10 Мамыр, 2016

Университет оқытушысы Словакиядағы бауырластар зиратына барды (фото)

257 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
10-05-16-pobedaҚОСТАНАЙ. 10 мамыр. Сонау Еуропадағы Словакиядадан «Егеменнің» тілшілер қосынына хабар келді. Братислава қаласындағы Я.Коменский атындағы университетте біліктілігін көтеру курсында оқып жатқан А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті шет тілдер кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Меңзада Самембет Жеңіс күні бауырластар зиратына барып, қазақ жауынгерлерінің басына гүл шоқтарын қойыпты. Ұстаз бұл жөнінде «Егеменнің» оқырмандарына жеткізуімізді өтініпті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Меңзада Сәмембет редакцияға Братислава қаласындағы бауырластар зиратында түсірген суреттерін қоса жіберіпті. Ол аралап жүріп, алдымен кіші лейтенант К.А. Акимбеков деген жауынгерге қойылған ескерткіш тасты табады. Онан кейін тағы да лейтенант Нұралым Сыбанкулов және Әбішұлы Сейтжан деген екі жауынгерге қойылған белгіні тауып, олардың басына гүл шоқтарын қойыпты. Белгі таста үшеуінің де 1945 жылы қаза болғаны жазылған. Әбішұлы Сейтжан ұрпақтарының атасының басына барып, белгі қойғаны көрініп тұр. Меңзада Сәмембет: «Мен мерекеден бұрын өзім барғанда К.А.Акимбеков деген лейтенанттың басына қойған көріп, гүл қойып кеткенмін. Одан кейін 9 мамыр күні бауырластар зираты кешенінде қала басшылығы өткізген мерекелік салтанатқа қатыстым. Сол жерде жерленген тағы да екі жауынгерді тауып алдым. Бауырластар зираты кешенін аралап жүріп, Милослава деген жергілікті словак әйелмен таныстым. Ол кісі Акимбековтың зиратына келіп, гүл қойып, күтіп кетеді екен. Бұл зиратқа жыл сайын Ресейден, Қазақстаннан, тағы басқа елдерден осында жатқан жауынгерлердің туыстары келіп, тағзым етіп, тасын жаңартып қойып кетеді. Милославаның айтуынша, Акимбековты (Әкімбеков болар) іздеп келген ешкім болмапты. Өзі де шеткерірек, бұрышта жатыр. Лейтенанттың өте қыршын жасында, 25 жаста қаза тапқанын оның көршілері айтыпты. Олар Әкімбековтың бейітін күтіп, гүл қойып жүріпті, қоныс аударғанда бұл қайырымды ісін Милославаға тапсырып кетіпті», – деді. Меңзаданың айтуынша, орыс тілінде тәп-тәуір сөйлейтін Милослава «Әкімбековтың туған-туыстарына Қазақстанға барғанда сәлем айтарсыз» деген өтінішін де айтыпты. Қазақ жауынгерінің бейітін күтіп жүрген словак әйелінің иманды ісі әркімнің жүрегін толқытқандай еді. Бейтшілік үшін қан төккен жауынгерлер рухы, ерлік даңқы өшпейді. Нәзира Жәрімбетова. Дерек, фото: egemen.kz. 10-05-16-pobeda 4 10-05-16-pobeda 3 10-05-16-pobeda 2 10-05-16-pobeda 1