рет Одақ чемпионы болған әйгілі хоккейші Мұрат Жексенбеков туралы сөз
КСРО уақытында еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін Эдуард Айрихтың есімін жатқа білетін. Көгалдағы хоккейден Алматының «Динамо» командасының атағы жер жарып, Қазақстанның айын аспанға бір-ақ шығарып, жылда Одақ чемпионы атанады. Сол чемпион команданы капитан ретінде Мұрат Жексенбеков 16 жыл қатарынан ойын алаңына бастап шықты. 16 жасынан 42 жасқа дейін 26 жыл спорт әлемінде жұлдыздай жарқыраған қазақ оғыланының есімі сол кездің өзінде-ақ Гиннестің рекордтар кітабына жазылды.
Айрих аттай қалаған бала
Кеңес Одағы атанған алып елдің 19 дүркін чемпионы болу екінің бірінің қолынан келе қояр ма екен? Әй, қайдам? Мәскеусіз бірде-бір мәселеміз шешілмей, бағы жанғалы тұрған қазақ жігіттерінің біразын республикадан әрі асырмауға тырысқан «үлкен» халықтың «мықтыларын» рухы күшті өрендеріміз мойындатып жүрді ғой. Мұрат Жексенбеков те спорттық жолындағы кедергілер мен асуларды құдай берген талантымен бағындырған марқасқа спортшы. Одақтың 19 дүркін чемпионы болумен қатар, ол КСРО халықтары спартакиадасының екі дүркін жеңімпазы. КСРО кубогын бес рет иеленген, Еуропа чемпиондары кубогын екі дүркін ұтып алған хас шебер. Санай берсең, атақ-даңқы бір басынан асып-төгіліп жатыр. Жетпісінші-сексенінші жылдың ұландары оны пір тұтатын. Бірақ ол соншалықты қарапайым еді. Осынша мадақтаулар мен қолпаштауларды елдің шынайы құрметі ретінде бағалап, арнасынан асқан да, тасқан да жоқ. Табиғат берген қоңыр мінез бірқалыпты қоңыр тіршілікке жақын етті. Бірақ кеудесін ешкімге басқызбайтын қайсар жігіт-тұғын. Есесін ешкімге жібермейтін. Бұл қасиет оған бала кезінен дарыған.
Шын жүйрік шабысынан білінер дейді. Бәйгенің алдын бермейтін тұлпарды сыншының қырағы көзі шаппай тұрып-ақ таниды. Әйгілі Толыбай сыншы Құлагерді қалай бағалап еді! Тура солай, Алматыда «Динамо» хоккей командасын баптайтын Эдуард Айрих күндердің бір күнінде Семейде қарапайым аула командаларының бірінде ойнап жүрген қара балаға көз қадады. Бітімі бөлек, құлынның хас тұлпар шығар тұрқы бар. Пай-пай, бапкер болсаң, сондай бол! Айрих әлгі балаға тас кенедей жабыссын келіп. Бір емес, Семейге бірнеше рет іздеп келді.
– Болды, сен бізге керексің, Алматыға алып кетемін, – дейді бас бапкер.
– Әке-шешем рұқсат етпейді, – дейді қара бала.
– Ол кісілердің алдынан өзіміз өтеміз. Сен әзір бол. Үлкен спортқа барасың...
Қара бала ойланып қалды. Еркелеу, сәл тентектеу болып өссе де ата-анасының айтқанынан шықпайтын. Сондықтан, кесіп-пішіп ештеңе дей алмай, иығын көтерді.
Айрих сөзінде тұрды. Бір күні Мұраттың әке-шешесін іздеп келді. Қарапайым жұмысшы отбасы – Жақыпбек пен Көкенайдың дастарқанында отырып бұйымтайын айтты.
Осылай да осылай дей келіп: «Мұраттың спортқа деген икемділігі, дене әлеуеті біздің көңілімізден шығып жүр. Сіздер рұқсат етсеңіздер Алматыға алып кетсек деген ойымыз бар. Республиканың маңдайалды командасында ойнайды. Аты шығады», – деді бапкер баппен.
