• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
17 Мамыр, 2016

Темір тордың арғы жағында да өмір бар

608 рет
көрсетілді

Еңбекпен түзеу мекемелеріндегі  жазаны өтеу жағдайы қалай? «Түрме» деген сөзді естігенде небір адамның жаны түршігетіні рас. Бірақ ешкім де «темір торға қамалайыншы» деп қылмыс жасамайтындығы анық. Алайда бас бостандығынан айырылып жатқандар және аз емес. Өйткені, қаншалықты қылмысты ізгілендіру қолға алынса да, сотталып жатқандар тағы көп. ТҮРМЕ ТҮЙТКІЛДЕРІ Соған орай темір торға қамалғандар проблемасы, оларды ұстау, еңбекпен түзеу шаралары, бостандыққа шыққан соң өмірге қайта бейімдеу, жұмысқа орналас­тыру, олардың тәртібін бақылау және т.б. толып жатқан мәселелер көпшілікті алаңдатпай қоймайды. Демек, қазіргі уақытта осы еңбекпен түзеу мекемелерінде не тындырылып жатыр, темір тордағылар неліктен наразылық танытады, ұстау жағдайлары қалай, қандай деген секілді сұрақтар қоғамдағы түйткілдер мен ке­лең­­сіз­діктерге бейжай қарай алмайтын адам­­дарды толғандыратыны сөзсіз. «Жел тұр­­маса шөптің басы қимылдамайды» деген­дей, бір себеп болмаса, ешкім де тек­тен-текке заңсыздық орын алды деп ат­тан салмайтыны анық. Ендеше, айналасы берік те, зәулім дуалмен қоршалып, оның үсті мың дөңгелене бұралған тікенек сымдар­мен көмкеріліп, ұшар басына қарасаң бас киімің жерге түсердей тұрғызылған бақы­лау мұнаралары самсап, алдына адамдар амал­сыздан баратын терезелері тар, яки жоқтың қасы көрінген түсі сұрғылт та суық ғимараттар не сыр шертеді? Мына үл­кен өмірде адамдардың құқы тапталып жат­қан­да, ана сыртынан тіршілік нышаны сезіл­­мейтін бітеу тас қабырғалардың ішін­де адам құқы сақталуы мүмкін бе дерсіз. Міне, осыған орай біздің елімізде заңгерлердің өзі адамның құқын қорғау мәселесі айрықша алаңдататыны рас дейді. Неліктен? Бұған, әрине, кімде-кім бір-екі ауыз сөзбен нақты жауап қайтара алмайтыны тағы белгілі. Өйткені, проблема көп. Әріге тереңдемей, соның бер жағын айтар болсақ, мәселен, қазіргі уақытта еліміздегі жұмыс істеп тұрған барлық түзеу мекемелері алды өткен ғасырдың 30, соңы 70-ші жылдары салынған ғимараттар. Оларда сотталғандарды қамап ұстайтын бөлмелер 50-60 адамға арналған. Тіпті, біреулерінде одан да көп. Осы орайда көз алдыңызға елестетіп көріңіз: бір бөлмеде 60 адамның бірнеше жыл бірге тамақ ішіп, бір дәретхана орнына барып, бірінің үстіне бірі екі қатар орнатылған төсектерге жатып, тұру, яғни бірнеше жыл өмірді бірге өткізу қалай болмақ? Біреуге бұл ұнайды, біреуге ұнамайды, екінші біреу шыдайды, біреу шыдамайды т.б. дегендей, амал қайсы: сотталған қаласын, қаламасын жағдайы жоқ жағдайда қылмысына сай жазасын тартады. Әрине, кімнің қылмысы қандай, ол жаламен шатылған ба, шын қандықол қылмыскер ме, дұрыс, бұрыс сотталды ма, ол әлі бас­қа әңгіме. Әңгіме, бас бостандығынан айырылғандар арасында құқы бұзылып сотталғандар болса, темір тор ішінде де адами құқы қалай сақталуда деген мәселе. Иә, сонау келмеске кеткен кеңестік кезеңнен мұра болып қалған көптеген еңбекпен түзеу колониялары КСРО-ның жазалау саясатына сай күштеп жер аудару, тың жерлерді игеру секілді мақсаттарына пайдаланылғаны белгілі. Егер өткен ғасырдың 90-жылдары КСРО-да 700 мың сотталған түрмеде отырса, соның 100 мы­ңы немесе әр жетіншісі – Қазақстандағы коло­ния­­ларда ұсталған екен. Демек, сонда 2000 жылға дейін колонияларға бірінші рет түс­кен 450 мың адамның әр 35-шісі қазақ­стан­­дық болған, әр 18-ші 18-50 жас ара­лы­ғын­­да­ғылар, әр 9-шы ер адам бір буыннан бол­ған көрінеді. Сонда әр 9-шы отбасында бір сотт­алған адам бар деген сөз. Және бұған ұстау жағдайы түрмедегіден бір кем емес басқа да жазалау мен еңбекпен емдеу профилакториясынан өткен он мыңдаған адамдарды қоссаңыз, нағыз боямасыз тірлікті көз алдыңызға елестете аласыз. Ал байқап отырғандарыңыздай, елі­міз­­дегі түзеу мекемелерінің көбі өткен ға­сыр­дың 30-жылдары салынған ғима­рат­тар дедік. Міне, бүгінгі таңда осындай 56 түзеу мекемесі жұмыс істеп тұрған көрінеді. Бұл сөзімізге кейбіреулер сенім­сіздік танытуы да мүмкін. Сондықтан нақты дәлел мен дәйек келтіре жазғанды жөн кө­рдік. Мысалы, Қарағанды облысын­дағы Долин­ка селосындағы АК-159/7 меке­месі өткен ға­сырдың сонау 1937 жылы салынған. Сон­да байқасаңыз, бұл ғима­ратқа анау-мынау емес, табаны күрек­тей 78 жыл болыпты. Сол сияқты осы облыс­тағы АК-159/18 тү­зеу мекемесі 1940 жылы салынған (75 жыл). Ал Павлодар қала­сында АП-162/4 ме­ке­­месі 1957 жылы салынған (58 жыл). Әри­­не, өткен ғасыр­дың аталған жылдарын­да бұл түзеу меке­ме­лері арнаулы зауыт­тар­ға қол күші қажет болғандықтан тұрғы­зыл­­ған ғой. Мұн­дай мекемелердің басты мақ­саты – ірі өн­дірістік база құру болып та­­бы­­латын. Осыған байланысты олардың бәрі ең­бек­пен түзеу колониялары (ЕТК) деп аталды.  ГУЛАГ, КАРЛАГ және ... ГУЛАГ, Қарлаг дегендерді аға ұрпақ өкілдері әлі ұмыта қойған жоқ. Оның қасіреті оңайлықпен ұмытыла да қой­мас. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары еңбек қолы қажет деген желеумен Қарағандыдан 45 шақырым жердегі Долинка селосында сотталғандар лагері пайда болды. Осылайша 1931 жылы 19 желтоқсанда ұйымдастырылған ГУЛАГ ірі еңбекпен түзеу лагерьлерінің бірі (1930-1959) Карлаг болып табылады. Шығыстан батысқа 200 шақырым шамасында, солтүстіктен оң­түс­тікке қарай 300 шақырым алқапты алған лагерь аумағы 1 780 650 га құраған екен. Еңбекпен түзеу дегенді айдар етіп алып, істі болғанды да, болмағанды да кеңестік кезеңнің кесірлі саясаты нәтижесінде темір торға топырлатып тоғыту ол кезде нау­қан болған секілді. Әрине, оның да көп­теген себептері бол­ғаны сөзсіз. Ал сол кез­де Карлагты құру­дың басты мақ­саты­ның бірі Орталық Қазақ­станның Қара­ған­ды көмір бассейні, Жезқазған және Бал­қаш мыс қорытатын комбинатын, кө­­мір-металлургиялық өндірісінің дамуына ірі азық-түлік және өндірістік базасын құ­ру болып табылатын, дейді ҚАЖ ко­ми­­те­­ті төрағасының орынбасары Жанат Қазбекұлы. Көз көрген білетіндердің айтуынша, сол кезеңдегі кез келген колонияны арнаулы зауыт деп атауға болатын, онда сот­тал­ған­дар үш ауысыммен тәулік бойы жұ­мыс іс­теген. Бірнеше адам тұратын ғи­ма­раттар ба­рақтар деп аталды. Сол барақ­тарда тұрып жат­қан 100-150 адамнан жасақ­тар құрылды. Жұ­мыс­қа сотталғандар жасақ­тар бойынша шықт­ы, яғни әр жасақ бір ауы­сым­ға түсіп отыр­ды. Дегенмен, олар бас-көз деп кез кел­ген жұ­мысты істей бер­ген жоқ. Олардың қыз­­меті жоспарлы түрде ұйымдастырылды. Мә­с­е­­лен, азық-түлік өндірісі бойынша әр ко­ло­­н­ия­ның мемлекеттік жоспары жасалды. Со­­ған сай бір нақты мысал, 1989 жылдың қо­ры­­­тын­­дысы бойынша КСРО ІІМ ГУИТУ жал­­­пы өнім бойынша 5-орынды иеленген көрінеді. Тіпті, оны айтасыз сол КСРО ІІМ ГУИТУ жанында ЕТК жобалау және құры­лыс салумен айналысқан арнаулы жобалық институт жұмыс істеген көрінеді. Жоғарыда аталған колониялардың бір­қатарында сотталғандар 100-150 адамға қарастырылған жатын бөл­мелерде ұста­лын­ды. Алайда, олардың бәрі еңбекпен түзеу мекемелері деп аталғаны белгілі. Ал Қазақстанда жалғыз түрме Қос­танай облысының Арқалық қаласында (УК-161/12) жұмыс істеп келеді. Дегенмен, сотталған адам жабайы түзеу мекемесінде неғұрлым ұзақ отырған сайын, ол соғұрлым бұзыла түседі екен. Әлеуметтік байланыстар үзіліп, шаңырақ шайқалып, құлайды. Бұрынғы өмірлік икемділік пен түсініктерден айырылып, «жатыпішер арамтамақтық» қалыптасады. Ақырында жұмыссыздар саны одан әрі артып, тұрақты мекен­жайы жоқтар көбейе түседі. Бұл түр­лі қылмыстың өршуіне қайтадан себеп емес пе? Ал бұдан елге қандай пайда бар? Пайда жоқ, керісінше соңғы он жылда пе­ни­тенциарлық жүйе шығыны өсе түсті. Сөй­тіп, адамды түзейді деген түзеу меке­ме­ңіз қылмыстың «фабрикасы» атанып, қоғам­ға да тамырын жайып, тырнағын батыра бастады. Алайда, уақыт бір орында тұрмайды. Заман өзгермей және тұрмайды. Мәңгі­лік­ке тұрақталып қатып қалған жүйе жоқ. Қаһар­лы қыстан кейін жаңа жылы леп соғып, жайдарлы жаз басталады. Сол айтқандай егемендігімізді қолға алып, тәуелсіздік туы желбірегенде, ең алдымен елімізде адамдардың құқын қорғауға ерекше назар аударылды. Сөйтіп, кез келген Қазақстан азаматының конституциялық құқын қорғау алдыңғы орынға шықты. Бұның әсері түзеу мекемелерінде түңіліп жатқан талай сотталғандардың көкірегіне өмір сүрудің ақ сәулесін түсіргендей болды. Осылайша біздің елімізде, шын мәнінде адамның құқы сақталатындығына үміт оты жанды. Осыған байланысты 2003 жылы ҚАЖ комитеті халықаралық стандарттарға сай сотталғандарды жасақтық-барақтық ұстаудан камералық ұстауға өткізуге бас­тамашылық етті. Ал қазіргі халықаралық стандарттар бойынша түзеу мекемелеріндегі сотталғандарды бір камерада 1-2 адамнан ғана ұстау қарастырылған. ІЗГІЛЕНДІРУ – ІЗГІЛІКТІ ІС Сөйтіп, қылмыстық саясатты ізгілен­діру аясында сотталғандар да адам деген ізгі ниетпен жаппай жүргізілген үрдісте бұрын-соңды болмаған шаруа жүзеге асты. 2003 жылдан бастап республикада ка­ме­ралық ұстаумен 8 түзеу мекемесі қай­та құрылды: Тараз қаласы төтенше қауіп­сіз ЖД-158/7 мекемесі (ерекше режім), Шымкент қаласы ИЧ-167/4 әйел­дер мекемесі, Шығыс Қазақстан облы­сындағы ОВ-156/21 әйелдер колониясы, Қостанай облысы Жетіқара қаласындағы ерекше режімдегі УК-161/3 мекемесі, Алматы қаласындағы қауіпсіздігі барынша жоғары, яғни қатаң режімді ЛА-155/12 мекемесі, Жезқазған қаласындағы әртүрлі режімдегі түзеу АК-155/25 мекемесі, Қызыл­орда қаласындағы қауіпсіздігі барын­ша жоғары, яғни қатаң режімді ЗК-169/5 мекемесі, Орал қаласындағы қауіпсіздігі барынша жоғары қатаң режімдегі РУ-170/3 мекемесі. Өркениетті елдердің көшіне ілескен соң біздің мемлекетіміз де әлемдегі бар­лық із­гілікті істерден қол үзбеуі тиіс. Со­ған сай мемлекеттік әр сала үлгілі үрдіс­­тен тыс қалып жатқан жоқ. Олардың есе­­бі бойынша, қазіргі уақытта барлық түзеу мекемелерін есепке алғанда, соттал­ған­дарды камералық үй-жайда ұстауға көшу үшін әр облыста жаңа түзеу мекемелерін салу тиімді. Бұл оңай шаруа болмаса да оны жүзеге асыру қажет. Сол үшін 2013 жылы халықаралық стандарттарға сай 5 климаттық өңір бойынша «1500 орын­ға арналған мамандандырылған түзеу меке­месі» құрылысының үлгі-жобасы әзірленді. Жоба бойынша сотталғандарды бір және екі орындық камералық үй-жайларда ұстау қарастырылды. Оны айтасыз, сотталғандар арасында мүгедек жандардың болатыны бар ғой. Олардың жағдайын ескермесе қан­дай ізгі ниеттілік орнамақ. Демек, қылмыс жасаса да, ол адам дегендей, кез келген бас бостандығынан айырылғанның денсаулығы сыр беріп мүгедектікке ұшырамасына кем кепіл. Сондықтан да мүгедектерді ұстауға арналған талаптар ескерілген, оларға әр режімді блоктарда арнаулы камералық үй-жайлар жабдықталған. Бұл турасында ҚАЖ комитеті төрағасы­ның орынбасары Жанат Кешубаев та таң­данысын жасырмай: «Ал шынын айтқанда жоба әмбебап болып табылады, әр ғимарат басқасынан мүлде бөлек. Біз құрылыс барысында қажеттілігіне байланысты 500 орындық, сондай-ақ 700, 1000, 1500 орынды осындай түзеу мекемелерін тұр­ғыза аламыз», дейді. Әрине, мұның бәрі­не қаржы қажет екені сөзсіз. Оның үстіне мына кең дүниедегі тәртіпке мойынұсы­на­тын адамдар арасындағы қол-аяғы балға­дай жандарға қызмет табылмай қыс­қарып жатқанда, ішер ас, киер киім қым­батқа айналған шақта адамға, қоғамға қарсы қылмыс жасағандарды соншама әспеттеудің қажеті не деп ойлайтындар да табылары хақ. Солайы солай ғой, бірақ жаңа мекемелер құрылысы жекеменшік инвестицияларды тарту нәтижесінде мемлекеттік-жекешелендіру әріптестігі шеңберінде жүзеге асырылмақ. Кейін бұл мекемелердің қазіргі билікте отырған­дардың өзіне де біруақыт игілігі тиіп қалуы әбден мүмкін ғой. Кім біледі? Ал кейбіреулердің мұндай орындарды салудың қажеті қанша деп айтатыны рас. Өйткені, мәселен халықаралық тәжіри­бе көрсеткендей, барлық әлемде қыл­мыстық жазаны орындау, әсіресе бас бос­тан­дығынан айырылғандарды ұстау мемлекетке айтарлықтай қымбатқа түседі. Өз кезегінде түрмелер құрылысы да арзан емес. Осыған байланысты, көптеген мемле­кет­терде бас бостандығынан айыру орын­дарының құрылысы үшін, сонымен қатар оны пайдалануда мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында жекеменшік бизнес­тің қаражаты тартылады.  ӨРКЕНИЕТТІЛІК ӨРІСІ КЕҢ Түрме қызметкерлерінің айтуы бойынша, бұрын дәл қазіргідей сотталған жандарға жылы қарау болмаған көрінеді. Оның бәрі халықаралық деңгейде жүргізіліп жатқан түрме реформасына байланысты болса керек. Ал оның негізі қылмысқа қарсы құқықтық саясатты ізгілендіру болып табылады. Осыдан бастап-ақ, ҚАЖ жүйесінде бұрын-соңды болмаған өзгерістер мен жаңалықтар іске асып жатыр. Қазір бұған ешкім таң қалмайды. Өйткені, о баста бәрі осылай болуға тиіс еді. Адамның жай-күйін ойлаған қоғам өз өзіне қастандық жасамайтыны бел­гілі. Тіпті, қандай қоғам болмасын өзі­нің жүргізіп отырған саясатының ақыр соңы күлдібадам дүниеге айналып, зама­ны­ның азып-тозуына ұшырамас үшін елінің әлеу­меттік жағдайы мен құқық­тық өсіп-өнуін де қолдайтыны сөзсіз. Ен­деше бұл тұр­ғыда жүргізіліп отырған респуб­ли­ка­мыз­дағы құқықтық саясаттың ізгілендіру прин­ципі өміршеңдігін айқын көрсете бастады. Осылайша халықаралық тәжірибеге сәйкес, МЖӘ екі түрі қолданылады: жеке­меншік түрмелер (АҚШ, Ұлыбритания) және концессия (Франция, Бразилия). Жеке­меншік түрмелер жағдайында АҚШ және Ұлыбритания – жазаны орындаудағы басшылық жасау және ұйымдастыру жағы толықтай инвестормен жүзеге асырылады. Франция мен Бразилияда концессия жағ­дайында жазаны орындау қауіпсіздік және күзет жауапкершілігі мемлекетке жүкт­еледі, ал жеке сектор құрылыстың жаб­дық­талуын және түзеу мекемелерінің пайда­лануын жүзеге асырады. Әлемдік тәжірибеде сотталғандарды аралас ұстау түрі, яғни бір түзеу мекеме­лерінде, тергеу-қамауындағыларды және режімдері әртүрлі сотталғандарды бір-бірінен бөлек ұстау ескерілген. Мысалы, Норвегияда бір мекемеде сотталғандар 14 күннен және 21 күнге дейін бас бостан­дығынан айыру мерзімдерімен ұста­лынуы мүмкін. Міне, осы орайда Қазақ­стан­ның қылмыстық-атқару жүйесі үшін Фран­ция­ның тәжірибесі лайықты болып табылады. Бұл үшін мемлекет-жекеменшік әріп­тестігінің келесі үлгісі таңдалды: build-transfer-operate (ВТО) – яғни, Құрылыс-Тапсыру-Пайдалану. Мұнда аталған «Құрылыс» – келісімшартқа сәйкес концес­сионер өз есебінен түзеу мекемесінің құры­­лысын жүзеге асырады. «Тапсыру» – құрылыс аяқталғаннан кейін концессионер нысанды мемлекетке толық тапсырады. «Пайдалану» – мемлекет толықтай қыл­мыс­тық жазаны орындау функциясын жүзеге асырады, яғни сотталғандарды қадағалау және периметрі бойынша түзеу мекемесін күзету. Келісімшартқа сәйкес концессионер кезең-кезеңмен инвес­­­тициялық шығындарын өтейді, кон­цессияның келісімшартының мерзімі аяқ­тал­ғанға дейін өндірістік-шаруашылық ны­санындағы қызметін жалғастыра береді. Ал мұндай жағдайда жекеменшік сектордың пайдасы қыруар көрінеді. Алды­мен қауіпсіз кепілді жоба; жаңа түзеу меке­мелерінің негізінде бәсекелі өнімдер өн­діру; жаңа өндірістік алаңдарын құру; өнді­ріс­тік алаңдарын жалға ұсынғаны үшін төлем алу; өндірілетін өнімге мемлекеттік тап­сырыс (келісімшарт шеңберінде заттар және төсек-орын мүлігін, арнайы киімдер және т.