14 Мамыр, 2016

Аграрлық ғылым алға шықсын

365 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ақылбек Күрішбаев суретЕлбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жер кодексінің қоғамдық резонанс тудырған бірқатар нормаларына мораторий жариялағанын құптай­мын. Қазіргі уақытта әлем назары ауыл шаруашылығының дамуы­на ауып отырғаны жасырын емес. Бұған барша жұрттың жоғары қызығушылық танытып отырғаны да белгілі. Біздің Қазақстанның кең-байтақ даласы ауыл шаруашылығын әлеуетті жүргізуге мұқтаж. Жерінің кеңдігі, топырағының құнары жағынан көп жағдайда басқалардан басым тұр десек қателеспейміз. Әлем елдерінің көпшілігінде бұл жағы­нан алып қарағанда шешімін таппай жатқан мәселелер көп кездесуде. Сондықтан, біз осы мүм­­­кіндікті тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығына мән беріп, бәсекеге бәс тіккен елдерден ба­сым түсіп, нарықта намысты қол­­­дан бермей, аграрлық-өнер­кәсіп­тік кешенді дамытуда қар­қын­ды қадам жасағанымыз абзал. Мұны жүзеге асыру үшін ин­вес­тиция қажет. Ол тек қана ақша болмау керек. Білім, технология және нарыққа шығатын жол болғанда ғана бұл жоспарды жүзеге асыруға болады. Игеретін жеріміз көп болса да, меншiктi ресурстар көлемі бiзде жеткiлiксiз. Қарапайым мысал келтірейін, жыл сайын Канадада ауыл шаруашы­лы­ғын­дағы 1 га жерге салы­на­тын ин­вес­тиция ша­мамен 340 долларды құ­рай­ды. Ал бізде бұл көрсеткіш 25 дол­лар шамасын­да немесе 14 есе аз. Бұл салада ресурс­тар тап­шы­лы­­ғы анық байқалады. Сон­дық­тан, біз шетелдік инвесторлармен бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Олардың біздің елдегі ауыл шаруашылығына деген қызы­ғушылығын ескеріп, олар­мен тәжірибе алмасып, шаруа­шы­лықтың дамуына тиімді тұстарын ел болашағының өркендеуіне пайдалануымыз керек. Инвестиция – ол да ресурс. Әлемдік аренада ол үшін қызу бәсеке жүріп жатқаны да белгілі. Елдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға ресурстар тартудың та­быс­тылығы инвесторлар үшін қо­лайлы жағдай туғызылуына, соның ішінде құқықтық негіз жасалуына тікелей байланысты. Сон­дықтан, заңнамаға инвес­тор­лардың жұ­мыс жағдайын жеңіл­дететін, тәуекелді тө­­ме­ндететін тү­зе­­ту­лер енгізілуі ке­рек-ақ. Ендеше, Мем­­лекет басшысы жа­риялаған ал­ты айлық мораторий уақытын жұрт­шы­­лыққа, ауыл-село тұр­­ғын­­дарына, ди­­қан қауы­мына, фер­­мер­лер­ге осы жай­­лар­­ды ке­ңінен ба­жай­­лап тү­сіндіру үшін пайдалануға тиіспіз. Елбасы әділ атап көрсет­кендей, Жер кодексіне енгізілген түзетулердің жай-жапсары халық­қа жеткілікті деңгейде тү­сін­дірілмегенін мойындауы­мыз керек. Заңгерлер мен шенеу­ніктерге айқын нәрсе қарапайым халыққа түсініксіз болуы әбден мүмкін. Түсіндіру жұмыстары өз деңгейінде жүр­гізілсе, түрлі жорамалдарға жол берілмес еді. Сондай-ақ, қоғамда кешегідей кереғар пікір, дабыра дүрбелең де болмас еді. Бәріміз Қазақстан дейтін қара шаңырақтың астында өмір сүріп жатқандықтан, Отанымызды мақтан тұтамыз, оның өркендеуін тілейміз, жетістігіне қуанамыз. Жер – біздің ата-бабадан қалған баға жетпес байлығымыз. Оны сүю, құрметтеу, қорғау әрбір қазақстандық перзенттің парызы деп есептеймін. Жер тағдыры талқыға түскенде шынымен-ақ ешкімнің бейжай қарап қалмауы керек. Жер байлығы елдің әл-ауқатын арттыратын құралға айналғаны абзал, сонда ғана келешек ұрпақтың табысы тұрақты, тіршілігі шуақты болары даусыз. Бұдан былай билік өкілдері, қоғам болып, ұлт болып Жер кодексіне қатысты тағдыршешті кезеңде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып бірігіп іс атқару керек. Олай болса, барлық байыпты тараптар бірлесе отырып аталмыш құжаттың неғұрлым қағидалы тұстарын қайта қарап, екшей түскеніміз, қоғамның бар­лық мүдделі топтары үшін жарамды шешімге, тұжырымды түйінге тоқтағанымыз абзал болмақ. Біз, ауыл шаруашылығы мамандары, аграршы ғалымдар бұл мәселеде қолымыздан келген көмекті аяп қалмаймыз, кері­сін­ше, ғибратты ғылым сөзін, инно­ва­циялық жобаларды өмір­шең әзірленімдерді жер игілігін молайту жолына салуға әзірміз. Ақылбек КҮРІШБАЕВ,  «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ басқарма төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор