10 Мамыр, 2016

Бүлдіргі ағымның зардабы ауыр болады

820 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
shapievКеше ғана құдайсыз қоғамның шекпенінен шыққан қауым имандылыққа ден қойғанда, ислам дінін Хақтың діні деп қабылдағаны белгілі. Сөйтсе, асыл діннің атын жамылып, бүркемелеген мақсатын жүзеге асыруға ұмтылған бүлдіргі ағымдардың да жеткілікті екені кейінірек білініп жатыр ғой. Қазақ қоғамында ғасырлар бойы ата-бабамыздың ұстанып келген дін жолын күстәналап, сырттан келген ағымдардың сойылын соғып, солардың бағытын «бірден-бір дұрыс жол» санайтын топтар пайда болды. Осындай бүлдіргі ағымдар төңірегінде философия ғылымдарының кандидаты, доцент Бақтығали ШӘПИЕВПЕН әңгімелескен болатынбыз. – Еліміздің тұтастығына, тыныш­тығына, ұлтаралық ынтымағына кері әсерін тигізуге бағытталған діни ағым­дар мен секталардың шектен шыққан іс-әрекеттері жөнінде айтылып та, жазылып та жүр. Олардың көздеген мақсат-мүдделерінің тамыры қайда жатқандығы бүгінде қалың көпшілікке де белгілі болды. Қазақтың дәстүрлі дін жолын бұрмалап, талай отбасының шырқын бұзған бүлдіргі ағымдар мүшелерінің қатарының көбеюі жұртшылықты кәдімгідей алаң­датып отыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары халықтың әлеуметтік жағдайын жақ­сартуға басымдық беріліп, мәде­ни-руханият саласы соның көлең­кесінде қалып, баяу және жүйесіз дамығандығы белгілі. Соның салдарынан елімізге әлемнің түкпір-түкпірінде пайда болып, кейбіреулері өз елдерінде саяси дағдарысқа ұшыраған діни ағымдар мен секталар демократиялық үдерістерді желеу етіп, бізге келіп жетті. Босап қалған рухани кеңістіктің орнын толтыруға белсене кірісіп, діни ағымдардың мүм­кін­шілігі арта түсті. Бүгінде елімізде дәстүрлі діндерді есепке алмағанда, елуге жуық діни конфессия, төрт мыңға жуық ағым мен секта қызмет етеді. Оған қоса, кейбір діни бірлестіктер, тіпті, ешқайда заңды түрде тіркелместен өз жұмыстарын астыртын жүргізіп, әлеуметтік, ұлттық және діни алауыздық туғызуға күш салып жүр. Олардың соншалықты еркінсіп кетуі халықты ғана ойландыратын емес, ұлттық, мемлекеттік деңгейдегі маңызды мәселе болып табылады. – Ислам атын жамылған бүл­дір­гі ағым­дардың қатарында қан­дай топтар бар? Олар қандай ұста­ным­дарымен ерекшеленеді? – Қазіргі кезде еліміздің түкпір-түкпірінде уахабшылар, салафиттер, тәкфіршілер, нұршылар, «Хизбут-тахрир» және «Таблиғ-и-жамағат» сияқты радикалды ұйымдардың өкіл­дері кездеседі. Бұлардың үгіт-наси­хаттары исламның бірегей қасиетті кітабы – Құран Кәрімнің үкім­дерімен көп жағдайда сәйкес келе бермейді. Әрі дінге кейіннен қосыл­ған әртүрлі мәнсіз ырымдар мен нанымдарды қамтиды. Бұлар ортақ идео­логиялық платформа ретінде уахабизмді ұстанады. Мысалы, салафиттер мен тәкфір­шілер кәпірлерді исламға күшпен кіргізуді қуаттаса, «Хизбут-тахрир» ислам қоғамын орнатудың, яғни халифат құ­рудың бірден-бір жолы төңкеріс деп есептейді. Құран Кәрімде халифат құру туралы айтылмаса да «Хизбут-тахрир» Орталық Азиядағы елдердің, соның ішінде Қазақстанның да орнына халифалық мемлекет орна­туды көздейді. Ал «Таблиғ-и-жа­мағат» болса, белсенді үгіт-наси­хат жүргізіп, ақпарат жинау және террорлық ұйымдарды сарбаздармен қамту арқылы қызмет етеді. Өз кезегінде нұршылар мен фит­хуллашылар уахабизмді білім жүйесінің көмегімен енгізбек. Бұл ұйымдар мен ағымдар ортақ уахабилік қозғалыстың құрамында бірін бірі толықтыратын бірыңғай тетік болып табылады. Бақы­лаудың әлсіздігін аңғарған бүлдіргі ағымдар өздерінің ғибадатханаларын салып, исламнан хабары аз, ерік-жігері, білім-білігі әлсіз қазақтармен қатарын толықтырып жатыр. – Діни ұйым ретінде тіркелмеген, алайда, халық арасында қанатын кеңге жайып отырған уахабизм жө­нінде айтсаңыз. Бұл өзі қайдан шық­қан? Олардың көздеген мақсат-мүд­десі не? – Уахабиліктің негізін салған Мұхам­мед бин Абдулуахаб хижраның 1125 жылы Басрада ағылшын тың­шысы Хемфердің тұзағына ілініп, ағылшындардың Исламды жою мақ­сатындағы басты құралына айналған. Ахмет бин Таймийаның әһли сүннетке қайшы келетін кітаптарын оқып, «Шайх-и Нәжди» деген атпен танылған. Оның идеялары ағылшындардың қаржысы мен қарулары арқылы сауатсыз жандардың, Дарийа халқы мен басшылары Мұхаммед бин Сууд тарапынан қолдау тапты. Оның пікірін қабылдаған адамдар «Уаххаби» және «Нәжди» деп аталады. – Сонда уахабшылардың мақ­саты қандай ұстанымдарға негіз­деледі? – Уахабшылардың бұзық сенім­дерінің үш негізі бар. Біріншісі, амал, ғибадат иманның бөлшегі деп қабыл­дайды. Бір парызды орындамаған адам кәпір, оны өлтіріп, мал-мүлкін тара­ту керек деп санайды. Бұл туралы «Фатх-ул-мәжид» кітабының беттерінде жазылған. Екіншісі, пайғамбарлар мен әулие­лердің рухынан шапағат сұраған адам, олардың мазарына барып, оларды себеп етіп дұға еткен адамды кәпір деп есептейді. Уахабшылардың үшінші бұзық сенімдері мазардың үстіне кесене са­лу­ды, кесенелерде намаз оқуды, өлген­дердің рухына бағыштап садақа нәзір етуді (атауды) жаиз емес (дұрыс емес) деп санауы. Олардың айтуынша, Ха­рамайн (Мекке-Мәдина) халқы бүгінге дейін күмбездер мен дуалдарға табынып келген екен. Әһли сүннет пен шиит тобындағы мұсылмандар сол үшін мү­ш­рік саналады. Оларды өлтіріп, мал-мүл­кін тәркілеуге болады, олардың сойған малы харам болып есептеледі дейді. – Уахабилік ағым қазақ халқына несімен қауіпті? – Қазақ халқы ислам дінін қабыл­дағанына мың жылдан аса уақыт өтті. Қазақ халқының исламды тұтынудағы ғасырлар бойы қалыптасқан бағыты – сунниттік, мазхабы – Имам Ағзам Әбу Ханифа. Әрі бұл мәзхабты мұсылман әлемінің бүкіл ғұламалары мойындаған. Сол уақыттан бері халқымыздың қа­лып­тасқан діни, мәдени, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлік көзқарасы бар. Ол ізгі­лікке, мейірімділікке, бейбітшілікке негізделген. Халқымыздың небір игі жақ­сылары, хандарымыз бен би­леріміз, батырларымыз бен ақын-жы­­рау­ларымыз, небір оқымысты ға­лым­дарымыз осы жолда, осы рухта тәр­биеленген. Олардың ішінде әулие­лер мен ата-баба рухын қастерлеу, әулиелер басына барып түнеу, қайтыс болған кісіге жетісін, қырқын, жүзін, жылын беру сияқты ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан көптеген діни салт-дәстүрлер бар. Ал уахабшылар өздерінің діни уағыздарында «Қазақ әулиеге сенеді – бұл ширк», яғни кешірілмес күнә, «Қазақ аруаққа құран бағыштайды, ал аруақ деген құр саудыраған сүйек, басқа түк те емес, ендеше бұл да ширк», «қабірді зиярат ету – ширк», «аруақ­тарға бағыштап жеті шелпек пісіру – ширк» және тағы басқаларға жастарымыздың санасын улап жүр. Міне, басты қайшылық осында. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ұстанып келген діни жолын мансұқ ету, осыншама алып аумақты қорғап, бүгінгі ұрпағына аманаттаған бабалардың діни ұстанымын жоққа шығару қан­шалықты ақылға сыяды?! – Әрине, жат ағымдардың артында белгілі бір күштер тұрғаны, олардың белгілі бір мақсат-мүдде­лерді көздейтіні белгілі. Ендеше, осы бағытта халқымыздың идеоло­гия­лық иммунитетін күшейту үшін не істеуіміз керек? – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Сындарлы он жыл» атты кі­табында «Фундаменталистер мен экс­тремистердің мақсаты – Қазақстанның мұсылман халқы. Осы орайда Қазақ­станда үш мыңнан астам діни топ­тардың, 40-тан аса діни мазхаб­тардың бар екендігін естен шығармау керек» деп жазады. Яғни, сырттан келіп жатқан бүлдіргі діни ағымдардың мақсаты – Қазақстан халқының ынты­мағына іріткі салу болмақ. Қазіргі кезде басты сыртқы фак­тор­ларға жаһандану үдерісі мен хал­­қымыздың бейбіт өміріне қауіп төн­діретін сырттан келген әртүрлі ба­ғыттағы діни ағымдар мен секталар екендігін жоғарыда айттық. Сонымен қатар, сыртқы діни факторлардың өмір сүруіне мүмкіндік жасап отырған ішкі факторларға рухани-мәдени тәрбие саласындағы әртүрлі кемшіліктерді айтуға болады. Бұл факторлардың әсерінен қалай сақтану немесе оларды жеңу үшін не істелінуі қажет екендігі саналы қауымды ойландыратын мәселе. Сондықтан, өзің айтқандай, идеологиялық иммунитетті күшейту үшін халықтың діни сауаттылығын арттыру жолында үлкен жұмыс атқару керек. Мемлекет тұрғысынан заңдардың талабын күшейтіп, жастарға тәрбие беруге басымдық берілгені жөн. Өз кезегінде қоғамдық ұйымдар да, жергілікті ақсақалдар қауымы да атсалысып, өскелең ұрпақтың тағдырына бейжай қарамағаны абзал. – Өскелең ұрпақ демекші, жат ағымдардың жетегінде жүрген­дердің, солардың арбауына түскен­дердің дені жастар көрінеді. Солардың қата­рында қанша адам бары белгілі ме? – Иә, елімізде ағымдар мен секталардың шырмауына негізінен жастар, жоғары оқу орнының сту­денттері ілініп, тіпті мектеп оқу­шылары да тартылған. Олардың арасынан тұмшаланып киініп, етегіне сүрініп жүргендерді, шаштарын тақырлап алып матаға оранғандарды, балауыз жағып шоқынғандарды, жастығына қарамастан қаулатып сақал жібергендерді де көріп жүрміз. Мұның алғашқы өкіл­дері 90-жылдары араб елдерінде, әсіресе, Сауд Арабиясы мен Пәкістан мемле­кетінде діни білім алғандар болды. Кейін келе бұлардың қатарына шетел­дердің зайырлы оқу орындарында білім алғандар қосылды. Мұсылман елде­рінен келген миссионерлер ашқан ислам орталықтары негізінен уахабилік ілімді насихаттайтын орталықтарға айналды. Ең өкініштісі, ислам атын жа­мыл­ған әртүрлі шетелдік ағымдар мен сек­таларға қызмет етуші, солардың ық­­палындағы өз отандастарымыз. Жүз­­деген азаматымыз басқа діннің қа­тарын толтырып жатса, мыңдағаны әр­түрлі исламдық ағымдардың шырмауына ілігіп отыр. Қазақстан Республикасының Пре­зи­­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жас Отан» Жастар қанатының ІІ съезінде сөйлеген сөзінде жастарға үлкен жауапкершілік жүктелген. «Біз – мұсылманбыз. Бірақ исламда түрлі ағымдар бар. Және сендер – «жас отан­дықтар» осы ағымдарға кірген жастарды жаман нәрселерден тежеуге тиіссіңдер. Оларды тәрбиелеулерің керек. Біз өзімізді мұсылманбыз дегенде халықты орта ғасырға қарай тартпауымыз керек. Бізге әр адамның пікірі маңызды. Бірақ біздің қыздарымыз бен әйелдер киіп жүрген араб киімі хиджаб біздің жол емес. Қазақ көшпенді халық болған, біздің ертеден келе жатқан өз жолымыз бар» деген сөзі діни тәрбиедегі басты темірқазық ұстаным болуы тиіс. – Діннің айналасында әңгіме қоз­ғалғаннан кейін елімізде өткізіліп келе жатқан әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съездеріне қатысты сұрағымыз келіп отыр. Осы ал­қалы жиынның рөлі туралы айта кетсеңіз. – Аталған алқалы жиын әртүрлі діндердің бірлігіне қызмет етіп келеді. Мұның маңызы өте зор. Дін мәселесі бойынша еліміздегі дінаралық татулық пен ұлтаралық келісім әлемдік қауым­дастықтың алған бағытымен ұштасып жатыр. Астанада өткен алқалы жиын­да әлемдік және дәстүрлі дін жетек­шілері бір-бірінен түсіністік қана іздеген жоқ, сонымен бірге, дінаралық қақтығыстарды болдырмаудың жолдарын іздеді. Ендеше, аталған жиынның бейбітқатар өмір сүруде өзіндік үлесі зор деп айтуға болады. Әңгімелескен Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»