Қазір барлық бұқаралық ақпарат құралдарында Жер кодексіне енгізілетін өзгерістердің мәселесі жайлы сағат сайын жазылып жатыр. Әсіресе, жастар көп қолданылатын заманауи интернет желілерінде әртүрлі пікірлердің жүргені алаңдатады. Өйткені, жерді жалға беру, бермеу, шетелдіктерге берілуі жайлы келсін-келмесін, мәселенің мәнісіне бармастан ой айтатындар да бар екенін көзіміз шалады.
Осындай жайттарды ескергендіктен де Елбасы жер заңнамасының кейбір нормаларына мораторий жариялап, оны Үкімет жанынан құрылатын комиссия арқылы талқылауға салуды ұсынып отыр. Бұл дұрыс қадам деп ойлаймын.
Әрине, бәрімізге кішкентайымыздан белгілі, құлағымызға құйып өскен бір сөз бар: ол – атамекен, туған жер, кең дала, еліміз, ата-бабамыздың жері. Бұл сөздер ғұмыр бойы әр қазақтың жүрегінде жүреді. Ол – бойтұмары. Сол үшін де жер деген сөзге басқа бір тіркестер жалғанып кете барса қазір қолымыздан шығып кетердей, алып сары даламызды біреулер көтеріп алып кетердей ұлардай шулап шыға келеміз. Ата-бабамыз жаугершілік заманда қара қазан, сары баланың қамы үшін атқа қонды. Осынау жерді батыр ата-бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, ғасырлар бойы көздерінің қарашығындай сақтап бүгінгі ұрпаққа мұра-аманат етіп қалдырды. Енді жер мәселесін шешу үшін, оның игілігін ұрпақтарымыз көру үшін осы қазақ жерінде тұрып жатқан барлық халықтың ой-пікірлерімен санасу керек. Ғалымдар, зерттеушілер, мамандарымыз бар бәрі бірлесіп көрші елдердің тәжірибесін, жылдар бойы қордаланған мәселелерін анықтап барып, ел ішін аралап Жер кодексіне енгізілген барлық жаңашылдық, жаңалықтардың анық-қанығын талдап, түсіндірмесе болмайды. Біздің бір кемшілігіміз осы. Жер сатылады, шетелдіктер келеді деп қарадай абдырады халық. Жаңашылдықтар, өзгерістер халыққа жетпейді. Бұл енді жергілікті әкімдіктердің күнделікті жұмысы ғой. Халықпен, жұртшылықпен байланыс мәселесі сырт қалып қойғандай. Жерді игеру оңай шаруа емес. Үйіңнің қасындағы бау-бақшаны жаз бойы күтіп-баптау үшін де еңбектенесің. Ал, оның қасында жер алып, оған өнім егіп, еліміздің ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосу нағыз еңбек. «Ел – ырыстың кілті, ер – ырыстың қорғаны» дейді халқымыз, олай болса жердің игілігін халқымыз көріп жатса, одан ұтарымыз анық.
Бақытжамал МАҚСЫЛОВА,
облыстық «Нұр Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы
Павлодар облысы