14 Мамыр, 2016

Кәсіпкерлер бос жерлерді игеру үшін инвестор керек дейді

395 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
АСТАНА. 14 мамыр. Бүгін Жер реформасы жөніндегі комиссия отырысы өтуде. Шара барысында қоғам қайраткерлері мен кәсіпкерлер жер мәселесі жайында өз ойларын жеткізді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. «Жақсылық» шаруа қожалығының төрағасы, қоғам қайраткері Жақсылық Үшкемпіров комиссия отырысында жер мәселесіне байланысты өз ойын білдірді. Оның айтуынша, бос жатқан жерлерді пайдалану үшін шетелдік инвесторларды тарту керек. Ол: «Неге біз шетелдік ауыл шаруашылығы тауарларын импорттай береміз? Неге біз ақшамызды сыртқа шашамыз? Бұлай болмайды. Біз қайта инвестор тартып, жерге жан бітіріп, күтіп-баптап, мақсатты пайдаланып, өз өнімдерімізді экспортқа шығаруымыз керек. Ол үшін үкімет Жер кодексін қайта қарап, кейбір баптарына расымен түзетулер енгізіп, жерді отандық кәсіпкерлерге жекеменшікке беруі керек. Сонда ғана кәсіпкерлер ауылшаруашылық саласына толық бет бұрады. Ал шетелдіктерге жалға беру дегенді әлі де ақылдасу керек, ойлану керек», – деді. Ал Қызылорда облысындағы «РЗА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Самұрат Имандосов жерді отандық бизнес өкілдеріне жекешелендіріп беру қажет деп санайды. «Елімізде миллиондаған ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер бос жатыр. Сондықтан қараусыз қалған жердің топырағы тозып, арам шөп қаптап кеткен. Менің ойымша, мемлекет осындай жерді кәсіпкерлерге беру керек. Бұдан еліміз еш ұтылмайды. Қайта сол кәсіпкер арқылы ауылдың экономикасы дамиды. Халыққа жұмыс күші болады. Жергілікті тұрғындар нәпақасын осылай табады», – дейді ол. Айта кетейік, Жер реформасы жөніндегі комиссия отырысы Ұлттық музейде өтуде. Онда комиссия мүшелері өз ой-пікірлерін айтып, халықтың көкейіндегі мәселені қозғап жатыр. Талғат Райымбеков. Дерек, фото: egemen.kz.