04 Мамыр, 2016

Әрі сарбаз, әрі әнші

493 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кушкимбаева-2Әдетте, қоңыр ала киіммен жүріп, мерекелік шара кездерінде юбкасы мен костюмі, басына шекелей қонған пилоткасы қараторы жүзіне жарасып, белін тағалы белдікпен нықтап, сымдай тартыла қалған қыздар әскеріміздің сәні. Тек сәні ғана емес, айбары да екен. «Отаным үшін не нәрсеге де дайынмын!» деп жігерлі тіл қатқан Әминаға қарап осылай ой түйдім. Әмина Көшкімбаева – Қазақстан Респуб­ликасы Әскери-теңіз күште­рінің сарбазы. Ақтаудағы әскери-теңіз базасының құпия бөлімінде іс жүр­гізуші болып қызмет ететін ол, тиянақтылығымен, тынды­рым­дылығымен және өжеттігімен сыйлы. Маңғыстау облысының мұнайлы Жаңаөзен қаласында 1987 жылы өмірге келіп, өндірісті өңірдің өрені болған қыздың аңсары мүлдем басқа салаға ауды. Қиялы өз болашағын әдемі әскери формамен сап түзеп бара жатқан сарбаздар арасынан іздеттірді. Қатар-құрбыларының көбі мұнай саласына жұмысқа тұруға құлшынып жатқанда, Әминаны кішкентай кезінен формаға деген қызығушылығы әскери салаға қарай тарта жөнелді. Отбасы, бала тәрбиесімен біраз айналысқан соң ол ақыры өз арманына қарай қол созып, 2009 жылы әскер қатарына қабылданды. Қазір Ақтау қаласындағы әскери теңіз-базасында 1-дәрежелі старшина лауазымында жүрген ол базада қыз құрбыларының қатары көбейіп келе жатқандығын айтады. – Алғашында қыздар аз еді, қазір 20-ға тарта қыздар бармыз. «Қыздарға әскери өмір қиын емес пе?» деп жатады, өз қызметіңе деген махаббат және Отаныңа деген патриоттық сезім қиындықтың бәрін еңсереді, төзімді болуға, жігерлі болуға шыңдайды. Әскери киіммен жүру, қару асыну, оларды шашып-құрастыру, полигонға барып әскери сынақ тапсыру, дабылға тұру және әскери саланың темірдей тәртібі қиын болғанмен, әсерлі. Өзіңнің тәуелсіз Қазақстанның қорғаушысы екеніңді сезіне жүріп еңбек етсең – қиын жұмыстың өзінен рахат алатын боласың, – дейді Әмина Төлегенқызы. Сөйтсек, қайсар мінезді жауынгер қыз жаны нәзік өнерпаз болып шықты. Маңғыстау облысындағы Мұрат Өскінбаев атындағы филармония сахнасында ән шырқаған ару әскери салада да өз өнерін өгейсітпепті. 2012 жылы Отар қаласында өткен «Жас ұлан» сарбаз әндері байқауында екінші орын алса, 2013 жылы Тараз қаласында өткен аталмыш байқауда лауреат атанған. 29011 әскери бөлі­мінің күнделікті тыныс-тіршілігіне белсенді қатысатын Ә.Көшкінбаева түрлі байқаулар мен фестивальдерге, патриоттық акцияларға қатысып, өз талантымен, шығармашылық қабілетімен әскери бөлімнің намысын қорғап жүр. Жұмыстағы жауаптылығына, табан­дылығына және талантына орай Қазақстан Республикасы Қа­рулы Күштеріне 20 жыл, Қазақстан Респуб­ликасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштеріне 20 жыл мерекелік медал­дарымен марапатталған. «Әлия мен Мәншүктің, Хиуаздың сіңлілерінің жасық болуға хақы жоқ», дейді Әмина. Ішкі істер саласында қызмет ететін жолдасы екеуі отбасында ұл бала тәрбиелеп отыр. Қазір 3-сыныпта оқитын ұлын Әмина болашақта әскери саладан көргісі келеді. Сол себепті оны Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектепте оқытқысы келетіндігін айтты. – Алдымда арман-жоспарларым көп. Алдымен, өзімнің сүйікті қызметім мен өнерімді ұштастырып, әскери музыкант болғым келеді. Осы мақсатыма жету үшін білім алуды ойлап жүрмін. Екіншіден, қазақ санын көбейтуге өз үлесімді қосу­ды да анылық парыз санаймын. Құдайға шүкір, еліміз аман, жеріміз тыныш. Бейбіт заман. Әскерилердің барлық жағдайы жасалынған. Жалақы мерзімінде беріліп тұрады. Бізге оқуға да, жұмыс жасауға да мүмкіндік мол. Алла елімізді осы тыныштығынан айырмасын, – дейді ол сабырлы қалыпта. Дұрыс-ақ. Отанды қорғаумен бірге оның болашақ буынын көбейту, тәрбиелеу де – негізгі міндеттердің бірі. Әмина бұл туралы да ойланады екен. 1-дәрежелі старшина Ә.Көшкім­баева бізбен Қазақстандағы барша әріптестеріне сәттілік тілеп қоштасты. Жүзі жылы болғанмен, мінезі талапшыл, жүрегі «Отаным» деп соққан  қайсар қызға біз де сәттілік тіледік. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Маңғыстау облысы