Ақын Рәдиф Гаташ туралы сыр
Бейсекеңнің – профессор Бейсембай Кенжебайұлының бауырында тәрбиеленгендік болар өспірім шағымнан бір қазақ әдебиеті ғана емес, күллі түрік дүниесі әдебиетін оқып, бақылап, байқап келемін. Түркістанға қоныс аударғалы жылда жазда бір түрік ұлт, ұлысы еліне сапарлап қайтатын әдет тапқанымды қайтерсіз?! «Ақынды танығың келсе туған жеріне бардың» (А.С.Пушкин) дегеннің кебі.
2010 жылы нағашы жұртым Татарстанға жол түсті. Қасымда әріптес ғалым, татардың ірі зерттеушісі Хатып Миңнеғұлов. Жолсерігіме: «Рәдиф Гаташпен таныстырсаңыз», деп қиыламын. Танысқым келіп үздігуімнің өзіндік сыры бар. Соның алдында татардың тамаша ақынының үш томдық таңдамалысын оқып шыққанмын. Үшінші томға жазған алғысөзінде профессор Резеда Ғаниева оны «поэзия пайғамбары», деп атайды. Осы үзіле бағалаудан менің басымда бір ой жылт ете қалды. Поэзияда пайғамбарды жырлаған орыс, қазағыңда үш-төрт ақын ғана бар. А.Блок, С.Торайғырұлы, М.Жұмабайұлы, сәл кейін И.Бунин... Менің білерім міне, осылар! Енді келіп туыс татар елінің ақынын өз сыншы ғалымы пайғамбар образымен бейнелеп бағалап отыр... Ұлы Мағжан өлеңдерін Рәдифке татар тіліне тәржіма еткізсе қайтер еді. Қолқамызды қабылдар ма, татар ақыны? Аз уақыт өтер-өтпесте «Қазан оттары» журналында ақынмен жүздестік.
...Бәрін біліп отыр. Мағжан ұлтшылдықтан түріктік тұтастыққа көтерілген ұлы ақын. Түрік ақындары арасында махаббатты Мағжанша маздатқан ақын некен-саяқ. Тілімнің ұшына татар қызы Зейнеп Ахмеровамен махаббат «дертіне» ұшырап, қыздың ата-анасы қарсы болатын, содан шын сүйіскен жандарға бірге ғұмыр кешуді тағдыр жазбады, енді ең болмаса бір молада жатайық деп құшақтасып тұрып, бірге атылып өлген Бернияз Күлеев оралды. Ол да Мағжан шәкірті. Тұнып тұрған махаббат драмасы. Мағжан жырларын аударуды келісе алмай отырып: «Осы тақырыпта жазбайсыз ба?», – деп Берниязға ойысып асығыстық танытып та алдым. «О, ол бізде жазылған...», – деді.
Сөйтіп, Мағжан Жұмабайұлына тоқтадық та, қол алыстық. Қоштасарда Рәдиф ағай маған бір бет орамал сыйлады: «Сіздерге келін болып үлгермеген Зейнеп апамыздың сәлемі деп қабылдаңыз...». Мен тебірендім. Келісім беки түскеннің белгісі деп қабылдадым.
Араға сөздік жүрді. Әдебиетші Ш.Елеукеновтің «Мағжан» кітабы Гаташқа қарай сапар шекті. Араға жыл салып Мағжан Жұмабаевтың махаббат кітабы татар тілінде жарық көрді. Қазақ тілінен тікелей тәржіма. Елуінші жылдары Ж.Сыздықовтың татар классигі Ғабдолла Тоқай шығармаларын татар тілінен тікелей аударғаны еске түседі. Соңғы кезде тіпті, бұл ұмытылып бара жатқандай еді. Енді, міне, Мағжан қазақ тілінен татар тіліне тура жол тартып барады... Бір сөзді ақын кітапқа қолтаңба жазып, Иманәлі Байдәулетовтен маған беріп жіберді. «Егемен Қазақстан» газеті бетінде бұл жөнінде мақала жарияланды.
Сол күндерден бері шығармашылығын қадағалап оқып келе жатқан ақыным – Рәдиф Гаташ. Татардың тамаша ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық жазушысы. Өзі башқұрт арасында туған ол татардың тамаша ақыны райында ішті-тысты түрік жұртына әбден мойындалып та, мойындатып та болған. Классиг. Орыс тілі арқылы ағылшын, француз дегендей бірсыпыра шетел тілдеріне өлеңдері аударылып жарық көрген әбден танымал тұлға.
Хрушевтік «жылымық» кезінде, кеңестік кезеңнің өзінде табандап тұрып Иван Бунинді ақтауға мұрындық болған Александр Твардовскийдің «Новый мир» журналынан әлденеше ұлттың тұтас бір буын ақындары өсіп шыққаны мәлім. «Политехникалық институт жертөлесінде» өлең оқып, әдебиетке келген Р.Рождественский, А.Вознесенский, Е.Евтушенко сол дәуір жемісі. Қазақтардан Ә.Тәжібаев ақын ретінде қайта түлеп, Қадыр Мырза Әлі, Олжас Сүлейменов, Тұманбай Молдағалиев, Жұмекен Нәжімедденов, Сағи Жиенбаев, Мұқағали Мақатаев, Бекен Әбдразақов поэзияға сол дүмпумен келген. Біз сөз етіп отырған Рәдиф Гаташ та сол «алпысыншы» жылғылар санатынан. Олар Р.Файзуллин, Р.Харисов, Г.Рәхим, Р.Мингалим, М.Әшламов, З.Маликов дегендей татар поэзиясына еселей-еселей үлес қосқан шын жүйріктер. Танымал талантты бір шоғыр.
Алпысыншы жылдары әдебиетке Рәдиф Гаташ махаббатты жырлай келді. Махаббат кеңестік тар кезең, тараң саясатқа қарсы қуатты үн болып сөйледі. «Махаббатсыз дүние достың» (Абай) кері. Қазақтың Әбділда Тәжібаевы секілді татардың алпысыншы жылдары қайта түлеген ақыны Сибгат Хаким тағылымы жаңаша өрнекпен байып, Рәдиф поэзиясы арқылы махаббат тақырыбы тың арна тартты, даңғыл жолға түсті десек жарасар асылы. Махаббат поэзияның мәңгі тақырыбы, мәңгі жас тақырып. Солай бола тұра, махаббат жырының қашан пешенесі дегеннен ашылып жүре беріп еді? Рәдиф Гаташқа да алдыңғы аға буын, тіпті, қанаттас қатарластары тарапынан да шабуыл басталып-ақ кетіп еді. Оны сынап жатты. Мақала жазып та сынады, өлеңмен де ескертті махаббаттан өзге де тақырып бар ғой деп, тіпті, пародиялап та бақты. Ал тәні ғана емес, бүкіл жаны махаббат деп жанып тұрған, жүрегі махаббат деп ынтызар соғып тұрған жас ақын Рәдиф болса: «Ул хыянәт итми мәхәббаткә», деп жан-тәнімен қарсыласып бақты. Махаббатты жырлауды тиюың не, үдете түсті, үдете түсті... Алайда, махаббаты тың мазмұнмен байып туған елге, туған жерге, тіпті, тәуелсіздікті аңсау махаббатына айналды. Шаттық махаббат жырына мұңлы әуен араласты. Ақынның тынысы кеңейді, алар асуы асқақтай түсті. Романтикалық сарыннан отты, қуатты реалистік нотаға өсе жырлады махаббатты. Бүгінгі таңда Рәдиф Гаташ татардың тақырыпты жан-жақты өрістете ашқан, ақшаңқан сезімдермен жырлаған ұлы махаббат жыршысына айналып мойындалып отыр. Біз бұған қуанамыз. Ол Генрих Гейненің «ақын – махаббаттың құлы», – деген сөзін бойтұмыр етіп тағынғандай. Сонымен бірге, Александр Блоктың: «Ақын – үндестік ұлы» болуға тиісті екенін де жадынан бір сәт шығарып көрген емес. Ізденімпаз ақынның махаббат жыры тақырып аясы кеңдігімен ғана емес, ішкі иірім назы, назды жіті жеткізер сан-ықылым сазы, өлеңдік өрнегі, бәрі де құп жарасып, өзара үйлесім тауып, татар поэзиясын реформатор райында алға жетелеп келеді, жырдан жырға асқақтай өсіп, жинақтан-жинаққа тасқындай тасып оқырманын қайран қалдырумен келеді.