б. жеткізілуі). Бұған енді мемлекет пайдасын қосу қажет, ол: бюд­жет жүктемесін уақытқа сай бөлу; сот­тал­ған­дарды ұстау жағдайын халықаралық стан­дарттарға сай келтіру; сотталғанның кірісін қалыптастыру; бизнестің жаңа түр­лерінің пайда болуы және жекеменшік капи­талын пайдалану үшін жаңа өріс енгізу. Осылайша мұның бәрін есептей келгенде, яғни 2015 жылдың қыркүйегінде ҚАЖ комитеті МЖӘ шеңберінде «Маман­дандырылған түзеу мекемелерін салу және пайдалануға беру» мемлекеттік инвес­тициялық жобасының инвестициялық ұсынысына экономикалық қорытынды алуға қол жеткізді. Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен «Бюджеттік инвес­тициялық жобалардың техникалық-экономикалық негіздемелерін және кон­цес­сиялық жобалардың конкурстық құжат­тамаларын әзірлеу немесе түзету, сон­дай-ақ қажетті сараптамалар жүргізу, концессиялық жобаларын консультативтік сүйемелдеу концессиялық жобалардың тізбесіне «Оңтүстік Қазақстан облысында 1500 орынға арналған түзеу мекемесін салу және пайдалануға беру (Шымкент қаласы)» концессиялық жобасы енгізілген және концессиялық жобаларды кеңестік сүйе­мелдеуге (конкурстық өтінімдерді баға­лау, концессия келісімшартының жобасы, конкурстық құжаттамалар, концес­сиялық ұсынысты өңдеу) республикалық бюджеттен қаржы бөлінген. ҚАЖ комитеті «Оңтүстік Қазақстан облысында 1500 орынға арналған қылмыс­тық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемесін салу және пайдалануға беру» концессиялық жобасын консультативтік сүйемелдеу бойынша «Мемлекеттік-жеке­­меншік әріптестігі жобаларын сүйе­мел­деу орталығы» ЖШС-мен келі­сімшарт жасады. 2016 жылғы 20-21 қаң­тарда МЖӘ шеңберіндегі берілген жоба­ны жүзеге асыру мәселесі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің басшылығымен Оңтүс­тік Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ депар­та­ментінің «МЖӘ ЖСО» ЖШС-нің өкілдері­мен бірлескен кездесулері болып өтті. ҚОҒАМНЫҢ ДА ТҮСІНІГІ ҚАЖЕТ Иә, өмір қатал. Сондықтан да «Өмір дегеніміз – күрес», деп М.Горький айтқандай, тағдыр жазған жақсылықтарға жету үшін жеке адамға да, қоғамға да күресе білу керек. Жақсылықтың жолы алыс дейді, ал жамандық қарыс қадам ғана. Демек, біреудің ала жібін аттау заңға қарама-қайшылық тудырады. Ал заңды бұзу – қылмыскер атану деген сөз. Қарапайым осы қағиданы түсінген жан өзінің қылмыстық әрекетінің қайда апарып соқтыратынын да білуге тиіс. Әгәрәки, осының бәрін түсіне отырып адам тәртіптен аттап, заңды бұзса, оның саналы түрде қылмысқа барғаны деген сөз. Бірақ, өмірде бәрі біз ойлағандай бола бермейтіні бар ғой. Біреу қылмысты саналы түрде жасаса, екінші біреу тағдыр тәлкегіне ұшырап, абайсызда аяғын шалыс басып жатады. Ондайларды да нағыз баскесер қанды балақ қылмыскерлермен қатар қойып, қамап қойса, әлгі жанның арғы өмірі не боларын кім біледі? Немесе, тіпті, басында қылмыс жасап, онан соң түрме қабырғасында өз кінәсін, қателігін, айыбын нақты түсініп, жан дүниесімен мойындаған