*Астана
Бас шаһардағы басты жалпыхалықтық серуен «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда ұйымдастырылса, қаланың өзге де көрікті жерлерінде мерекелік сахналар құрылып, ән-жырдан шашу шашылды.
Мереке аясында елордадағы 22 этномәдени бірлестіктің өкілдері өздерінің ұлттық тағамдарын дайындап, достық дастарқанын жайды. Аталған мерекелік дастарқанның ұзындығы 50 метрден асып түскенін айрықша атап өткен жөн. Сондай-ақ, өзге этнос өкілдері қолданбалы өнер көрмесін өткізіп, ұлттық құндылықтарын насихаттады.
Сонымен қатар, «Бәйтерек» монументі маңында да мерекелік концерттер ұйымдастырылып, отандық эстрада жұлдыздары жиналған қауымға көтеріңкі көңілкүй сыйлады. Одан бөлек, «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінде өткен «Татулықтың тал бесігін тербеткен» атты концерттік бағдарлама мерекенің мерейін асырып, ажарын айшықтай түсті.
Өз кезегінде Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков шаһар тұрғындары мен қонақтарын аталған мерекемен құттықтап: «1 мамыр – жалпы қазақстандықтар болып тойлайтын мерейлі күн. Халқымызда «Жеңіс түбі – ерлік, береке түбі – бірлік» деген қанатты сөз бар. Қоғамның тұтастығы қай кезде де ішкі татулық пен берекеден бастау алған. Ынтымағы жарасып, түрлі ұлыстың басын қосқан қастерлі қазақ топырағы тыныштық пен бейбітшіліктің қарашаңырағына айналды. Әрдайым ішкі татулығымыз берік болып, еліміз өркендей берсін», – деді.
Жалпы, бұл күні елордалықтар 450-ге жуық өнер адамы мен шығармашылық ұжым өкілінің өнерін тамашалады. Бірлік пен татулықтың жаршысы болған мерекелік шаралар «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында, М.Горький атындағы орыс драма театрында, «Қуыршақ театрында», «Студенттік» саябағында және тағы басқа орындарда лайықты жалғасын тапты.
Есіл өзенінің сол жағалауында бейбітшілік пен бірліктің белгісі ретінде әуеге ақ шарлар ұшырылды. Мерекеге орай өткен іс-шаралар сапында белгілі әнші Саят Медеуовтің «Отаным менің» атты шығармашылық кеші мен астаналық театр өнерпаздарының ұйымдастыруымен жүзеге асқан «Бір шаңырақ астында!» атты арнайы жоба да халықты шат-шадыман күйге бөледі. Осылайша, сағат 23:00-ге дейін жалғасқан аталған мәдени іс-шаралар Астана жұртын айрықша әсерге бөлеп, көңілдеріне қуаныш сыйлады.
Еламан ҚОҢЫР,
«Егемен Қазақстан»
*Ақтау
Ақтау қаласында Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінде «Астана» алаңында этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Төрт жартылай киіз үй сынды орында әр ұлт өкілдері өздерінің қолдарынан туған шеберліктерінің бейнесін жалпақ жұрттың назарына ұсынды.
Алаңның ортасына тігілген киіз үйде Қазақстан халқы Маңғыстау облыстық Ассамблеясы хатшылығының ұйымдастыруымен ұлттық қуыршақтар мен ұлттық киімдердің көрмесі өткізілді. «Ақбота» алаңында тауар өндірушілердің көрмесі жүріп жатты.
Бірлік мерекесіне орай «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінде «Халық келісімі» қоғамдық бірлестігінің тұңғыш төрағасы Жаздырхан Сейдалиевке арналған бұрыш ашылды. Сондай-ақ, Маңғыстау туризм колледжінде әр ұлт өкілдері мен колледж студенттерінің атсалысуымен «Біз біргеміз және бұл – біздің жетістігіміз» атты фестиваль ұйымдастырылды.
