жоғары оқу орындарында неге оқытылмауы тиіс?
Ата-бабаларымыздың тәуелсіздікке деген толассыз ұмтылысы, осы жолда өмірлерін құрбан етулері арқылы бірнеше ғасыр бойы тоқтаусыз жүргізіліп келген азаттық қозғалысының нәтижесінде қол жеткізілген Егемендіктің биылғы 25 жылдығында да өз ішімізден дау шығып, осы сындарлы да даңқты өткенімізді бүгінгі және болашақ ұрпақтың санасына жеткізетін, одан сабақ және жігер алып, Отанының бостандығы жолындағы жауапкершіліктерін тудыратын, көне заманнан тамыр тартқан «Қазақстан тарихы» пәнін жоғары оқу орындарынан алып тастау туралы сөз басталып отыр. Парасат пен қисын орайынан қарағанда, біз мұны дұрыс деп есептемейміз.
Себебі, енді ғана Елбасының тікелей басшылығымен іске асырылып келе жатқан «Мәдени мұра», «Ғылыми қазына» және «Халық тарих толқынында» атты бірнеше мемлекеттік бағдарламалар аясындағы әлемнің көптеген мемлекеттеріндегі мұрағаттарда, кітапханаларда жинақталған, бізге белгісіз болып келген төл тарихымызға байланысты қаншама құнды деректер алынды. Осының негізіндегі ірі ғылыми еңбектер жарияланды.
Егер де өткенге назар аударар болсақ, ресейлік отарлық кезінде қазақ халқының тарихы оқытылғанды қойып, біздің адам ретіндегі ешқандай құқығымыз болмай, «бұратаналар» деген кемсітушілік атау берілген-ді. Көшпенді, «жартылай тағы» халықтың тұрақты территориясы, мемлекеттілігі, шаруашылығы, мәдениеті болмаған, үнемі кезбешілікпен, тонаумен, ұрлықпен, барымтамен ғана айналысып келген, табиғаттың дайын өнімін ғана пайдаланушы «тобырлар» деген тұжырым жасалды. Осындай анықтаманы барша Ресей империясы тұрғындарына, әлемге тарату отарлық саясаттың мақсатына айналды. Осы арқылы қазақ халқына деген менсінбеушілік сезімін қалыптастыруға ұмтылды.
Бұл түсінік кеңестік идеология үстемдік еткен уақытында одан әрі мақсатты түрде жалғастырылды. Осы мерзімде ұлтымыздың нақты шындыққа негізделген толыққанды тарихы арнаулы орта, жоғары оқу орындарын айтпағанда, өзіміздің ұлттық мектептерімізде де оқытылмады. Қазақ халқының арғы ата-бабаларының бүкіл әлемге белгілі болған мемлекет басқарушылары, жауға қарсы қол бастаған және азаттық қозғалысын ұйымдастырған батырлары, би-шешендері мен даналарын бірнеше толқын ұрпақтар білмей өсті. Кең-байтақ атамекеніміз кіндігі болған, сахараның апай төсінде бірнеше мың жыл өмір сүрген Ұлы Далалық мемлекеттер, оның тұрғындары туралы айтылмады. Қазақтардың Еуразия аумағын алып жатқан тарихи кеңістіктің заңды иесі, осы жерде негізделіп, іргесі қаланған, қалыптасып, дүниеге белгілі болған ірі мемлекеттік құрылымдар мен халықтардың даусыз мұрагері, жалғасы екендігі құпияланып құлыпта ұсталды. Халықтық жыр, дастандар, ауыз әдебиеті арқылы жеткізіліп келген тұлғалардың барлығына қанаушы, тонаушы, шонжар би, бай-манап, үстем тап өкілдері деген айдар тағылды.
Қазақ халқының өзара бақталастықтан, барымтадан, үнемі болып тұратын жұттан, сыртқы жаугершіліктен құрып кетпей, аман қалуы, халық ретінде сақталуы оның Ресей империясының құрамына өз еркімен қосылуы нәтижесінде мүмкін болды деген аяр насихат белең алды.
Ұлтымыздың мемлекеттілігі тұңғыш рет Ұлы қазан төңкерісі жеңісі арқасында іске асырылып, дамыды деген тұжырым жасалынып, белсенді түрде насихатталды және де мұның өзі бүкіл Кеңес Одағы бойынша жүргізілді. Қазақстанның кеңестік шаруашылығын негіздеуге, оны КСРО-ның дамыған одақтас республикасына айналдыруға барша кеңес халықтары үлес қосқандығы жапа-тармағай жарнамаланды. Осы арқылы қазақ халқының тарихи территориясының тұтастығына күмән білдірілді.
Нақ осындай насихатты Ресейдің бүгінгі күнгі кейбір саясаткерлері, бұрынғы Одақты қайта орнатуды аңсаушылар жар салып айтып келе жатқаны белгілі. Олардың көкейін тескен түпкі мақсаты не екендігі де айдан анық.
Міне, сондықтан да, егемендіктің ширек ғасыры көлемінде тәптіштеп жинақталынып, шетелдердегі, өз ішіміздегі құнды деректермен толықтырылып, әлемдік тарихтың құрамдас бөлігіне айнала бастаған, ұлттық тарихымызды бүгінгі күні және болашақта көпэтносты халқымызға пайымдата паш ету, барынша насихаттау уақыт талабы деп есептейміз. Пәнді оқытудың қалыптасқан салиқалы жүйесі негізделуі тиіс. Нақты әрі шыншыл деректерге негізделген, жалпы білім беретін орта мектептер мен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, хрестоматиялық, көрнекі оқу құралдары жазылуы керек.