Алты баланың үлкені Төлеубегі 1964 жылы ерте дүние салған соң төрт қыздың ішіндегі Мұратқа деген әкенің көңілі бөлек еді. Қасынан ұзатып, алысқа жібергісі келмей қипақтады.
– Жас бала... Бірдеңеге ұрынып қала ма, кім біледі? Оның үстіне, оқуы керек...
– Оқытамыз! – деді Айрих. – Ол жағынан қам жемеңіз. Мұратты өзіміз тәрбиелейміз.
Тәжірибелі бапкер қанша өтініп сұрағанымен, Жақыпбекті көндіре алмады. Әке баласының өз жанынан, шаңырақтан ұзап, алысқа кетуін қаламады.
– Айрих алған бетінен қайтпайтын адам екен. Әкеме қайта-қайта келіп сөзін өткізе алмаған соң, үлкен апайымыз Айманмен келісіп жүріп, Мұратты Алматыға әкететін болды, – деп сол күндерді еске алады Мұраттың Семей қаласында тұратын апайы Шолпан Жексенбекова. – «Мен одан адам жасап шығарамын», депті ол сонда.
«Солақай ойыншыдан сақтан!»
Мұрат алғашқы кезде допты хоккейдің көрігін қыздырды. Содан кейін көгалдағы хоккейге ауысты. Кәсіби шеберлікке жету жағынан оған үлкен қиыншылықты жеңуге тура келді. Көгалдағы хоккейдің ережесі бойынша ойыншылар допты таяқтың оң жағымен ғана соғады. Ал допты хоккейде екі жағымен де ойнай береді. Мұрат таяқты үнемі сол жағына ұстайтын. Солақай еді. Сол кездегі суреттерге қарасаңыз, алаңдағы бүкіл хоккейшілер таяқтарын оңға қаратып ыңғайлы жүрсе, Мұрат Жексенбеков қана керісінше, сол жағына ұстап тұрады. Одақ жанкүйерлері мен ойыншылар бұған әбден үйреніп алды. Дегенмен, алғашында солақайлығы оған кәдімгідей проблема тудырды. Бірақ соған қарамастан ол кедергінің бәрін жеңіп, көгалдағы хоккейдің майын ішкен қас шебер дәрежесіне көтерілді. Шетелдіктер осы жағдайға бас шайқап таңғалып: «Ол қалай ойнап жүр?» деп үнемі сұрап жататын.
Ойын үстінде Мұрат бүкіл дүниені ұмытады. Оның бар ынтасы алаңның әр шаршы метрін бақылауға жұмсалады. Ойынның әр шиеленісті сәтінде қарсылас команда ойыншыларының қалай орналасқанын қалт жібермейтін сезімтал хоккейші еді. Содан кейін ғой, талай мен деген шабуылшыларды қапы қалдырып, әйтеуір, белгісіз бір «сиқырмен» допты іліп әкететін. Небір ағын судай, екпіні қатты апайтөс жігіттер Мұраттан аса алмай тауы шағылып жататын. Жексенбеков Одақтағы ең тасқамал қорғаушы болды. Хоккей алаңын кәсіби деңгейде тұтас бағдарлап, ойын жағдайын жедел аңғарып, нақты шешім қабылдай білетін қасиеті «Динамоның» ойыншысын дүниежүзіне танытты.
Көгалдағы хоккей Одақ кезінде өрлеп, дүрілдеп тұрған кезде бәсекелес командалардың ойындары керемет тартысты өтетін. Свердловскінің СКА-сы, Мәскеудің «Фили» командасы, Әндіжанның «Звездасы»... Өңкей «сен тұр, мен атайын». Олар Алматының «Динамосымен» кездесуге соңғы ойынға шыққандай әбден даярланып келетін. Бір жағынан сол кезеңдерде бұл басқа командаларға сәл жеңілдеу болды. Себебі, олар бір ғана командамен ойнауға, оны қалайда жеңуге тырысып, жан-жақты әзірлік жасайды. Ал «Динамоға» бәріне қарсы тастүйін дайын тұруға, ешқайсысынан ұтылмауға тура келді. Өйткені, ол – чемпион команда. Чемпионға тізгінді босаңсытуға болмайды.
