Бұл күнде әлем саяси-экономикалық түрлі қиындықтарға толы күрделі кезеңді бастан кешіп, ол өз кезегінде адамдардың тағдырына, елдегі ішкі ахуалға әсер етіп жатқаны белгілі. Әйтсе де, дағдарысқа қарсы күрес, тығырықтан шығудың жолын іздеу ғана қиындықты мейлінше тезірек еңсеруге көмектеседі. Қашан да мақсатты қадам, оған жетудің тиімді жолдарын іздестіру – ел келешегі, мемлекет мүддесі. Бұл ретте мемлекетті кәсібилендіру – уақыт талабы. Өйткені, ол Ұлт Жоспарының қозғаушы күші, негізгі қызыл өзегі болып табылады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламалық мақаласында мемлекетті кәсібилендіру жайына кең түрде тоқталды. Елбасы айтқандай, ең бірінші реформа «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заң негізінде мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған. Сайып келгенде, мемлекетті кәсібилендіру Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың қозғаушы күші десе де болады.
Бажайлап отырсақ, елімізде «Мемлекеттік қызмет туралы» алғашқы Заңның қабылданғанына да 20 жылдай уақыт өтіпті. Одан бергі жерде елімізде елеулі өзгерістер болды, өрлеуге қадам бастық. Жылдар өткен сайын ел алдындағы міндеттер де өсе түседі, талаптар күшейеді. Міне, осындай қажеттілікке орай «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заңды қабылдау да «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында айтылған мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруге арналады.
Аталған заңның бүгінгі күн талабына сай ерекшеліктері де көп. Алдымен, мемлекеттік қызметке орналасқысы келген әр маман үш сатыдан тұратын іріктеу жүйесінен өтуі және төменгі лауазымнан бастап мансаптық жоғарылауына айрықша мән беріледі. Сондай-ақ, бұдан былай басшылар қызмет орнын ауыстырғанда жаңа қызметке тек кеңесшісін, көмекшісін және хатшысын ғана ілестіре алады. Жаңа мансаптық модельге сай «команда» сол қызметтік ортаның мүмкіндігіне сай жасақталады. Басқалай айтқанда, жаңа, жас мамандардың қызмет бабында сенімді өсуіне назар аударылады. Міне, осындай шарттарды орындай отырып, жас мамандардың мемлекеттік қызметке көбірек тартылуына, меритократия қағидасын басым бағытта пайдалана отырып, мемлекеттік қызметшілердің мансаптық өсуіне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Атырау облысы бойынша департаменті де өз назарында ұстап отыр.
Мемлекеттік қызметкерлерді тағы бір толғандыратын жайт – еңбекақы төлеу тәртібі. Бұдан былай еңбекақы қызметшінің жұмыс сипаты мен көлеміне, оның нәтижесіне байланысты, сондай-ақ, бұрын-соңды мемлекеттік қызметте болмаған бонустық төлем төленбекші. Бұл арада мемлекеттік қызметшінің әр тоқсандағы атқарған ісі бағаланып, жыл аяғында ортақ шешім жасалады. Осыған сай, лауазымы бірдей қызметкерлердің бонустық төлемі әрқалай болуы да көңілге қонымды. Шындығында, бұл қызметтің орынды бағалануы болып табылады. Яғни, мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылса, оған бонус төленбейді. Бонусқа байланысты тағы бір мәселе, Елбасы мақаласында мемлекеттік қызметшінің мансаптық өсу деңгейіне де айрықша мән беріліп, оның басты талабы жұмыс тәжірибесі болатындығына баса назар аударылған. Бұған дейін аталған саланың қызметшілері әр үш жылда міндетті түрде аттестаттаудан өтіп тұратын еді. Енді ол әр жыл сайын жоғары бағаланып отырады.
Мемлекеттік қызметшіге қойылатын жаңаша талаптың бірі – оның жазу қабілеті. Кейде айтар ойын ауызша жақсы жеткізе білгенімен, оны қағазға ұғынықты түрде түсіре алмайтындар да кездеседі. Осыған орай енді әр мемлекеттік қызметшінің эссе жазуға деген қарым-қабілеті де сынға түспек.
Мемлекетті кәсібилендіру ісінде жемқорлықтан сақтану, оның алдын алуға ерекше мән берілді. Оны Елбасының Жарлығымен Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрлік, оның құрылымында Жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ұлттық бюросы құрылғандығын айтуға болар еді. Еліміз Ұлт Жоспарына сәйкес әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену мақсатын қойып, ол үшін шетелдік менеджерді шақырып, олардың біліктілік іс тәжірибесін үйрену, пайдалануға ерекше мән беруде. Бұл үрдіс әлі де жалғаса бермекші.
Жаңа заңға сәйкес «Б» корпусына кіретін мемлекеттік қызметшілерге де айрықша көңіл аударылып отыр. Оның ең басында аталған топ қызметшілерінің жалақысын 30 пайызға өсіру міндеті тұрса, оларды жаңа біліктілік талаптарына сәйкестігі бойынша кешенді аттестаттаудан өткізу және үш жылда бір реттен біліктілік арттыру курсынан өткізу де заң тұрғысынан бекітілді.
Мұның бәрі Елбасының Жарлығымен үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заңда көрініс тапты. Бұл Қазақстанда мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңі басталғандығын дәлелдейді. Сөз жоқ, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруда қолға алынған шаралар жүйені жаңа биікке көтереді. Ең бастысы, жоғарыда айтқанымыздай, әкімшілік мемлекеттік қызметшінің мансабы оның біліктілігі мен жинақтаған тәжірибесі есепке алына отырып құралады. Мансаптық сатының әр баспалдағында ол өзінің кәсіби жарамдылығын дәлелдеп отыруы қажет. Мемлекеттік қызмет саласын сапалық тұрғыдан жетілдіре отырып, жемқорлықты азайтуға қол жеткізіледі. Сайып келгенде, мұның өзі мемлекеттік қызметшілерге деген талаптың өскендігін аңғартады.
Жаңа заңның тағы бір ерекшелігі – мемлекеттік қызметшілер арасында этикалық нормаларды бұзу, жемқорлыққа жол берудің алдын алуға байланысты қатаң шаралар белгіленген.
Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс пен тұрмыстағы жүріс-тұрысы реттелген Мемлекеттік қызметшілердің жаңа Этикалық кодексі жасақталды. Бұдан былай Мемлекеттік қызметшілер тек қатардағы жай қызметкер емес, халық арасында беделді, жұртшылық үлгі тұтатын тұлғаға айналғаны абзал. Ол үшін жаңа реформаға сай барлық мемлекеттік органдарда және әкімдіктерде этика жөніндегі өкіл болады. Осы талаптарды орындау мақсатында Атырау облысы бойынша жергілікті атқарушы органдарға әдеп жөніндегі уәкілдің өкілеттігі Атырау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасарына жүктелді.
Аталған жаңа институт этикалық нормалардың сақталуын қадағалап, мониторинг жасайды, мемлекеттік қызметтегі азаматтардың заңдық құқықтарының сақталуымен қатар, ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалды да назарда ұстайды. Ол үшін ұжымдардағы жай-жапсарды нақтылау бағытында жабық сауалнама жүргізіліп, сауалнама нәтижесі қажет болған жағдайда басшылыққа ұсынылады.
Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметшілердің өмірде адал, әділетті, қарапайым және шынайы болу қажеттілігіне тәрбиелеумен бірге, оларды шешім қабылдаған кезде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етуге міндеттейді. Қызметтен тыс уақытта олар қоғамға жат мінез-құлық көрсетпеуге, ішіп-жеу, құмар ойындарға жол бермеуге жауапкершілік жүктейді.
Мемлекеттік қызметшінің бәрі бірдей білікті, өмірлік тәжірибесі мол мамандар емес, жоғары оқу орнын бітіре сала қызметке келген жастар да болуы мүмкін. Ендеше, олар өз қызметін қай саладан бастай алады? Бұл жөніндегі түсінік «Жұмысқа жаңадан келген азаматтар мен мемлекеттік қызметті тек ең төменгі әкімшілік лауазымнан бастайды және олар конкурстық іріктеумен ғана тағайындалады. Әрі қарай оның мансабы мемлекеттік қызмет сатысында біртіндеп, тәжірибе жинағанына және біліміне қарай келесі лауазымның біліктілік талаптарына сәйкес конкурсқа қатысып, осындай іріктеумен және конкурстық ашық тағайындаумен жоғарылайды» деп түйінделген.
Бүгінгі таңда Атырау облысы бойынша мемлекеттік қызметшілер саны 3143 бірлікті құрайды. Оның ішінде жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардағы қызметшілер саны – 1655, республикалық – 1488, саяси мемлекеттік қызметкерлер – 7, «А» корпусындағы қызметкерлер – 14.
Бос лауазымдардың үлесі 10 пайыз немесе 317 бірлік, оның ішінде жергілікті бюджет – 175, республикалық бюджет – 142.
«Б» корпусының кадр резерві мәселесі бойынша қазіргі уақытта 19 резерв бар. Өткен жылы кадр резервіне 37 адам қабылданды. Есептік кезеңде резервтен 29 адам жұмысқа орналастырылып, мерзімнің аяқталуына байланысты 16 адам резервтен шығарылды.
Ұлт Жоспарында көзделген кәсіби және дербес мемлекеттік аппаратты қалыптастыру бағытына қарасты мемлекеттік органдар және тұрғындар арасында түсінік жұмыстары барлық 7 ауданда және Атырау қаласында тыңғылықты өткізілді. Оған 1342 адам қатысты. Осылайша, облыс аумағында Ұлт Жоспарында көзделген мақсаттарды жүзеге асыру барысында, оның ішінде мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыруға сәйкес жұмыстар атқарылып жатыр.
Мемлекеттік кәсіби аппаратты қалыптастыруға қатысты жаңа реформа Қазақстанда мемлекеттік қызметті дамытудың жарқын кезеңі басталғандығын дәлелдейді. Мемлекеттің мәртебесін көтеруге, оның алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарынан көрінуіне мемлекеттік қызметшінің қосатын үлесі зор. Оның ар тазалығы, жан шуағы – туған елдің келешегіне арналса, одан асқақ мәртебе болмақ емес. Сол арқылы халықтың мемлекеттік қызметшіге деген, мемлекетке деген сенімі нығая түседі.
Мұхит ІЗБАНОВ,
Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы
АТЫРАУ