Әлем-жәлем әлем
Италия билігі Рим мен Милан қалалары көшелеріндегі тәртіпті бақылау жұмысына Қытай полицейлерін тартуға шешім қабылдады.
Елдің ішкі істер министрі Анджелино Анфароның айтуынша, өз отандастарының күзетулері мұнда келген қытайлық туристердің қауіпсіз болуларына көмектеседі. «Эксперимент Қытай туристерінің өздерін мұнда қауіпсіз сезінулері үшін жасалып жатыр», деді бас полицей.
Итальян мамандарының жетекшілігімен Бейжіңде машықтан өткен қытайлық тәртіп сақшылары Пиреней түбегінде өздерінің формаларымен жүретін болады.
Жұмыстың көңілсіздігі үшін бастығын сотқа берді
Француз Фредерик Дезнард еңбек жүктемесінің өте төмен болғандығы үшін өзінің жұмыс берушісінен 360 мың еуро көлемінде төлемақы талап етті.
Ер кісінің айтуынша, басшылық өзіне жұмысты өте аз бергендіктен не істерін білмей, тіпті, кейде жалығып кететін болған. Ол Interparfum деп аталатын ірі парфюмерия компаниясында жұмыс жасапты. Мұнда төрт жыл атқарған жұмысы кезінде жүктеменің кемдігінен өзін ешкімге керексіз сезінген. Соның салдарынан мансап жағынан да, біліктілік жағынан да өспеген.
Үндістанда су перісі кейіптес бала дүниеге келді
Үндістанның Уттар-Прадеш штатындағы Сахаранпур қаласында су перісінің синдромы бар бала туылып, небәрі 10 минут қана өмір сүрген.
Дәрігердің жеткізуінше, 22 жастағы жас ана өзінен екі аяғы бір-бірімен бірігіп кеткен нәрестенің дүниеге келгелі тұрғанын жүктіліктің 30-шы аптасында білген. Сонда да болса, баланы жарық дүниеге келген кезінде көре салып, есінен танып қалған. Үнді елінде мутант балалардың туылулары оншалықты сирек оқиға болмағанымен, бұл аяқтары балықтың құйрығындай тұтас болып шыққан бірінші жағдай болып отыр.
Ұлын үйлендіру үшін әуелі өзі үйленді
Сауд Арабиясының тұрғыны ұлын үйлендірме
к болып жүріп, ақыр соңында өзі де үйленіп тынды.
Ықтимал күйеу жігіт есебіндегі баласын алып, қалыңдық көруге жолға шыққан ер кісі күтпеген оқиғаға кезікті. Алдын ала келісім болғанына қарамастан, жігіт көздеп барған қыздың анасы оны үлкен қызынан бұрын күйеуге бермейтінін айтып, қасарысып отырып алады. Сол кезде жігіттің әкесі тұйықтан шығудың жолы ретінде үлкен қызды өзі алатынын айтады. Осыдан кейін екі қыздың бірін әкесі, екіншісін ұлы алып қайтты.
Қытайда туған баланың аяқтарында 31 саусақ бар
Қытайдың Хунань провинциясындағы елді мекенде туылған үш айлық Хонгхонга есімді баланың бір аяғында – 15, екінші аяғында 16 саусақ бар болып шықты.
Медиктердің айтуларына қарағанда, бөбек полидактилизм ауруының ауыр түрімен ауырады. Оған ота жасау үшін көп ақша керек көрінеді. Операцияның өзі оңай болмайтын түрі бар. Балаға бұл дерт анасы арқылы келген. Оның қолдары мен аяқтарының әрбірінде 12 саусақтан бар екен.
Жүздегі әйел жүгіруден әлем рекордын жаңартты
Өзінің ғасырлық жасқа жеткеніне қарамай, Нью-Йоркте тұратын Ида Киилинг белсенді түрде жаттығып тұрады.
Ол 80 жастан асқандардың арасындағы 100 ярд (91 метр) қашықтыққа жүгіруде әлем рекордына өзгеріс енгізген. Спортшы кемпір Филадельфияда бұл аралықты 1 минут 17 секундта жүгіріп өткен. Қазір шөпшегінің көзін көріп отырған ол өз қызы Шеллидің бақылауында жаттығады.
Ақпарат агенттіктерінің материалдары негізінде дайындалды