Біздің сөзімізге қарап замандас татар ақыны өмір бақи жалғыз тақырыпқа жіп тағумен, тек бір ғана махаббатты жырлаумен өтіп келеді екен деген пікір тумаса керек. Сол бір мәңгілік тақырып аясына тарихи тамыры бір, қатар жасап келе жатқан туыс татар елінің ұлттық бар қасиетін, тарих соқпа-соқпасында шеккен бар қасіретін сыйғыза жырлап келеді. Рәдиф «махаббаты» әлеуметтік сарыннан сырт тұр деп, туған халқымен бірге қуанып, бірге мұңая алмайды деп, сірә да айта алмасақ керек. Ол ақындық диапазоны мейлінше кең ақын. Тақырып біреу – махаббат. Сол тақырып арқылы жырланар тақырыптар көп-ақ. Тақырып біреу – махаббат. Есесіне бір тақырып поифониялық сипат алып, ойлылық, философия, қуаныш, қайғы дегендей мазмұн байтақтана түседі. Тақырып біреу – махаббат. Сезімталдық, образдылық, ойлы орамдар өрнегі мәңгілік тақырыпты өзгеше етеді. Осының бәрі дүние-ғалам философиясын адам жүрегі арқылы өткізіп, лирикалық бейненің күйініш-сүйініш сезімі арқылы бере білу шеберлігі. Осыншама көп дүниенің бәрінің саяр жері – ақындық шеберлік. Сан тақырып мөлдір тұмадан бастау алып, жылғалардан жылжып ағып арналар өзен секілді, сылдыр қағып, ойнап ағып, ойлана толқып келіп құяр мұхиттың арнасы – махаббат. Осының бәрі жыр-тұма жырлы-жүректен шығып, нұрлы, сырлы махаббат жырына айналып, жүректерге құйып жатыр. «Жүректен шықпаса жүрекке жетпейді» (Қ.Мырза Әлі). Ал жүректен шығып жүрекке жету – ақындық бақыт.
Гаташ әңгіме болғанда оның поэзиясының жанрлық байлығын да айтып өтпеске болмайды. Ол ең алдымен тұтасып тұрған лирика. Маздап жанған сазды сыр, от болып маздаған жалын жыр. Ақындықтың алғашқы белеңдерінде үйренген мектебі, алған тәлімі лирика жанры арқылы татар жұртына еркін жетіп жатты. Ол батыс ақындарын көп аударған ақын. Соңғы жылдары ұлы Гете тамсанатын шығыстың жеті жұлдызы – оның жыр жұлдызына, ақындық темірқазығына айналды. Шығысқа бет бұрған жерден ол лирик ретінде жанр жаңалады. Ол енді ғазалшы, ол енді рубайшы.
Ақынды тану, жұртына сапарлау, тамылжыған өлеңдерін оқумен шектелмесе керек. Онымен шектелсек әдебиетші, сыншы атымызға сын. Ақи-тақи тану үшін, алдымен барлау, сосын талдау үшін ақын жайындағы ілгері-кейінді кезең-кезеңде айтылған бағалау пікірлеріне де ден қоймақ ләзім.
Хасан Туфан: «Мен оның тумысынан талантты жаратылған жан екенін, демек Тоқайлар, Такташтар, Жәлилдер өсиетін алға апарушы боларына нық сенгем... Тіліміздің ғажап байлығын, ішкі иірімін мейлінше еркін игеріп, оның мүмкіндігін сан қырынан көзбен көргендей сезіп, біліп игеріп поэтикалық тілге айналдырып айта алады Рәдиф». Демек, Рәдиф Гаташ татар тілі арқылы өлең жазған қатардағы ақын емес, татар тілін ұстартушы ұстаз ақын.
Герәй Рәхим: «Оның әрбір өлеңі: «Мен Рәдиф Гаташ өлеңімін», деп сөйлеп тұрады». Демек, ақынның өз беті, өз сөзі, өз мәнері бар, бар болғандықтан да пайғамбар атанып үлгерген ақын.
Хатып Миңнеғұлов: «Рәдиф Гаташ – жарты ғасырлық шығармашылығында әр кезең азаматтарының көңіліндегі қуаныш пен қайғыны дәл тауып, көңіліне ұялата жырлаудан бір танбай келе жатқан шын жүйрік.
... Р.Гаташ – поэзиямыздың қайталанбас бір сұлу өрнегі». Демек, Гаташ поэзиясы – өрнекті өлең, өрнекті өлең – көрнекті өлең, өрнекті өлең – ортақ қазына. Тынбай ізденіп, өлең өрнегін үнемі тыңнан жаңалай тынбай жырлап өрнекті өлең туғызудан танбай келе жатқан ақын – көрнекті ақын!
Р.Гаташ – ұлтын сүйген ақын, ұлты үшін жаны күйетін ақын. Сондықтан да, оны Ркайл Зайдулла: «Ақынды асқақтататын ұлттық рух. Бұл жағынан келгенде Рәдиф Гаташ шынайы татар ақыны. Ол бізге сол ұлттық рух жыршысы болғаны үшін де қадірлі», – деп бағалады.
Орайында еске түседі, КСРО кезінде өзге ұлт оқырмандары Эдуардас Межелайтистің поэзиясын ұнатып оқыр едік. Есесіне литвалықтар жалпыадамзаттық тұрғыдағы Эдуардасты емес, Юстинас Марцинкявичюстің өлеңдерін, поэмаларын сүйіп оқитын. Неге? Ю.Мацинкявичюс – өзін литван халқының қасіреті мен қасиетін жырлауға арнаған, бүтін болмыс-бітімімен ұлттық мәнердегі ақын еді. Оның поэзиясын Александр Межировтың аударуында да мән бар.
Күні бойы біз тамсана айтып отырған татар ақынының ақындық ерекшеліктерінің бәрі де міне, осы жерден, оның ұлттық рухты ақындығынан бастау алады. Табиғатында Гаташ романтик ақын. Оның өлеңдерін оқып отырғанда кісі кәдімгідей қиял қанатына мініп, қанаттанып отырады. Есесіне, татар халқы бастан кешкен небір бұралаң соқпақты жолдарды жырлағанда қатыгез реалист ақын. Романтикалық пафос пен реалистік нақты заттылық егіз өріліп өзінше бір поэтикалық әлемге айналады.
...Өз өлең жырлары үшін де, әмсе қазақтың Мағжандай маздаған махаббат жыршысын татар тілінде сөйлеткені үшін де дән риза едік Рәдиф Гаташқа. Жақында. Иә, жақында Татарстанға тағы да жол түсті. Құшақ айқасып, сырласу үстінде ол бізге өзбектің 1937 жылы нақақтан атылып кеткен тамаша ақыны, махаббат жыршысы атанған Чулпонның татар тіліндегі жыр жинағын ұсынды. Кеше Мағжан. Бүгін өзбектің Мағжаны – Чулпон сөйледі татардың сазды тілінде. Қуанып тұр. Өзбек тілінен тікелей тәржіма жасапты өзі. Біз бірге қуандық. Туыс татар халқының жампоз жыршысының өрісі кеңейген үстіне кеңейе түскен екен деп қуандық!
«Жол таптым бар қазақтың жүрегіне, Осы да жетті деген тілегіне...», С.Мұқанов өз өмір жолын осылай қорытқан. Татардың тамаша ақыны, махаббат жыршысы Рәдиф Гаташ та: «Жол таптым бар татардың жүрегіне...», деп сан рет жырлағаны хақ. Алайда, біз айтар едік, бір татар ғана емес, күллі түрік дүниесінің жүрегін жауладым жырыммен деуге құқы бар, татар ұлтшылдығынан түрік жұртын түгел жырлауға жеткен түрікшіл, түріктік тұтастыққа жеткен, ақындық даңқы түрік жұртына түгел кеткен бақытты ақын деп.
P.S. Таяуда Радиф Гаташтың өлеңдерін қазақ тіліне татар тілінен тікелей тәржімалау жөнінде Исраил Сапарбаймен келістім. Іске сәт дейік.
Құлбек Ергөбек,
филология ғылымдарының
докторы, профессор
Түркістан