1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Тәуелсіздік декларациясы Қазақстан өзінің ұлттық мемлекетін құрып, оны нығайтып және қорғай алатындығын айғақтап берді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңға қол қойып, егеменді еліміз тарихының жаңа парағын ашты.
«Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияда және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңда ұлттың әрі қарай ұйысуының негіздерін айқындаған екі қағидат жария етілді: біріншіден, Қазақстан мемлекетін құрудың алғышарты болып табылатын қазақ халқының өз тағдырын өзі таңдау құқығы; екіншісі – елдің барлық азаматтары үшін жасалатын тең мүмкіндік. Халықтың даналығы, кеңдігі мен сыйластығы этностық тегіне, әлеуметтік, діни және де шығу тегіне қарамай жаңа мемлекеттің барша азаматының ұйысуына негіз болды.
Тәуелсіздіктің бастапқы жылдары қабылданған Ата Заңымызды қайта жаңарттық. Оған 1993 жылы алғашқы Конституцияның кеңестік құрылыс желісінде қабылданып, өтпелілік сипатқа ие болуы, нарық экономикасына үйлесімсіз жақтарының болғандығы және бұрынғы кеңестік қағидалардың шеңберінен шыға алмай, әкімшілдік ережелерді арқау етіп, мемлекеттің демократиялық институттарының дамуына тұсау бола бастағандығы себеп болды. Бұл мән-жайлар одан арғы саяси және экономикалық жаңғырудың шынайы қажеттілігін, Қазақстанның қоғамдық-саяси дамудың жаңа кезеңіне енуіне конституциялық бетбұрыс жүргізу керектігін көрсетті. Сөйтіп, 1995 жылы 30 тамызда жалпы халықтың талқылауынан өткен қазіргі қолданыстағы Конституция қабылданды.
Бұл Конституцияда биліктің үш тармағы: атқарушы, заң шығарушы, сот билігінің рөлі айқындалды. Заманына жарасымды, әлеуеті асқан Ата Заңымыз аясында жаңғыртылып, құқықтық реформалардың қазығына айналған заңдарымыз аясында қызмет етіп, қоғамның сеніміне бөленген сот жүйесі бүгінде даму көшінің жолбасшысына айналып отыр. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасы судьяларының VІ съезінде: «ХХІ ғасырда мемлекет дамуының басты өлшемі – ұлттық сот төрелігі жүйесі болып табылады. Тәуелсіз және әділ сот – құқықтық мемлекеттің тұғыры. Онсыз әлемнің бірде-бір елі, соның ішінде ең дамыған мемлекеттерде қолайлы инвестициялық ахуалды, азаматтардың өмір сүруінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету мүмкін емес. Сондықтан, сот реформасы жөніндегі жұмысты еселеу керек. Мен судьялардың VІ съезінің басты міндеті осы деп білемін» деген бағасы жарқын мысал.
Тәуелсіздік жылдары ішінде қазақстандық сот жүйесі мемлекеттік биліктің белді бір тармағына айналды. Елімізде заман талабынан туындап отырған демократиялық реформалар кезең-кезеңімен, рет-ретімен жүзеге асырылып келеді. Сот-құқық реформасы ел тәуелсіздік алған сәттен бастап адам құқықтарын қорғау мен заңның үстемдігін қамтамасыз етудің айқын басымдылығының негізіне айналды. Қазақстан Республикасы судьяларының VІ съезінде Елбасы Н.Назарбаев сот жүйесін дамытудың маңызды бес басымдылығын, соттар қызметінің заңдылық және іс жүргізу нормаларын, сот құрылымын жетілдіруді, әлеуметтік саладағы даулар мен қақтығыстарды шешудің баламалы әдістерін енгізуді, сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз етуді және кәсіби сот корпусын қалыптастыруды мақсат етіп қойды.
