14 Мамыр, 2016

Елшілер сенімі жоғары

386 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Гүлшара ӘбдіқалықКеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Австралияның, Ирландияның, Бенин Республикасының, Сирия Араб Республикасының және Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасының Қазақстанда Төтенше және өкілетті елші қызметін қоса атқарушы дипломаттардан Сенім грамоталарын қабылдады. Алғаш болып Сенім грамо­тасын Австралия елшісі Питер Мартин Теш тапсырды. Елшімен кез­десуде Г.Әбдіқалықова Қазақ­стан үшін Австралия Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі маңызды серіктес болып саналатынын атап өтті. Сондай-ақ, Астана Канберрамен ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдетуге зор мән беретініне назар аударып, 2015 жылы екі ел арасындағы жал­пы сауда айналымы 74,2 мил­лион доллар болғанын тілге тиек етті. Өз кезегінде П.Теш Авс­тралияның Қазақстанның әлемдік сая­саттағы ұстанымдарын қол­дайтынын айтып, тау-кен, ауыл шаруашылығы, білім және инфра­құ­рылым салаларында бірлесіп атқаратын жұмыстың көп екеніне тоқталды. Ал Ирландия елшісі Эдриан Макдейдтен Сенім грамотасын қабылдау барысында Мемлекеттік хатшы екіжақты қарым-қатынастар серпінді дамып келе жатқанын айтты. Қазақстанның Ирландиямен ынтымақтастықты дамытуға және екіжақты шарттық-құқықтық ба­за аясын кеңейтуге ерекше назар аударатынын назарға алған Г.Әб­діқалықова екі елдің салық қыз­меттерінің арасындағы қосар­ланған салық салудан бас тарту туралы конвенция бойынша келіс­сөздер қорытындысына қанағат­танушылық білдірді. Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы Ирландия тарапына БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын қолдағаны үшін алғыс айтты. БАҚ өкілдеріне берген сұх­батында Э.Макдэйд: «Мен үшiн Қазақстанда елшi болып қызмет ету – үлкен құрмет. Бүгін мен Сенiм грамотасы арқылы Ирландия президентiнiң Қазақстан басшысына жолдаған құттықтауы мен игi тiлектерiн жеткiзгiм келедi. Қазіргі таңда біздің екiжақты ынты­­мақ­тастығымыз жақсы дең­гейде. Ал­дағы уақытта қарым-қатына­сы­­мызды одан әрi нығайтуға мүм­кiн­­дiк зор. Сондықтан, осы бағытта талмай еңбек етуге дайынмын», – деді. Бенин Республикасының ел­шісі Анисет Габриэль Кочофа­дан Сенім грамотасын қабылдау кезінде Мемлекеттік хатшы Қазақ­стан Африкадағы саяси және эко­но­микалық үдерістерді мұ­қият бақылап отыратынын және құр­лық елдерімен байланысты кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті. Г.Әбдіқалықова аталған мем­лекеттің елшісіне Қазақстан Пре­зидентінің штаб-пәтері Ас­та­на­да орналасатын Азық-тү­лік қауіп­сіздігі жөніндегі ислам ұйымын құру туралы идеясын қол­дағаны үшін ризашылық білдірді. Журналистер алдында жасаған мәлімдемесінде А.Кочофа өзінің Мәскеуде оқығанын, сол себепті Қазақстанды студент кезінен жақсы білетінін айтты. Одан бөлек, елші университет қабырғасында дәріс оқыған кезінде ең дарынды шәкірттері Қазақстаннан болғанын да есіне алды. Сондықтан да бұл күнді өміріндегі ең бақытты сәт­тер­дің біріне балаған ол Қазақстан сын­ды ұлы мемлекетте қызмет ете­тініне қуанышты екенін жеткізді. Сирия Араб Республикасының елшісі Риад Хаддадтан Сенім гра­­мо­тасын қабылдағаннан ке­йін Г.Әбдіқалықова Қазақстан халық­ара­лық қоғамдастықтың, сондай-ақ, Сирия билігі мен оппозициясының зорлық-зомбы­лық пен қантөгісті тез арада тоқ­тату үшін өзара мәмілеге келу арқылы елдің саяси болашағын айқындауға жұмсаған күш-жігерін қолдайтынын айтты. Мемлекеттік хатшы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне ұсыныл­ған Қазақстанның кандидатурасына қолдау көрсеткені үшін Сирия тарапына да ризашылық білдірді. Сонымен қатар, Қазақстан мен Сирия арасында сан ғасырлық дәстүрлі байланыс орныққанына және көрнекті тұлғалар – Әбу Насыр әл-Фараби мен Сұлтан Әз-Захир Бейбарыстың екі халық арасындағы достық қарым-қаты­настың символы болып табылатынына назар аударды. Өз кезегінде Р.Хаддад «Қазақ­стан үкiметi Еуразиялық эконо­микалық одаққа қосылу туралы бастамамызды қолдайды деген ойдамыз. Сондай-ақ, Қазақстан үкiметi саясаттағы бағытымызға да қолдау танытатынына үмiттенемiз. Бұл бiздiң елдегі дағдарысты еңсеру үшiн аса қажет. Бұған қоса, лаңкестiкке қарсы күресте де Қазақстанның бізді қолдайтынына үмiт бiлдiремiз», – деді. Сонымен қатар, Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасының елшісі Аялев Гобези Воркнеден Сенім грамотасын қабылдаған Г.Әбдіқалықова Қазақстанның Африка құрлығына қатысты сыртқы саясатында Эфиопияның айрықша орын алатынын айтты. Екіжақты ынты­мақ­тастықты жандандыру мақсатымен 2014 жылы Аддис-Абебада Қазақ­станның елшілігі ашылғанын жеткізген Мемлекеттік хатшы Эфиопия халқын алдағы 25 мамыр – Африка күнімен, сондай-ақ, 28 мамырда атап өтілетін Эфиопия демократиялық күштері жеңісінің 25 жылдығымен құттықтады. Шет мемлекеттердің елшілері кең ауқымды мәселелер бойынша байланыстарды, соның ішінде қаржы, мұнай-газ, азық-түлік өнді­ру, баламалы қуат көздері және та­ғы басқа салалардағы ынты­мақ­тастықты кеңейтуге мүдделі екендіктерін білдірді. Г.Әб­ді­қалықова аталған мемлекеттердің Төтенше және өкілетті елшілерінің жұмысы елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты жандандыруға септігін тигізетініне сенім білдіріп, оларды Астана қаласында өтетін халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесінің жұмы­сына қатысуға шақырды. Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан»