Ерінбей еңбектенгенге Жер-ана мейірімін төгеді, ырысын береді. Жерді емгеннің жерге қарап қалған кезі жоқ. Сондықтан, тынымсыз еңбек пен нәтижелі жұмыстың соңы үлкен жетістік екенін екінің бірі білсе керек. Біздің «Жан-Арай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қызылорда облысындағы ауыл шаруашылығымен айналысатын мекеменің бірі. Жыл сайын 5 мың гектар жерге егіс саламыз. Орта есеппен 50 центнерден күріш аламыз. Күріштен бөлек, өзге дақылдарды да егіп жатырмыз. Былтыр «Жан-Арай» құрамажем зауытын да іске қостық. Мысалы, аймақ шаруалары жылына 60 мың тонна мал азығын тұтынады. Біздің зауыт шаруалардың осы қажеттілігін қанағаттандыруды көздеп отыр. Ал зауытқа қажетті күнбағыс, күріш, бидай секілді өнімдерді өзіміз өндіреміз. Жетпегенін басқа шаруашылықтардан сатып аламыз. Жүгері мен күнжараны да өсіруді қолға алуды ойлап отырмыз. Зауытта жемнен бөлек Сыр маржанын да ақтайды. Күріш цехы тәулігіне 120-130 тонна күріш өңдеп шығады. Өндіріс орнында қара күрішті тазалау, ақтау, қапқа салу жұмыстарының барлығы заманауи технологиялармен атқарылады. Сыр салысының маржан, янтарь, лидер, диамонд атты сұрыптары 5 келіден бастап 10, 25 кейде тапсырысқа орай 50 келілік қапқа дейін өлшеніп, нарыққа жіберіледі. Сырдың бренд дақылы бүгінде алыс-жақын шетелдіктердің қазанында қайнап жатыр. Аптасына 5-6 вагон ақталған күрішті көрші мемлекеттерге жіберіп жатырмыз. Олардың қатарында Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей бар. Болашақта ТМД аумағындағы өзге мемлекеттер мен алыс шетелдерге шығаруды көздеп отырмыз. Енді экспорттың көлемін бір сәтке де түсірмейміз. Ал осындай жұмыстың барлығы жер болмаса, қалай атқарылады? Мүмкін емес қой. Сондықтан, еліміздегі жер мәселесінде осы жайт ескерілуі керек. Өйткені, жер иесіз және бос жатпауы қажет. Бос жатқан жерден мемлекетке де, халыққа да ешқандай пайда бермейді. Қайта игерілмеген жердің азып-тозып, құнарлылығы жойылып кететінін есте ұстаған абзал. Елбасының өзі жердің өзгелерге сатылмайтынын, әсіресе, шетелдік азаматтарға берілмейтінін баса айтты. Бұл Қазақстандағы ауыл шаруашылығын дамытудың бір тетігі деп білемін. Себебі, бос жатқан жерлер шаруа қожалықтарына, кәсіпкерлерге, қарапайым халыққа жалға беріліп, одан өнім өндіреді. Сондай-ақ, бұл ойдан шығарылған дүние емес. Әлемнің барлық мемлекеттерінде іске асырылып жатқан жұмыс. Мәселен, көрші Ресейдің өзі жерін 49 жылға жалға беріп отыр.
Елбасы «Біздің мақсат – ауыл шаруашылығымен айналысатындарға жекеменшігіне жер алу мүмкіндігін беру. Егер олар жерге иелік ететін болса, оны күтіп-баптап, қадірлейтін болады. Жер – ата-бабамыздан мұраға қалған біздің басты байлығымыз. Қазақстанның 14 мың шақырымнан астам мемлекеттік шекарасын ресімдеу үшін мен көрші елдердің басшыларымен 8 жыл бойы келіссөз жүргіздім. Осының бәрі жеріміздің тұтастығын қамтамасыз ету үшін жасалды. Мен азаматтарымыздың осы мәселені көтергеніне қуаныштымын. Егер жерге дәл осылай көңіл бөлінетін болса, бұл біздің халқымыз өз жерін қасық қаны қалғанша қорғайтынын көрсетеді»,– деді. Елбасы әрдайым елдің болашағын ойлайды. Бұл да мемлекет экономикасын күшейтіп, шаруалардың жұмысын жандандыруға бағытталған нақты қадам деп ойлаймын.
Бақдәулет МАҚАШЕВ,
«Жан-Арай» ЖШС бас директоры
Қызылорда облысы