06 Мамыр, 2016

Қателіктер қайталанбасын

426 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сарханов К.А. 23.02.16-1Президенттің Жер кодексін күшіне енгізу мерзіміне мораторий жариялауы, осы мәселені егжей-тегжейлі талқылап алу қажеттігі тұрғысынан келгенде, өте орынды деп ойлаймын. Жер мәселесі қай уақытта болса да маңыздылығымен ерекшеленген. Бірақ та бұл өзекті мәселе төңірегіндегі пікірталас, ұсы­ныстар негізсіз, жалған деректерден ада болып, нақты жер құндылықтарын қайткенде еліміз экономикасын көтеруге, халқымыздың мүддесіне сай пайдалана аламыз деген мақсатта өрбісе дұрыс болар еді. Рас, бүгінде елімізде ауылша­руа­­шы­лық жер­лерін пайдалану тиімділігі сын көтермейді, пай­даланусыз жатқан ауы­л­шаруа­шылық жерлерінің ауқым­ды­лығын айт­пағанда, бүгінгі ауыл­шаруашылық құрылымдары иелі­гіндегі жерлердің орта есеппен 30%-ға жуығы мақсатты пайдаланылмайды деуге болады. Мысалы, елімізде 100 млн. гек­тар­ға жуық жайылымдық жерлер пайдаланусыз жатыр, негізінен бұл шалғайда орналасқан жерлерді ауылшаруашылық өнді­рісі айналымына қоса ал­сақ, ғылыми тұрғыда не­гізделген болжамға сай 1 млн. тоннаға дейін мал ша­руашылығы өнімдерін өндіруге болады екен. Осыған орай, елімізде ауыл­шаруашылық жер­лерін пайда­ланудың тиім­ділігін арттыру мақ­сатында кешенді іс-шараларды атқару қажеттілігі еш күмән кел­тірмесе керек. Бірақ, басты мәселе ауыл­шаруа­­­шылық жерлерінің меншік түрлеріне байланыс­ты болып тұр ма, елімізде ауылшаруашылық жерлері­не жекеменшік институты енгізіл­геннен бері біршама уақыт өтсе де неге жерді өз меншігіне сатып алушылар қатары көбеймей отыр. Еуропада ең дамыған елдің бірі – Германия бүгінде ауыл­шаруашылық жерлерін жалға пайдалану жүйесіне неге бетбұрыс жасап отыр деген сұрақтар да толғандырмай қоймайды. Сонымен қатар, жалпы, ауыл­шаруа­шылық тауарлы өндіріс жер­лерін саяжай, саябақ, орман, қорық мақсатында пай­даланылатын жерлер ерек­шеліктерімен салыстыруға болмайды, яғни олардың аумағы үлкен, экологиялық қауіпсіздік тұрғысында күрделі іс-шараларды, сапалы, мол ауылшаруашылық өнімдерін өндіру үшін ауқымды материалдық-техникалық жабдықтауларды қажет етеді. Менің ойымша, осыдан да өнім өндірушілер тарапынан ауыл­шаруашылық жерлерін жеке­меншікке алуға ниеттілік төмен болып отыр. Сонымен қатар, ауыл­шаруашылық жерлерін жеке­шелендіру кезінде мемлекеттік ауыл­шаруашылық құрылымдарын жекешелендіргенде жіберілген кейбір қателіктер қайталанбай ма деген күдіктің болғанын да жасы­рудың реті жоқ. Тегін берген затта құн болмайды деген сөз бар ғой. Әлемдік тәжірибе қай уақытта болмасын ауылшаруашылық жерлерінің өнімділігін, пайдалану тиімділігін арттыру және түр­лі экологиялық апаттардан қорғау мемлекеттік көмек, қол­дау, бақылаусыз мүмкін бола бер­мей­тіндігін көрсетеді. Сонымен қатар, нарықтық экономикада ауыл шаруа­шылығы сала­сының негізін мем­лекеттік емес меншік иелігіндегі шаруа­шылық құрылымдары қалып­тастырып отырғанда, жерді жал­ға беру еліміздің азық-түлік қауіп­сіздігін тұрақты бақылауда ұстау­ға байланысты мемлекеттің ауыл­шаруашылық өнімдерін өн­діру­шілерге әсер ете алатын бірден-бір тетігі екенін де ұмытпаған жөн.  Кәкімжан САРХАНОВ, Қазақ ауыл шаруашылығы кешені экономикасы және ауылдық аймақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институты Астана филиалы директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы