Жер – ата-бабаларымыз аманат еткен барша халыққа тиесілі басты байлығымыз, еліміздің қазынасы, ырысымыз бен несібеміз.
Алайда, жер мәселесі, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жердің шетелдіктерге жалға берілетіндігі төңірегінде түрлі алыпқашпа әңгімелер айтылып жатқаны баршамызға белгілі. Кең-байтақ жердің сатылу мәселесі туралы ел арасындағы бұл теріс бағыттағы қауесет елім деп соққан әрбіріміздің жүрегімізді солқылдатары анық.
Дегенмен, бұл мәселеде Жер кодексінде өзгертулерге терең талдау жасасақ, халықтың алаңдауына негіз жоқ екендігіне көз жеткіземіз. Өйткені, ел еңсесін қалайда биіктетсем деп, жердің тағдырына алаңдаған Елбасымыз жер мәселесіне қатысты, ауыл шаруашылығы саласына дем беру үшін ауыл тұрғындарына мемлекеттік қолдау көрсетіп отыр. Олай болса ауыл шаруашылығы саласына енген тың жаңалық еңбек етемін, жерден несібе табамын деген жандарға үлкен мүмкіндіктер тудырады. Шетелдерден малдарды әкелуді тоқтатып, өзіміздің асыл тұқымды малдың басын көбейтіп, көкөніс өндіруді дамытып шетелдерге шығару мүмкіндігіне ие боламыз. Қара жердің құнары мен пайдасын заманауи соңғы үлгідегі озық технологиялармен игеру арқылы ауыл шаруашылығы саласына жақсы өзгерістер енеді. Себебі, иесіз жатқан жер күтім жасалмағаннан кейін құнарлылығын жоя бастайды. Ал егер жердің нақты иесі болса оның ел үшін пайдасы мол болатынына сенемін. Өйткені, иесі бар жер айрықша күтімге алынады. Қай азамат болсын өзінің иелігіндегі жерінің бүлінгенін қаламайды.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы жер қоры 11725,8 мың гектар. Оңтүстік қанша жерден диқан деп есептелгенімен игерілмей жатқан жер қоры көп. Мәселен, былтырғы ауыл шаруашылығындағы жерлерге жүргізілген түгендеу жұмыстары нәтижесінде мақсатына сай пайдаланылмай жатқан 4182 жер пайдаланушылардың 315,1 мың гектарды бос ұстап отырғандығы анықталған. Осының тәлімді егістігі 77,2 мың гектар, суармалысы 38,8 мың гектар, жайылымдығы 199,1 мың гектар екен.
Осынша жерді бауырға басып, өзі де пайдаланбай, өзгеге де бермеуден ауыл шаруашылығы үлкен зардап шегіп отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жер нақты жұмыс жасайтындарға, елдің әлеуетін арттыратын мақсатқа жұмсалсын деп отырғаны осы. Ал, кейбір арандатушылар әдейі қауесет таратып, елдің ішін ала тайдай бүлдіргісі келеді. Бұл дұрыс емес.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді жалға, не өз иелігіне алған шаруашылық иесі де оның құнарлылығын арттыруға мүдделі болады. Содан қара жерді күтіп-баптап, сол жерден түрлі ауылшаруашылық өнімдерін алуға ынтасы оянады, қадірлейтін болады. Елімізде бос, игерілмей жатқан шалғай жерлерді шетел инвесторларына кепілдікке беру арқылы жерден отандық өнім алу мемлекетіміздің табысын еселейді. Жер кодексіндегі өзгерістер барлық елдерде қолданылып жатқан жерді жалға беру жағдайы, ауылшаруашылық бағыттағы зауыттардың ашылуы, қаншама қазақстандықтардың жұмыспен қамтылуы, сонымен қатар, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруы, олардың тіршілігін көркейту бағытында жасалып жатқан игі шаралардың бірі екендігі даусыз. Бұл игіліктерден басқа саясат іздеуге болмайды.
Жақында Мемлекет басшысының Жер кодексіндегі түзетулерге байланысты мораторий жариялағанының куәсі болдық. Жерге байланысты өзгерістер халыққа дұрыс түсіндірілмегендіктен осындай қадамға баруын дұрыс деп есептейміз. Қазір бағасына байланысты шикізаттан түсетін пайдамыз азайды. Осындай жағдайда ұлан-ғайыр жерімізді тиімді пайдаланудың кезегі келді. Елбасы айтқандай, франциялық шаруалар бір гектар жерден 3200 доллар пайда тауып отырса, біз бір гектардан 400 доллардың өнімін ғана алып отырмыз. Яғни, фермерлерімізге, ғалымдарымызға ойланатын жайттар баршылық.
Елбасы Үкіметте өткен мәжілісте халық қабылданған шешімдерге сенбейтін болса тоқтата тұруды ұсынды. Өйткені, бұл өзгерістер халық үшін жасалып жатыр деді.
Жер-Ана біздің асыраушымыз. Мемлекет басшысы айтқандай, тиімді пайдалана білсек түбінде асығымыз алшысынан тұрады.
Амангелді СОПБЕКОВ,
ОҚО мәслихатының депутаты
Оңтүстік Қазақстан облысы