14 Мамыр, 2016

Ал-ло!.. Балалар! Бай-қау-ға!..

460 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
BEK_0511Бүгін – Алматыда «Бала дауысы» І Ұлттық балалар ән байқауы басталды Байқаудың басты мақсаты – балауса балғын таланттардың қиялына қанат байлап, өнер өріндегі шеберлігін шыңдау десек дәлірек айтқан болар едік. Сондай-ақ, кең-байтақ елімізде мекендейтін көптеген ұлт пен ұлыстың тілінде шырқалатын балаларға шақталған жаңа әндерді жарыққа шығарып, халық арасында тарату да байқау шарттарына енеді. Байқау барысында, дарынды өрендердің музыкалық шығармашылығына кең жол ашу арқылы, педагогикалық ұйымдарға әдістемелік көмек те көрсетіледі. Ауқымды іс-шара Қазақстан Республикасының 25 жылдық мерейтойының аясында қанат жаймақ. Осыған орай бір күн бұрын өткен журналистермен болған сұхбаттасу барысында байқаудың ұйымдастырушылары ән сайысының маңызы мен мәні туралы жаңа мәлімет таратты. Жобаның өту барысында Астана мен Алматыдан басқа, еліміздің барлық ірі қалаларында 7 мен 13 жас ара­лы­ғындағы өнерлі балалар арасында кас­тинг өткізіледі. Іріктеу шарасына танымал әншілер мен композиторлар, музыкалық продюсерлер қатысып, қазылық жасайды. Брифингте Әлия Назарбаеваның «Жан­дану әлемі» қорының басқарма төраға­сы Мұрат Исаханов өнер алама­нын­­дағы бар­лық шығынды ұйымдас­тыру­шылардың өздері мойнына алатыны туралы да атап айтты. – Бұл шынайы әлеуметтік жоба, сон­дықтан да жас дарындарымыздың ата-аналары олардың қаладан қалаға жү­ріп-тұруы мен жатын орыны сияқты, бас­қа да шығындары туралы алаңдамағаны абзал. Одан тыс, бағын сынауға келген әрбір жет­кін­шекке берілетін сыйлығымыз да әзір, – деді төраға. Педагогтарға әдістемелік көмек ретінде музыка мамандары шеберлік сабақтарын өткізетіні туралы да осы брифингте айтылды. Сондай-ақ, жартылай финалға шық­қан байқау жеңімпаздарына арнап 15 – 30 тамыз аралығында «Бөбек» Ұлттық орта­лы­ғының жаздық музыка мектебінде ақ­тық сын алдындағы жаттығу дәрістері өткізіледі. Балалар ән байқауының қорытындысы 27-28 қа­занда Астана қаласында шығары­лады. Же­ңім­паздарды танымал өнер жұлдыз­да­ры­­нан құралған жюри мүшелері мен СМС жол­да­ған тыңдаушылардан жинақ­­тал­ған дауыс қо­ры­тындылары шеше­ді. Ең үздік бала дау­сын иеленген жү­лде­гер – елі­міз­дегі ең үз­дік муз­ы­ка­лық мек­тепке грант ұтып алады, теле­ар­на­лық көр­сетілімге клип түсіру мәртебесіне ие болады. Балалар ән байқауының бас продюсері әрі идея авторы – Әлия Назарбаева. Әлия ханымның «Жандану әлемі» қоры өткен 2015 жылы халықаралық «Бала тюрквижин» ұлттық іріктеу байқауында алғаш рет көзге түскен болатын. Биылдан бастап ондай байқауды өз елімізде өткізуге ұйғарым жасалды әрі оның мәртебесін әлемдік дәрежеге жеткізу мақсаты да жоқ емес. Бүгін – Республика сарайында Қазақ­станның түкпір-түкпірінен келген жас таланттар қатысатын Гала-концерттің ашылуымен «Бала дауысы» І Ұлттық балалар ән байқауы қанат қақты. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