14 Мамыр, 2016

Тиімді игеруге ден қойылды

261 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
ОразбаевТарбағатай тауларының теріскейінде орналасқан ауданымызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарынан туындайтын міндеттер мен тапсырмаларды орындауда бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Мемлекет басшысы қазіргі дүниежүзілік дағдарыс кезеңінде өндірушілерді қолдаудың маңызы зор екенін, оның ішінде ауылшаруашылық өндірісін заман талабына сай жетілдіру жөнінде үнемі айтып келе жатыр. Президент пайымын ел тынысы ауқымды түрде сараланған «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында тарқатқан түйінді ойлары тағы айқындай түсті. Әсіресе, соңғы кезде осы бағдарламадағы 35-36-қадамдарды жүзеге асыру шеңберінде ауылшаруашылық жерлерін тиімді игеру міндеті өзектілігімен ел назарын аударды. Президент еліміздің Бас прокуратурасында өткізген жиын мен Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясында инвестициялық жобалар аясында жерді оңтайлы пайдалану мәселесіне ден қойып, көптің көкейіндегі сөзді қозғады. Өңір басшысы Даниал Ах­метов­тің тапсырмасы бойынша, соңғы жылдары Тарбағатай ауданында егістік шаруашылығына екпін берілді. Былтыр 9 мың гектардан астам жер игерілді. Ақсуат, Ақжар, Екпін, Сәтбаев, Жаңаауыл, Ырғызбай, Жетіарал ауылдық округтерінде орналасқан 8 шаруа қожалығы 73 гектарға картоп егіп, тамшылатып суару құрылғыларын орнату арқылы мол өнім алды. Ал аудан бойынша 400 гектардан астам картоп егілді. Орташа түсім гектарына 220-250 центнерді құрады. Жалпы, аудан халқы бірінші рет өзін-өзі көкөніспен, картоппен толық қамтамасыз етті. Нәтижесінде, әр сенбі сайын ауылшаруашылық жәрмеңкесі өткізіліп, көкөніс және бақша дақылдары халыққа арзан бағамен сатылуда. Өткен жылы оңтүстік өңірлерден көшіп келген 42 отбасы Ақсуат, Екпін және Кұмкөл ауылдық округ­теріне қоныстанып, олардың он төрті шаруа қожалықтарын құрып, ірілендіру мақсатында «Мырзашөл» өндірістік коо­пера­тивіне біріктірілді. Сондай-ақ, Құмкөл және Екпін ауылдық округ­терінің әрқайсысы 1 мың гектардан суармалды жерді игеріп, 12 млн. 425 мың теңгенің субсидиясына ие болды. 2015 жылы «Мырзашөл» өндірістік кооперативі күзгі жиын-терін жұмыстарының нәтижесінде 430 гектар сояның әр гектарынан 30 центнерден өнім алса, 40 гектар күнбағыстың орташа түсімі 20-25 центнерден болып, 100 тоннадан астам өнім алды. Дәндік жүгерінің әр гектарынан 110 центнерден астам өнім алды. Мырзашөлдіктер өздері кеше ғана көшіп келсе де аудандағы аз қамтылған 100 отбасына 20 тонна картопты тегін таратып берді. Биыл Өскеменде өткен «АлтайАгроИнвест-2015» халық­аралық инвестициялық фору­мында тарбағатайлықтар 2 жоба ұсынған еді. Нәтижесінде, Оң­түстік Қазақстан облысынан келетін инвестормен меморандум бекітіл­ді. Жетіарал ауылдық округіне көшіп келуге ниет білдіріп отырған 37 отбасы «Жетіарал» өндірістік кооперативін құруды көздеп отыр. Сондай-ақ, Құмкөл ауылдық округіне 14 отбасы көшіп келмек. Бұл ауданымыздың ин­вестициялық тартымдылығын да көрсетеді. Паркті жаңалау үшін лизингке 52 трактор және заманауи ауылшаруашылық техникалары алынды. Базар өзеніндегі су тоспасы республикалық бюджет қаржы­сы арқылы қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Тебіске өзенінде орналасқан су тоспасы мен «Көктоғам» және «Жаңатоғам» магистральды каналдарына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұл қолда бар суармалы алқаптарға қайтадан тіршілік нәрін беріп, өңірдің өнім өндіру көлемін ұл­ғайту­ға ықпал етпек. Сондықтан, жер­ді тиімді пайдаланудың маңызы үл­кен. Оған экономикалық-шаруа­шылық тұрғыдан қарау қажет. Осы орайда, ауыл шаруа­шылығына, әсіресе, төрт түлікке қолайлы Тарбағатай ауданында мал басын көбейтуге мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп отырғанын айтқым келеді. Бұл нәтижесіз емес. Бүгінде мал шаруашылығында айтарлықтай өсім бар. Ірі қара, жылқы, түйе, құс саны жылдан-жылға өсіп келеді. Асыл тұқымды шаруашылықтарда мал басы жедел көбейді. Шаруа қожалықтары, өндірістік кооперативтерде өндірілген жалпы өнімнің көлемі 105 пайызға өсіп, 21 млрд. 396  млн. теңгені құрады. 256 шаруа қожалығында тұқымдық түрлендіру жұмыстары жүргізілді. Бұл салада Тарбағатай ауданы республика көлемінде бірінші орында келеді. Елбасы ет өндіру мен экспортын жандандыруды жүктегені белгілі. Осы үдеден табылу үшін мал бордақылау алаңдарын көбейтудеміз. Бүгінде бордақылау нысандары 183-ке жетті. Оның ішінде тұрғындардың мүмкіндігі ескеріліп, 10 бастан 200 басқа дейінгі бордақылау алаңдары ашылды. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша аудан республика көлемінде алдыңғы қатарда келеді. Осы бағдарламамен алынған 96 млн. теңгеге – 653 бас ірі қара, «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары бойынша 66 млн. теңге несиеге 307 бас жылқы, 1520 бас қой сатып алынды. Шаруашылықтарға үлкен демеу болып отырған субсидия да тиісті деңгейде бөлінуде. Үдемелі индустриялық-инно­ва­циялық даму бағдарламасы шеңберінде бентонит саз бал­шығын өндіру және өңдеумен айналысатын зауыт салуды жос­пар­лап отырмыз. Жалпы құны 4 млрд. теңгеден асатын жоба іске қо­сылғанда 200-ге жуық жұ­мыс орны ашылады. Сондай-ақ, ша­ғын және орта кәсіпкерлікке ден қоюшылар қатары артып, шағын бизнес субъектілері 3105-ке жетті. Бұл салық көлемінің, белсенді кәсіпорындар қатарының артуына да айтарлықтай ықпал етіп отыр. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының көмегі көп. Осы бағдарлама бойынша жыл бойында 837 адам жұмысқа орналасты. Әлеуметтік көмекке мұқтаж жандардың қатары азайды. «Балапан» бағдарламасы аясында Байтоғас, Тұғыл, Маңырақ ауылдарынан жекеменшік балабақшалар ашылды. Жалпы, соңғы 3 жылда жаңадан 12 жекеменшік, 10-нан астам мемлекеттік балабақша пайдалануға берілді. Кейінгі жылдары ауылдық мәдениет үйлері, спорт нысандары салынып, материалдық-техникалық база жақсартылды. 13 мәдениет үйі жөнделіп, пайдалануға берілді. Бүгінде тарбағатайлықтар көптеген республикалық, облыстық мәдени-спорттық шаралардың алдыңғы легінде келе жатқанын мақтанышпен айта аламыз. Мәселен, таяуда «Туған ел – алтын бесігім» фестивалінде көркемөнерпаздарымыз гран-приге ие болса, облыстық халық­тық спорт ойындарында білекті өрендеріміз бесінші мәрте жеңім­паздар тұғырынан көрінді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың ҚХА сессиясындағы сөзінен бүгінгідей алмағайып дәуірде сәт сайын саясатты саралап, елімен етене болудың үлкен үлгісіне тағы куә болдық. Демек, біз, барша Қазақстан қоғамы тәуелсіздіктің негізін қалаушы дара тұлға – Елба­сымен бірге ынтымағымызды бекемдей отырып, алдағы кезең­дерде Ұлы Дала төсіндегі Мәңгілік Еліміздің кемел болашағы жолында күш-жігерімізді аямай, табанды түрде жасампаз істе­рімізді жалғастыруымыз қажет. Сондықтан, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі арттыру үшін алдымызға ауқымды міндеттер қойдық. Яғни, биыл барлық ауылдарды абаттандыру, көгалдандыру, 23 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, ауылдардың ішкі жолдары мен Ақсуат, Ақжар ауылдарын асфальттау, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар салуды көздеп отырмыз. Сондай-ақ, мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде 5 балабақша ашу, тыңнан 3 мың гектар суармалы жерді игеру, 500 гектар егістікке жүгері дәнін себу, 600 гектарға картоп егу, соның ішінде 200 гектардан астам жерге голландиялық технология бойынша картоп егуді көздеп отырмыз. Аудан мен өңірді қамтамасыз ету мақсатында 7 гектардан астам жерге жылыжайлар салынады. Егістік алқаптарына тамшылатып суару әдісін енгізу жұмыстары қолға алынды. Басқа да маңызды міндеттер кезек-кезегімен жүзеге асырыла бермек. Жерді тиімді пайдалана білсек, оның пайдасы көл-көсір. Елбасы осы үдені көздеп отыр. Бұл халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды қадамның бірі.  Ділдәбек ОРАЗБАЕВ, Тарбағатай ауданының әкімі, «Нұр Отан» партиясы Тарбағатай аудандық филиалының төрағасы  Шығыс Қазақстан облысы