14 Мамыр, 2016

Сенаны сергіткен суреттер

410 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
DSC_0071_652_438_95 (1)Жақында Лувр мұражайының алаңында, атақты Пирамиданың астында «Carrousel du Louvre» сауда-көрме галереясында бұрын-соңды болып көрмеген «Les Merveilles du Kazakhstan» (Қазақстан ғажайыптары) фотокөрмесі салтанатты түрде ашылды. Табиғат сыйлаған ғажайыптарды да, адам қолымен жасалған әсемдікті де бағалай білетін француз астанасының тұрғындары мамырдың мамыражай күндерінде қазақтың ұшы-қиыры жоқ шексіз жазирасын, айбынды тау-шың­­дарын, тостағанға құйғандай мөл­діреген тап-таза көлдерін, қыздың бұ­раң белін­дей көз тартқан әсем өзен­дерін тамашалап, қазақтың тарихы мен қазіргі заманғы озық сәулетінен сыр шертетін және халқымыздың бай мәдениеті мен дәстүрлерін көз алдыңа әкелер кең пішімді 26 (3 х 2,4 м) фотосуреттер арқылы бүгінгі Қазақстан келбетімен танысты. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың қолдауымен ұйымдастырылған көрменің ашылуына Франция, Испа­ния, АҚШ, Қытай және басқа да елдердің 30-дан аса БАҚ өкілдері, сон­дай-ақ, француз туроператорлары қатысып, журналистер ЭКСПО үшін таңдалған «Болашақтың энергиясы» тақырыбының өзектілігін атап өтті. Ашылу салтанатында Қазақстанның Франциядағы елшісі Нұрлан Дәненов, «Carrousel du Louvre» директоры Каро­лин Иоп және Париждің 1-округ мэриясы қалалық мәдениет комитетінің төрағасы Карла Аригони құттықтау сөз сөйледі. Жақын арада Қазақстанға баруға үміт білдіргеннің бірі Париждің 1-округ мэриясы қалалық мәдениет комитетінің төрағасы Карла Аригони: «Бұл пейзаждар шын мәнінде қызықты. Мен тезірек ол жерге барғым келеді», – деді. Статистика бойынша әлемге әй­гілі мұражайдың кіреберістерінің бірі болып табылатын «Carrousel du Louvre» галереясы арқылы ай сайы­н жарты миллионнан астам адам өтеді екен. Осылайша, қысқа мерзім ішінде Қазақстанға, Астанаға және ЭКСПО-2017 көрмесіне көптеген әлеуетті туристер назар аударатын болады. 9 маусымға дейін жалғасатын көр­меге келушілер #WelcomeToKZ викторинасына белсенді түрде қаты­суда. Жеңімпазға Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халық­аралық маман­дандырылған көрмесіне қатысумен бірге, Қазақстанға бару мүмкіндігі беріледі. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20