Аталған пәнді арнаулы орта, жоғары оқу орындарында оқытудың тағы бір қажеттігі сонда, білім берудің бұл сатысына түсушілердің елеулі бөлігі бұрын осы пәнді мектептерде оқымаған, республикамыздан тыс жерлерден келіп мамандық алушылар немесе уақытша қоныс аударғандар болып табылады. Яғни, оларға Қазақстан Республикасының, оны негіздеуші қазақ халқының тарихын оқыту осы пән арқылы жүзеге асырылады. Бүгінгі уақыт пен тәу етер Тәуелсіздігіміздің талабы осындай.
Осы айтылғандармен қатар, еліміздің көпэтностылығы және көптеген ересек жастағы басқа ұлт өкілдерінің Қазақстанға соңғы мерзімдерде қоныс аударулары, сол себептен де орта мектептерде «Қазақстан тарихы» пәнін өтпегендігі де бұл пәнді арнайы орта, жоғары оқу орындарында толығымен оқытуды қажет етеді.
Бұлармен бірге орта мектептерде оқушылардың басым бөлігінің «Қазақстан тарихы» пәні көтеретін мәселелерге жеткілікті назар аудармайтындығы да байқалады. Өйткені, орта мектептердегі емтихан тапсырудың жалаң да жадағай даталарды, белгілі адамдардың өмір сүрген жылдарын, т.б. жаттауға негізделген тестік жүйесі «Қазақстан тарихы» пәні көтеретін маңызды ғылыми және тарихи мәселелерге толыққанды маңыз беруге тұғыр-тиянақ бола алмайды. Яғни, арнаулы орта, жоғары оқу орындарында ежелгі заманнан басталып, тәуелсіздік кезеңін қамтитын «Қазақстан тарихы» пәнін оқытудың, мемлекеттік емтихан тапсырудың мақсаты мен міндеті:
– бұл пән арқылы, ең алдымен, қазіргі Қазақстан территориясының тарихи заңды иесі қазақ халқы екендігін нақты деректер арқылы дәлелдей отыра паш ету;
– тәуелсіз Қазақстан Республикасы – өзінің бүгінгі аумағында бірнеше мыңдаған жылдар шеңберінде негізделіп, өз уақыттарында әлемдік дамуға ізгілікті ықпал еткен қуатты Дала мемлекеттерінің заңды мұрагері, ал қазақ ұлты – жасампаздығы, қаһармандықтары, отансүйгіштіктері, данышпандықтары арқылы әлемге белгілі болған сақтар, ғұндар, үйсіндер және түркілердің ұрпақтары екендігін жариялау;
– бабаларымыздың Отанын қорғау жолындағы батырлықтарын насихаттай отыра, келе-келе бөлшектенуінің, басқаға бодандыққа түсуінің себептерін ашып, толыққанды шыншыл тарихтан қазіргі һәм болашақ ұрпақтың үлгі және сабақ ала білулерін қамтамасыз ету;
– байырғы қазақ жеріне әр уақыттарда, әртүрлі жағдайларда қоныс аударған басқа ұлт өкілдеріне ешқашан көз алартып көрмеген қазақ халқының түсіністік, ұғыныстық, достық пен бауырмалдық ықыласының, ұлттар арасындағы достықтың нақты мысалдарын көпэтносты аудитория санасына сіңіру арқылы барынша баянды ету;
– «Мәңгілік Ел» идеясын іске асырудың негізіне айналатын көпэтносты Қазақстан халқының бойындағы қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыру орайында Қазақстан Республикасында атқарылып отырған ұлт саясатының, осы бағыттағы Елбасының қызметін насихаттау.
Көне заманнан басталып, қазіргі кезеңді толығымен қамтитын Қазақстан тарихын арнаулы, жоғары оқу орындарында оқытудың қажеттілігі осындай маңызды аспектілермен неғұрлым айқындала түседі деп есептейміз.
Егемендігін енді ғана алып, топырағына ата-бабаларының ерен еңбегінің тері, басқаға бодан болудың барша қасіреті мен алапатынан құтылар жол таба алмаған апа-қарындас, аналардың көз жасы, бостандық жолында жанын қиған ерлердің қаны сіңген, ел таныған билерінің жұртын біріктірудегі даналығы мен батырларының жанкешті ерліктері халық аузындағы жырға айналған Отанымызды «Мәңгілік Елге» айналдырудағы бүгінгі өтпелі кезеңде барша өткенімізді ұрпағымызға паш ететін «Қазақстан тарихынан» басқа насихат, білім құралы жоқ деп есептейміз.
Қабырғамыз қатайып, мемлекетіміз нығайғанда, өз жеріндегі ұлтымыздың саны өсіп, сапасы жақсарғанда, әлемге «Озық ел», «Жасампаз ұлт», «Қуатты мемлекет» ретінде танылғанда, көпэтносты азаматтарының әрқайсысының санасында «Мен қазақстандықпын», «Отаным – Қазақстан», «Елімнің болашағына жауаптымын» деген мақтанышты асқақ сезім берік және толық орныққан кезде, бәлкім, арнаулы орта және жоғары оқу орындарында, мысалға алынып отырған батыс, т.б. елдердегі сияқты, «Қазіргі Қазақстан тарихын» ғана оқытуға болар. Ал әзірге оған ерте.
Яғни, Елбасы Н.Ә.Назарбаев атап көрсеткеніндей: «Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болғанда ғана біз «Мәңгілік Ел» боламыз».
Ғани ҚАРАСАЕВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор,
Сейітқали ДҮЙСЕН,
педагогика ғылымдарының кандидаты, білім беру ісінің үздігі
АСТАНА