• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2016

Үркіншілік

1507 рет
көрсетілді

1914 жылы бірінші дүниежүзілік соғыс басталғаннан кейінгі екі жыл ішінде патша үкіметі экономикалық және техникалық салада артта қалған ел екенін түсінді.Ұрыс кезіндегі Ресейдің кейбір жеңістері жалпы жағдайын жақсарта алмады.1915-1916 жылдары бұл ел өзінің батыс жақтағы біраз иеліктерінен айырылып қалды.Соғыстағы сәтсіздіктердің орнын толтыру үшін армияға және тылдағы қара жұмысқа адам күші мен материалдық ресурс­тар қажет болды. Әскерлерді азық-түлікпен қамтамасыз ету қиындай түсті. Осындай жағдайдан шығу үшін халыққа салынатын салық түрлері көбейді.Соғыс басталғаннан кейінгі екі жылда қазақ даласынан жиналған алымда есеп болмады. Оның ішінде Жетісу өңіріндегі 16 болыс албан елі тұратын бір ғана аймақ тұрғындарынан салық жинау­­шылар 3 мың бас ірі қара,80 мың бас қой, 2 мың таңдаулы ат,144 киіз үй,80 мың жұп байпақ,500 кесек киіз және 16 мың патша рублін алды. Осындай қиыншылық кезінде  пат­шаның әйгілі «июнь жарлығы» шығады. Бұл 1916 жылғы 25 маусым еді. Сол жылдың 2 шілдесінде аталмыш пәрменді орындау үшін Кеген, Нарынқол өңіріне жауапты пристав Александр Подворков Қар­қараға келеді. Осында өтіп жатқан жәрмеңкедегі барлық болыстарды жинап,үш күннің ішінде армиядағы қара жұмысқа баратын 19 бен 43 жас аралығындағы ер-азаматтардың тізімін әкелуге бұйрық береді. Жағдай елдің бас қосып, ақыл­дасуын қажет етеді. Ел азаматтары Қабанқарағай деп аталатын құрман болысының ықпалды адамы Ұзақ Саурықұлы ауылында кеңес құрады. Жазушы Мұхтар Әуезов өзінің «Қилы заман» повесінде оны: «Кішілеу дөңгелек денелі, бурыл сақалды ер Ұзақ қажымас қайрат иесі, ержүрек батыр иесі болатын», деп көрсеткен еді. Шынында, Ұзақ бойына құлдық мінезді дарытпаған ер болатын. 1884 жылғы Ресей патшасының салық төлейтін жарлығына қарсы шыққаны үшін 1896 жылы 12 жылға бас бостандығынан айырылған. Түрмеден босаған соң Ұзақ патшаға қарсы ашық түрде үгіт жүргізген. Сол себепті оны қайта қамамақ болған полиция өкілі Прусаков пен Беделбай деген болысты сабағаны үшін 1899 жылы 27 қаңтарда екінші рет түрмеге жабылған. 1902 жылы ғана бостандыққа шыққан. Ғалым-жазушы Тұрсын Жұртбай «Бейуақ» кітабында: «Отаршылдық және әкімшілік қанауға ғұмыр бойы күрескен Ұзақ Саурықұлының тарих аренасына шығуы – тарихи қажеттілік. Халық оны сол өжет қимылы, өткір мінезі, ел үшін көрсеткен қайраты үшін батыр атады. Қайсарлығы үшін қамауда болып, түрмеде отырған болатын. Соның ешқайсысына мойымаған. Ақыры ел үшін құрбан болған Ұзақ шынында батыр атағына сай, солай аталуға тиісті тұлға», – деп жазды. Жоғарыдағы айтқан Қабан­қарағайда болған кеңесті Жәмеңке Мәмбетов бас­қарған. Онда: «Үкі­меттің қатаң шара көруі мүмкін екендігін жасырмай елге жеткізу, ел басына қандай күн туса да бірлігін ыдыратпай, қолда бар мүмкіндікті пайдалану, дес бермеу керек», – дескен. Жиналыстың шешімі бойынша Жәмеңке Мәмбетұлы, Ұзақ Саурықұлы, Серікбай Қанайұлы, Қазыбек Шорманұлы сияқты ел ағалары патша жарлығын орындамау ісіне жауапты болады.1916 жылғы 11 шілде күні Жәмеңке, Ұзақ, Жаңабай, Серік­бай, Қазыбек, Әубәкір, тағы басқа бас көтерер ел азаматтары Айттөбеге келіп жиналады.Осы үлкен жиынға Прежевальск, Верный және Қапал уездері қазақтарының уәкілдері, сондай-ақ ұйғырдың Кетпен, Ақсу-Шарын болыстарынан адамдар қатысқаны тергеу материалдарында атап айтылады. Сол жиында: «Соңғы кесімді жауапты ұлыққа кім айтады?», – деген мәселе бойынша екіұшты пікір жазылып жүр. Бірінде Жәмеңке: «Атасы Тазабек казак-орысқа бағынбаймын деп жанжал шығарған, соның баласы Әубәкір ғой, Әубәкір берсін», – дейді. Сонда Әубәкір тұрып: «Жоқ, Жәке, жауапты Ұзақ батыр берсін, бұған, жұрт, не дейсіңдер?» деп көпке қарағанда жұрт: «Дұрыс, Ұзақ батыр берсін!» – депті. Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» кіта­бында бұл былайша баян­далады. «...Ертең орысқа жауап беретін болыстар. Мына қария сөздерінен соң болыс атаулы не айтады, соны естілік? ...Неге айтпайды, неге ұйлығады?!» – деп Тұрлықожа болыстарға қадалды. «...Аяғында, ертең ұлыққа жауап беру үшін, қариялардың бойын көрсетпей, жасырақ басшыларын жібермек болып, Серікбай, Тұрлықожа, Айтбай үшеуін сайлады. Ең ақырында, Жәмеңке албанның Райымбек батыр және Саурық бастатқан қадірлі ұлы әруақтарының бәрін атап тұрып: «Солардың оң сапарын бер!» деп мойнына бұршағын салып тұрып тілек қылып, бір әкенің баласындай бір ниетке тас-түйін болып, жиылған елге ақ батасын берді. Қалың жұрт күңірене қостап: «Иә, құдай, Иә, Райымбек ата, жар бола гөр!» – деп ақ тілек тілеп, ұйыған пішінмен беттерін сипады. Көтерілістің тас іргесі орнығып, алғашқы бір буын, бір сатысы осыдан басталып еді». Жетісудағы осындай жағдайды бі­ліп отырған патша өкілдері алдын ала Жаркент қаласына полковник Ветлицейн басқарған 6-атқыштар полкін орналас­тырады. Артынан Қарқара жәрмеңкесін қоршауға алып, төрт жағынан 12 пулемет, 4 зеңбірекпен атқылайды. Осы кезде қазақтың екі топ жасағы пристав Подворковтың кеңсесіне басып кірмек болған кезде оларды екі пулеметпен атқылап, 40 қазақ жігіті ажал құшады. Жендеттер жағынан 15 адам өледі. Ертесі қаза болған қазақ жасағының саны одан көп болғаны анықталған. Бұл қанды қырғынды естіген Нарынқол, Кеген, Жаркент, Шонжы, Шелек, Есік, Алматы, сонымен қатар, Қырғызстандағы Қарақол, Ыстық­көлдің шығысындағы елді мекендердегі халық ереуілге шығады. Дәл осы күндерде көтерілісшілердің басшылары Жәмеңке, Ұзақ, Әубәкір, Серікбай, тағы басқалары алдағы уақыттағы шабуылдау жоспарын жасап, нысаналарын белгілейді.Патша армиясы қазақтарды қанша қырып жатса да олардың қайтпасына көздері жетіп, әскерлерінің санын көбейтеді. Патша үкіметі қазақтардың көтерілісін басуға 8750 найзалы 35 рота, 3900 қылышты 24 жүздік, 16 зеңбірек пен 24 пулемет, 21 жаяу әскер ротасы, 22 жүздік, тағы 43 зеңбірек пен 17 пулемет жібереді (ОММ, 39-том, 1-тізбе, 1120-іс, 30-бет). 17 шілдеде өкімет 126 адамнан тұратын казак-орыс жүздігі, жасы 40-45 арасындағы казактардан қосымша 1106 адам жүздік құрады. Көтерілістің аумағының кеңейіп бара жатқандығынан сес­кенген губернатор 19 шілдеде қазақ көтерілісшілерінің басшыларын ұстауға бұйрық береді. Бұл пәрменді алысымен пристав Подворков өзіне бағынышты болыстарының ішіндегі күдікті деп танылған Жәмеңкені – Ақбейіттен, Ұзақты – Таңбалытастан «шұғыл әңгіме бар, кеңесеміз» деген сылтаумен Қарқараға шақыртады. 20 шілде күні губернатордың бұйрығымен «ереуіл жасаушыларға тез арада шара көрмегені үшін» Подворковты орнынан алып, қызметін кіші­рейтеді. Оның орнына сол күні Фольбаумның жеке бұйрығымен Жаркент уезіндегі жазалаушы күш командирі Кравченконы тағайындайды. Қарқараға 22 шілде күні Подворковтың шақыруымен «кеңесуге» келген Жәмеңке Мәмбетов, Ұзақ Саурықов және Әубәкір Сұлтанбеков дереу қамауға алынады. Оларды сол күні уақыт озғызбай 10 солдат түнделетіп айдап, 23 шілдеде Прежевальск түрмесіне қамайды. Бұ­дан арғы жағдай жұртқа белгілі. Оны Т.Ілиясұлы мен Ж.Қарабайұлы «Қарқара көтерілісі» кітабында жан-жақты айтқан. Көп күн өтпей көтерілісшілердің 13 басшы адамдары қолға түсіп, олар­ды да Қара­қол түрмесіне қа­майды. Бұлар: «Естібайұлы Нүке, Құдиярбек, Жанпейіс, Шор­ман­ұлы Қазыбек, Қаңтарұлы Кәрібоз, Жансеркеұлы Тұрлықожа, Құдай­бергенұлы Жаңабай, Сұлтан­құлұлы Бекайдар, Арғын­ұлы Сы­банқұл, Әділбекұлы Құр­ман, Разақов Біләл, Бектенұлы Жайшыбек және Төбеұлы Саза» (І.Жансүгіров, 4-том,.145-бет).Олардың ұсталған күні тамыздың 4-і болатын деп көрсетеді қырғыннан тірі қалған Біләл Разақұлы. Ұсталған­дарды тергеуді Жаркент уезі про­курорының жәрдемшісі Болотников пен 3-ші бөлімше сотының бастығы Коношенко қатар жүргізген. Жауап алу кезінде Жәмеңке де, Ұзақ та тайсалмай жауап берген. Сұрақ кезінде бірге болған Әубәкірдің естелігінде Жәмеңке: «...Біз­дің де еркегіміз еркек, ұрғашы емес. Қара жұмысқа бала бермейміз. Қолымызға қару бер, соғысқа барамыз. Егер қазақ халқын адам қатарына санайды екенсіңдер, онда елдің адал тілегіне, әділ талабына құлақ асыңдар» десе, Ұзақ 10 шілде күні өзінің ауылында халықтың жиналғанын растайды, «Қара жұмысқа бала бермейміз. Өлсек ел үшін өлеміз. Ел-жұртты кім жылатса, соған қарсымыз», – деген. Бұл дерек С.Тәнекеев кітабында көрсетілген. Жергілікті халықты «бұратана» деп есептеген патша үкіметінің содырлары ойларына келгенін істеп үйренген ғой. Олар қазақтарды сұрауы жоқ, іздеуі жоқ тобыр деп санаған. Онық анық мысалы Қарақол түрмесінде 12 шілдеден 13-іне қараған түні болды. Онда болған Әубәкірдің естелігінде: «Түн ортасында қарауыл сығалайтын тесіктің шиқылдап ашылғанынан оянып кеттік. Сол сәтте дереу мылтық атылып, түрме гүрсілге толып кетті. Қазақтар қа­мал­­ған камераның екі терезесінен төрт солдат келіп, нарда жатқандарға бесатардан оқ жаудырды. Үсті-үстіне еселеген атыстың демі басылмады. Нардың терезеге тірелген жерінде жотасы қан-қан Құдияр­бек