Заман өзгеріп, халықтың жағдайы жақсара түсті деп қазір күнде айтылады. Ол рас. Бірақ заман өзгеріп, тәуелсіздігіміз нығайған сайын, өз қолымыз өз аузымызға жеткен сайын жалпы жағдай да жақсара түсуі қажет. Бұл солай болуға тиіс заңдылық. Алайда, сол жақсылықтардың бәрін көлегейлейтін кемшіліктердің де қатары көбейіп бара жатқаны жанды ауыртпай қоймайды. Халық мемлекеттің жан-жақты дамуына өздерінің де жеке шаруашылықтарын дөңгелетіп, жұмыс істеп тұрмыс күйін, әл-ауқатын жақсартуымен ортақ іске үлес қосып жатқанын түсінеді. Бірақ осы істі талап деңгейінде атқару барысында небір шенеуніктердің немқұрайлылығы салдарынан аяқтан шалар, қолбайлар келеңсіздіктер де балаққа жабысып, адым аштырмай қояды. Ондайда қарапайым азаматтарға не істеу қажет? Өтініш, арыздарын қайда жолдағандары жөн?
Міне, осы орайда біз өтініштерді қарау мен азаматтарды жеке қабылдау Бас прокуратураның құқық қорғау қызметінің ажырамас бөлігі ретінде қадағалау органы қызметкерінің жұмысында маңызды орын алатындығын айтқымыз келеді. Бүгінгі күні ақпараттық технологиялардың тұрақты өсуі мен құқық саласының дамуы кезінде Бас прокуратура республика азаматтарының өтініштерін қарау мәселесін жеңілдетуге байланысты шаралар қабылдады. Ал бұл туралы бізге Бас прокуратураның Өтініштерді қарау бойынша заңдардың қолданылуын қадағалау және іс жүргізу департаментінің бастығы Жанар Мұхаммедрахымқызы қадағалау органдарына өтініш жазуда жаңартылған жүйенің тиімділігі мен жаңалығы туралы түсіндіріп берді.
Жанар Мұхаммедрахымқызының айтуынша, прокуратураға өтініш берудің халық үшін жеті тәсілі ұсынылады екен. Қазір азаматтар мен заңды тұлғалардың өкілдері өздерінің өтініштерін облыстық халыққа қызмет көрсету орталықтары, «Қазпочта» АҚ бөлімшелері, Бас Прокурор мен облыс прокурорларының блогтары, «115.kz» немесе «Электронды үкімет» порталдары немесе тікелей прокуратура органдары арқылы, оның ішінде прокуратура жетекшісінің жеке қабылдауы кезінде бере алады. Бұл өтініш беру тәсілдерінің кейбірі халық үшін өте ыңғайлы әрі пайдалы, одан бұрын уақыт пен материалдық қажеттілікті үнемдеуде көмегі зор. Бірақ ең бастысы, азаматтардың құқығы бұзылған жағдайда жедел әрекет етуге, оларға қажетті ақпаратты тез әрі ыңғайлы түрде беруге жағдай жасайды.
Сондай-ақ, Бас прокуратураның Call-орталығын азаматтардың қадағалау органына өтініш білдірудегі тиімді тәсілі деп атайды. Call-орталыққа еліміздің кез келген жерінен ұялы немесе стационарлы телефоннан тегін 115 нөмірі арқылы хабарласуға болатыны құптарлық жағдай. Орталық желісі 2011 жылдың тамыз айында іске қосылған. Ол шағымның алты түрін қарастырады: қылмыстық қудалау органдарының қызметіне, кәсіпкерлер құқықтарының және азаматтардың еңбек құқықтарының бұзылуына, білім беру мекемелерінде кәмелетке толмағандарға қатысты құқыққа қарсы әрекеттерге, тегін медициналық көмек көрсетудің кепілді көлемі шеңберінде медициналық қызмет көрсету кезінде заңсыз төлем алуға және прокуратура органдары қызметкерлерінің жемқорлық сипатындағы әрекеттеріне шағымдану. Сонымен қоса, Call-орталық анықтамалық сипаттағы ақпаратты береді, прокуратура органдарының қызметі туралы ұсыныстар мен пікірлерді қабылдайды және тіркейді, мемлекеттік қызмет көрсетудің тәртібін түсіндіреді.
Бұл орайда «Азаматтардың ақпаратқа жедел қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін біз қазіргі таңда кез келген қоңырауларға жауап береміз. Одан басқа, балалар, әйелдер және мүгедектер құқықтарын қорғау туралы өтініштерді тіркеу тізімін кеңейту керек деп шештік. Өткен жыл мен 2016 жылдың үш айы ішінде орталыққа 82 мыңнан астам қазақстандық хабарласқан. Олардың 52 мыңы ақпараттық сипаттағы қоңыраулар: адамдар мемлекеттік және құқық қорғау органдарының мекенжайларын және олардың сенім телефондарын сұраған және т.б. Сонымен қатар, бізге өз өтініштерінің қаралу барысын қадағалап отырған азаматтардан 25 мың қоңырау түскен, 5 мыңнан астам адам прокуратура органдарының мемлекеттік қызмет көрсетуінің тәртібін түсіндіруді сұраған», дейді Жанар Ілияс.
Өткен жылы және ағымдағы жылдың өткен кезеңінде Call-орталыққа түскен өтініштер бойынша прокуратура органдары жалпы сомасы 131 млн. теңгені құрайтын кешіктірілген еңбекақының өтелуін қамтамасыз еткен көрінеді. Мысалға, 2016 жылғы 4 ақпан күні Call-орталыққа хабарласқан Төлебай есімді азамат өзінің еңбек құқығын қорғауға өтініш білдіруіне байланысты Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратура органдары қабылдаған шаралар бойынша бір айдан кейін, яғни 2 наурыз күні «Denaraxsaz corporation» және «Denaraxsaz Kazakhstan» ЖШС 350 жұмыскердің алдында 50 млн. теңге көлеміндегі еңбекақы қарызын өтеген. Сол сияқты тек Алматы қаласының прокуратура қазметкерлерінің араласуымен «Марум Жар Голд» ЖШС-нің басшылығы өз жұмыскерлеріне 27,9 млн. теңге мөлшерінде еңбекақы төлеген.
Расы керек, соңғы жылдардағы статистика бойынша прокуратура органдарына 300 мыңға жуық, кейде одан да көп өтініш түседі, жалпы аталмыш көрсеткіш жыл сайын өсуде. Мәселен, 2013 жылдан бастап Бас прокурор мен облыс прокурорларының порталдарына түскен электронды өтініштер саны 60 пайызға өскен, анықталған барлық заң бұзушылықтарға байланысты ықпал ету шаралары қолданылған. Осылайша, өткен жылдың соңында Қостанай облысы Рудный қаласы ІІБ қызметкерлерінің саусақтардың таңбасын негізсіз алуға қатысты заңнан тыс әрекеттеріне байланысты Василенков есімді блогты қолданушының дәлелдемелері расталған. Кінәлі лауазымды тұлғаларға қатысты прокурорлық ықпал ету шараларымен іс қозғалған.
«Біздің талдау көрсеткендей, арызданушылардың көбі азаматтық және қылмыстық процеске қатысушылар, яғни айыпталушылар, сотталушылар, адвокаттар, қорғаушылар, жәбірленушілер, талапкер, не жауапкерлер және олардың өкілдері болып табылады. Ең аз бөлігін түрлі кәсіпорындар мен мемлекеттік органдар құрайды. Арызданушылардың өтініштердегі қоятын сұрақтарының аясы кең: 40 пайыздан астамы қылмыстық қудалау органдарының әрекеттері (әрекетсіздік) мен актілеріне қатысты шағымдар, 30 пайызы әлеуметтік-экономикалық салаға қатысты өтініштер, 10 пайызы сот актілерінің заңдылығы және олардың орындалмауына қатысты түскен шағымдар», дейді департамент бастығы. Көтеріліп отырған мәселелер мен заңнама талаптарына сәйкес, прокурорлар негізінен түсіндіру береді екен, олар 67 пайыздан жоғары. Қанағаттандырылған өтініштер 15-17 пайызды құраса, қабылданбағандар саны 17 пайызға жуық. Сонда 2013 жылдан бергі прокурорлар қарастырған өтініштер қорытындысы бойынша, 11 мыңнан астам прокурорлық қадағалау актілері енгізілген, нәтижесінде 6 мыңнан астам лауазымды тұлғалар түрлі жауапкершілікке тартылған.
Бұрын өтініштер бірнеше рет қалалық-аудандық прокуратураларда, кейіннен облыстық прокуратурада қаралатын. Осы сатылардан өткеннен кейін ғана арызданушы бас қадағалау органына өтініш білдіре алатын еді. Ал қазір түсіндіру және бас тарту сипатындағы жауаптарды қалалық, аудандық прокуратураларда тек прокурор, ал облыс прокуратураларында облыс прокуроры мен оның орынбасары бере алады, яғни қабылданған шаралар бойынша өтініштерді қарастырудың көп сатылы рәсімі қысқартылды. Сонымен қатар, облыс прокуратурасының төменгі прокуратураларға қайта жасалған өтініштерді жіберу тәртібі өзгертілді, енді мұндай өтініштер бақылауға алына отырып, қарастыру қорытындысы туралы қалалық-аудандық арнайы прокурордың қолымен ақпарат беру талабымен жолданатын болады. Одан басқа, азаматтардың өтініш беруіне қолайлы жағдай жасау және уақытын үнемдеу үшін өтініштердің үлгілері де жасалған, бұл азаматтардың үйде отырып-ақ интернет желісі арқылы дайын бланкте өз дәлелдемелерін жазып, оны прокуратураның қарауына жіберу үшін ыңғайлы болмақ.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан»