13 Мамыр, 2016

Зайсанда бөдене өсіріле бастады

764 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Бодене-3Жұдырықтай ғана жабайы бөде­нені бала кезімізде жиі кездестіріп, кө­ре қалсақ үркітетінбіз. Сол кезде насихаттың болмауынан торғайдан сәл ірі құстың қадір-қасиетіне жете бер­меппіз. Соңғы кезде бөдененің еті, жұмыртқасы адам ағзасына аса пайдалы, оның жұмыртқасын шикідей ішудің түрлі сырқаттарға, атап айтқанда, ас­қазан, қант диабеті, бауыр, бүйрек, ішек, хандроз, мидың есте сақтау қабі­­летіне аса пайдалы екені жайлы жиі айтылып жүр. Жақында Зайсан ауданында іссапарда болған кезде ­аудан әкімі Алмас Оңдақанов Көгадай ауылында Ербол Жұмабаев деген азаматтың бөдене өсіріп жатқаны жайлы айтқанда елең етіп, Көгадайға жеткенше асықтық. Алдымен ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрад Дүйсембаева мен аудандық «Достық» газетінің редактор-директоры Ардақ Бөлдекбаева бізді Қараталдағы ерлі-зайыпты Серік, Анаргүл Тойлыбаевтарға алып келді. Серік шекара қызметінде ұзақ жылдар қызмет етіп, запасқа шыққан соң жұбайымен және көгедайлық Ер­бол Жұмабаевпен бірге жұдырықтай бөдене өсіруге ден қойыпты. Бөдене кір­пияз, тауық құсап кез келген жемді қанағат тұтатын құс емес көрінеді. Былтыр наурызда олар Өскемендегі бөдене өсіретін Жанат Тасылбаевадан екі жүздей бөдене жұмыртқасын сатып алып, оны инкубаторда өсіре бастайды. Біраз жетіле бастаған кезде аңдаусызда тауықтың жемін беремін деп 70-80 балапанды өлтіріп алады. Сөйтсе, оның же­міне сүйек ұны, ұлу тас басқа да қажетті элементтер қосылады екен. Бір қап жем 6 мың теңге. Ол Зайсанға жеткенше құны 7-8 мың теңгеге жетеді. Бір жұмыртқаның 25 теңге екенін ескерсек, пайдасынан гөрі әзірше зияны көбірек сияқты. Серік жұбайы екеуі Ерболға көмек­тесіп жүр. Ал бөдене өсіру Ерболға жүк­телген. Ол бізді бөдене өсіріп жатқан қора ішінен қарсы алды. Арнайы темір сыммен қоршалған торда бөденелер орналасқан. Оларға жем, су беру көп уақыт алмаса да ұқыптылықты талап етеді. Себебі, бес мекиенге бір қораз. Қораздары қызғаншақ, бір-бірінің төбесін қан жоса етіп талап тастағанын көрген кезде еріксіз таңғалдық. – Бөденені алғаш өсірген қытайлар мен жапондар. Олардың ұзақ өмір сүруінің құпиясы бөдене жұмыртқасы мен етін пайдалануда болса керек. Бөдене еті мен жұмыртқасында пайдалы витаминдер, атап айтқанда, темір – 4,5, кобальт – 2,2, В-2 витамині 2,2 есе көп. Жапондар балалардың иммунитетін көтеру, олардың денсаулығы мықты болуы мақсатында балалар мен мектеп оқушыларына жұмыртқа ішуді тегін ұйымдастырған. Біз неге кенже қалдық? Демек, бөдене өсіруге ден қойсақ, келешек ұрпақтың денсаулығы мықты болмақ. Аманшылық болса, әзірше бөдене жұмыртқасын сатудан пайда көрген емеспін. Оның басын 1 мыңға жеткізсем деген мақсат бар. Жұмыртқаларды жұрт іздеп жүріп сатып алады. Зайсандағы дүкенге тапсырып, жеке адамдарға сатып жатырмыз. Қараталдағы Серік пен Анаргүл де болысады. Жеңілдікпен несие алып, келешекте бөдене өсірумен мықтап шұғылдансам, пайда табу емес, жас ұрпақтың ойы сергек, денсаулығы темірдей мықты болар еді, – дейді бізбен сырласқан көгадайлық азамат Ербол Жұмабаев. Қадамыңа нұр жаусын дейміз де... Оңдасын Елубай,  журналист Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы Суретте: бөдене өсіріп жатқан Ербол Жұмабаев.       Суретті түсірген автор