жан баскесерлер арасында қала берсе, ол бірте-бірте қандай жанға айналмақ?! Демек, елдің, қоғамның адамның болашағын ойлаған адамзат қылмысқа қарсы құқықтық жазаны ізгілендіруді ойламаса өзіне өзі қастандық жасағаны болып табылады екен. Қазір біздің елімізде жүріп жатқан түрме реформасының бір көрінісі осы ізгілендіру болып табылады. Енді бұл жаңалықтарды, жаңа жоба­ларды, тың ұсыныстарды қалың көпшілік назарына ұсынып, қоғамның пайдасына атқарылатын істердің игілігін түсіндіруді де қолға алған жөн дейміз. Бұл мақсатта да бірқатар жұмыстар жүзеге асырылыпты. Солардың бірі де, бірегейі ретінде Елбасының тапсыр­маларын орындау айна-қатесіз жүргізілуде. Бұдан басқа, ІІМ Қылмыстық-атқару комитеті МЖӘ шеңберінде «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының (34 қадам) мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды сүйемелдеу мәселелері бойынша облыстық әкімдіктермен жұмысты бірлесе қолға алып, сонымен қатар ҚАЖ қызметкерлері тұрғын­дар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, 2015 жылы Ішкі істер ми­нистрлігінің, бұл орайда, шетел ком­­пания­ларымен бірнеше кездесулер (тұсау­кесер) өткізгенін айрықша атап өткен жөн. Мәселен, солардың ішінде «Дорш холдинг групп» неміс компаниясы, «Винси Констрюксьон Гран Проже» француз компаниясы, «Синьсин» (China Xinxing Corporation) қытай корпорациясы, «LLB Investment Limited» ағылшын компаниясы сияқты шетел компаниялары Қазақстанның концессиялық жобаларды жүзеге асыруға дайын екендігін және МЖӘ шеңберінде концессионерді іріктеу бойынша конкурсқа қатыса алатындықтарын білдірді. Мемлекет басшысы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарындағы 34- қадам болып мемлекеттік-жекеменшік (ЖМС) серіктестігін дамыту шеңберінде пени­тенциарлық инфрақұрылымды жаңғырту болып табылған еді. Сонымен қатар, пени­тенциарлық мекемелерді салуға, ұстау­ға және басқаруға жекеменшік секторды тарту жөнінде ұсыныстарды жасау және халықаралық тәжірибені зерт­теу белгіленген болатын. Ендеше жоға­рыда айтылғандарды саралай келгенде Мемлекет басшысы белгілеп, Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйе­сіне жүктеген 34-ші қадамның орындалуы сөзсіз күмәнсіз екендігін анықтадық. Енді еліміз үшін тиімді және халықаралық та­лап­­тарға толық сай келетін игілікті істің то­лық­қанды жүзеге асатын күні де алыс емес. Кезінде Абай атамыз: «Мен егер Закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деп айтқандай, о заманда қан­дай қылмыс жасаса да түзелмеген адам болмаған. Яғни, түрме де, түрмеде «ас ішіп, аяқ босататын» сотталғандар да бол­ған жоқ. Міне, қазір батыс елдері жиі ай­татын нағыз демократия деген сол біз­дің ата-бабамыздың заманында болған екен. Бірақ, қазір заман басқа, адам басқа дей­міз. Ендеше сол заманға бар сала да сай болуы керек қой. Соның бірі – түзеу ме­ке­ме­лері. Оны жетілдіру – ізгілік қағи­дат­та­рын жақындату. Оның нәтижесі қоғам­ның берекесіне айналмақ. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».