етпетінен сұлап жатыр», – дейді. «Түрменің ортасында, – делінген екінші куәгер Разақов, – шалқасынан құлаған беттерін қан жапқан Кәрбоз, Жанпейіс, Құрман, Қағазбек қаз-қатар жатыр». Осы кезде Ұзақ: «Ақыр өлетін болдық, ең болмаса жастығымызды ала жатайық», деп Қазыбек пен Бекайдар үшеуі және тірі қалған басқалары көмектесіп нардың қалың тақтайын жұлып алып, камераның есігін қойғылап, ұрып құлатады. Ашылған есіктен Ұзақ, Қазыбек, Сыбанқұл, Бекайдар, Жаңабай, Әубәкір, Тұрлықожа және Жайшыбек сыртқа шығады да, мылтық атқан төрт солдатты ұрып жығады. Төрт бесатарға Қазыбек, Бекайдар, Сыбанқұл және Жаңабай ие болып, келе жатқан солдаттармен атысады. Сөйтіп, түрмеден қашып шыққандарды Ұзақ бастап, дуал­дан секіре бастайды. Сол кезде Ұзақ ба­тырға оқ тиіп, жарақаттанады. Қазыбек атысып жатқан Тұрлықожа, Жайшыбек, Әубәкір үшеуіне жаралы болған Ұзақты елге жеткізуге міндеттейді. Алайда әлсіре­ген Ұзақ дуалдан аса бере жан тапсы­ра­ды. Қашып шыққандардан Әубә­кір Сұлтан­беков, Тұрлықожа Жан­серкин, Жәйшібек Бектенов пен Біләл Разақов қана аман қалады. Басқалары өздерінің қазағының болашағы үшін Қарақолда патша үкіметінің озбырлық сая­сат кесірінен опат болады. Кейін түрме бастығы Хромых облыс прокурорына: «Түрмеде жатқандар бүлік шығарды. Сол себепті қарауылдар амалсыздан қару жұмсауға мәжбүр болды», деп өтірік баяндаған. Тергеу кезінде Хромыхтың ойдан шығарылған жауабы әшкере болған. Жалпы Қарқара өңірінен үкі­метке қауіпті қылмыскерлер деген атпен 67 адам ұсталған. Олардың ішінде Жәмеңкенің туған інісі Шойбек пен үлкен баласы Садық та болған. Ұсталғандар Ресей заңы бойынша үш топқа бөлінген. Олардың 15-і аса қауіпті қылмыскер ретінде сол кездегі кодекстің 263-бабының 1-бөліміне жатқызылып ату жазасына,екінші топтағы 13 адам 15 жылдан 25 жылға, ал үшінші топтағы 38 адам 15 жылға түрмеге қамалуы тиісті қылмыс жасағандар деп пайымдалған. Түрмеде айуандықпен атылғандардың ішіндегі Садық 34 жаста болса , Құрман Әділбеков небәрі 29 жастағы жігіт еді. Архивтегі құжаттарға қарап отырсақ Қарқара өңірінде патша содырлары жа­зықсыз адамдарды түрмеде де, далада да сұраусыз ата берген. Бұл кездейсоқ жағдай емес. Оны арнайы орындардың тікелей берген тапсырмасы екенін айқын байқауға болады.Оның бір мысалы, Қара­қол түрмесінің бастығы, қамаудағы адамдарды себепсіз атқан Хромыхтың ісіне байланысты кодекстің 309-бабымен қозғалған іс созылып ақыры аяқсыз қалған. Қарқара қазақтарының патша армия­сымен жай ғана шекісу емес, нағыз сойқан соғысы Жетісудан асып Әулиеатаға дейін, Іле мен Шу өзені алабындағы халықты түгел шарпыды. Бұл көтеріліс көршілес жатқан Алатаудың арғы бетіндегі Ыстықкөл, Талас аңғарындағы қырғыз ағайындырға дейін барды. Жағдайдың бақылаудан шығып кеткенін білген патша үкіметі 1916 жылдың 14 тамызында Жетісу облысында, ал 24 тамызда бүкіл Түркістан өлкесі бойынша төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болды. Қарқара көтерілісінің кең етек алып бара жатқанын көрген Жетісу генерал-губернаторы Фольбаум 13 қыркүйек күні Лепсі уезінің бастығына берген жеделхатында: «Барлық әскерлер мен крестьяндарға жеткізіңіз: Бүлікті жылдам басып, басбұзарларды тәубесіне келтіру тек бір жолмен ғана іске асады. Ол үшін тәжірибе ретінде ең бүлікшіл болыстың тас-талқанын шығарып, бірнеше жүз адамын қырып салу арқылы өзгелерге сабақ беру керек». Міне, жендеттерінің қылығы. Орталық мемлекеттік мұрағат­тың 46-қор, 1-ші тізбесінде сол кездегі ішкі істер министрлігінің өлке басшыларына жіберген жеделхатында: «Көтерілісшілерге байланыс­ты істі тездетіп қарау үшін уақыт­ша ерекше құқылы әскери сот ұйым­дасты­рылсын. Жауапты адамдар сотқа беріліп,тергеудің аяқталуын күтпестен дереу соттау тәртібі орнатылсын.Егер өлке­де соғыс жағдайы жариялана қалса, ерекше сот тек саптағы офицерлерден жасақ­талатын болсын... Шуваев», деп көрсетілген. Осы  жеделхатты басшылыққа алған Фольбаум Жетісу облысының әскер басшыларына жіберген бұйрығында: «Барлық уездерде, жазалаушы отрядтарда дереу дала сотын құру туралы, олардың шешіміне қарсы кассациялық арыз қабылдамай, үкімді дереу орындау» тапсырылды. Қазақтың кең-байтақ бейбіт даласы осы «Дала сотының» айуандық қантөгісінің талай куәсі болды. Түркістан өлкесінің губернаторы Куропаткин көтерілісті басу үшін жүзеге асырған шараларының бірі ретінде «1917 жылдың 1 ақпанына дейін өлке бойынша 347 адам ату жазасына, 168 адам каторгалық жұмысқа, 129 адам түрмеге отыруға кесілді», деп көрсеткен (ҚРОММ, 46-қор, 1-тізбе, 385-іс). Бұл «Дала сотының» істеген жат әрекеті. Жазалаушы отрядтар көтерілісте шегінуге мәжбүр болған кезде қолға түскендерді қыра берген. Ал сотсыз атылған бейбіт адамдардың саны әлі белгісіз. Патша әскерлерінің тағы бір айуандық ісі – көтерілісшілерді баспанадан және ішетін астан аластатып, аштан қаңғып өлетін халде қалдыру еді. Ол үшін көтерілісшілерді ең алдымен малынан айырып, үйлерін өртеді. Бұл өте қатыгез шара еді. Оның азабын ең алдымен кәрі адамдар мен үйдегі әйелдер және балалар тартқан. Қарқара өңірінде осындай істі жүзеге асыру сотник Волков пен Чадовтың отрядына жүктелген. Олар Кеңсайға шабуыл жасаған кезде көтерілісшілерді кездестіре алмай, үрейден қашқан 600 отбасы үйін өртеп жіберген. Көтерілістің қауіп туғызғаны соншама, өлке губернаторы Куро­паткин Ташкенттің түбіне полковник Алатарцев бастаған тағы бір жасақ ұйымдастырады да Жетісуға жібереді. Сөйтіп, қауіпті аймақ деп саналған Қарқара өңіріне оның бір бөлігін күшейтілген күш ретінде жібереді. Ол полковник Гейцигтің ерекше жасағы еді. Жалпы Қарқара-Қарақол бағытына Алматы мен Жаркенттен бұрынғы бар отрядтан басқа 4500-ден астам қарулы күш аттандырылған екен. Жетісудағы ұлт-азаттық көтерілісті басу үшін ұзын саны 30 мыңға жуық қарулы күш жіберіліп, Қапал, Жаркент, Қарқара, Верный, Қарақол, Бішкек, Әулиеатаға дейін біртұтас соғыс майданы құрылған. Иә, қаруы жоқ қарапайым халық­тың шайқас тәсілін жетік білетін, сол заманғы жетілген қару-жарақпен қаруланған күшке төтеп берерлік мүмкіндігі жоқ еді. Қазақтар ат үстінде жүре соғысып, жер жағдайын жақсы білгендіктен, сай-салалар мен жыраларды паналап, бас сауғалауға мәжбүр болған. Үкіметтің көтерілісті басуға арнайы жіберілген қарулы күштері қазақ жасақтарымен соғыспай, оларды айналып өтіп, қарапайым отырған ауылдарға соқтығып, қарттар мен балаларға жауыздық жасаған. Оған генерал Ефремовтың: «Отряды прежде всего атакавали ущелья, где прятались женщины и дети», деп жазғаны мысал болады. Қыркүйектің соңы мен қазан айында көтерілісшілердің негізгі күштері жеңіліске ұшырады. Патша жендеттері бас көтергендерді ғана емес, сонымен бірге, халықты да аяу­сыз жазалады. 1917 жылы «Қазақ» газетінің 254-нөмірінде жарияланған Мұхаметжан Тыныш­баевтың мәліметтері бойынша «албан тайпасында 69440 жан бас көтерген, соның 35100 адамы қырылған». Ал есепке алынбағандардың шығыны бір құдайға ғана мәлім. Жыр дүлдүлі Іляс Жансүгіров: «Орыстардың қазақ-қырғыздарды топырлатып ата беретіні көпке созылды. Қаладан бір орыс мылтықпен шықса, онымен жолыққаны: «Қайда барасың? – десе: «Екі аяқты киік атам» дейтінді», – деп жазған. Сонда қазақтар олар үшін адам емес, аң есебінде болған демеске шараң жоқ. Қарқара көтерілісінің негізгі күштері жеңіле бастаған шақта қиындыққа тап болған халық Қытайға кетуге мәжбүр болды. Жақуда Оспанов өзінің «Мен өскен орта» атты кітабында: «...Енді не істеу керек, халық қайда барып күн көреді, қалай жан сақтайды, бұған бір-ақ амал бар. Сөйтіп, 1916 жылдың қыркүйек, қазан айларында Кеген, Нарынқолдың халқы түп көтеріле көшіп, Қытай жеріне өтіп кетті. Мұны тарихта албан үркіншілігі дейді», – деп жазады. Сол «шекара бұзуды» басынан өткізген Самсалы Қожабековтің 1991 жылғы «Парасат» журналының 6-нөмірінде шыққан естелігі­нен қысқаша үзінді келтірейік. «...Осы атыста Кеңсу өзенінің арғы жағасына өткенде Егімбай деген кісіге оқ тиіп қаза болды... Бұрынғыдай емес енді түнде көштік. Екі-үш күн тау сағасына, өзен жағасына келіп қоныстандық. Сөйтіп, қазіргі Райымбек ауданы, Сүмбе ауылына келдік. Қытай мен біздің жерімізді Сүмбе өзені бөліп тұрады екен. Ендігі әңгіме Қытайға өту еді. Ол да бір бас қатырар шаруа болды. Өйткені, өз бетімен өткен адамдарды қалмақтар тонап жатыр деген қауесет тараған. Мұны естіген әкелеріміз Текес бойын­дағы қалмақтардың басшысы Қарға деген біздің Дәулетбайдың інісі екенін біліп, соны іздеп тауып алды. Қарғаның ағасы Дәулетбай жас кезінде шапқыншылықта қазақтардың қолына түсіп қалады. Оны біздің атамыз мұсылман жасап, үйлендіріп өзіне бала етіп алыпты. Қарға 70-ке келіп қалған ағасы Дәулетбайды бірден танып, біздерді аман-есен өткізіп, Аттың тауы деген жерге орналастырды.» Шекара асып кеткендер саны күннен күнге көбейе бастайды. Орталық Мемлекеттік мұрағаттың 76-қорындағы 1-тізбедегі деректе Байынқол болысындағы 863 түтіннің 863-і, Иванов болысындағы – 787 түтіннің 787-і, Құрман болысындағы 927 түтіннің 847-і, Қожбанбет болысындағы 1189 түтіннің – 1139-ы, айт болысындағы 902 түтіннің 822-і, алжан болысындағы 903 түтіннің 803-і шекарадан өтіп кеткен екен. Жалпы, Жаркент уезі мен Верный уезінен барлығы 15145 түтіннің 10740 түтіні Қытай асқаны жөнінде мәлімет бар. 1916 жылғы Қарқарадағы албан көтерілісі қазақ халқының сан ғасырлық ұлт-азаттық қозғалысының тарихында ерекше орын алады. Бас көтеру отаршылдыққа және империализмге қарсы бағытта болды. Қарқара көтерілісі – үш жүз жылға созылған патшалық империяның отарлау бұғауын тас-талқан еткен, жазықсыз жандарды, бейбіт тұрғындарды қырып жою шараларын үздіксіз жүргізген патшалық Ресей әрекетінің астарын ашып берді. Халық қаһары оңай емес екенін көрсетті. Көтерілістің барысын байқап қараған адамға оның негізгі төрт кезеңнен тұраты­нын көруге болады. Бірінші кезең – жарлықтың шығуына байланысты жер-жерде өткізілген жиындар. Сонымен қатар, болған толқулар. Осындай жиындар мен толқулар елді «қалың ұйқыдан» оятқан еді. Екінші кезең – белсенді жетекшілердің тұтқынға алынуы, оларды Қарақол түрмесіне қамап, ешбір тергеусіз, сотсыз, яғни себепсіз атып бастауы. Мұндай бассыздық халықтың ашу-ызасын туғызып, көтеріліске шығуды тездетті. Сондай-ақ, патша жендеттерімен ешқандай да ымыраға келудің мүмкін еместігін білдірді. Үшінші кезең – халықтың қару­лы көтеріліске баруы. Көтеріліс басшы­ларының қарапайым халықтың арасынан шығуы. Елдің бай-кедей демей бірігіп, отаршылдыққа қарсы саналы түрде ұйымдасуы.Олардың халық арасынан жігерлі жасақтарды шығарып, ел қорғау мақсатында патшаның жазалаушы отрядтарымен қарулы қақтығыстарға ашық түрде шығуы болды. Төртінші кезең – жергілікті қазақтардың патша үкіметінің қолдан жасаған зорлық-зомбылықтарынан көрген қиындықтарының әсерінен үркін­шілікке ұшырауы. Болашақ ұрпақты аман сақтау мақсатында Қытай асулары. Осы төртінші кезеңге елде қалған қазақ жасақтарының қазақ ауылдарына шабуыл жасаған казак-орыс­тар мен өзге де басқыншылардың біріккен күштеріне қарсы жойқын шайқастары және сол алапатта өз халқының азаттығы үшін тайсалмай табан тіресулерін қосуға болады.. Иә, 1916 жылғы Қарқарадағы албан көтерілісі жеңіліске ұшы­рағанымен, оның ұлт-азаттық жолындағы қозғалыста алатын тарихи маңызы зор. Қазақ ұлтының сана-сезімін оятты. Патша үкіметінің отаршылдық және басқыншылық саясаттың құпия сыры ашылды. Қазақтың малын, бар жақсысын талапайға салу арқылы баюды ойлағаны да әшкере болды. Оған генерал-губернатор Фольбаумның өзінің бағынышты шенеунігі Ивановқа берген мына жеделхаты дәлелдейді. «Прощу передать полковнику Боброву чтобы он приказал Бурзи и Кахановскому отбитый ими скот у мятежников при первой возможности передать уездной администрации для продажи аукциона...» (ОММ,46-қор,1-ші тізімдеме,254-іс) Қайталап айтсақ, бұл көтеріліс бұқараның саяси белсенділігін оятумен бірге, олардың қиын-қыстау кезде ұйымдаса білетінін де дәлелдеді. Беркін ӘКЕБАЕВ, өлкетанушы АЛМАТЫ