– Сондай бір қағидатты ойын Мәскеуде болды, – деп еске алады Берікқазы Сексенбаев. – Чемпионат соңына таяп қалған кез. Көш басындағы командалар ұпай айырмашылығы бойынша құйрық тістесіп келе жатқан. «Фили» «Динамоны» қалайда сүріндіруге бар күшін салды. Біз ұтылсақ болды, чемпиондық атақ көзден бұлбұл ұшқалы тұр. Жан алып, жан беріскен тартысты ойын ерекше қызу жүріп жатқан кез. Есеп ашылар емес. Сондай сәттердің бірінде біздің бір қорғаушымыз қателікке ұрынды да, КСРО құрама командасының шабуылшысы Игорь Депутатов допты іліп алып, біздің қақпаға қарай құйындай ұшсын. «Филидің» тағы бір ойыншысы онымен қатарласып, көмекке ұмтылды. Екі мықтымен Мұрат Жексенбеков жалғыз қалды. Сол кезде менің басыма «бәрі бітті, қазір гол болады» деген ой келді. Мұрат лыпылдап, екі шабуылшының орта тұсын аңдып тұр. Қиын жағдайдан оның тәжірибесі алып шықты. Тасқамал қорғаушы қысылтаяң сәтте Депутатовтың екінші шабуылшыға пас беретін сәтін дәл есептей білді. Ол Депутатовтың алдын орайтындай шалт қимыл жасады. Сол-ақ екен, шабуылшы допты әріптесіне қарай асырды. Сол кезде Мұрат қолындағы таяғын көгал үстімен сырғанатып жіберді. Таяқ допқа дәл тиіп, оның бағытын мүлде басқа жаққа өзгертті. Егер екінші шабуылшыға доп жеткенде, міндетті түрде гол болатын еді. Онда чемпиондық атақтан да айырылғанымыз. Мұраттың салқынқандылығы осындай шешуші сәтте көмекке келді.
Соңынан жігіттер қалжыңдап жүр:
– Марат Васильевич, қалай болды? Оу, сіз таяғыңызды алаң үстінде ұмытып кеткен жоқсыз ба? – деп.
– Жоқ, КСРО құрамасының екі бірдей шабуылшысы екпіндеп келе жатқанда «екеуің де менің қалтамдасың» деп ойладым, – деп Мұрат күледі.
Қамқор аға
Аты аңызға айналған «Динамоның» сол кездегі белді ойыншылары шәкірт пен ұстаз арасындағы түсіністікті, Мұраттың Айрихты ерекше бағалап өткенін күні бүгінге дейін айтып жүреді.
КСРО құрама командасының шабуылшысы, КСРО мен Малайзияның үздік мергені атанған Берікқазы Сексенбаев «Динамоға» алынған сәттен Мұрат ағасына қалай бауыр басып, қалай бірге жүргендерін сағынышпен еске алады: «Мұрат қорғаныстың берік тірегі еді. Соңғы қорғаушы – соңғы шебіміз. Алаңда жүргенде біз оған имандай сенетінбіз. Жексенбеков орнында тұрса, еш саспаймыз деген ой болды қай-қайсымызда да. Мен командада орталық шабуылшы болып жүргенде де, Айрихтың нұсқауымен оң қанатта, сол қанатта ойнаған кезімде де осындай сенімділік көкірегіме берік ұялады. Тылымыздың мықтылығы қарсыластар қақпасына жасқанбай ұмтылып, дөп көздеуге мүмкіндік беретін, қосымша күш қосатын. Қарсыластарымыз «Динамоның» шабуыл шебінің күштілігін жақсы білді. Өзіміздің қорғаушыларымыз да мұны ерекше сезінді. Александр Гончаров, Игорь Атанов, Юрий Апельганец... Олар міндетті түрде қарсыластар қақпасының кілтін табады, ең бастысы қорғаныста берік болу керек деп түсінді олар. Осындай жоғары командалық жауапкершілік сезімін ұлы жаттықтырушы Эдуард Айрих біздің бойымызға сіңіре білді. Мұратты командада «Марат Васильевич» деп атап кеткен. Жігіттер: «Марат Васильевич, анау қалай, мынау қалай?» деп сұрап жүргені. Бұған ол ренжімейді. Жымиып қойып, жауап береді.
