• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
19 Мамыр, 2016

Өткір мәселе

576 рет
көрсетілді

өздері шешіп үйренгенде ұтымды Кіші диқан ауылдық округінің аумағындағы Үлкен диқан және Кіші диқан ауылдары Қазақстан – Қытай мемлекеттік шекарасына жақын орналасқан. Сұнатсай және Ашаноқы өзендерінің жағалауындағы бұл елді мекендер Алматы қаласынан 335-340, ал облыс орталығы – Талдықорғаннан 460-465 шақырымдай қашықтықта жатыр. Бүгінде осы екі ауылда үш мыңнан астам адам тұрады.  Кіші диқан – жер көлемі жағынан да, халық саны бойынша да Ұйғыр ауданындағы ірі ауылдық округтердің бірі. Кезінде көпшілік елді мекендер сияқты бұл ауылдардың да ұсқыны кетіп, тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы мүшкіл тартқан. Дәулет құрдастың әзіл-шыны аралас «Жәутеңдеп шал мен кемпірдің қолына қарап қалдық» деп айтатынындай, сол жылдары зейнеткері мен мұғалімі бар отбасылардан өзгелері ақша дегенді қолдарына ұстамайтын. Күнделікті тұтынатын тауарлар – қант пен шай, ұн мен тұз, киім-кешек атаулыға малмен есеп айырысатын. Ал қазір бұл ауылдардың тіршілігі басқаша... Аз деп те, көп деп те айтпайды Еншісі ешқашан бөлінбеген Үлкен диқан мен Кіші диқанда көп қабатты екі орта мектеп, учаскелік дәрігерлік және фельдшерлік екі амбулатория, әр ауылда бір-бірден клуб үйі, кітапхана және пошта бөлімшесі бар. Табиғаты қаталдау әрі шалғайда орналасқан елді мекендердің қанағатшыл хал­қы үшін бұл нысандар аз деп те, көп деп те айта алмаймыз. Ең бас­тысы, олардың мүмкіндікке қарай жабдықталып, жұмыс істеп тұрғандығы. Бүгінде мемлекет білім беру саласына, оның ішінде мек­тептердің заман талабына сай болуына ерекше назар аударып келеді. Бөлінетін қаражат та жыл өткен сайын арта түсуде. Жаңадан пайдалануға берілген және күрделі жөндеу жүргізілген білім беру мекеме­лері де аз емес. Шәкірттердің сапалы білім алуы үшін мектеп­терді қажетті құралдармен, түрлі ұйым­­дастыру техникаларымен қамтамасыз ету де бұрынғыға қарағанда жақсара түсті. Соның нақты көрінісін өзіміз сөз етіп отыр­ған ауылдардағы мектептердің тыныс-тіршілігінен байқағандай болдық. Үлкен диқан орта мектебі екі қабаттан, ал Кіші диқандағы М.Тайыпов атындағы мектеп үш қабаттан тұрады. Бұл білім беру мекемелерінің соңғысына осыдан екі жыл бұрын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Екі мектептің де жабдықталуы жақсы, алып бара жатқан аса өткір мәселелер де жоқ сияқты. Барлығы болмаса да, бірқатар сыныптар компьютермен қамтылған, оқушылардың интернетті пайдалануларына мүмкіндіктер жасалған. Оқушылардың спорт түрлерімен тұрақты айналысуы үшін секциялар жұмыс істейді. Мектеп жанынан «Балапан» бағдарламасы аясында шағын орталықтар ашылған. Соңғы жылдары жалпы білім беру мекемелеріндегі білім сапасы Бірыңғай ұлттық тестілеудің нәтижесі бойынша бағаланып жүр. Осы жағынан алғанда, Үлкен диқан орта мектебінің ұжымы кішідиқандықтарға қарағанда, біршама жақсы нәтижеге қол жет­кізіпті. Дәлірек айтқанда, ҰБТ қорытындысында М.Тайыпов атындағы мектептің көрсеткіші 67,1 балды, ал Үлкен диқан мек­тебінің көрсеткіші 77,6 балды құраған. Білім беру мекемелерінде  шеші­мін күткен мәселелер де бар. Соның негізгісі – Үлкен диқандағы екі қабатты мектептің оқу сыныптарын көбейту мақсатында ғимаратқа кейіннен жапсарлас салынған тағы бір ғимараттың жалғасқан жерінде саңылаудың пайда болуы. Саңылау уақыт өткен сайын үлкейіп бара жатса керек. Бұ­­дан атқарушы органдар хабардар екен. Ертеректе Кіші диқан ауылында 30 төсектік учаскелік аурухана жұмыс істеп келген еді. Бас­қасын айтпағанда, онда әйелдер босанатын бөлімше де бар болатын. Нарықтық экономика қыспаққа алып, қаржы тапшылығы тыныс­ты тарылтқанда, салмақ аурухана ұжымының мойнына да түсті. Алдымен штат қысқартылды, одан кейін аурухана учаскелік дәрі­герлік амбулаторияға айналдырылды. Енді жағдайы ауыр науқастар 100 шақырымдай қа­шық­тағы аудан орталығы – Шонжының ауруханасына барып емделуге мәжбүр. – Округ аумағындағы учас­келік дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік пунктте бар­лығы 13 медицина қызметкері келу­шілерге  қызмет көрсетеді, – деді Кіші диқан ауылдық округінің әкімі Ербол Әбішаяқов бізбен әң­гі­месінде. – Тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтуға 5 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды. Сондай-ақ, Үлкен диқандағы фель­дшерлік пункттің қазандығы мен есік-терезелерін жаңартуға да мүм­кіндік туды. Осы­лай­ша, онша күрделі емес кейбір мәселелерді өзі­міз-ақ шешуге дағ­ды­ланып келеміз. Қиын-түйіннің бірі – ауыз су еді... Кіші диқан ауылдық округіндегі тұрғындардың ұзақ жылдан бері шешілмей келе жатқан өзекті проблемаларының бірі әрі біре­гейі – таза ауыз су еді. Рас, бұл екі ауылдың көнбіс халқы өзен суын өмір бойы ауыз су ретінде тұты­нып келді. Оған үйренгендері соншалық, «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, ол еліміздің әр аумағында жүзеге асырыла бастаса да, «таза ауыз су керек» деп жоғары жаққа дабыл қақпады. Ақша сұрап аласармады, «қамтамасыз етуге тиістісің» деп тағы міндетсімеді. Бәрі ретімен болып, «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында Кіші диқан ауылында 14 шақырымдық су құбырын төсеу жұмысы қолға алынды. Айта кетуіміз керек, оның құ­ры­­лысын жобалау кезінде жі­беріл­ген қателіктерге байла­ныс­ты пайдалануға берілген құбыр­дағы су қарашаның қара суығын көтере алмай, қатып қал­масы бар ма?! Мәселеге «Егемен Қа­зақ­стан» газетінің араласуына тура келді. Бас басылымда ор­ын алған олқылықтарды талдап көр­сеткен екі сын мақала жа­рия­­ланды. Көктем келіп, күн ра­йы жылынғаннан кейін кеткен кем­шіліктер түзетілді. Қазіргі кезде кішідиқандықтар ұзақ жыл күт­кен таза ауыз суды тұтынып отыр. Ал Үлкен диқан ауылы тұрғын­дарының да таза ауыз суды тұты­натын кезі жақын қалған сияқты. Округ әкімінің сөзіне қарағанда, ауылға су құбырын тартуға қатыс­ты сметалық құжаттар әзірленіп бол­ды. Құрылыс жұмыстарын жүр­гізу 2017 жылға белгіленген... Бұдан оншақты жыл бұрын осы Үлкен диқан ауылында коттедж тектес екі-үш қабатты үйлер мүлде кездеспейтін. Басқасын былай қойғанда, орталық көшенің өзі ойқы-шойқы, көрер көзге қораштау еді. Қазір жолдар тегістеліп, құм аралас қиыршық тас төселіпті. Екі, кейде үш қабаттан тұратын үйлер салына бастаған. Сыртқы көрініс-келбеті қалалар маңындағы елді мекендерде бой көтерген коттедж­дерге келіңкірейді. Шалғай ауылдағы жан жылытар осы тірлікті сөз етіп тұр­ға­­­ны­мызда, орталық көшемен жас жұбайлардың той салтанаты үшін арнайы безендірілген есік пен төрдей ақ түсті «Лимузин» автомобилі жоғары қарай өтіп бара жатты. Алғашында «қалаларда ғана кездесетін мұндай автомобиль бұл жақта қайдан жүр?» деген сы­ңайда таңырқап қалғанымыз рас. – Қазіргі кезде ауыл тұрғын­да­рының жағдайы едәуір жақсарды, – деді Кіші диқан ауылдық ок­ругінің әкімі Ербол Әбішаяқов жаңағы жақ­­сы көріністің мән-жайына қа­тысты. – Кейбір отбасылар ұл-қыз­дарының үйлену тойларына осындай автокөліктерді жалдайтын болды. Екіншіден, бұрын осы ауылға «Лимузин» тұрмақ, ұзын­дау жеңіл көліктердің өзі жете алмайтын. Кіші диқан мен Үлкен диқан ара­лығындағы бес ша­қы­рымдық жол күрделі жөн­деуден өткізіліп, асфальт төселген соң, жол қатынасы проблемасы жойылды. Қазір екі аралықта көлік түрлері әрі-бері жүйт­кіп жүр. Тіпті, жаңа өздеріңіз көр­ген «Ли­музиндер» де келе бас­тады. Жол демекші, екі ауыл ара­сын­дағы жол қатынасының азабын онымен жиі жүретіндер де, келімді-кетімді қонақтар да әбден тартқан екен. Соңғы жылдары жолдың нашарлығына байланыс­ты Үлкен диқан ауылына жолаушылар тасымалдайтын автобус­тар келуін тоқтатыпты. Жолды күр­делі жөндеуден өткізіп, оған асфальт төсеу мәселесі әлденеше рет көтерілсе де, шешімін таппай келген. Оның кезегі ақыры 2014 жылы келді. Осы ауылдың тумасы, «Алматы жолдары» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігінің басшысы Жакулин Нұрғалиевтің аудан мен облысқа сұрау салып, іздестіруінің арқасында тиісті қаржы бөлінсе де, кейінге ысырыла берген жолға байланысты құжаттар қайта көтерілді. Қаржы да өз орнына қойылды. Сөй­тіп, небәрі алты айдың ішінде бес шақырымды құрайтын жолға күр­делі жөндеу жүргізілді, өмір бойы төселмеген асфальт төселді. Бұл құрылыс жұмыстарына жалпы кө­лемі 136 миллион теңге жұм­салған. – «Алматы жолдары» серік­тес­­­тігі, сондай-ақ, Үлкен диқан ауы­лындағы орталық көшені те­гіс­теп, қиыршық тас та төсеп берді, – деді ауылдық округтің әкі­­­­­­мі осы жөнінде. – Егер келесі жылға жоспарланған ауыз су құ­бы­­рын төсеу құрылысы бел­гі­лен­ген уақытта бастала­тын бол­са, ол толықтай пайдалануға бе­ріл­ген­нен кейін ауылдың барлық көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіледі және асфальтталады. Көпшілікке ортақ бұл және басқа іс-шаралардан ауыл тұрғындары да сырт қалмайды. Өйткені, үлкен­диқандықтар – өте ұйымшыл. Табыс көзі – төрт түлік Бұрындары осы елді мекен­дер халқы егін және мал шаруа­шылығымен қатар айналысатын. Ал қазір төрт түлік мал өсірушілер мен бау-бақша баптаушылар қа­тары еселеп көбейе түсіпті. Себебі, олар үшін мал, жеміс-жидек, көк­өніс түрлерін өсіріп, оны саудалау тиімді әрі пайдалы. Бүгінде ауылдық округтегі ірі қара саны – 4 900 бас­қа, қой-ешкі 50 350-ге жеткен. Кезінде ұжымшарда ферма мең­герушісі болып істеген, бүгінде зейнеткер Иманқұл Байтілеуовтің айтуынша, соңғы он бес-он алты жыл ішінде екі ауылдағы мал саны екі еседен астамға көбейген. Округ аумағында 90-ға жуық жеке шаруа қожалығы бар екен. Олардың барлығы бірдей өз шаруа­ларын дөңгелетіп алып жүр деп, әрине, айта алмаймыз. Дегенмен, бір қуанарлығы, қожалықтардың көп­шілігі нарықтық экономикаға бейімделе бастаған. Мысалы, Бо­тан Шормақовтың «Шормақ», Валипжан Айсаровтың «Ашан­оқы», Гүлжанат Алтыбаеваның «Саят», Сәрсенбай Әбішаяқовтың «Өрнек», Амангелді Қазиевтің «Мұрагер» шаруа қожалықтары төрт түлік мал өсірумен қатар, егін де егеді, алма және басқа жеміс ағаштарын өсірумен де айналысады. Бұл шаруа  қожалықтары ал­дағы бір-екі жылда «Апорт» бағ­дарламасы бойынша алма бағы­­ның көлемін 40 гектарға, өрік ағашы бағының көлемін 10 гек­тарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр екен. Өз проблемаларын өздері ше­шіп үйренген шалғайдағы еңбекқор ауыл адамдары туып-өскен өз ауыл­дарының болашағына зор сеніммен қарайды. Мал басын асылдандыру, егістік алқаптарды ұлғайту, қызмет көрсететін ны­сан­дар қатарын көбейту мәсе­лелеріне ерекше назар аударылып отыр. Мысалы, биылғы жылы алматылық «Алма әлемі» ЖШС-нің инвестициялауымен 530 бас асыл тұқымды ірі қара мал әкелініп, бордақылауға қойылады. 2018 жылға қарай асыл тұқымды ірі қараның саны 3 мың басқа жет­кізілмек көрінеді. Бұл жақтың табиғаты қаталдау. Сол себептен мұнда сусыз егін ша­­­руа­шылығын да, өсімдік ша­руашылығын да дамыту мүмкін емес. Әкімдіктегілер оның да ретін таба біліпті. Қазіргі кезде Кіші ди­қан ауылының аумағында көлемі 50 гектарды қамтитын су қоймасы салынып жатыр. Ол пайдалануға берілген жағдайда, суармалы егіс­тік көлемін 3,2 мың гектарға дейін жеткізуге бо­лады. Алдағы жылдары осындай су қоймасын Үлкен диқан ауылының аумағында да салу жоспарланған. Сондай-ақ, ша­ғын және орта бизнесті дамыту мақ­са­тында жұмыс істеп тұрған екі тойхананың, жеті сауда нүктесінің, дәріхананың, ағаш өңдеу цехының қатарына енді шағын наубайхана мен тех­никалық қызмет көрсету орта­лығы қосылатын күн алыс емес. – Ауылымызда мал ұстамайтын отбасы жоқ. Хал-қадерінше оның санын көбейту жағын қарастыруда, – деді сөзге араласқан «Ашаноқы» шаруа қожалығының төрағасы, үлкендиқандық Валипжан Айса­ров. – Өйткені, бүгінде төрт тү­лік мал біздер үшін негізгі табыс көзі болып отыр. Кейбір ауылдастарымның бағымындағы қой-ешкі саны бір мыңнан асып жығылады. Үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр бағып отырғандар да бар. Жеңіл автомобилі жоқ отбасылар некен-саяқ. Бірақ, ең қиыны – осы төрт түлік малды өз бағасына саудалау және оның өнімдерін өткізу. Еліміздегі шалғайда орналасқан елді мекендер тұрғындарының көп­шілігі төрт түлік малын пұл­дап, күн көріп отырғаны рас. Жыл он екі ай бағып, жем-шөбіне, тағы басқасына біраз қаражат шығын­даған адам одан пайда көруі де тиіс қой. Ал Валипжан Ай­са­ров айт­­қан мәселе төрт түлік мал өсі­румен айналысатын көптеген шаруа қожалықтарының, өзге де жұрт­­­­­­­­тың барлығына ортақ әрі бұ­­­рын­­нан