«Астана Балет» театрының қойылымдары мен үздік хореографиялық миниатюраларын Алматы жұртшылығы қызыға тамашалады.
Оңтүстік астанадағы мәдени сапар үш күнге созылды. Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры сахнасында «Астана Балет» өзінің тың туындыларын тарту етті. Би айшығы Алматының мәдени өміріндегі елеулі оқиғаға айналды. Еске сала кетейік, балет ұжымы алғаш рет Алатаудың бөктеріне осыдан екі жыл бұрын атбасын тіреген болатын. Осы аралықта театр ауыз толтырып айтарлықтай қандай жетістіктерге кенелді?
«Мен олардың тамаша өнерін тамашалап, ғажайып әсерге бөлендім. Біздің оқу орнын бітірген түлектердің осыншалық биікке самғап, белестерді бағындыруы маған ерекше қанат бітірді. Күні кеше ғана сары уыз балапандай көрінген шәкірттеріміз аз ғана уақытта асқаралы шыңға қонып, қырандай қалықтаса, қалайша қуанбассың. Өтірік емес, кейде жастарға көңіліміз толмай жатады. Тіліміз батыңқырап кететін кездер жоқ емес. Соған қарамастан, олардың бүгінгі жетістігіне куә болған мен нағыз өнер жұлдыздарының жарқырап шалқыған шағын көрдім, – дейді Абай атындағы МАОБТ прима-балеринасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, А.Селезнев атындағы Мемлекеттік хореографиялық училищенің оқытушысы, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері Людмила Рудакова. – Олардың кәсіби жағынан шыңдалғаны қандай ғажап! Демек, мектептегі оқытушылардың, педагог-репетиторлардың еңбектері зая кеткен жоқ. Жұрт әдетте театрды көңіл көтеріп қайтатын орын деп ойлайды. Ал оның ар жағында қандай өмір өтіп жатқанын онша жақсы бағамдай бермейді. Театр әуелі темірдей тәртіпке бағынатынын мына қауым біле ме өзі? Өйткені, ішкі тәртіпке көп нәрсе байланысты. Содан соң, репетиторға. Мен кезінде осы қыздардың көпшілігімен жұмыс істедім. Балжан Нұрпейісованы, Назерке Ахметті, басқаларын да жақсы танимын. Училищеде мен классикалық мұра тәжірибесін өткізген болатынмын. Мұндағы 35 жыл, театрдағы 50 жыл ішінде өзім де көп биледім, көргенім де жетіп-артылады. Алайда, аз уақыт ішінде кәсіби деңгейдің осыншалық артатынын алғаш рет көруім...».
Театр тарихындағы бұл гастрольдік сапар ең жауапты сәт. Оның үстіне Алматыда балет өнерінің жанкүйерлері көп тұрады. Небір әйгілі мамандар, балетмейстерлер мен ұстаздар осында. Мұның өзі әр спектакльге тұшымды дайындықты талап етеді. Сол себепті, мұны балет труппасының бір жағынан есеп беру кеші, екіншіден ұжымның өткен үлкен сынағы деуге толық негіз бар... Әдеттегідей Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының сахнасы ерекше құлпырып, бекзат өнер күйі шалқыды. Талай тарландар табаны тиген киелі шаңырақтағы «Астана Балеттің» жарқыраған өнеріне жұртшылық ризашылықпен қол соқты. Үш күндік бағдарлама бірін-бірі қайталаған жоқ. Алматыда сырға толы туынды сыйға тартылды. Зал мен сахнаның салтанаты жарасты. Екі қойылым – «Gaia» (Р.Амаранте хореографиясы, Х.Таварес музыкасы) мен «Әлем» (Н.Дмитриевский хореографиясы, А.Амар, Б.Гафаров музыкасы) спектакльдерінен үзінді көрсетілді. Бұл екеуі бір-біріне мүлде ұқсамайды: пластикасы, хореографиялық тілі, костюмдері мен музыкалық сипаты жағынан түрліше. Алғашқы сәттен-ақ би әлемінің ғажайып әсері толқыта жөнеледі. «Gaia» балеті көрерменді мінсіз хореографиясымен, экспрессивті музыкасымен, костюмімен, жалпы, спектакльдің қайталанбас нәзік стилистикасы арқылы баурады.
«Поэтика мен нәзіктікке толы балет», – деп үн қатты шағын үзілісте жанкүйердің бірі.
Табиғаттың таңғажайып құбылысына елжірейсің. Жер мен су, от пен ауа, орман мен орта сияқты алуан бейнелерді бедерлеген періштелер пластикасы ғажап. Олар сондай нәзік! Соған қарамастан, сұмдық күш-қуатқа бай еді, шартарап олардан тараған шуақты күйге жылынады.
Он алты балерина көрерменді әп-сәтте баурап әкетті. Айшуақ сәтке бөленген Алатаудың ажарлы жүзі асқақ! Балеттің «Гауһар тасы» деуге әбден лайық туынды дерсің мұны. Оның бедерлі қырлары қиял құштырады, қазақстандық сахнада тым сирек кездесетін заманауи неоклассика сәулесіне қаныға қарап тұра бергің келеді. Бірінші күні «Әлем» балетінен үзінділер үлгі етілген еді. Сондағы тылсым ауан тұла бойды аңшы тұзағындай тұсап қойды. Жалпы, түркі тарихы тақырыбына көсіле көлбеудің өзі батыл қадам десек, ал тақырыптың бұлтсыз аспандай ашық та айқындығы өз алдына бөлек әңгіме. Мұнда сахналық шешімнің қайталанбас графикасы мен түрлі-түсті костюмдерге, сылаң қаққан сұлу қыздың шолпысындай шоқтығы бөлек дыбыстарға, жарық пен көлеңкенің өзара жарыса алмасуымен бейнелер шоғырына, т.т. тап боласыз.
«Әлем» үзінділері өте ғажап, – деп санайды А.Селезнев атындағы Алматы хореография училищесінің директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ая Қалиева. – Бұл – тарихымыздың бастау бұлағы. Кемелдену мен толысудың көз алдымызда өткенін көрдік. Бірінші күнгі бағдарламаға жұртшылықтың ризашылығы шексіз. Мұндағы туындылар түрлі болғанымен, жалпы бағдарламаның тұжырымдамалық тұтастығы бірден байқалады».
«Кармен» (М.Авахридің хореографиясы, Ж.Бизе-Р.Щедриннің музыкасы) балеті көрерменді ерекше тебіренткені рас. Қойылым адам бойындағы құштарлық сезімін ой елегінен өткізеді. Залда ерекше бір тыныштық орнап, сол ықылас соңғы сәтке дейін мүлтіксіз сақталады. Әлсін-әлсін сезімге шалдыққан жандардың ішкі күйзелісі қылаң беріп қалғанмен, іле-шала байырғы қалпы үйреншікті үнсіздікпен үйлесім табады. «Кармен» балеті ерекше энергетикасымен тартымды, эмоциялық әсерімен айшықты. Әртістер, балеттің қоюшысы Мукарам Авахри зор қошеметке бөленулі. Сахна гүл шоқтарына толды...
«Астана Балет GALA» қорытынды концертінің бағдарламасына репертуардағы үздік хореографиялық миниатюралар енгізілді. Атап айтқанда, «Аллегретто» мен «Еліту», «Калифорниялық мак» пен «Альмей биі», сонымен қатар, «Жусан» мен «Клеопатра» балеттерінен үзінділер.Театрдың бас балетмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Татидің Дина Нұрпейісованың күйіне қойған «Әсем қоңыр» хореографиялық миниатюрасын көрермен ерекше сезімде қабылдады.
«Мұндай ғажап ұжым кемде-кем, – деп атап өтті, Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрының бас директоры Асқар Бөрібаев. – Олар қазақ биінің көркем иірімін, еліміздің қазіргі балет жетістігін әлемнің кез келген сахнасында емін-еркін көрсете алады. Мұндағы бірде-бір дүниені бөле-жарып қарай алмайсыз».
Балет сыншысы Гүлнәр Жұмасейітова: «Бұл театрдың басқа өнер ұжымдарына ұқсамайтын жақтары көп. Мұндай ерекшелікті труппа құрамынан, репертуардан айқын аңғарасыз, әсіресе, қойылымдары бұрын-соңғы үлгіде кездеспейтін әдіс-тәсілдерге, детальдарға толы. Жасыратын несі бар, біз әлі сюжетсіз балеттерге үйрене қойған жоқпыз. Сондықтан бұл бізге әзірге таңсық дүние. «Gaia» балеті заманауи балет болса, ал «Әлем» спектаклінің үзінділері арқылы мұнда философия басымдығын байқадық. Тағы бір айта кететін жайт, соңғы уақытта ұлттық спектакльдеріміздің аздығын жиі айтып жүрміз. Ал мына қойылым сондай ұлттық нақыштағы төл дүниенің үлгісі болып табылады. Бұл арқылы ХХI ғасырдан өткеніңізге үңілесіз. Символизм мен шарттылық басым болып көрінгенмен, өте тұшымды дүние», деп жоғары баға берді.
Бұл орайда, гастрольдік сапардың жоғары деңгейде өтуіне барынша мүмкіндік туғызған «Астана Балет» театры басшылығының рөлін айрықша атап өткен жөн. Театрдың директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Валерий Күзембаевтың айтуынша, бұл – ұжымдағы бүкіл адамдардың ортақ жемісі. Әсіресе, техникалық бөлімнің қызметкерлері күндіз-түні дамыл таппады. Осы күндері жұмыстың басында түнегендері бар. Қызықты кездесулер барысында ағыл-тегіл ойлар айтылды. Әртістердің орындаушылық шеберлігі жоғары бағаланды. Концерт соңында көпшілік әртістерге, хореографтарға алғыстарын жаудырды. Абай атындағы әйгілі театр қабырғасында өткен үш күн таусылмас таудай тағылымға толы. Және де осы сапар еліміздегі екі ірі өнер ошағы арасындағы мәдени байланысты нығайтуға жаңаша жол ашқан бастау болып қалғаны тағы рас.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Суретте: «Астана Балет» театрының гастрольдік сапары сәтінен