– Мұраттың пас беру мәнері ерекше еді. Ол бір-ақ соққы жасап, мені қарсыластар қақпасы алдына шығара білетін, – деп Берікқазы Сексенбаев тағы да Мұрат жайлы әңгіменің тиегін ағытты.
– Таңғаласың. Көзінің қиығымен бақылап тұрып, қарсылас команданың жартылай қорғаушыларына да, қорғаушыларына да доп тимейтіндей траекториямен қиыстай тартқанда жаның сүйсінеді. Алаңға шығарда, киім ауыстыратын жерде:
– Ей, қазақ, сен үнемі менен пас күтіп жүр. Алаңның бір шетінде тұрмын, екі ара алыс деп ойлама. Мен саған міндетті түрде доп жеткіземін. Қорғаушылардың бір қателігін міндетті түрде пайдаланамын, – дейтін.
Мен сол қанатта шабуыл шебінде жүремін. Ойын барысында Мұратты көзден таса қылмаймын. Ал ол менің жеке, жалғыз қалған сәтімді аңдиды. Сондай жағдай туа қалса болды, өзі оң жақтағы шабуылшыға қарап тұрып, кенет допты қайқайтып сол жаққа, маған бір-ақ асырады. Қақпашымен жеке-дара қалған соң маған гол соғу ғана қалады.
Мен «Динамоға» келгенде Мұрат Одақтағы үздік ойыншының бірі еді. Бірден бауырына тартып, ақыл-кеңесін айтып жүрді. Ең алғаш Мәскеудің «Фили» командасымен болған ширек финалдық ойынға қатыстым. Ойын бітуге 20 минут қалғанда «Динамо» 0:1 есебімен ұтылып жатқан. Біздің жігіттер мәскеуліктер қорғанысын қанша рет бұзып өтуге әрекеттенгенімен нәтиже шығар емес. Осындай арпалысқан кезеңдердің бірінде Мұраттың алыстан әуелете соққан добы алдыма дөп түсті. Мен аспай-саспай «Филидің» қақпашысы Александр Добышевты қапы қалдырып, гол соқтым. Есеп теңесті. Ұзамай осындай амалмен тағы бір гол енгіздім. Эдуард Фердинандович екі қолын аспанға көтеріп, мәз болып жүр. Сол жолғы Мұраттың қуанғанын көрсеңіз. «Бауырым! – деп мені құшақтап алған. – Сен алаңға от ала келдің. Жігітсің, бауырым, жігітсің!» Осындай ағалық сенімін Мұрат Жексенбеков үнемі көрсетіп жүрді. Екеуіміздің арамызда «ағадан – ақыл, ініден – ізет» дейтін сыйластық өрбіді.
Бірде жаттығудан соң бөлмемізге келіп, шай қойып іштік. Мұрат әңгіме барысында ұлы Даниярдан көп үміт күтетінін айтты.
– Сенің дәрежеңе жетсе, жаман болмас еді, – деді сосын арқамнан қағып.
– Менің емес, сіздің дәрежеңізге жетуі керек, – деймін мен.
– Жоқ, сен көгалдағы хоккей үшін жаратылғансың. Сен қамшы басқанда, мен шаттанып тұрамын. Осы бетіңнен танбасаң, Кеңес Одағы былай тұрсын, әлемнің үздік құрамалары құда түседі. Асықпа. Бұл мақтау емес, мойындау, – деп Мұрат ақ пейілмен ақтарылды.
Оның осындай кіршіксіз ақ көңілі бәрімізге де үлгі еді.
Өкініш
«Сол күндерде Мұраттың керемет ұлы спортшы екенін бағалай білмеппін. Егер қазір таза адами тұрғыдан ойлайтын болсақ, Қазақстанда ғана емес, Одақта көгалдағы хоккейдің бағын ашқан Мұрат Жексенбеков бойындағы талантын түгел сарқып берген екен. Спортқа таза, адал қалпында қызмет етті. Сол адал қалпында дүниеден озды».