Сот жүйесінің алдына қойылған басымдылықтар Мемлекет басшысының мұнан былайғы бағдарламалық тапсырмаларында жалпымемлекеттік мақсаттармен ұштастырылып отыр. Елбасымыз «Нұр Отан» партиясының 2015 жылғы наурыз айында өткен он алтыншы съезінде Қазақстан мемлекеттілігін нығайту үшін Бес институттық реформаны ұсынды. Оның бірі – заң үстемдігін қамтамасыз ету. Осы реформаларды жүзеге асыруға арналған 100 нақты қадамнан тұратын Ұлт Жоспары әзірленді.
Мемлекет басшысы жариялаған Ұлт Жоспарының «Заң үстемдігін қамтамасыз етуді» көздеген екінші бағыты бойынша Жоғарғы Сот Төрағасы Қ.Мәмидің жолбасшылығымен сот жүйесін реформалауға тікелей қатысты 11 мақсатты қадамды жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар қазірдің өзінде тындырылып, сот реформасы тереңдетілу үстінде. Сот жүйесінде Ұлт Жоспарын жүзеге асыру аясында жүзеге асырылған ең маңызды өзгерістер қатарында – жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексінің, «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» Заңның қабылдануы мен «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, Қылмыстық іс жүргізу және Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуін атар едік. Жаңа заң бойынша судьялардың тәуелсіздігі мен оларға ешкімнің тиіспеушілігінің кепілі ретіндегі конституциялық өкілеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында құрылған Жоғары Сот Кеңесінің кем дегенде тең жартысын судьялар қауымдастығы өкілдерінің құрауы мемлекеттік биліктің сот тармағына білдірілген зор сенімнің айғағы.
«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер судьялардың материалдық жағдайы мен мемлекет тарапынан жасалатын әлеуметтік кепілдіктерін жақсарта отырып, олардың жұмыс сапасына талапты да күшейтті. Бұған судьялыққа кандидаттардың негізгі жұмыс орындарынан қол үзе отырып, тұрақты негізде соттағы бір жылдық ақылы жұмыс тағылымдамасынан өтуі, бұған қоса облыстық және Жоғарғы Сот судьясы лауазымдарына кандидаттарға жоғары тұрған соттар судьяларының жеке кепілдеме беру институтының енгізілуі жатады.
Қолданысқа енгізілген жаңа заңнамаларда Мемлекет басшысының Бес институттық реформа мен «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарындағы заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытында қойылған бірқатар міндеттер жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Процессуалдық кодекске бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот жүйесіне көшу, азаматтық-құқықтық даулар бойынша сотқа прокурордың қатысуын қысқарту, барлық сот процестеріне дыбыс әрі бейнежазбаны тіркеуді енгізу, инвестициялық дауларды жаңа тәртіпте қарау туралы нормалар енгізілді. Адам құқығын қалпына келтіретін және сот төрелігін дамытуға ықпал ететін медиация институты одан әрі жетілдіріліп, тараптарды татуластыруға мүмкіндік арттырылды.
Тараптардың және олардың адвокаттарының қатысуымен дауды реттейтін жаңа партисипативтік ресімдер енгізілді. Партисипативтік келісім жағдайында дауды сотта алдын ала қарау барысында адвокаттар екі жақты бітістіруді өз құзыретіне алып, тараптарды он күн ішінде келісімге келтіреді. Ал сот процесі кейде айларға, тіпті, жылдарға да ұласуы мүмкін. Жалпы, жаңа Азаматтық процестік кодексте адвокаттардың бітімгершілік құзыреті күшейтілген. Адвокаттар кез келген мемлекеттік органдардан, мемлекеттік құпиядан басқа ақпараттарды сұратып ала алады. Және олардың кәсіби тегін заң көмегін көрсетуге құқығы бар. Заңға сай экономикалық дамуды арттыра түсудің мүмкіндігі ретінде еліміздің инвестициялық тартымдылығын сот арқылы жақсарту үшін Ұлт Жоспарының инвестициялық даулар бойынша жеке сот ісін жүргізу туралы 23-қадамын іске асыру мақсатында Астана қалалық сотында бірінші сатыдағы сот тәртібіне инвестициялық дауларды қарайтын сот, сондай-ақ Жоғарғы Сотта ірі инвесторлардың қатысуымен болатын дауларды қарайтын мамандандырылған алқа іске кірісті.
Заңға азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғаудың мүмкіндіктері жетілдіріліп, әлемдік озық стандарттарға жеткізетін елеулі өзгерістер енгізілді. Істерді сотта қарау процестері жеңілдетіліп, тиімді және қарапайым азаматтарға ұғынықты етілді. Сот сатылары оңтайландырылды. Үш буынды сот жүйесіне көшуге байланысты аудандық және оған теңестірілген соттар бірінші, облыстық соттар апелляциялық, Жоғарғы Сот кассациялық сатыдағы істерді қарауға көшті. Аудандық және оған теңестірілетін соттар шығарған шешімдерге апелляциялық шағымды, наразылықты облыстық және оған теңестірілген соттың апелляциялық сот алқасы кемінде үш алқа судьясының алқалы құрамында қарайды. Аудандық және оларға теңестірілген соттардың оңайлатылған (жазбаша) шығарған шешімдеріне апелляциялық шағымды, наразылықты, жеке шағымды, ұйғарымға наразылықты судья жеке-дара қарайды. Жуырда Жоғарғы Сот жанынан Ұлт Жоспарында айқындалған міндеттердің бірі – халықаралық кеңес құрылып, жұмысын бастады. Кеңес қазақстандық сот төрелігіне халықаралық озық стандарттар мен сот тәжірибесін енгізуге жәрдемдеспек. Бұл ұйымның мүшелігіне отандық ғалымдармен қатар шетелдік және халықаралық заңгерлерден құрылған он адам кіріп отыр.
Ал өткен жылы күшіне енген Қылмыстық процестік кодекс сотқа дейінгі тергеу өндірісінің құрылысын айтарлықтай өзгертіп отыр. «Миранда ережесіне» сәйкес құқық қорғаушылар енді ұсталған азаматтарға өз құқығы мен міндеттерін түсіндіруге тиіс. Сотқа дейінгі тергеу ұғымы мен тергеу судьясы институттары азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың кепілдіктерін күшейтті. Ұлт Жоспарының «100 нақты қадамында» адамның және азаматтардың конституциялық құқығын шектейтін барлық тергеу қызметі жөніндегі өкілеттіктердің біртіндеп тергеу судьясына берілуі арқылы сотта айыптау мен қорғау арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету қажет екендігі көрсетілді. Азаматтарды ұстаудың уақыты, тәртібі, тіпті аз уақытқа ұстаудың шарты да өзгерді. Тергеу судьясы сотқа дейінгі іс жүргізу барысында күдіктіні күзетпен ұстау, үйқамақ, лауазымнан уақытша шеттету, жақындауға тыйым салу, экстрадициялық қамақты санкциялау сияқты көптеген құзыреттіліктерге ие болды.
Қазіргі заманды озық технологияларсыз көзге елестетуге болмайды. Бұл тұрғыдан алғанда да сот жүйесі жолбасшылық тізгінін бекем ұстап келеді. Жоғарғы Соттың сайты Қазақстандағы мемлекеттік органдар сайттарының үздігі болып танылып отыр. Жалпы, сот жүйесінде енгізіліп отырған барлық жаңа сервистік қызметтер халықтың сот құжаттарына қолжетімділігін арттырып, олардың сотқа деген сенімділігін одан әрі нығайта түсері хақ. Қазақстанның сот жүйесінің жетістіктерін халықаралық қауымдастық өкілдері қазірдің өзінде жоғары бағалай бастады. Оған нақты бір мысал – 2015 жылғы 25 желтоқсанда Батыс Қазақстан облыстық сотының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның қабылданғанына 15 жыл толуына орай Орал қаласында өткізілген «Қазақстандағы тәуелсіз сот жүйесінің қалыптасуы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Қазақстанның сот жүйесінің жетістіктеріне сан ғасырлық тарихы мен тәжірибесі бар Ресей заңгерлерінің айрықша назар аударғандығы. Іргелі елдің сот өкілдері, ғалым заңгерлері Қазақстанның тәуелсіз сот жүйесінің қалыптасуы мен жетістіктері осы Конституциялық заңға тікелей байланысты екендігін айтады. Ресейлік әріптестеріміз бен ғалымдарды Қазақстанның сот жүйесіндегі алға басушылықтар, атап айтқанда соттарды мамандандыру, жасөспірімдер, экономикалық және әкімшілік соттардың жұмысы, тергеу судьясының қызметі, сот процестеріне жаңа технологияны кеңінен қолдану мәселелері айрықша қызықтырды. Тіпті, халықаралық өлшемдермен алғанда қазақстандық сот жүйесінің Ресейден ілгерілеп кеткендігін айтып отыр.
