14 Мамыр, 2016

Чернобыль үрейі

2190 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Чернобыль немесе қатерлі сәулелер шырмауында өткен 30 жыл Менің «чернобыльдік» екенімді, дәлірек айтқанда, «қазақстандық чернобыльдік» екенімді кездейсоқ білген немесе білетін таныстарым мен әріптестерімнің денінің алдымен қоятын сауалы «Денсаулығың қалай?», «Өзің сұранып бардың ба?», «Чернобыль АЭС-і неге жарылған?» болып келеді. Міне, отыз жыл осы сауалдарға төзіммен әрі түсіністікпен жауап беріп жүрмін. Радиация туралы мағлұматы зор азаматтардың алдымен денсаулық туралы сұрауы тегін емес. Өйткені, атом жарылысынан кейін пайда болған ионды сәулелер ең алдымен адам ағзасының ең сезімтал, ең әлсіз буындарына әсер етеді... Оның үстіне, ядролық жарылыстан көз ашпаған еліміздің атом зардабы туралы ілімі дүниежүзінің кез келген халқынан алда болмаса кем емес екені және айдан анық. Ғасыр апатына теңестірілген Чер­но­­быль АЭС-індегі сол ядролық жа­рылыстың болғанына 30 жыл толды. Сонымен, өз заманында өндірістік көрсеткіші өте жоғары болған кеңестік АЭС неге жарылды? 1986-ның жылашар күні КСРО Бас хатшысы Михаил Горбачев пен АҚШ Презденті Рональд Рейган теледидар арқылы өмір бақи бір-бірін ата жау санаған әлемдегі алып екі елдің халық­тарын теледидар арқылы алма-кезек құт­тықтады. Әлемдік «жаңаша ойлау идеясы» осылайша жүзеге асқан сыңайлы еді. Горбачевтік қайта құруға (перестройка) жеделдету (ускорение) бағдарламасы қосылып, ел дамуы «даңғыл жолға түсті». Алайда, жеделтету бағдарламасы 1986 жылғы 26 сәуірдегі Чернобыль атом стансасындағы аса ірі техногендік апаттан – ядролық жарылыстан соң бойын жазып үлгермей, бастапқы екпінінен айырылып, көп ұзамай мүлдем тоқтады. Бұл жайында көбіміз біле бермейміз! Сол тұстағы Чернобыль зардабын жоюшы әскерилер арасындағы орыс частушкасы бұл шындықты екі ауыз сөзбен былай әшкереледі: «Ускорение – важный фактор, Но... не выдержал реактор!» Содан елдегі «қайта құру» өз екпі­німен алға жүре берді де, «жеделдету» біртіндеп ұмыт қалды. Мен секілді мыңдаған чернобыльдіктердің бір бі­летіні мынау: бұл «АЭС-теріңіз» қазақ ертегілеріндегі бір көлдің суын тауысқан құбыжық іспетті. Мәселен, қалыпты технологиялық қызмет температурасын сақтау үшін Чернобыль АЭС-інің ұзындығы 120 шақырымдай Киев су қоймасының батыс аумағы бойында салынуы да тектен-тек емес. Суынып тұру үшін ең бастысы – су керек! Бүкіл батыстағы Экономикалық өзара көмек кеңесінің (СЭВ) құрамына енетін КСРО-мен одақтас Батыстағы барлық социалистік елдер осы ЧАЭС-тен электр энергиясы қуатын алып тұрды. Бас мемлекеттегі өріс алған «жаңа­ша ойлау идеясымен» қаруланған кеңес­тік инженерлер өндірістік дамылдау қажеттілігін «жеделдету» мақса­тымен аждаһаның от шашқан аузын тоңазытқыш қосу арқылы суытып, сол арқылы бірнеше айға созылатын стан­садағы жұмысын тез арада қайта жалғап жіберуді мақсат тұтады. Ол үшін суыту үрдісі кезінде бас бермес құбыжықтың мойнынан шынжырын шешкен секілді – қажетті кезде ядролық қызудың бетін қайтаратын графит сүңгілерді атом жанған он сан пештің аузынан уақытша алу керек болды. Осы арада МАГАТЭ-нің тарихи мәліметіне сүйенсек, оқиға одан әрі қарай былай өрбиді. Еркіне бұлайша қол сұғуды алғашында мойын­сынғандай болған реактордағы қызу атом шынымен-ақ тоңазытқыштың ызға­рына дес беріп, суына бастайды. Кеңес ғылымындағы тұңғыш тәжірибе жемісін беретін қуанышты сәт туғандай еді! Алайда, бәрі де алдамшы құбылыс екен, қандай реакцияның қалай пайда болғаны осы күнге дейін беймәлім, атомдар аяқ астынан «оянып», дүниенің бір ғана сәтте астаң-кестеңін шығарды. «Тыныш жатқан жыланның құйрығын баспас болар» дейтін аталарымыздың сөзі, міне, осыған саяды. Ең сорақысы – аса қуатты әрі адам баласы үшін өте қауіпті атом жарылысы туралы кеңес басшылығы содан 4 күн бойы тіс жармады. Бесінші күн дегенде, яғни 30 ма­мырда елдің бас газеті «Правдада» АЭС-тегі техникалық апат туралы қыс­қаша хабар берілгеніне қарамастан, 1 мамыр – Халықаралық ынтымақ күнін Украина астанасы Киевтен бастап елдегі барлық елді мекеннің тұрғындары көзге көрінбейтін радиациялық сәулелердің шырмауында мерекеледі. Дания мен Финляндия, әсіресе, Швеция ел аумағына аса қауіпті радиация­лық ауа ағымының жөңкіліп келгенін тіркегені туралы күллі әлемге үрей шақыра дабыл қаққанда ғана барып Саяси бюро бұған еріксіз құлақ түрді. Жариялылықтың жоқтығынан 8-10 күннің ішінде аумақтағы жарты миллионнан астам кеңестік бейбіт азамат алғашқы радиациялық «у»-дың дәмін татты. Біздер, чернобыльдіктер ол жайында сол «дәмін татқандардың» өз аузынан өз құлағымызбен естіген тірі куәгерлерміз. Аспан ашық, күн жылы, жер-дүние көк жамылып құлпырып-ақ тұрған екен. Тұрғындардың дені тістеріне әлдеқандай құм тұрып қалғандай жайсыз жағдайды сезінеді. Көп кешікпей ауыздары құрғап, біреулерінің жүректері айнып, бастары айналып, өздерін жайсыз сезінген. Бұл – радиациялық қауіптің бірінші белгісі. Көзге көрінбей «қуырып» бара жатқан құпия кеселдің бастапқыда қайдан келгенін халық сезбеген. Бұл кезде Украинадан 5 мың шақырым жердегі Қазақстанда, одақтас республикалардың барлығындағы секілді, запастағы офицерлер мен солдаттардан құпия түр­де әскери құрамдар жасақталып жат­қан. Өйткені, қуаты аса зор орасан радиа­циялық апатпен күресуге әскері жағынан дүниежүзіндегі алдыңғы орында тұратын КСРО армиясының, оның ішінде химиялық қорғаныс әскерінің қуаты жетпейтіні бірден байқалып қалады. Біздің елімізде жауапты мобильді жиын жасау Целиноград қаласының төңірегіндегі Вячеслав су қоймасының маңында орналасқан №20040 химиялық қорғаныс полкінің мойнына түсті. Әскери құрам жарылыстың алғаш күн­дері күллі техникасымен апатты аймаққа аттанды. Тарихта 1986 жыл мемлекет және сол кездегі мемлекет басшысы үшін қиын жыл болды. Ел Чернобыльдің ауыр зардабын толықтай түсініп болмай жатып жаз айының соңғы күні Новороссийскіден Одесса қаласына бет алған «Адмирал Нахимов» жолаушылар кемесі «Петер Васев» деп аталатын жүк тасымалдағыш (балкер) кемесімен түн ішінде (23.20.) соғысып, апатқа ұшырады. Барлығы 1234 жолаушының 423-і теңіздің астына кетті. Жығылған үстіне жұдырық! Соғыстан бергі уақытта дәл мұншама бейбіт халықты жоғалту КСРО мемлекетін есеңгіретіп жіберді. 