Жердің тағдыры – қазақтың, елдің тағдыры. Аталарымыз арғымақтың жалында, атанның қомында жүріп жерін қорғады, тек жер үшін ғана жауға найза көтерді. Өйткені, Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін көшіп-қонып, мыңдап жылқы айдаған, төрт түлік малын жайған қазақтың күнкөрісі тек жермен байланысты болды. Жерімізге көзін сатқан сыртқы жаумен арпалысып жүріп, ұшса құстың қанаты талатындай кең даламызды, тауы мен қырымызды, өзен-көлдерімізді бізге мұраға қалдырған ата-бабаның аруағына күнде тағзым етсек болады. Бүгінде Тәуелсіз Қазақстан дүниежүзінде жер көлемі жөнінен тоғызыншы орынды алып отыр. Мұндай байлық көп елдер үшін арман ғана. Қазақ жер мен жесір үшін ғана дауласты, әділдікке жүгінді. Қазақтың жері – тіршілігі, жесірі – намысы болды. Міне, осындай тарихи да, табиғи да маңызы үлкен жерге бүгін де жеңіл-желпі қарай алмайтындығымыз анық еді.
Елбасының Жер кодексіндегі өзгерістер мен толықтыруларға мораторий жариялағаны кемел саясаттың көрінісі дер едім. Мен бір жағынан халықтың «шетелдіктерге жер сатылады» деген қаңқу сөзге дүрлігуін түсінемін. Өйткені, жерге өте кіді қарайтын халықпыз. Екіншіден, халыққа түсіндіру жұмысы жеткілікті жүргізілмегендіктен де көңіл күйге ерік берілді. Жер қатынастарына ешқандай тәуекел жасауға болмайды. Яғни, түпкі нәтижесі туралы ойлап, келісіп пішпей, асығыстықпен шешілген шешім өкінішке қалдырады. Сондықтан, Елбасының жер заңнамаларының нормаларына уақытша тоқтау салуын ұтымды пайдаланып, халыққа түсіндіру жұмыстарын барынша сауатты жүргізіп, жерден табыс тауып отырған мамандар мен диқандардың, ғалымдардың пікірін, ұсыныстарын барынша ескерген дұрыс деп ойлаймын.
«Жер сатылмасын», «шетелдіктерге жерді жалға беруге мүлде болмайды» деген пікірлер көп айтылды. Мен алдымен осы мәселенің анық-қанығын түсіндіру керектігін айтар едім. Диқандар бүгінде жерді 49 жылға жалға алып, астық өндіріп отыр. Оны мемлекет қайтсең де сатып ал деп жатқан жоқ. Шамасы келгендер сатып алады, қаржысы аздар жалға алып отырып-ақ күтіп, баптайды. Ал шетелдіктерге жерді жалға бергеннің ешқандай әбестігі жоқ дер едім. Қазіргі нарық заманында жер табыс табуы керек. Ал жерді күтіп-баптау оңай шаруа емес. Ол инвестициялық қаражатты керек етеді. Жерді пайдалануға қытайлықтар келсе де, ирандықтар немесе тағы басқалар келсе де олар оны арқалап кете алмайды. Экономикамыздың бәсекеге қабілетті болуына талпынып жатқан уақытта томаға-тұйықтықпен, темір перде тұтып, тұмшаланып өмір сүре алмаймыз. Экономиканы дамыту үшін есігіміз ашық болуы тиіс. Біз, Қостанай облысының диқандары соңғы жылдары бидаймен қоса майлы дақылдар егеміз. Өзімізде оны өңдейтін, май сығатын қуатты зауыт жоқ. Шетелдіктер инвестиция салып, майлы дақылды өңдейтін зауыт салмақ. Сонда бүгінгідей маңдай термен өсірген майлы дақылдар арадағы делдалдардың қолында арзан бағамен кетпейді. Жақын жерден зауытқа өткізген соң, оның бағасының қайтарымы да жұмсаған қаражат пен еңбегімізге лайық болады.
Рас, заң қабылданғанда оның жүзеге асыру тетіктері мұқият жасалса дейміз. Заң іс жүзіне асырылу кезінде кездесуі ықтимал барлық тәуекелдер, қауіптер ескерілуі, алдын ала зерттеліп, есептелуі керек. Онда халықтың, жермен айналысып отырған мамандардың пікірінің ескерілгені де дұрыс. Өзім өмір бойы ауылда, жерден нәпақа жинап келе жатқан адаммын. Сондықтан жерге байланысты қандай мәселе де маған етене таныс. Жерді жалға алған шетелдік инвесторларға жұмысшылардың басым көпшілігін жергілікті жерден алуды міндеттеу керек деп білемін. Бұл өте маңызды болар еді. Жердің бағасын шығаруда да ойланатын тұстар бар. Мораторий осындай мәселелердің барлығын асықпай талқылап, кеңесіп алуға мүмкіндік береді. Осыған атсалыссақ, аталарымыз айтқандай, «кеңесіп пішкен тон келте болмайды», келешекте ұтылмаймыз.
Сайран БҰҚАНОВ,
Қазақстанның Еңбек Ері
Қостанай облысы,
Меңдіғара ауданы