Колледж басшылығы оқу орнының ауласында этноауыл ашты. Бұл ауылда әр ұлттың бір белгісі немесе ерекшелігі көрініс тапқан. Ұйымдастырушылар болса, этноауылды одан әрі дамыта түсеміз деп отыр.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
*Ақтөбе
Ақтөбе өңірінде биылғы көктем жауынды-шашынды болып тұр. Мамырдың алғашқы таңы да ақ жауынмен атты. Көктемгі жауыннан кейінгі саумал самал көкірегіңді кернейді. Ағаштар бүр жарып, қала көшелері жасарып қалғандай әсерге бөлейді. Көшелердегі қимыл-қозғалыс та әдеттегіден ерте басталғандай. Оның да себебі бар, қалалықтар Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелеуге асығулы.
Мерекенің басты шарасы «Достығымның айнасы – Тәуелсіз Қазақстан» халықтық жиыны өтетін Тұңғыш Президент Н.Назарбаев атындағы Орталық саябақ салтанаты бәрінен өзгеше. Қызылды-жасылды жалаулар желбірейді. Әдемі безендірілген сахнадан елдікті және бірлікті дәріптеген асқақ әуендер төгілуде. Транспаранттар мен үндеулер, тулар көтерген қалалықтар осында ағылуда. Әп сәтте-ақ алаңға қалалықтар мол жиналды. Мерекелік салтанат шымылдығы облыс орталығындағы 19 этномәдени бірлестіктің би ансамбльдерінің қойылымымен ашылды. Сахна төріне облыс әкімі Бердібек Сапарбаев көтеріліп, мерекеге жиналған қалалықтар мен қала қонақтарына құттықтау сөз арнады.
– Бұл мереке – қазақстандықтар үшін айрықша маңызды ұлық мейрам. Көпұлтты мемлекетіміз 25 жылда зор жетістіктерге жетті. Бұл – еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың достығы мен татулығының арқасы. Елбасы Н.Назарбаев осы бірлігімізді, тұрақтылығымызды көздің қарашығандай сақтауды ұдайы айтып келеді. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дегендей, біз осы сүттей ұйыған татулығымызды сақтау жолында еңбек етіп, өмір сүруіміз керек, – деді өңір басшысы.
Мереке салтанаты 19 этномәдени бірлестік көркемөнерпаздарының гала- концертіне ұласты. Би биленіп, күй күмбірледі, алуан тілде шырқалған әсем әндер көк аспандағы кемпірқосақтай келісім тауып жатты.
Мерекелік шаралар өткізілген жерлерде сауда ұйымдастырылды. Қаладағы спорт алаңдары мен гүлзарларда түрлі спорттық ойындар қызды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
*Атырау
Тәуелсіз еліміздің басты құндылығының қатарындағы бірлік пен достықты, татулық пен келісімді сақтауға әр азаматтың мүдделі екенін атыраулықтар да әркез естен шығармайды. Мұның айқын көрінісі жыл сайын кең көлемде аталып өтілетін Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінде ғана емес, ұдайы бекемдігімен дәлелденіп келеді. Мәселен, «Татулык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің жетекшісі Гүлсина Байкенованың айтуынша, елімізді бақытты мекеніне балап, өсіп-өніп жатқан сан алуан этностар үшін бірліктің туы биік болуынан асқан құндылық болмайды. Ел экономикасының өркендеуі де ішкі тұрақтылық пен татулықтан бастау алады.
Иә, бұл – тек бір ғана этномәдени бірлестік жетекшісінің ғана пікірі емес, еліміздің көк байрағының көкте мәңгі желбірегенін қалаған баршаның көкейінде маздаған асыл мұрат. Бұл пікіріміздің дұрыстығын кеше Атыраудағы «Исатай-Махамбет» алаңында мыңдаған тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлаған «Ел қуаты – бірлік пен татулық!» атты театрландырылған думанды-сазды бағдарламадан анық аңғара алдық. Әрі думанды, әрі сазды бағдарламаға арқау етілген театрландырылған көріністер әр этностың өкілдерінің тәуелсіз Қазақстанды қарашаңырағына балайтындығымен, ең бастысы – елдегі бірлік пен татулықты ту ететіндігімен ерекшеленіп тұрды.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
*Көкшетау
Жыл сайын мағынасы толығып отыратын мейрамдардың құндылығы көп екендігін сезініп отырмыз. Мәселен, Көкшетаудағы Қазақстан халқының бірлігі мерекесі жүрек тебірентерлік дәрежеде өтті десек, жарасатындай. Халық «Мәңгілік Ел» идеясының жарқын жетегінде болды.
Тәуелсіздік алаңында облыс әкімі Сергей Кулагин көркейіп келе жатқан қала тұрғындары мен қонақтарын ұлық мерекемен құттықтады. Алашадай ауқымды алатын экраннан өңір тіршілігі тізбеленіп жатты. Этномәдени бірлестіктер бүгін бар жасауын тағынып, ұлттық ұстанымдағы құндылықтарын көрсетіп жатыр.
Орталық саябақта өз-өзінен «Достық даңғылы» пайда бола қалыпты. Шындығында солай болды. Мереке «Достығымыз жарасқан елміз» ұранын көтеріп тұрды. Облыстағы 128 ұлт пен ұлыс өкілдері ұлық ұстанымдарымен көңілді көкке өрлетті. Жұртшылықтың жаппай қол соғуы ел ырысы мен берекесінің ортаймайтынын айғақтағанын айтқымыз келеді.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
*Қарағанды
Кеншілер астанасы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін кеңінен атап өтті. Мерекенің негізгі шаралары қаладағы орталық саябақта болды. Мұнда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы филиалының ұйымдастыруымен этномәдени бірлестіктердің фестивалі өтті. Бұл шарада өңірдегі достықтың дәнекері болып жүрген ұжымдар көрермендер алдында өнер көрсетіп, еліміздегі татулық пен тыныштықты дәріптеді.
Мерекелік ортаға арнайы келген облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков жиылған қауымды Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтады. Сонымен қатар, өңір басшысы этномәдени бірлестіктерге арнайы гранттар табыс етті.
Жалпы, бұл күні Қарағандының орталық саябағы қуаныш пен шаттықтың ордасына айналды. Ауқымды шараны өткізушілер қала тұрғындары мен қонақтарына арнап түрлі шараларды ұйымдастырды. Мұнда сандаған ұлт пен ұлыс балаларының ән-биінен бөлек, басқа да мәдени шаралар, көрмелер мен спорт жарыстары өткізілді.
Тағы бір айта кететін оқиға, мереке қарсаңында облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков «Өңірлерді 2020 жылға дейін дамыту» бағдарламасы бойынша облыс орталығында салынған көпқабатты тұрғын үйдің тұсаукесерінде болып, баспаналы болған 30 отбасына пәтерлердің кілтін салтанатты жағдайда тапсырды. «Мерекедегі ең басты сый – баспаналы болу. Біздің азаматтарға жақсы жағдай жасау, оның ішінде баспанамен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жергілікті билік органдарының алдына қойған басты міндеттерінің бірі», – деген өңір басшысы қуанышы қойнына сыймай тұрған ағайынды Бірлік күні мерекесімен және де қоныс тойларымен құттықтады.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
*Қостанай
– Ұлттық бірлік, халық достығы бізде тек ауызбен айтыла салған әсіреқызыл сөз емес, бұл – біздің күнделікті өміріміздің шынайы көрінісі. Кітапханада ардагерлер, түрлі ұлттық-мәдени орталықтар, мектеп оқушылары қызықты жұмыстар жүргізеді. Былтырдан бері шаралардың барлығы үш тілде өтеді. Мектеп оқушылары мұны дәстүрге айналдырып, үйреніп келеді. Бүгін көрмеге Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай тарихымыздан сыр шертетін кітаптар, бірлігімізді паш ететін фотоальбомдар әкелдік. Оның сыртында брайлер кітаптарымыз тағы бар. Жыл бойы көзі көрмейтін кісілерге осындай кітаптар жеткізіп беріп отырамыз, олардың өзі түрлі ұлт өкілдері ғой. Алғысын жаудырып қалады, – дейді Қостанай қалалық орталықтандырылған кітапханалар желісі мекемесінің директоры Айгүл Сейдахметова.
Айшықты мерекеде қостанайлықтар мен қала қонақтары үшін ән мен күйден шашу шашылды. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бастаған облыс және қала басшылары тұрғындарды Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтады.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел саясаты арқасында Қазақстанда елдің бірлігі, халықтың тату-тәтті тірлігі сақталып отыр. Халық достығының қазақстандық үлгісін әлем жұрты мойындады. Біздің елімізде әр ұлттың, ұлыстың дәстүрін, салтын сақтауға, дамытуға толық жағдай бар. Мәңгілік Ел – біздің болашағымыздың, достығымыздың, бірлігіміздің негізі, – деді облыс әкімі Архимед Бегежанұлы.
Облыс әкімі өңірдегі достыққа, ұлт пен ұлыстар арасындағы татулық пен бейбітөмірдің салтанат құруына үлес қосып жүрген ұлттық-мәдени бірлестіктер жетекшілерін Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтап, мақтау қағаздарын табыс етті.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
*Қызылорда
Қызылордада Бірлік мерекесі «Гүлденген Қазақстан» әнінмен басталды. 150 баладан құралған хор ән шырқап тұрғанда «Тәуелсіздікке – 25 жыл» деген жазуы бар бума шар мен 25 ақ көгершін ұшырылды.
Мерекеге жиналған жұртшылықты аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев құттықтады.
– Асқақ елдік мұраттарымыз орындалып, өрелі істеріміз жалғасын тапсын. Алаштың анасы, қазақтың киелі мекені – Сыр топырағында бірліктің бесігін бірге тербеткен ұлттар мен ұлыстардың татулығы әр шаңыраққа береке сыйлап, барша қазақстандықтарға алтын тұғыр болсын, – деді әкім.
Бұл мереке бірлік пен достықтың символы ғана емес, Қазақстанды Отаным деп санайтын барша түрлі ұлт өкілдерінің мәдениетіне, тіліне деген үлкен құрметті көрсетеді. Мұндай бірлік пен үйлесімділік мәңгі болсын.
Сондай-ақ, Орталық алаңда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.
Мерекеге орай Қызылорда қаласында 5 көпқабатты үй пайдалануға беріліп, тұрғындарға кілттері тапсырылды. «Мен бүгінгі қуанышымды айтып жеткізе алар емеспін. Пәтер алу қашаннан арманымыз болатын. Бірлік мерекесі күні өз баспанамызға қол жеткізгенімізге қуаныштымыз», – дейді жаңа пәтер иесі Бақыт Насырова.
Солайша, Сыр елі халық достығы мерекесін өз дәрежесінде атап өтті.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
*Орал
Биыл Орал өңіріндегі бірқатар этномәдени бірлестік өкілдері мерекені өткізудің бұған дейінгі үлгілеріне өзгерістер енгізу және оған жаңаша сипат беру жөнінде Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесіне бірқатар ұсыныстар берді. Аталған кеңес өз отырысында олардың талап-тілектерін қанағаттандырды. Соған сәйкес, Қазақстан халқының бірлігі күні құрметіне Орал қаласы мен барлық аудан орталықтарында мазмұны терең, шоқтығы биік 27 іс-шара өткізілді.
Сонымен бірге, осы жоба аясында «Қазақстан халқы – Болашағы Біртұтас Ел» ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Бұған қоса мереке қарсаңында «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» атты жарқын да жасампаз жобаның тұсауы кесілді. Әрі осы орайда өңірдегі өнер ұжымдары арасында облыстық фестиваль бастау алды. Бұл бағдарлама жыл аяғына дейін созылмақ.
