14 Мамыр, 2016

Жадымыздан өшпейді

561 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Солдан онга карай Жумадилов Тажикен, Оразалин Мухамеджар, ОразбековҰлы Отан соғысындағы ардагерлердің ерлігін, қызметін бүгінгі ұрпаққа өнеге ретінде ұсынуда көптеген жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, жеңімпаз жауынгерлер туралы бұқаралық ақ­парат құралдарында жарияланып жатқан мақа­лалардың жөні бөлек. Осы орайда мен де үш бірдей ардақты ардагердің өмір жолымен жұртшылықты қысқаша болса да таныс­тыра кетсем деймін. Ел азаматы Ұлы Отан соғысының ардагері Тәжікен Жұмаділов бүкіл саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған жан. Ол 1920 жылы бұрынғы Семей облысы Абыралы ау­да­нындағы Тайлан ауылында дүниеге келген. Жастайынан білімге құштар болған Тәжікен 1929 жылы Семей қаласындағы жұмысшы жастар мектебіне қабылданады. Оны ойдағыдай бітіріп шыққан соң, осы қаладағы Қазақ педагогикалық техникумына оқуға түсіп, аталған білім ошағын 1939 жылы тәмамдайды. Тәжікен Жұмаділов өзінің еңбек жолын Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Никитинка ауылындағы Киров атындағы орта мектепте мұғалімдік қыз­меттен бастайды. Одан кейін Жаңасемей, Абыралы ау­дан­дарындағы бірқатар мектептерде шәкірт тәрбиелейді. Осы­лайша, білім беру саласында өнімді еңбек етіп жүрген шағында ол 1941 жылы әскер қатарына шақырылып, майдан даласына аттанып кете барады. Т.Жұмаділов Қызыл Ту орденді 1-ші гвардиялық Житомир кавалер корпусының құрамындағы 49-шы минометшілер полкінің атқышы ретінде соғысады. Ол ұрыс даласында кездескен көп­теген қиындықтарды еңсере отырып, өз қаруластарымен бірге 1-ші Украин майданын­да соғыса жүріп, Жиздра өзе­ні жағалауындағы айқасқа қа­тысады, сондай-ақ, Киев, Кор­сунь-Шевченковск, Львов-Сандомир, Прага және басқа да қалаларды жау­дан азат етуге атсалысады. Гвардиялық кіші сержант Тәжі­кен Жұмаділовтің Отан алдындағы адал қызметі ескерусіз қалған жоқ. Ол «Қызыл Жұлдыз», І, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен және «Германияны жеңгені үшін», «Праганы азат еткені үшін» медальдарымен мара­пат­талған. Қанды соғыста екі рет жа­ра­лан­ған Тәжікен Жұмаді­лов бейбіт өмірде де алдыңғы қатарда еңбек етті. Ол Абыралы аудандық комсомол комитетінің бірінші хат­шы­сы, Семей облыстық партия коми­тетінде нұсқаушы, Шұ­бар­тау аудан­дық халық депутаттары кеңесі төр­аға­сының орын­­басары сынды жауап­ты қызметтерді абыроймен атқарды. Сенімді сарбаз Менің әкем Мұхаметжар Ора­­за­лин де соғыс басталғаннан аяғына дейін шайқасып, елге абыроймен оралды. Оның май­дандағы өмірін біздер – ұр­пақтары үнемі мақтан етіп жү­реміз. Әкем 1941 жылдың қазан айында, яғни 39 жасында әскерге алынып, бірден майдан даласына аттанады. Ұрыс сәтінде бірнеше рет ауыр жараланып, госпитальға түседі. Бірақ, жарақаты жазылған соң қайтадан қарулас достарымен бірге ортақ жауға қарсы күресін жалғастыра береді. Ол Германияға қарсы со­ғыстағы жеңісті Берлин тү­бін­де қарсы алады. Алайда, ме­нің әкем үшін соғыс аяқтала қой­майды. Өйткені, алда кеңес-жапон соғысы күтіп тұр еді. Әкем 6-шы танк армиясының құрамындағы КСРО Ішкі істер халық комиссариатының (НКВД) 95-ші жеке барлау ротасы сапында Жапонияны тізе бүктіруге аттанады. Взвод командирінің орынбасары ретінде ұрысқа қа­тысқан әкем өз қарулас­та­ры­мен бірге Квантун армия­сын тал­қандап, Қытай Халық Республикасының Жапония басып алған аймақтарын азат етеді. Әкемнің айтуынша, бұл со­ғыста Жапонияға арқа сүйеп, Забайкал және Қиыр Шығыста жүрген ақгвардияшы, атаман Григорий Семеновтың әскері жапондармен бірге Кеңес Одағына қарсы тұрады. Соған байланысты, атаман Семеновты қолға түсіру қажеттігі туындап, оны ұстауға әкем де қатысады. Әкем М.Оразалин кеңес-жапон соғысы аяқталған соң, 1946 жылы елге оралады. Ол кісі Ленин, І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», «Праганы азат еткені үшін» және басқа да медальдармен марапатталған. Өмірі өнегеге толы Ұлы Отан соғысының ар­дагері Шыныбек Оразбековтің де ғұмыры ғибратқа кенде емес. Бұрынғы Семей облысы, Бұғылы болысы, Алтыншы ауылда 1903 жылы туған Ш.Ораз­беков атақты Медеу Пұ­сырманов салдырған мектепке 1923-24 жылдары барып, екінші сыныптан бастап дәріс алған. 1928 жылы қазан айында Семей облыстық кеңесінің жанынан ашылған бір жылдық нұсқаушылар курсында оқи­ды. 1930 жылдан Шыңғыстау аудандық кеңесінде нұсқаушы бола жүріп, салыққа ақша жинау, ет және астық дайындау, жер­гілікті кеңестердегі сайлау­ды жүзеге асыру жөніндегі ауыл­дық уәкіл қызметін ат­қарады. 1934-1936 жылдар ара­­лығында Семейдегі Комвуз мектебінің ауылшаруашылық бөлімін оқып бітіреді. Бұдан кейін, дәлірегі, 1941 жылға дейін Шыңғыстау (қазіргі Абай ауданы) ауданында түрлі жауапты қызметтерде болады. 1942 жылы майданға аттанады. Соғыста жеті рет жараланады. 1944 жылы «Қызыл Жұл­дыз» орденімен және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Ш.Оразбеков бұдан басқа да 2 орден, 7 медальдың иегері. Ол 1944 жылдың 19 қазанында Латвия астанасы Риганың ма­ңында болған ұрыста ауыр жараланып, бір аяғынан айырылады. Елге қос балдақ, бір аяқпен оралған ол қарап отырмастан, дайындау кеңсесінде (заготкантор) нұсқаушы-директор болып жұмыс істейді. Ардақты ардагер зейнеткерлікке шыққанға дейін 18 жыл бойы аудан­дық әлеуметтік қамсыздандыру бө­лімі­нің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды. Міне, соғыс және еңбек арда­гері Шыныбек Оразбеков өмір тауқыметіне қайыспай қар­сы тұра білген осындай ардақты азамат еді. Әлжаппар МҰХАМЕТЖАРОВ, Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы