Қазір мұның бәрі бие сүтінен жасалады Алматы облысында кәсіпкер Өтеміс Махановтың шаруашылығын білмейтін адам кемде-кем. Ол бірнеше жылдан бері бие сүтінен жасалатын тағамдар дайындаумен айналысып келеді. Жақында кәсіпкер бие сүтінен балмұздақ, торт, шоколад, ірімшік, йогурт жасауды да қолға алды.
Кәсіпкер бала кезінен жылқы байлап, бие саууға қызығып өскен екен. Кейін жігіт шағында жылқы шаруашылығымен айналыса бастаған. Ал ел ағасы жасына жеткен кезде жыл сайын мемлекеттен субсидия алып, қымыз бен шұбат өндіруді кәсіпке айналдырған. Қазір іс адамы соның жемісін көріп отыр. Өзінің айтуынша, жұрт арасында өзі өндіретін тағамдарға қызығушылар көбейіп келеді.
– Менің жыл сайын жаз басталысымен қымыз бен шұбатты сату үшін базарлар мен қымызханалардың есігін тоздырған кездерім болды. Қазір де халықты қымызға үйретуді тоқтатқым келмейді. Жүрген жерімде қымыздың, шұбат пен саумалдың қасиетін айтып келемін, – дейді ол.
– Қымыз қасиетті сусын болғандықтан, тазалықты, ашыту технологиясын жіті сақтауды және ыдыстың сапалы болуын қажет етеді. Қымыздың бір өзі адам денесінің күш-қуатын арттырады, бүйрек пен бауырды қанықтырады, қан тамырларын тазалайды. Ал саумалды, яғни жаңа сауылған биенің сүтін адамдар көбіне емдік қасиеті үшін ішеді, – дейді тағы кәсіпкер.
Бүгінде Өтеміс Махановтың шаруашылығынан шыққан өнімдерді зерттеу үшін шетел мамандары келеді екен. Жақында жапондар да ат ізін сала бастапты. Олар дүкен сөрелерінен бие сүтінің негізінде жасалған тағам түрлерін көріп таңғалысыпты. Олардың арасында қантсыз, консервантсыз табиғи балмұздақтың дәмін татып көрген.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан»