Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдық мерекесі аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Зиятдин Қасанов өзі депутаттыққа сайланған Алатау ауданы 26-шы округінің ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтады.
Мереке күні Зиятдин Қасанов ардагер аталар мен апалардың шаңырақтарына арнайы бас сұғып, Ұлы Жеңістің символы – қалампыр гүлдерін, азық-түлікке толы себеттер және қаржылай көмегін табыс етті. Ол өзінің құттықтау сөзінде бүгінгі ұрпақтың ашық аспан аясындағы тыныш, мамыра-жай өмірі кешегі қиянкесті соғыста елі, жері, келешегі үшін жаумен аянбай арпалысқан ардагерлердің ерлігінің арқасында келгенін, сол бабаларымызды әрқашанда мақтан тұтып, құрметтейтіндігін айтып өтті.
Көздеріне жас үйірілген ардагерлер бірлестік төрағасына алғыстарын білдіріп, ақ баталарын беріп, енді ешқашан соғыстың болмауын, заманымыздың тыныштығы мен елдің амандығын тілейтіндіктерін жеткізді.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы