АСТАНА. 7 мамыр. Белгілі қазақстандық композитор, гитарашы, «Мюзикола» тобының аранжирлеушісі, «А’Студио» тобының бұрынғы мүшесі Болат Сыздықов қайтыс болды. Бұл туралы tengrinews.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
«Ол жайдары мінезді, мейірімді адам болатын. Екеуіміз ұзақ жылдардан бері араласып келдік. Марқұм Батырхан Шүкеновтің қайтыс болғанынан кейін араға бір жыл салып, өмірден өткені бізге ауыр соғып отыр. Осыдан бір ай бұрын ғана демалысқа барып келген еді. Алға қойған мақсаттары көп болатын. Концерт қоймақ болып жоспарлаған. Шынымды айтсам, оның қазасына әлі де сене алмай отырмын. Аты аңызға айналған ұлы тұлғалардың бірі», – деді күйші Асылбек Еңсепов.
Болат Сыздықов 1956 жылы 21 маусымда Қарағанды қаласында туған. Танымал оқытушы Александр Мажелянның джаз гитарасы курсын бітірген. Осы қалада 16 жасында филармонияға жеке ән орындаушысы болып қабылданды. Сондай-ақ, «Гәкку» ансамблінің құрамымен гастрольдік сапарларда болған.
Ол Республикалық «Гүлдер» жастар ансамблінің арнайы шақыртуымен Алматыға келген. Әнші Роза Рымбаева өнер көрсеткен «Арай» тобының гитарисі болды. Бұл топ аталған әншіден бөлінгеннен кейін «Алма-Ата» атауымен жаңа топ құрады. Олардың арасында Болат та болған. Әсіресе, Мәскеуде танымал болған топтың атауы кейіннен «А’Студио» болып өзгерді.
Композитор 1992 жылы өзінің жеке музыкалық жобасын ашпақ болды. Әнші Карина Абдуллинамен танысып, «Мюзикола» тобын құрды. Қазақстан Президентінің жарлығымен 2012 жылдың 5 желтоқсанында оған Еңбек сіңірген өнер қайраткері атағы берілді.
Аян Әбдуәли.
Дерек: tengrinews.kz.
Фото: comode.kz.