайдалана білгенге әрі табыс, әрі өріс

370 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Газибеков К.Ұлтарақтай жер – ата-бабаның намысы, қаны мен тері сіңген қастерлі дүние. Жесір дауының, мал дауының жарасы жазыл­ғанмен, жерден қалған жараның орны ешқашан жазылмақ емес. Ол жара арада жылдар емес, ғасырлар өтсе де сыздап-сыр­қы­рауын қоймайтын дерт. Мұның бәрін әр­бір елдердің тарихынан көріп-біліп келеміз. Төрт тарабы ұлан-ғайыр кеңіс­тік­ке ұла­сатын қазақ­тың дарқан даласы – қазақ халқының маң­дайына біткен асыл құндылық, баға жет­пес байлық. Бұл жер үшін қазақтың не­­бір атпал азамат­та­ры қару асынып, ат үс­тінде өмі­рін өт­кіз­ді. Асты бай­лық­қа толы киелі да­ла­н­ың үсті тату-тәтті тір­лік­тің ұясы, берекелі елдің тұрағы. Соңғы кездері ел арасында «жер шетелдіктерге сатыла­ды екен» деген қауесет әңгіме пайда бол­ды. Ар­тын­ша, яғни сәуірдің 26-да Ас­тана қаласында өт­кен Қазақ­стан халқы Ассамблеясы­н­ың сессия­сында Елбасы Н.Назарбаев бұл мәселені егжей-тегжейлі тү­сін­діріп, мәселенің мән-жайын баян­­дап берді. Жер шетелдік ком­панияларға және шетел азамат­тарына сатылмайтындығын ес­тіп қуандық. Қазіргі таңда бос жат­қан ауылшаруашылық мақ­са­тын­да пайдалануға тиісті жерлер өз еліміздің кәсіпкерлеріне же­ке­меншікке берілетін бол­­ды. Біз мұны қуа­на құп­таймыз, себе­бі, Жер-ана. Ананың төсі бұ­лақ, құрсағы құт­ты. Біз осы жердің қа­зы­насын елдің дамуы, халықтың әл-ау­қа­тын арттыру үшін пай­­далануға тиіспіз. Қазақ­тың кең даласы шаңы шы­ғып бос жа­ту­ға тиісті емес, оны і­скер­­лік­пен, ше­бе­р­лікпен өң­деп, кә­де­ге жарата білу қажет. Мен Маңғыстау даласына сонау тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарында келіп, бағбан­дық қызметке кірістім. Маман­дығым агроном болған соң, Жер-ананың сырына құлақ түріп өскенмін. Әдетте жері шөл­ді, топырағы құнарсыз делі­нетін Маңғыстаудың ауыл­дық жерлеріне егін яғни қарбыз, қауын егуді бастадым. Оған қосымша, шөлге шыдамды, төзімді тал-ағаштардың түр-түрін отырғыздым. Ақтау қала­­сының үлкен көшелерін, жеке үйлердің маңайын абаттан­дыру­ды қолға алдым. Ар­на­йы жылыжайда гүл, жеміс-жидек түрлерін өсіріп келемін. Бірнеше жас жұмыс­қа тартып, жермен тілдесе жұ­мыс жасаудың қыр-сырын мең­­гертіп жүрмін. Нәтижеміз өзімізді қуантады – қазір біз­дің бастамамыз жергілікті жұрт­шы­лық­ты қанаттандырып, бау-бақша шаруа­шылығы­мен айналысатын, егін егетін әріп­тестер көбейді. Қуанарлығы, барлығының да егіні баппен өсіп, жаз, күз мезгіл­дерін­де маң­ғыстаулықтардың же­міс-жидек түрлерін сырттан тасымалдау қиындығын біраз жеңілдетті. Орталық базарларда, дүкен сөрелерінде Маңғыстаудың өз өнімдері көптеп сатылатын дәрежеге жеттік. Жердің бәрі құнарлы, тек оны лайықты пайдалана білу керек. Сондықтан, жер мәселесінде даурықпай, бос жатқан жерлерді тиімді пайдалана білуге шақырамын. Қазақтың кең даласын бос тастамай, егін егіп, басқа да кәсіп түрлерін дамыту арқылы еліміздің өркен­деуіне үлес қосатын боламыз.  Құрбанәлі ГАЗИБЕКОВ, бағбан, «Ала-Тоо» қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы  Маңғыстау облысы