Мұраттың апайы Шолпан Жексенбекова ауыр күрсініп, көзіне жас алды. Жарқылдап, күліп қана жүретін бауырынан қапыда айырылып қалатынын қайдан білсін?
1996 жылғы 7 мамыр күні Жексенбековтер отбасы қара жамылды. Қаскүнем біреулер Мұратты Алматыдағы пәтерінде жазым еткен.
– Алматыда үш бөлмелі пәтері бар еді. Бірінші қабатта болатын. Менің көргенімді ешкімнің басына бермесін. Бөлменің іші есіктен төрге дейін қан. Келінім Зина үйде киетін халатымен еденде етпетінен жатыр. Ал Мұрат спорттық киімде, тіпті, аяқ киімін де шешпеген қалпында құлаған. Соған қарағанда, бір жаққа баруға жиналды ма екен? Әлде, сырттан біреулер ере келді ме? Ол жағы белгісіз. Әйтеуір, Мұраттың қарақшыларға беріспей, жанталасып, алысқан белгілері ғана қалған. Терезеден қашып шыға алмайды, сыртынан темір тор салынған. Қылмыскерлер темір есікті іштен жауып алған. Сөйтіп, арам ниеттерін жүзеге асырған, – дейді Шолпан.
– Олар ұсталды ма? Не себепті ауыр қылмыс жасаған?
– Қайдам, қанша жыл болды, әлі табылған жоқ. Іздеушісі болмаған соң солай болады екен. Қазақстанның даңқын аспандатқан үлкен спортшы қарақшылықпен өлтірілсе де, осы істі соңына дейін жеткізуге ешкімнің құлқы болмады. Істі қууға бізде де дәрмен жоқ. Үлкен апайымыз Айман Павлодарда тұрады, денсаулығы көтермейді. Менің жағдайым мынау...
Шолпанның бауырына деген қимастық сезімі жас болып төгілді.
Ал біздің ойымызға аңыз команда – «Динамоның» нарық қиыншылығын көтере алмай тарап кеткені, еліміздің туын Одақ пен әлемдік ареналарда талай желбіреткен саңлақ спортшыларды сол кездерде мемлекетіміздің керек қылмай, тағдырдың талқысына түсіргені оралды. Сондай ауыр қиын кезең жампоз спортшы Мұрат Жексенбековтің тағдырына да қыл бұрау салғандай. Көңілге кірбің түсіретіні сол, жасындай жарқылдап, қазақ спортының туын көтерген «Динамо» командасы мен оның капитаны Мұрат Жексенбеков туралы қазір ешкім де ойлағысы келмейді. «Динамо» – Қазақстанның бренді болды, ал Мұрат команданың тұмарындай еді. Көктөбеге «Битлзге» ескерткіш орнатқан қазақ баласы алдымен «Динамоны» тас тұғырға қондыруы керек еді. Оған өреміз жете бермейді. Республикалық спорттың басында отырғандар бұл туралы ойланар ма екен? Әй, қайдам?..
Мұрат Жексенбековті туған қаласы Семейдегі мырзалар да білмейді. Облыс орталығы Өскемендегі мықтылар да мақұрым. Бүгінгі ұрпаққа үлгі ретінде ұсынатын ер есімі ұмытылып барады. Қазір шетелдік жанкүйерлердің өздері «Алматының «Динамосы» қайда? Сондай атақты команда қалай жоқ болып кетті?» деп іздейтін көрінеді. Бұл «Динамоның» футболдағы «Реал», «Барселона», «Милан», «Бавария» сияқты атақты командалардай көгалдағы хоккейде аңызға айналғанының белгісі. Рауль, Роналду, Рональдинолардың есімдері еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қалай белгілі болса, Мұрат Жексенбеков те Одақ кезінде көгалдағы хоккей әлеміне солай танылған-тын. Тек сондай асылды бағалай білмейтініміз өкінішті-ақ...
Ғабдул-Ғазиз ЕСЕМБАЕВ,
журналист
АСТАНА