көпбалалы анаға пәтер сыйлады
Елге етене дегенде, есімізге ең әуелі белгілі кәсіпкер, қайырымды азамат, «Ақшың» корпорациясының президенті, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Марат Құрманбайдың есімі оралады. «Арық атқа қамшы, жыртық үйге тамшы ауыр» дейтін қазіргі нарықтық қыспақ заманында зады, алды кең, жүрегі жомарт жандар көңілге нұр құятыны бар. Жуырда Марат Серікжанұлының тамам жұртты сүйсіндірген бір көмегі болды. «Кәсіп түбі – нәсіп» деген сөз бар қазақта. Ұлттың нәсібі ғой. Өзіңе ғана емес, өзгеге де болсын деген тілек пен ниет қабысса, ұлтты ұшпаққа шығармай ма?!
Марат Серікжанұлы жетекшілік ететін кәсіпорын Семейдің ортасынан 128 пәтерлі «Ақшың» тұрғын үй кешенін салған болатын. Кәсіпкер осы зәулім әрі заманауи үйден Мейрамгүл Абдуалиева есімді семейлік көпбалалы анаға екі бөлмелі пәтер сыйлады. Сол сәтте пәтерге қол жеткізген, алты баланы жалғыз өзі асырап, тәрбиелеп отырған ананың қуанышын көрсеңіз! Бұл баршаға жылылық сыйлаған жақсылық еді. Көпбалалы ана осыған дейін облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Даниал Ахметовтің қоғамдық қабылдауында болған еді. Ананың ахуалы алаңдатқан азаматтар қарап қалған жоқ. Көмектің көкесін жасады. «Ағаш көркі – жеміс, адам көркі – жақсы іс» дейді Алтын Орда заманының даңқты шайыры Сайф Сарайи. Әмсе, жан жадырататын жақсы істер арта берсе дейміз ғой.
Марат Құрманбай өзі туып-өскен Абыралы өңіріндегі соғыс және еңбек ардагерлеріне жыл сайын дәстүрлі түрде көмек көрсетуді жолға қойған. Биыл да Жеңіс күні қарсаңында абыралылық 75 ардагерге сый-сыяпат көрсеткенін айта кетелік.
Мамандығы бойынша білікті экономист, заңгер Мәкең елдің келешегі – жастарға үлкен демеу көрсетіп келеді. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың балаларын ақылы негізде оқытуға қолдау көрсетіп жүр. М.Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжі, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті сынды орта және жоғары оқу орындарында білім алып жүрген жастардың алдынан даңғыл жол ашылғанын көріп, сүйсінбеске әддің жоқ. Өзі құрылтайшысы болып отырған «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қоры арқылы тағайындаған шәкіртақы негізінде екі бірдей жас «Қайнар» университетін тәмамдады. Бүгінде олар өмірден өз орнын тауып, елге қызмет етуде. Кәсіпкер осылайша 6 баланың білім алуына жағдай жасады.
Ол сонымен бірге «Мейірім» акциясына белсене қатысушылардың бірі. Бұл акция негізінде балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің жеке есепшоттарына «ақшыңдықтар» бір күндік еңбекақыларын аударып отырады. Осы қайырымдылық шарасы арқылы аталған балалардың кәмелет жасқа толғандарында үй сатып алуына қаражат жинауына қолдау көрсетіп отыр. Корпорация президентінің қоғамдық қызметке қосқан үлесі елеусіз емес. 2013 жылы «Жылдың үздік адамы» танылды.
«Ер – туған жеріне». Марат Серікжанұлы «Туған жерге – тағзым» шарасы аясында туып-өскен ауылын көркейтуге, атамекен тарихын жаңғыртуға қомақты үлес қосып жүр. Атымтай азамат туған Абыралы өңірі – Семей ядролық сынағының кіндігінде орналасқан, атом апатынан айтарлықтай зардап шеккен жер. Десе де, Мараттай мәрт ұлдары бар елдің көңілі жүдеген емес. Кәсіпкер Абыралы өңірінің Қайнар ауылына мәдени демалыс саябағын салып беріп, Семей ядролық сынақ алаңының жабылғанына 20 жыл толуына арналған ескерткіш пен Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай Абыралыдан қан майданға аттанған 1500 жауынгердің есімдері жазылған мемориал орнатты және Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мен Абыралы көтерілісінің 80 жылдығына орай «Бабалар ерлігі – Тәуелсіздік тірегі» атты тақтатас қойды. Сондай-ақ, Абыралы топырағында туған қазақтың көрнекті тұлғалары, әнші Әміре Қашаубаев, жазушы Сапарғали Бегалин, ақын Төлеужан Ысмайылов және Қазақстанның тұңғыш қаржы министрі Рымбек Байсейітовке кеудемүсіндер қойса, алдағы уақытта көрнекті ғалым Рымғали Нұрғалиевке ескерткіш қоюды жоспарлап отыр. «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қоры арқылы жасалған жұмыстардың тағы бір парасы ретінде қайтарымсыз гранттармен Ақбұлақ және Абыралы ауылдық округтерінде екі балабақшаның ашылғанын айтуға болады. Бұл ауылдар – Семей ядролық полигонынан ең қатты зардап шеккен елді мекендер.
Марат Серікжанұлы облыстық мәслихат депутаттығына сайланған №20 сайлау округі Абыралы өңірі мен Жаңа Семейді қамтыған, құрамына 16 ауылдық округ, 24 елді мекен енетін ең ірі округтердің бірі. Шүлбі кентінен Алғабас, Доғалаң ауылына және бір қабырғасы Курчатов қаласына дейінгі аумақты алып жатқан округ сайлаушыларының сенімін арқалаған халық қалаулысы мәслихат мінберінен көптеген әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табуына үлес қосты. Қазіргі кезде жерлестерінің аманаты ретінде Семей сынақ полигонынан зардап шеккен ағайынға әлеуметтік жеңілдіктер қарастыру қамында жүр.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
СЕМЕЙ