Батыс Қазақстандағы биылғы 1 мамыр мерекесі Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналды. Облыс орталығындағы 25 орында 25 шара өткізілгені осыған тағы бір дәлел. Оның өзегінде «Мәңгілік Ел» тақырыбында дәрістер оқылды. Көрмелер ұйымдастырылды. «Бірлігіміз жарасқан» атты концерттік бағдарламалар мәреге жетті.
– Орал өңіріндегі биылғы Бірлік күні өзгеше сипат алды. Әрі бұған дейінгі ұйымдастырылған мерекелерге қарағанда әлдеқайда тартымды, әлдеқайда қызықты әрі барынша кең ауқымда өткізілді. Бұған бәріміз де сүйсіндік. Облыстың орталық алаңында құрылған этноауылдарда да шебер қолдардың іздері мен шығармашылық ұшқыр ойдың жемісі атойлап тұрды. Биылғы 1 мамыр мерекесі бәріміздің көңілімізден шықты. Бәрімізге ұнады. Алдағы жылдарда да оның осындай пішімде өткізілгенін қалаймыз, – деді газет тілшісіне өңірдегі «Дос» қоғамдық бірлестігінің төрайымы В.Шохина.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов: «Біздің бәріміз үшін ең керегі осындай тату-тәтті қарым-қатынастар», – деді.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
*Өскемен
Шығыс өңірінде Бірлік күні кеңінен аталып өтті. Іс-шаралар ертеңгілік облыс орталығының Қазақстан көшесіндегі жергілікті кәсіпорындар автокөліктерінің Мемлекеттік тулармен айшықталған колоннасының шеруімен басталды. «Менің Туым» шарасы қаланың негізгі көшелерін аралап шыққаннан кейін Республика алаңында «Жасампаздық пен ынтымақтың 25 жылы» атты мерекелік іс-шаралар легі өтті. Бұл бағдарлама аясында этномәдени бірлестіктер мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерт, спорттық ойындар, сауда-саттық және қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, «Металлург» саябағы салтанатты түрде ашылып, шаһардың барлық саябақтарында мерекелік концерттер мен балаларға арналған түрлі ойын-сауықтық шаралар өтті. Түс әлетінде қаладағы субұрқақтар, оның ішінде Ертіс өзені жағалауындағы амфитеатр алаңында, «Үлбі» орталық мәдениет үйі, облыстық мешіт және Горький мен Киров көшелері қиылысындағы алаңдардағы субұрқақтар іске қосылды. Түстен кейін Абай ескерткіші алдында «Автоэкзотика-2016» автошоуы ұйымдастырылып, «Жастар» саябағында Пасха мерекесіне орай бұқаралық сейіл, Достық үйі жанында облыстық өнер ұжымдарының концерті өтті. Фольклорлық ансамбльдер ұлттық салт-дәстүрлермен таныстырды.
Ал кешкілік облыс орталығында «Студент көктемі-2016» гала-концерті жастардың би кешімен жалғасты. Айта кетелік, Бірлік күні мерекесі аясында өңірдің барлық қалалары мен аудандарында мазмұнды мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, халықтың татулығы мен ынтымағы тағы да паш етілді.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
*Павлодар
Мерекеден бір күн бұрын облыс орталығындағы Достық үйінде облыс әкімі Болат Бақауов өңірдің этномәдени бірлестіктерінің өкілдеріне арнайы гранттар табыс етті.
Биылғы Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық актісі қабылданды. Ел бірлігі арқасында реформалар жүзеге асуда. Осы жақсы жаңалықтардың соңын бүгін қала тұрғындары, қонақтар жаңадан пайдалануға берілген Ю.Гагарин атындағы қалалық мәдениет және демалыс саябағында жарқын көңіл-күймен жалғастырды.