3-60 1-90 88157610 11-9«Бізде елдің басына төнген қауіп жоқ» деп қаншама жерден көпе-көрінеу бүркемелегенмен, МАГАТЭ мен өзге де халықаралық ұйымдардың қысымынан кейін ғана Чернобыль АЭС-індегі шындықтың беті жарым-жартылай болса да ашылды. Бұлай етуге Бас хатшының батылдығы тек...14 қыркүйекте ғана жетті. Бұл тұста Ауғанстандағы соғыс әлі тоқтамаған, бейкүнә жастар дұшпан оғына ұшып жатты. Жыл басында өткен КОКП тарихының ақырғы 27-ші съезінде Горбачевтің жасаған баяндамасында «еліміздегі ұлт мәселесі әрқашан да біздің жетістігіміз» делінгенімен, шынайы өмірде Бас хатшы басқаша әрекет жасап бақты. Оған жауап ретінде желтоқсан айының 17-18-і күндері Алматыда тұңғыш рет ұлт жастарының көтерілісі бұрқ ете қалды. Ауыр жылдың ақырғы оқиғасы... Бірінші алты айлық қызмет ететін шақырылымнан кезекті еңбек демалы­сында жүруіме байланысты қалып қалған мен 1987 жылдың 19 қаңтары күні, Желтоқсан көтерілісіне бір ай толғанда, алматылық 45 лейтенант әріптестерімнің сапында Алматы – Киев ұшағына отырдым. Көрінбейтін жаумен айқасуға ақыл-есі бүтін адам өзі сұранып бара ма? Алматыдағы Қазақ КСРО әскери комиссариатында 45-тің ішіндегі 9 саяси жетекші, яғни рота командирінің саяси істер жөніндегі орынбасарлары, арнау­лы әңгімеден соң әрқайсымыз әскери комиссардың орынбасары, полковник Гердрович ұсынған бір парақ қағазға қол қойдық. Онда «Мен... КСРО азаматы санатында КОКП Орталық Комитетінің, КСРО Министрлер Кеңесінің және КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының мемлекеттік тапсырмасын орындауға міндеттімін» деген жазу бар еді. Бөлек парақшаға «Мемлекеттік құпияны сақтаймын» деген қолтаңбамызды қалдырдық. Біздің қазақстандық әскери бөлімше «майдан даласында» 28-ші химиялық қорғаныс полкі атауымен «шайқасты». КСРО-ның барлық аймағынан келген химиялық қорғаныс әскерлері бір ғана Бас штабтың нұсқауымен ЧАЭС-ті қоршап алып, әскери міндетін орындады. Әрбір екі күнде тексеру үшін қан тапсыру әдеті бар еді. Жігіттердің алды ондай тәжірибеден бір айдан соң қашқақтай бастағаны да есімде. Ротадағы 65 солдаттың саяси тәрбиешісі, яғни «замполит» ретінде бәрін де байқап жүрдім. Көрінбейтін жаудың салған «кесірі» жігіттерді жалықтырған секілді. Аздап бас айналу, жүрек атқақтай соғып, лоқсу, тамақ құрғап кебірсу – міне, радиацияның алғашқы әсер ету белгілерін көп кешікпей бастан өткізе де бастадық. Дәкеден жасалған арнайы тұмсыққап­ты шешіп жүрсең, тісіңмен өте майда жабысқақ құм шайнағандай әсерде қаласың. Қауіпті аймақтың ішінде де, сыртында да әрбір солдат пен офицер тәулік ішінде қанша миллирентген доза алғаны мұқият жазылып тұрды. Қан құрамын тексеруден бастап, барлығы жай ғана жауынгерлерді көпе-көрінеу алдау үшін жасалған шаралар екендігін 1991 жылы бір-ақ білдік. «Известия» газетіне берген сұхбатында КСРО Гидрометеорология орталығының бас директоры Юрий Израэль: «Чернобыль аймағында әскерге берілген барлық дозиметрлердің көрсеткіші төмендетіп қойылған еді...», деп мойындады. Біздің бағымызға, бәлкім, кеңес армиясының күшімен кеңес инженерлері алғашқы екпінмен жарылған 4-ші энергоблокты толықтай