Сот саласындағы өзгерістер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, қоғамдағы заңдылықтарды сақтауға негізделген. ЖаҺандану жағдайында Қазақстан соттары халықаралық құқықтық кеңістікке жол тартты. Бұл өз кезегінде өзіміздің ішкі қажеттіліктерімізді мұқият түрде есепке ала отырып, әлемдік талаптармен үйлестіруді қажет етеді. Мұндай кешенді жұмыстар мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылу үстінде. Қазақстан Судьялар одағының биылғы жазда өтеді деп күтіліп отырған кезектен тыс съезі Қазақстан тарихындағы судьялар қауымдастығының жетінші рет өткізгелі тұрған басты жиыны. Қоғам болып ақылдаса шешетін мәселелер әлі де қомақты. Солардың қатарында халықтың сотқа, судьяларға сенімін бұрынғыдан да арттыру мақсатында Судья әдебі кодексін жаңарту мен жетілдіру және кеңейту жолдарының қарастырылуы да бар. Судьялардың Ар-ождан кодексінің пайда болуы ел тәуелсіздігі мен Судьялар қауымдастығының дүниеге келуімен тікелей байланысты. Бастапқы «Судьялар этикасының» қағидаттары 1996 жылғы 19 желтоқсанда өткен Қазақстан Судьялары қауымдастығының бірінші съезінде тұжырымдалса, ел тәуелсіздігінің он жылдығына орайлас келген 2001 жылғы 6 маусымдағы үшінші съезде оған өзгеріс енгізілді.
Қазақстан Республикасы судьяларының 2009 жылғы 18 қарашада өткен съезінде «Судья әдебі кодексі» жаңа нұсқада бекітілген болатын. Қоғам дамуының жеткен белестері әдет-ғұрып, әдеп нормаларын жаңа сапаға көтеріп отыратындығы белгілі. Жаңадан жасақталып жатқан «Судья әдебінің кодексі» қоғам тарапынан сот билігіне деген сенімнің негізі ретінде судьялардың мінез-құлық ұстанымдарының бірыңғай стандарттарын белгілеуді көздейді. Бұрынғы Әдеп кодексіне қарағанда қомақты әрі судьяның жалпы этикалық ұстанымдары мен кәсіби қызметін атқару кезіндегі, отбасы мен тұрмыстағы әдеп ұстанымдары бөлек-бөлек үш тарауда нақтыланып отыр.
Бүгінде ғасыр ширегін артқа тастаған мемлекетіміздің жүріп өткен жолдарына тәуелсіздік төрінен көз тастасақ, елдігіміз халықаралық қауымдастықтан лайықты орнын тапқанына куә боламыз. Ал артымызда бес жарым ғасырлық елдік тағдырымыз, кемеңгер халқымыздың өнегелі жолы жатыр. Билер дәстүрінен сабақ, әлемдік билік тағылымдарынан үлгі алдық. Елбасымыз айтқан
«...ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін» Мәңгілік Ел идеясымен қауыштық. Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғамда өмір сүретін кезеңге де жеттік. Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық кезеңінде жеткен жетістігіміздің бір парасы, міне, осы.
Бек ӘМЕТОВ,
Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы
ОРАЛ