Қаладағы хореографиялық өнер ұжымдары «Тәуелсіздік салтанаты» атты көк жалаушалар желбіретіп, ерекше композициялық көріністер көрсетті. Облыс басшылығы, соғыс және еңбек ардагерлері, жастар құттықтау сөздерін арнауда. Ән шырқаған, би билеген қуанышты жастар, қызыл-жасыл шарлар көтерген кішкентай бөбектер айналаның сәнін келтірді. Саябақтан композициялық қойылым арқылы жасалған «Достық пирамидасы» да көрінді.
«Мәңгілік Ел» атты флэш-мобта «Шернияз» хореографиялық ұжымы, этномәдени бірлестіктер қатысты. Саябақ ішінде «Әуендер бірлігі» деген бөлімде әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблі өнер көрсетті. Дәл осы алаңда. «Жасмин» және «Надежда» бишілері қазақ билерін биледі. Қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Ардақ Райымбековтің айтуынша, ғажайып би фестиваліне жергілікті хореографиялық ұжымдармен бірге Ресейдің Мәскеу, Барнаул, Омбы бишілері қатысып, өнер көрсетті. Және «Бәке мен Сәке» саябаққа жиналған жұртшылықты көңілді әзілдерімен күлдіріп жатты.
Мереке соңы «Ұлт бірлігі – ұлы байлық» атты мерекелік концертке ұласты.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
*Петропавл
Облыс орталығынан бастау алған мереке барлық аудандарда жоғары көңіл-күймен жалғасып, бір шаңырақ астында тұратын халықтың ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрлері паш етілді. Орталық алаңдағы «Болашағымыз бірлікте» атты салтанатты мерекенің ашылуында сөйлеген сөзінде аймақ басшысы Ерік Сұлтанов тұрғындарды Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында аталып жатқан айтулы мейраммен құттықтап, Елбасы негізін қалап берген барлық этностардың тең құқықтығына негізделген қазақстандық даму жолын әлемдік қоғамдастық жоғары бағалайтынын атап өтті.
Бұдан кейін еңбекте, отбасында тамаша өнеге-үлгі көрсетіп, жас ұрпақ тәрбиесіне белсене атсалысып жүрген бір топ таңдаулылар марапатталды. Этномәдени бірлестіктердің төрағаларына 100 мың теңгенің сертификаты табыс етілді.
Концерттік бағдарлама аясында ынтымақ-бірлігі жарасқан елдің өнерпаздары әр тілде әндер шырқап, мың бұралған билермен тамсандырды. «Достық» үйі алдында ұлттық мәдени фестиваль ұйымдастырылып, озық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар үлгі етілді.
«Қызылжар су» кәсіпорнында «Бауырсақ және кулич» күні ұйымдастырылуы, Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық кеңесінің құрылуы айшықты оқиғалардың бірі болды. Ұлттық ұланға қарасты Петропавл әскери институтында халық достығы фестивалі өз жалауын көтеріп, түрлі композициялық қойылымдар көрсетілді.
Адам жанын сергітіп, бойында елге, жерге деген жоғары рух дарытатын шаттық әуендер жер-жерлерде ерекше жарасым тапты.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
*Тараз
Тұрақтылық негізі – татулық. Ал татулық кез келген елді, халықты тек жақсылық пен ынтымаққа, келісімге жетелейді. Береке мен бірліктің туы желбіреп, еңбек пен достықтың күйін шертетін, татулықтың ғажап үлгісін күллі әлемге паш ететін осынау мерекені жамбылдықтар кең көлемде атап өтті.
Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырыс-несібесі мол болмақ. Ұлтаралық келісім мен берекеге бастар бірліктің арқасында экономикамыз қарыштап дамып, тұрмысымыз жылдан жылға жақсара түсуде. Бұл – бүкіл қазақстандықтардың еңбексүйгіштігі мен топтасқандығының нәтижесі!
Мереке күні Тараздың орталық алаңдары мен көшелерінде концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Қала тұрғындары «Мамыр» саябағында әр түрлі ұлт өкілдерінің өнерлерін тамашалады. Сондай-ақ, жергілікті жоғары оқу орындары ғылыми-тәжірибелік конференция өткізсе, облыстық этномәдени бірлестіктер «Үлкен ел – Үлкен отбасы» фестиваліне қатысты.
Бір сөзбен айтқанда, барша жамбылдықтар туған елдің туының астында топтасты, туған жердің тұғырын биік етті. Яғни, дамыған елдердің қатарына енуді межелеген мемлекетімізде бейбітшілікті нығайтып, ынтымақ пен бірліктің туын биікке көтеру – бәріміздің асыл мұратымыз. Осынау мақсат-мүдделердің ойдағыдай жүзеге асуы ең алдымен әрбіріміздің қажырлы да қайратты еңбегімізге, өзара түсіністік пен ынтымаққа, еліміздегі ішкі саяси тұрақтылыққа, ұлтаралық және ұлт ішіндегі парасаттылыққа тікелей байланысты. Ұлттық бірлігіміз нығайып, татулығымыз баянды болсын!
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
*Талдықорған
Талдықорғандағы «Жастар» мәдени-демалыс саябағында Қазақстан халқының бірлігі күні жалпыхалықтық тұрғыда мерекеленді. Этномәдени бірлестіктердің ұйытқы болуымен өңірде тұратын түрлі этнос өкілдері ұлттық киімдерін жарастыра киіп, өз ұлттарының құндылықтарын жарыса көрсетті. Ұлттық асханалар да тізіле елге қызмет жасады. Дүйім жұрттың алдына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов шығып, ынтымақ пен бірлік, татулық туралы құттықтау сөз сөйледі.
Мерекенің сәнін мектеп оқушылары түрлі ұлт киімдерін киіп, сол елдердің ұлттық билерін билеп кіргізді. Әсіресе, «Қара жорға» биін нақышына келтіре билегенде разы болған халық бір серпіліп қалды. Сондай-ақ, қазақ, ұйғыр, өзбек және тау халықтарының билерін де біздің бүлдіршіндеріміз тамаша тарту ретінде паш ете білді.
Бұл мектеп оқушыларының жылдар бойы тынбай жаттыққандықтарын айқын көрсетіп тұрды. Оны көре де, бағалай да білген ләзім. Концерттік бағдарлама Сүйінбай атындағы облыстық филормония әртістері, қазақстандық эстрада жұлдыздары мен Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы филиалы ұйымдастырған ән шашумен жалғасты.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
*Шымкент
Oблыстық орыс драма театрында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Бірлік. Ынтымақ. Достық» мерекелік шарасы өтті. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткен мерекелік шараға қатысқан өңір басшысы Бейбіт Атамқұлов жиналғандарды және барша оңтүстікқазақстандықтарды Бірлік күні мерекесімен құттықтады.
Салтанатты жиында облыс басшысы елдегі этносаралық татулық пен қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауға сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтарға Елбасының атынан Алғыс хат пен «Бірлік» алтын медалін табыстады. Сонымен қатар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысқаны үшін 20 азамат «Облыс әкімінің алғыс хатымен» марапатталды.
Түрлі ұлт өкілдерінің қатысуымен өткен мерекелік шара «Бәйтерек» композициясы мен «Саржайлау» хореографиялық қойылымымен бастау алса, ынтымағы жарасқан түрлі этнос өкілдерінің өнерпаздары ән шырқап, өнер көрсетті.
Оңтүстік Қазақстанда бүгінгі таңда 100-ден астам этнос пен 11 діни конфессия өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, бірлесе еңбек етіп келеді.
Айта кетейік, биыл облыс әкімдігінің бастамасымен өңірімізде алғаш рет Бірлік мерекесін тойлау шеңберінде «Достық сыйы» шарасы өтті. Игі шара аясында аймақтағы этномәдени бірлестіктердің мүшелері бір-біріне сый жасап, өзара татулығын нығайта түсті.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»