Қазақстан басшысының бастамашылығымен ұйымдастырылды
БҰҰ Бас Ассамблеясында Қазақстанның бастамасымен «Діндер бейбітшілік үшін» форумы өткізіліп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі талқыланды. Бұл шара еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың АҚШ-қа жұмыс сапарының соңғы күні ұйымдастырылды.
Мемлекет басшысы аталған шараны БҰҰ-да өткізу туралы оның Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында сөйлеген сөзінде, сонымен қатар, 2015 жылдың қарашасында Парижге жұмыс сапарымен барған кезінде ЮНЕСКО-ның Бас директоры Ирина Боковамен кездесуі барысында ұсынған болатын. Қазақстан Президентінің бұл идеясын БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы мен БҰҰ-ға мүше-мемлекеттер, діни конфессиялар мен халықаралық ҮЕҰ басшылары қолдаған еді.Осы іс-шарада Қазақстанның ұстанымын Ерлан Ыдырысов таныстырды. Пікірталасты аша отырып, БҰҰ Бас Ассамблеясының президенті Могенс Люккетофт Қазақстанның бастама етіп көтерген тақырыбының өте өзекті екенін атап өтті. Оның айтуынша, беделді көшбасшылардың осы салада пікір алмасуы барлық әлемдік діндердің лаңкестікке және зорлық-зомбылықты экстремизм идеологиясына қарсы іс-қимылға мазмұнды үлес қосуға арналып отыр.
БҰҰ Өркениеттер альянсының жоғары өкілі Насер ан-Насер Қазақстанның делегациясына бастамасы үшін және өздерінің пікірталасқа қатысуы арқылы бейбіт үнқатысуға адалдығы мен зорлық-зомбылықты экстремизмді үзілді-кесілді қабылдамауын растаған барлық діндердің өкілдеріне алғысын білдірді. Дипломаттың айтуынша, бүгінгі таңдағы ең маңызды мәселе «жастарды біздің айырмашылықтарымызды қабылдауға және оларды проблемаларды емес, құндылықтарды көруге үйрету» болып табылады.
«Азия қауымдастығы» (Asia Society) халықаралық қоғамдық ұйымының президенті, Австралияның экс-премьер-министрі Кевин Радд, Иорданияның діндер мәселелері жөніндегі министрі Абдулхафиз Дауд, ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары Фрэнк Ле Руа, ИЫҰ Бас хатшысының кеңесшісі Абдул Моиз Бохари, БҰҰ-ға мүше-елдер делегацияларының басшылары өз сөздерінде Қазақстанның бастамасына жоғары баға берді. Спикерлер діндер арасындағы үнқатысу мемлекеттердің араласуымен атқарылатын нақты жоспарлармен және әрекеттермен қолдау табуы тиістігін атап өтті.
Өз кезегінде Қазақстан Сыртқы саясат ведомствосының басшысы форумның қатысушыларына арнаған сөзінде жоғары деңгейдегі үнқатысу өткізу «Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың лаңкестік пен діндердің арасындағы алдамшы байланысты теріске шығаруға шақыруын БҰҰ-ға мүше-елдер мен діндер көшбасшыларының бірауыздан қолдайтынын» растап бергенін атап көрсетті.
«Біздің міндетіміз – ортақ құндылықтарды бөлісетін ұлы діндер халықтардың жақындасуында және әлемдегі бейбітшілікті нығайтуда негізгі рөлді атқара алатынына әлемдік қоғамдастықтың көзін жеткізу», – деді Е.Ыдырысов. Оның айтуынша, осы үдеріске жәрдемдесудің пәрменді жолдарының бірі – дін көшбасшыларының тұрақты түрде кездесетін алаңдарды құру.
Осы ретте, еліміздің Сыртқы істер министрі «Қазақстан Президентінің Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін шақыру бойынша бастамасы зияткерлік алмасу мен түрлі конфессиялар өкілдерінің жеке байланыстар орнатуын ынталандырып отырғанын» көлденең тартты.
Е.Ыдырысов 2016 жылдың 31 мамыры күні Астанада «Діндер терроризмге қарсы» деген тақырыппен халықаралық форум өткізілетінін еске салды. Бұл іс-шара діни ұрандардың тасасында өшпенділік пен зорлық туғызатын қылмыстық идеологияларға қарсы іс-қимылға бағытталған күш-жігерді жұмылдыру жөніндегі тәжірибелік ұсынымдарды әзірлеу үшін әлемнің беделді қоғамдық-саяси және діни қайраткерлерінің басын қосады.
Жаһандық қауіпсіздікті нығайтудың басты бағыттарының бірі ретінде Е.Ыдырысов ядролық қару қаупі мен соғыс вирусымен күресті атады. Осы орайда, Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы форумның қатысушыларына Президент Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін таныстырды. Ол «манифесте ұсынылған ядролық қарудан ада әлем құру, бұл сөзсіз өте асқақ, бірақ, сонымен қатар, қолжетімді мақсат» екенін атап көрсетті.
«Мен әлемнің рухани көшбасшыларын Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын қолдауға және осындай өте өзекті мәселені әрі қарай ілгерілетуге оларды да белсенді түрде қатысуға шақырамын», – деп мәлімдеді Е.Ыдырысов.
Жоғары деңгейдегі «Діндер бейбітшілік үшін» пікірталасына 100-ден астам ұлттық делегация, 40 спикер мен панелист қатысты. Қазақстан Республикасы Президентінің аталған бастамасын жүзеге асыру біздің еліміздің жаһандық алаңдарда бейбітшілік пен төзімділік мәдениетін қалыптастырып, экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл танытуға қосқан кезекті үлесіне айналмақ.
Форум барысында Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы БҰҰ аймақтық топтарының делегацияларымен бірқатар жұмыс кездесулерін өткізіп, оның аясында Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің негізгі идеяларын түсіндірді және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне қазақстандық өтінімнің басымдықтарын жеткізді.
Сәулебек БІРЖАН