Жерді пайдалану туралы заңнамаға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде ауыл шаруашылығында еңбек ететіндердің өз бизнестерін кеңейтуіне, жаңа технологияларды қолдануға, жаңа дақылдарды және бағыттарды игеруге жаңа мүмкіндіктер ашылып, ең бастысы, ертеңгі күнге деген сенім пайда болды. Бірінші кезекте, бұл жерде әңгіме ауыл шаруашылығына арналған жерлерді сатып алу құқығы төңірегінде болып отыр.
Заңнамаға сәйкес, осы кезге дейін жалға алып келгендердің жер телімдерін бірінші кезекте жеке меншікке ала алатындығы заңда айқын көрсетілгендігін атап өтуге болады. Олардың, тіпті, 10 жылға дейін жеңілдетілген бағамен төлеулеріне болады.
Бұрын-соңды Қазақстанның ауыл тұрғындарында мұндай мүмкіндік болған жоқ. Мұндай жағдай ауыл шаруашылығындағылар үшін үлкен мемлекеттік қолдау болып табылады.
Жер жеке иелігіне көшкеннен кейін меншік иелері де келешекке сеніммен қарап, өзінің бизнесін дамытудың жоспарын жасайды. Ендігі жерде олардың өз жерінде ауыл шаруашылығы нысандарын салып, инженерлік жүйелерді және басқа да инфрақұрылымдарды жүргізуіне құқығы болады. Осылайша, жер экономикалық активке айналады. Жер телімдеріне меншіктік қатынас жер иелерінің жаңа технологиялар енгізуіне, еңбек өнімділігін арттыруға, ауыл шаруашылығы жерлерін үнемді және күтіп ұстауға ынталандыра түседі. Осының бәрі елдің аграрлық секторының дамуына, ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін ұлғайтуға қосымша қуат береді.
Заңнаманың жаңа нормалары ауылдағылардың, фермерлердің, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің мүдделерін қорғайды. Тиесілі нормативтік-құқықтық актілер ережелерімен жұмыс барысында ғалымдардың, сарапшылардың, экономистердің қатысуымен ғана емес, сондай-ақ, шаруа қожалықтары басшылары, ауыл шаруашылығы саласындағы бірлестіктер мен қауымдастықтардың өкілдерінің қатысумен де кең ауқымда талқыланды. Қазіргі кезде тиесілі мемлекеттік органдар Жер кодексі нормаларын белсенді түрде түсіндіріп, барлық сауалдарға барлық арналар және мүмкін болған барлық тәсілдер арқылы жауап беруі тиіс. Халықпен кездесіп, ауыл шаруашылығымен айналысып отырған тұрғындарды жаңа мүмкіндіктердің әлеуетінен хабардар етіп, жерді сатып алу туралы және оны жекеменшікке ресімдеу жөнінде жан-жақты айту қажет.
Тағы бір ерекше атап өтетін маңызды жайт, Қазақстанда шетелдік азаматтарға жер сатылмайды және сатпайды да. Заңда бұл тайға таңба басқандай нақты жазылған. Шетелдіктер жер телімдерін тек шектелген уақытқа жалға алып және оның көлемін Үкімет белгілеген мөлшерде ғана пайдалана алады.
Ауыл шаруашылығына арналған жерлерге жекеменшік құқығына тек қазақстандық азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалар ие. Басқалай айтқанда, өз жерінде басқару құқығы Қазақстан халқына ғана тиесілі.
Әли БЕКТАЕВ,
«Ауыл» ХДПП төрағасы