қорғасынмен қоршап, саркофаг салып тастаған еді. Асығыс түрде үш жылға арнап салынған саркофаг әлі тұр. Айтпақшы, неге саркофаг? Себебі, жоғарыда «өмір жасының» тізімін берген жартылай ыдыраған химиялық элементтің барлығы сол саркофагтің ішінде күні бүгінге дейін шала жанып, бықсып жатыр. Шоқтың сыртына тоңазытқыш құрылғы қойылған, ғимарат тектес дәл осындай екінші құрылғыға арнайы күрделі сүзгі орналастырылған. Белгілі бір уақыт ішінде сүзгіден шы­ғып жиналып қалған радиациялық газ ашылған люктен кеңістікке «бұрқ» етіп шашылады. Радиациялық қалдық шетелдік экологтардың шу шығармауы үшін көрсетілген мөлшерден аспауы шарт. Бұл үрдіс осылайша 30 жыл бойына жалғасып келеді. Атом шаласының әлі қанша жыл дәл осылай бықсып жанатыны ғылымға да беймәлім. Айтпақшы, цезий-134-тің жартылай ыдырауы екі жылға дейін созылады. Адамдарға ажал себетін де – осы тұс. Менің батальондық әріптесім, лейтенант, жаркенттік ғажап жігіт Бейсен Жәркенов Алматыға жеткен соң, осы элементтің сүйектегі ыдырау кезеңіне тап келді. Цезий-137-нің элементі 17 мен 30 жылдың арасында жартылай ыдырайды, яғни «өледі». Құр өлмейді, талай адамның өмірін жалмайды! Стронций-90-ның өміршеңдігі 28 жылға созылады, 100 жылдан әрі созылатындары туралы айтпай-ақ қояйын. Аға лейтенанттар – Юрий Дмитриев, Ескендір Есенов (екеуі де ғылым кандидаттары еді), Александр Коба – бәріміз Украинаның Полесье аймағында 159 тәулік әскери қызметімізді бірге атқарған едік... Қазақстаннан 31 мың, Алматы қала­сының әскери комиссариатынан сол кезеңде 17 600 адам Чернобыльдегі атом электр стансасы жарылысының зардаптарын жоюға «қызыл шақырту қағазымен» әскерге алынғанын растайтын құжат бар. Менің білетінім, бүгінде Алматыда олардың 323-і ғана өмір сүріп жатыр. Ақпараттық технологияның арқа­сында maps.google.com арқылы бүгінде Нью-Йорк көшелерін «емін-еркін» аралау, Чернобыльді 25 жылдан соң еске бір түсіріп қойған Фукусиманың немесе мынау тұрған Ұзынағаштың төбесін компьютер арқылы шолып шығу бүгінде еш қиындық тудырмайды. Кейде Чернобыль АЭС-інің де үстінен шолып, жарылған стансаның оң қанатындағы менің ротамның жауынгерлері күніне екі сағаттан асырмай уақыт бөліп дезактивация жасап, радиациялық тозаңнан тазартқан өнеркәсіптік (промбаза) ау­мағы көзіме оттай басылады. Көп жайттар еске түседі. Бір өкініштісі, жабық аумақ ішінде өзім әлденеше рет болған жерлесіміз, Семейден шыққан Кеңес Одағының Батыры, гвардия кіші сержанты Қойгелді Аухадиев жерленіп, ескерткіші қойылған Парышев селосын таба алмадым. Парышев секілді жүздеген селоның аты картадан өшірілген. Онда халық тұрмайды. Бір кездегі қоршауға алынған 30 шақырым радиустағы осынау жер аумағы бүгінде... «Полесье радиациялық-экологиялық қорығы» деп аталады. Адам ізі мың жылға баспайтын мәңгілік қорық, түсініп көріңіз!.. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ Суреттерде: Кеше.
  1. ЧАЭС. 1987 жыл. 8 маусым.
  2. Бас штаб бастығының саяси істер жөніндегі орынбасары – полковник Виктор Фурман қазақстандық полктің саяси жетекшілерімен бірге.
Бүгін.
  1. Жыл сайын 26 сәуірде, «Мәңгілік алау» басында.