келе жатқан проблема десек, қателесе қоймаспыз. Бұл проб­­­леманың қалай және қашан шешілетінін айту қазірше қиын. Ағалар аманатына адалдық Үлкен диқан ауылында 2013 жылы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, сондай-ақ, одан кейінгі жылдары осы ауылдық округте жұмыс істеген, қазіргі кезде өмірден озған соғыс және еңбек ардагерлеріне арналған еңселі ескерткіш орнатылды. Сұрапыл соғыста ерлік, бейбіт өмірде ерен еңбек үлгісін көрсеткен ардагер аталарымыз бен апаларымыздың есімдері мәрмәр тасқа қашап жа­зылған ескерткіштің ашылу сал­­танатына «Егеменнің» тілшісі ретінде біз де қатысқан едік. Міне, сонда бір округтегі екі ауыл – Үл­кен диқан мен Кіші ди­­қанда тұра­тын қазақ пен ұй­ғырдың достық-ын­тымағы, береке-бірлігі, өзара құрметі мен сыйластығы ерекше сезіліп тұр­ды. Алыс-жақыннан ар­найы келген ардагерлердің ұр­пақтары бір-бірі­мен құшақ айқастырып, тіпті, кейбіреулері көздеріне жас алып та жатты. Осы көңіл толқытар көріністі еске алып отырғанымыздың се­бе­­бі, елімізде берік орныққан этно­саралық келісім мен ынтымақ­тың қаншалықты қымбат екеніне сәл де болса назар аударту. Осы ынтымақ пен бірліктің арқасында аудан орталығы – Шонжыда да жоқ еңселі ескерткіш бой көтерді. Оған жергілікті бюджеттен ешқан­дай да қаражат бөлінген жоқ. Бар­­­лық шығынды осы екі ауылда туып-өскен, қазіргі кезде осында тұратын және бүгінде елі­міздің әр аймағында еңбек етіп жүрген осы елді мекеннің ту­ма­­лары ұйымшылдық танытып, көтеріп алды. Ана бір жылы Үлкен диқандағы 60 адам еркін сыятын имандылық үйі – мешітті де өздері осылай салып алған болатын. Бұл ауылдарда әлемнің көп­шілік елдеріндегі халықтарға арман болған өзара достық пен сыйластық бұрыннан қалыптасқан. Сол достық пен сыйластық ұрпақ­тан-ұрпаққа жалғасып келеді. Мысалы, қазір бұл өмірде жоқ Мырқасым Оразалиев пен Ва­жит Тавакиловтің, Абдрахман Жедел­ақынов пен Авакри Саби­ров­тың, Керімақын Мұхамед­жанов пен Үсейін Нұрымовтың дос­тығы, сыйластығы қандай еді, шіркін! Олардан кейінгілер – Амангелді Әбдіқайыров пен Задалин Сағатов­тың, Ерғабыл Байғабылов пен Зәйн­дин Пәхирдиновтің, Дәулет Нүкенов пен Маркин Мұсаевтың, Амангелді Рақыжанов пен Әділ­жан Хамраевтың достығы ше! Міне, осы азаматтардың өзара сыйлас­тығын кейінгілер үлгі-өнеге тұтып, жалғастырып келеді және әрі қарай да жалғастыра бермек. – Біз қоғам қайраткері Заманбек Батталханов, Халық қаһарманы Мөр­дін Тайыпов, бес орденнің иегері Сәлім Шормақов, жазушы-ға­­лымдар – Мәкен Тойшыбеков, Сәйден Жолдасбаев, Илья Бәх­тия, Нұрлан Оразалин сияқты аға­лары­мызбен де мақтана аламыз, – деді біз­бен қош­тасарда Кіші ди­қан ауыл­­дық ок­ругі жанындағы қауым­дастықтың мүшесі Ерлан Ильясов. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан» Алматы облысы, Ұйғыр ауданы   Суреттерде: Кіші диқан ауыл­­­дық округінің әкімі Ербол ӘБІШ­АЯҚ­ОВ. Кіші диқан ауылында соғыс ардагерлеріне орна­тыл­ған ес­керткіш. Фельд­шерлік-ам­бу­­латориялық пункт­тің сыртқы кө­рінісі осындай. Кіші диқан мен Үл­кен диқан арасындағы жолды сал­ған құрылысшылардың бір тобы