06 Мамыр, 2016

Орға жығатын «оңай олжа»

381 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Football Bet Slipнемесе букмекерлік кеңселердің қызметіне бақылау жасалып, шектеу қойыла ма? Спорт – тек саламатты өмір салты емес, сондай-ақ, мол табыстың көзі. Бүгінде бұл бұлжымас қағидаға айналған. Осыны ескеріп, балаларын теннис, футбол ойнауға үйретіп жүрген ата-аналар да көбірек кездесе бастады. Өйткені, бүгінде допты дұрыс тебе білсең долларды уыс­тап ұстауға болады. Ол аз десең, спорттық атағыңды алты қырдан асырып, әлемге әйгілі қылатын «әулиелігі» тағы бар. Әйтеуір кәсіби спорт – қазынасы ортаймайтын қамба іспетті.  Қазіргі таңда осы қамбадан кәнігі спортшымен қатар қарапайым жанкүйер де өз үлесін алып жүр. Олар – алаңға шыққан спортшының әр адымынан ақша сауып отырған бәс тігушілер. Яғни, букмекерлер. Бұл сөз осыдан 10-15 жыл бұрын қазаққа таңсық еді. Ал бүгінде бәс тігіп, бәсекені қыздырып жүргендер өз арамызда да жетіп артылады. Ендеше, біреулерге қосымша табыс болған осы бір кәсіптің қыр-сырына үңіліп көрейік. Жалпы, бәс тігудің тарихына зер салатын болсақ, оның сонау Рим империясынан бас­тау алатынын көреміз. Ол кезде ат жарыстырып, қораз төбе­лестіріп, адамдар соған ақша тігетін болған. Алғашында бұл – жай көңіл көтеріп, уақыт өткізу үшін ұйымдастырылса, бүгінде біреулердің күректеп табыс тауып отырған кәсібі. Ресми түрде мұндай кәсіп ХІХ ғасырда бас­талған. Атап айтқанда, сол кезеңде кез келген спорттық ойынға алдын ала болжам жасап, ақша тігуге рұқсат берілді. Сол-ақ екен, онсыз да делебесі қозып жүрген жанкүйерлердің тиегі ағытылды. Мұны байқаған пайдақұмарлар бәс қабылдайтын арнайы орталықтар ашып, ауадан ақша жасауға көшті. Содан бері букмекерлік кәсіптің аясы тарылып көрген жоқ. Қайта бүгінге дейін бәс тігушілердің бар байлығын иемденудің сан түрлі тәсілін ойлап тапқан букмекерлік кеңселер спортты қойып, саяси «ойындарға» да бәс қабылдайтынды шығарды. Мәселен, ірі мемлекеттердегі през­иденттік сайлауларға қатыс­ты өз болжамдарын жасап, халықты қызықтырып, қалтасын қағу қазіргі таңда таңсық емес. Алғаш Ұлыбританияда ашыл­ған ресми букмекерлік кеңселер біздің елге тәуелсіздіктің бас­тапқы жылдарында-ақ келіп үлгерген еді. Дегенмен, мұндай кәсіпті бұрын-соңды көрмеген халық бастапқы кезде оларды елеген де жоқ. Оған әлеуметтік жағдайдың да себеп болғаны даусыз. Тек «қарын тойып, көйлек көгергеннен» кейін ғана кейбіреулер құмарлықтың құлы бола бастады. Жер-жерде казино мен ойынханалар ашылып, күн санап оған барушылардың саны артты. Мұның соңы жақсылыққа апармайтынын сезген Үкімет дер кезінде қимылдап, Қапшағай мен Щучинск қалаларынан өзге жерде орналасқан барлық құмар  ойын-сауық орталықтарына заңды түрде тыйым салды. Содан бері букмекерлік кеңселердің айы оңынан туып, аясы кеңейіп сала берді. Өйткені, бәс тігу құмар ойындардың қатарына енбей, қалтарыста қалған болатын. Осы мақаланы дайындау барысында бәс тігудің қыр-сырына қанығу үшін елордамыздағы кейбір букмекерлік кеңселерге бас сұққан едік. Бәс тігіп байы­ғысы келгендердің дені жастар екенін байқадық. Сондай-ақ, олардың басым бөлігі студенттер. Олардың өзара әңгімелерінен бұл әрекеттерін туған-туыстары білмейтінін ұқтық. Яғни, аузынан жырып берген ақшасын баласы бәске тігіп жүргенінен ауылдағы ата-ана бейхабар. Осы ретте ерекше ескеретін жайт, бәс қабылдайтын кеңселер студенттік жатақханалар мен оқу орындарының маңында өте көп шоғырланған. Мұны жай ескеріп қана қоймай, дабыл қағарлық жайт десек те, артық емес. Себебі, бәс тігу үшін кейбір студенттер ұялы телефон, ноутбук сынды бағалы заттарын ломбардқа кепілдікке өткізіп, құмарлыққа салынып үлгерген. Өзін Ержан деп таныстырған сондай жанның бірі бәс тігуге осыншалықты әуестеніп кететінін мүлдем ойламапты. «Басында жатақханада бірге тұратын достарыммен келіп жүрдім. Шыны керек, ол кезде бәс тігу тұрмақ, футболды мүлдем көрмейтінмін. Алайда, достарымның тіккен ақшаларын екі-үш есе етіп қайтарып алғанын көріп, қызығушылығым оянды. Нәтижесінде өзім де букмекер атандым. Жасыратыны жоқ, осы күнге дейін ұтқанымнан ұтылғаным көп. Қазір ноутбугім ломбардта жатыр. Соның қарызын өтейтін ақша шығарып алсам, бәс тігуді біржола қоямын», – деп ағынан жарылды. Тағы бір кейіпкеріміз орда бұзар отызға келсе де күніне бір рет болсын букмекерлік кеңсеге келіп кетуді әдетке айналдырған. «Мен бұл жерге табыс табайын деп келмеймін. Онсыз да жағдайым ешкімнен кем емес. Тек құмарлықтан арыла алмай-ақ қойдым. Бұрын ойын автоматтарынан шықпаушы едім. Оларға тыйым салынған кезде қатты қуандым. Өйткені, сол үшін ата-анаммен, туған-туыс­тарыммен және достарыммен жиі ренжісіп қалатынмын. Абырой болғанда, ойынхананың бәріне заңмен тыйым салынып, қаладан аластатылды. Соның нәтижесінде құмар ойын жайында мүлдем ойламайтын болдым. Бір күні футбол көрмек болып достарыммен букмекерлік кеңсеге бас сұқтық. Сол күні бірінші рет ақша тігіп, ұтысқа ие болдым. Содан бері күнде келемін. Қанша келгім келмесе де, еріксіз күш осы жерге жетелейді де тұрады. Осы біз тұратын үйдің астында үш букмекерлік кеңсе бар. Мүмкін қашықтау болса, бармас па едім?!», – деген ол бәс тігуге де заңмен тыйым салынғанын қалайтынын жеткізді. Негізі, былтыр букмекерлік кеңселерге заңмен тыйым салынбаса да шектеу қойылатынын Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтқан болатын. Министр Парламентке «Ойын бизнесі туралы» заң жобасын таныстырған сәтте: «Қазір букмекерлік кеңселер кез келген жерде ашылып жатыр. Соған орай біз заң аясында оларды жеке ғимараттарда орналастыруды ұсынып отырмыз. Яғни, бәс қабылдайтын орындар білім нысандарының немесе жатақханалардың жанынан емес, арнайы ғимараттарда ашылуы керек», – деген еді. Әзір­ге бұл бастама жүзеге асатын емес. Қайта жатақханалар жанынан орын тепкен букмекерлік кеңселер жауыннан кейінгі саңы­рауқұлақтай қаптап кетті. Кеңсе иелері де келушілерін қызықтыру үшін барлық жағдайды жасап қойған. Қабырғаға үлкен теледидар іліп, үстелдер мен жұмсақ орындықтар қойып, керек десеңіз, ғаламтормен де жабдықтаған. Бізді таңғалдырғаны, бірқатар букмекерлер бәс тігуді құмар ойындарға жатқызбайды. Тіпті, спорттан хабарың болып, дұрыс есептей білсең, мүлдем ұтылмауға да болады-мыс. Расымен, арасында бәс тігіп, пайда тауып жүргендері бар. Өздерінің айтулары бойынша жағдайын жақ­сартып, етек-жеңін бүтіндеп алғандары да кездесті. Дегенмен, ондайлардың өте сирек екенін атап өткен жөн. Иә, қалай десек те, бұл мәсе­леге бүгін көңіл бөлмесек, ертең кеш болуы әбден мүмкін. Себебі, букмекерлік кеңселер күн санап күш алуда. Үйден шықпай-ақ ғаламтор арқылы бәс тігуге мүмкіндік жасап қойған олар мұнымен шектеліп қалмайтыны анық. Бәс тігу орталықтарында алкогольдік ішімдіктердің сатылуы да тегін емес. Ол аз десеңіз, соңғы кездері әлемге белгілі ірі букмекерлік орталықтар спортшыларды сатып алу арқылы ойынның нәтижесіне тікелей әсер етіп, миллиондаған жанкүйерді сазға отырғызып кететіні көп айтылып жүр. Мұндай жағдай – ресми түрде анықталмаса да, жанкүйерлер арасында жиі қозғалатын тақырып. Мысалы, жеңісіне күмән келтірмейтін ең мықты теннисші белгісіз біреуден әдейі ұтылып қалуы мүмкін. Соның салдарынан оның жеңісіне сенімді болған сан мыңдаған жанкүйердің тіккен ақшасы бук­­мекерлік орта­лықтардың қам­басына құйылады. Әрине, мұндай олжадан ойынын сатқан спортшы да құр қалмайды. «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» демекші, соңында бәс тіккен жанкүйерлер ғана жапа шегеді. Бәс тігудің тек материалдық емес, моральдық және психо­ло­гиялық зиян келті­ретінін де мамандардан жиі ес­тиміз. Ал мұндай зиян қоғамның ру­хани дамуын тежейді. Қаншама жастарымыздың ата-анасын, туғандарын алдап, айдаладағы спортшының тілеуін тілеп жүргені соған дәлел. Тіпті, бәс тігемін деп оқуынан шығып қалғандар да бар. Букмекер боламын деп жүріп, ішімдікке әуестенген жанды да көзіміз көрді. Солардың көбі өзіміздің қаракөздеріміз. Ең өкініштісі, сырадан ұрттап қойып, жігіттермен бірге спорт ойындарын талқылап отырған қыздарды да кездестірдік. Бұлардың бар­лығы да қызығушылықпен бас­тап, құмарлыққа бой алдыр­ғанын сезбей жүрген жандар. Ал құмарлықтың өрісі кеңейген жерде қылмыс та артып, ын­тымақ-бірлікке сызат түсетіні сөзсіз. Ендеше, букмекерлердің қыз­метіне түбегейлі тыйым сал­мағанымызбен, заң аясында шектеу қойғанымыз жөн. Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан»