• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2016

Құмырсқалар құжырасы

3967 рет
көрсетілді

Бұл көп миллионды қала жердің үстіңгі қабатының бар болғаны екі шаршы метрін ғана алады! Оның тұрғындары  – әлемдегі ең еңбекқор тіршілік иелері! Олардың тәртіпке бағына білушілігі – кез келген диктатордың арманы! Олардың ақыл-ойына тек қызығуға ғана болады! Олар – құмырсқалар! Және олар біздің арамызда тұрады. Немесе біз солардың арасында тұратын шығар­мыз? Кімнің өркениеті өмірге бейімдірек? Осы төрт жолды оқып шығуға керек болатын бірнеше секундтің ішінде: – Жер бетінде 40 адам мен 700 миллион құмырсқа туылады.  – Жер бетінде 30 адам мен 500 миллион құмырсқа өледі. Адамдар: бойы 1-ден 2 метрге дейін баратын сүт қоректілер. Салмағы: 30-дан 100 килограмға дейін. Ұрғашысының жүктілігі: 9 ай. Тамақ талғамайды. Шамамен саны: 5 миллиард. Құмырсқалар: бойы 0,01-ден 3 сантиметрге дейін баратын жәндік. Салмағы: 1-ден 150 миллиграмға дейін. Жұмыртқа басуы: сперматозоид қорына байланысты, тілегіне орай. Тамақ талғамайды. Шамамен саны: миллиардтан астам.

Бернард Вербер.

«Құмырсқалар» романы

Жұмырбасты пенденің көкті жеңген бірі жоқ, Бәрін түгел жұтады жер-жебірдің жігі кеп. Амансың ба сен қазір?! Шаттысың ба осыған? Айналарсың әлі сен құмырсқаның асына... Омар Хайям Бұдан бірқатар жылдар бұрын белгілі француз жазушысы Бернард Вер­бердің... құмырсқалар туралы трилогиясы орыс тілінде басылып шықты да, осы тілде оқып-сөйлей алатын қа­тар жатқан елдерге жаппай тарай бастады. Аттары  «Құмырсқалар», «Құмырсқа күні» және «Құмырсқалар революциясы», деп аталатын үш кітап сол бойда осы аймақтағы бестселлерге айналып шыға келді. Жалпы, жазушының 16 жасынан бастап шиырлауды қолға алған бұл шығармаларының тырнақалдысы 1989 жылы толық жазылып бітіп, 1991 жылы 30 жасында баспа жүзінда жарық көрсе, тәматты-тәмәмі 1996 жылы оқырмандар ортасына жол тартқан екен. Былай қарағанда, түкке тұрғысыз көрінетін жәндіктерді кейіпкер етіп алған фолианттың татымды табысқа жете қоятын шамасы жоқ сияқты еді. Оның үстіне француз әдеби сыны кітаптардың әдепкі дебютін оншалықты жылы қабылдай қоймаған-тын. Бірақ кітап сүйер қауым ол сынды құлаққа қыстырмады. Соның арқасында құмырсқалар құжырасы мен құдіреті жөніндегі шырғасы шымыр шығармалар қысқа уақыттың қылтасында Еуропа мен Солтүстік Америка елдеріне толассыз тарап, бірден рекордтық көрсеткіш – 10 миллион таралымды көрсетті. Жазушы Бернард Вербер осы цикл­дың алғашқы  кітабына ғұмырының он екі жылын сарп еткен екен. Сол уақыт аралығында ол құмырсқалар өмірін зерттеуші мирмеколог-ғалымдармен ұдайы ақылдасып қана қоймаған, аталмыш жәндіктің тыныс-тіршілігін зерттеу үшін көп қабатты үйдегі пәтеріне илеу де әкеліп орналастырған. Сол ізденістердің арқасында ғаламдық деңгейде дүмпу туғызған әлгіндей кітаптар шоғырын дүниеге келтірген. Ал осы шығармаларды оқып шыққан соң адамдарға мына жәндікпен тіл табыса өмір сүру керек екен-ау деген тұжырым тұтанып сала берер еді. Өйткені, келешек кенересіндегі эволюцияның екпіні бізді қайда апарып соғатыны белгісіз. Бәлкім, адам баласына бір кездері Күн астынан орын алу үшін осы жәндікпен шындап айқасуға тура келіп те қалар... Осы жайлы ойлансаң, ойың ойран болады. Ал оқымысты қауым ортасы Бернард Вербер кітабында келтірілген желілердің бәрі де шынайы шындыққа суарылып алынғанын ауызға алады. Расында былайынша момақан болып көрінетін құмырсқалардың біздің планетамыздың нағыз қожайыны саналатындай да реті бар екен. Олар Жер шарын мұнда адамдардың алғашқы нәсілі пайда болғаннан көп бұрын жаулап алғанға ұқсайды. Бұған қоса олар өзіне дейін де, өзінен кейін де жер бетінен біржола құрып кеткен басқа мыңдаған тіршілік иелері сияқты құрдымға құламай, керісінше тұрмыс жағдайына барынша бейімделіп алады. Онымен де тоқтамай, ғасырлар бойы өзінің өзгеше өркениетін қалыптастырады. Және бұл өркениеттің құрылымы адамдар қауымдастығын қатты еске түсіреді. Құмырсқалардың да мемлекет-федерациялары бар. Қарапайым жан олар жөнінде бірдеңе біле қоймас. Жұрттың көбі, мәселен, құмырсқалардың қызыл түсті үлкен, қара түсті шағындау, қоңыр түсті майда түрлері кездесетінін, ендігі біреулері қанатты болып келіп, ұшып жүре беретінін ғана пайымдай алады. Сол сияқты орманда жүретін құмырсқалардың ірілеу, қалалы жердегілердің кішілеу болатынын да біраз кісі білсе керек. Ал қазіргі таңда ғалымдар жер бетінде олардың 12 мыңнан астам түрі тіршілік ететінін анықтап отыр. Және бұл нақты тоқталған цифр емес. Бұл үшін осыдан санаулы жылдар ғана бұрын деңгейдің 6 мың түрмен шектелгенін айтсақ та жеткілікті. Осы күні де жоғарыдағы көлемнің тоқтап қаларына сенім жоқ. Себебі, жыл сайын әлгі тізімге 200-300 түр қосылуда. Негізінен олар тропикалық джунгли ормандарының арасынан табылып жатыр. Құмырсқалар қауым­дастығы қазіргі таңда 20 топқа, 54 омаққа, 378 текке, 12 470 түр мен  4515 түршеге бөлінеді. Осы құмырсқалардың көптеген түрі өзара орасан зор қауым болып бірге тіршілік етеді. Ғалымдар бұл колонияларды «федерациялар» немесе «мемлекеттер» деп атайды. Осындай әр федерацияның қамтуында бір-бірімен қаншама қайшыласқан соқпақтар арқылы жал­ғасып жататын әлденеше ондаған, жүздеген немесе тіпті мыңдаған илеу­лер болады. Бір ғажабы, бір федера­цияның құмырсқалары ешқашан бір-біріне шабуыл жасамайды. Мұның орнына олар бір-біріне тамақ ұсынып, бірге аңға шығады, өз аумақтарына кіріп кеткен бәсекелестерімен қатарласа соғыса келіп, ауыр заттарды ізбе-із жү­ріп тасысады. Ал осы федерация­лар шегіне құмырсқалар аралық ұяларды, яғни бақылау бекеттерін қояды. Мұнда жауынгер және барлаушы құмырсқалар тұрады. Олар, әлбетте, қауымдас­тықты сырттан келетін жаудан қорғайды. Қазір әлемдегі ең үлкен федерация Жапонияның Хоккайдо аралынан табылды. Ондағы жалпы аумағы 3 мың шаршы шақырымды алатын 45 мың құжырада 300 млн. жәндік тіршілік етеді. Мұндай қауымның қызықты да жоғары ұйымдасқан бөлігі тропикалық аймақтарда өмір сүреді. Осы секілді «ойшыл құмырсқалар» біздің өңірлерімізде де кездесіп қалады. Мысалы, тоғайлы-орманды алқаптарды мекендейтін жалқын сары құ­мырсқалар сондай ақылдылар қатарына жататындықтан, көптен бері ға­лым­дардың зерттеу ны­санына айналып келеді.  Құмырс­қалардың бұл түрлері қара топырақты құнарландыруға атсалысып, өсім­діктерді жұлдыз құрттардан сақтап қалады екен. Құмырсқалар қауымдастығы темір­дей тәртіппен ұсталады. Бұл тәртіп әр құжыра мен илеуден федерация деңгейіне дейін түгел сақталады. Қауымдағы әрбір мүшенің өз міндеті және қызметі бар. Олар алға белгілі бір мақсат қойып, соны орындауға келгенде алдарына жан салмайды. Бұл қауымдастық қай жерде де матриархат болып табылады. Оларда негізінен амазонкалар тұрады. Кез келген илеудің басты тұлғасы, яғни топ бастар көсемі Ана-ханша болады. Құмырсқаның кейбір түрлерінде мұндай жетекші Ана бірнешеу де болып келеді. Осы аналық құмырсқа еркек құмырсқамен ғұмырында бар болғаны бір-ақ рет шағылысады. Бірақ сонда алып қалған шауқаты оның қалған бүкіл өміріне, яғни арғы жағындағы 10-15 жылға толық жетеді. Сол арқылы ол қайта-қайта жұмыртқа басып отырады. Мұнда барлық дерлік құмырсқалар түрлері ұрпақтарын касталық жүйемен өндіреді: бір жұмыртқадан болашақ аналық­тар пайда болса, ке­ле­сісінен аңшылар, бала күтушілер, құрылысшылар, өлексе жинаушылар, күзетшілер, жұмысшылар, жауынгерлер және басқалар өріп шығады. Және олар осы алып шыққан қызметтерін қалыпты тұрмыс жағдайында ешқашан ауыс­тырмайды. Аналық-ханшалар келбеті жағынан жұмысшылар тобына ұқсайды. Оларды тек кеуделерінің үлкендігі ғана өзге­лерден ажыратып көрсетіп тұрады. Бұларда тағы екі қанат болады. Бірақ олар алғаш ұрықтанғаннан кейін-ақ түсіп қалады. Осындай қанаттар еркек құмырсқаларда да бар. Ана-ханша басып шығаратын жұмырт­қадан тек қана әйел құмырсқа­лар, яғни амазонкалар өреді. Осылайша қауым мүшелерінің дені ұрғашы құмырсқалардан  құралады. Ал Ана-ханша бауырына баспаған жұмыртқа өмірге кіл еркектерді әкеледі. Саны барынша аз болатын олар тек аналықтарды ұрықтандыру үшін ғана керек. Илеудегі еркек құмырсқалардың бар міндеті осылай өз қаласын салу үшін отбасынан кеткісі келетін аналықтарды ұрықтандырып тұру болып табылады. Тағы бір таңғалатын жайт, біздің планетамыздағы құл иеленуші қоғамды білетін екі ғана жаратылыс иесінің бірі – адам, ал екіншісі осы құмырсқалар болып шықты. Бұл құрылыс  құмырсқалар арасындағы  амазонкаларда сақталып қалған. Ал амазонкаларда жұмысшы табы болмайды, олар қашаннан аналықтар және жауынгерлер болып екі топқа ғана бөлінеді. Қазақстанда осындай құл иеленуші құмырсқалардың үш түрі бар. Олар өз беттерінше қоректене алмайды, әлдекім ауыздарына әкеліп тамақ тосулары керек. Олар тіпті, илеу тұрғызуды да білмейді. Сондықтан, құл иеленушілердің аналық-падишасы басқа иеліктегі құмырсқалардың ұя­сына басып кіреді де, ондағы аналықты өлтіріп, жұмыртқаларын сонда қояды. Ал сол жұмыртқаларды бұрынғы қожайындардың бала күтушілері қарауына алады. Сосын құл иеленушілер құжыраны толық иемденіп біткесін, ондағы бұрынғы үй иелерін де түгел қырып салады. Осыдан соң ұсақтау иеліктері бар, көршілеріне шапқын бас­тайды. Ондағы бар мақсат бөгденің бала-пілләларын тартып алу болып табылады. Сол шараналарды өз ұяларына әкеліп салғаннан кейін олардан амазонкаларға тамақ тасып, оларды асырап тұруды ғана білетін нағыз құлдарды өсіріп шығарады. Мұндай жағдай адамдардың тарихында да аз кездескен жоқ қой. Амазонкалар құлдарының аңға шыққан сәттері де қызық. Олар алғаш­қы қауымдық құрылыс тұсындағы адамдардың тіршілігін қатты еске салады. Олар жолай кезіккен жемтіктеріне барлығы жабылып, бас салады. Сол сәтте жабайы адамдардың мамонтты жарға жығатын көрінісі көз алдыңа келер еді. Адамға ұқсас ақылдылығы мен айлакерлігі арқасында бұл жәндіктер дене тұрқы өздерінен екі-үш есе үлкен жәндікті торына оңай түсіре алады. Алатын аңын аңдыған құмырсқалар өсімдіктер жапырақтарынан талшықтар қиып алып, олардан іші қуыс кішкене ғана үйшік жасайды. Үйшікті құрас­тырып болған соң ішіне көп жауынгер жасырынып жатып алады. Сол кезде іштеріндегі бірнеше ұсақ құмырсқа бастарын қылтитып, жемтігін өздеріне шақырады. Сол арандатуға түсіп қалған ара, шегіртке, қоңыз секілді жәндіктер үйшікті өсімдіктің жапырағын немесе сабағы деп ойлайды. Сосын сол өсімдіктің шырынынан татуға келеді. Ал олжасын күтіп отырған құмырсқалар сол кезде оларға ұйымдасқан түрде тарпа бас салады. Мұндай қауырт шабуылды күтпеген жәндіктер қапелімде қарсыласа алмай, божырайады да қалады. Осыны күтіп жатқан негізгі жауынгерлер жан-жақтан лап береді. Біреуі тобықтан, біреуі аяқтан, енді біреуі кеудеден тартып, қайшы тісті шақырлатып келіп салғанда, дөңкиген қоңыз бен шегіртке бірден шатқаяқтап кетеді. Ақырында көздері қарауытып, есеңгіреп сала берген жәндіктер құмырсқаның денесін ұйытып, дызылдатып бара жатқан уытына шыдай алмай, гүрс етіп жерге құлайды. Сол-ақ екен, жүздеген жылтыркөз жыртқыш көзді ашып-жұмғанша дөңкиіп қимылсыз жатқан құрбандықты жіліктеп, турап, қырқып, қидалап, боршалап, әп-сәтте түгін қалдырмай ұясына тасып әкетеді. Осы тәсілдің өзі грек аңыздарындағы Троя шаһары түбіне әкелінген жасанды ағаш атты есімізге салар еді. Сонда адам секілді ойлай білетін құмырсқаның құді­ретіне таңғалмасқа амалың қалмайды. Колониядағы құмырсқалардың айтарлықтай басым бөлігін жыныстық жағынан пісіп-жетілмеген ұрғашы топтан тұратын жұмысшылар қауымы құрайды. Бұлардың өзі кейде ұсақ мамандықтар бойын­ша сұрыпталады. Құмырсқалар құ­жырасындағы жұмыс бөлісі де қатаң тәртіп негізінде жүзеге асады. Әдетте, жас жұ­мысшылар бала күту­шінің міндетін ат­қарады. Олар есейе келе, құрылысшыға, сосын тамақ табушыға айналады. Ал тамақ табуға қабілет-күштері қалмаған кәртаңдары азық-тү­лік қоймаларының сақтаушылары, қарауылдар мен бақылау­шылар болып қызмет етеді. Ендігі бір еріксіз жаға ұстататын жайт, құмырсқада да адам баласы секілді қолға үйретілген үй жануарлары болады. Былайша өсімдік биті саналатын олар «құмырсқа сиырының» міндетін атқарады. Сол сиырлардың денесінен тәтті шырын бөлінеді. Ақыл-ойы асқан жәндіктер оны негізгі асы мен сусыны ретінде ішіп, өздерінше рақат сезімге бөленіп, кейде мас боп жүреді. Сиырларды асырау үшін олар да бақташы ұстайды. Олар «жануарды» мезгілімен суарып, тойындырып, сауып, бөпелерін тап-таза ас-ауқатпен асырайды. «Малдың» емін-еркін жайылуы мен өсіп-өнуі үшін беретін құмырсқалар өз ішінен күзетшілер мен қорғаушылар тобын іріктеп шығарады. Егер жайылып жүрген әлгі «сиырларға» сырттан басқа бір жәндік келіп тиісетін болса, қарауыл құмырсқалар қырғын төбелеске кірісіп кетеді. Ал падашының міндеті табынға құнарлы жайылым тау­ып беріп, жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп-қонуын қамтамасыз ету болып табылады. Күн түс әлетіне жетіп, ауа ысыған сәтте оларға шөп-шаламнан күрке жасап беріп, көлеңкелік пана келтіреді. Уақыты жетіп, қыс келгенде, бақташылар ұрғашы сиырларды кәдімгідей жылы да құрғақ қыстауға жайғастырады. Олар құмырсқалар денінің сау болып, ұрпағы жақсы өсуі үшін сиырдың күтімін дұрыстау керек екенін жақсы біледі. Сиыры семіз болса, құмырсқаның да күйі жақсаратыны оларға әбден мәлім. Сол себепті де, бақ­ташы қарауындағы сиырлардың қоңы өз бетінше жүргендерден әлдеқайда тәуір болады. Олардың өсіп-өнуі де тез. Сондықтан, айдалада жүрген өсімдік биті құмырсқадан қожайын тапса, бала-шағасына дейін қуанады. Құмырсқалардың ұқыптылығында да шек жоқ.  Олар әр жерде шашылып қалған шөп-шалам мен дәнді дақылдың бәрін ұқыппен жинап, ұясындағы құрғақ қоймаға әкеліп сақтауға бейіл. Қоймадағы қызметшілер даладан жиылған әр алуан дән мен дәнекті тазалап, сұрыптап отырады. Жиналған астықты жемес бұрын қауызынан аршып, тазартып, ұн қылып ұнтақтайды. Біздіңше бұл диірменге тарттырып, ұн шығарғанмен бірдей. Дастарқанға жауапты аспазшы құмырсқалар ұнтақ ұнды сілекей суларына араластырып, қамыр илеп, быламық жасап, құндақта жатқан «бөпелердің» ауызына апарып салады. Сондықтан, тіршілік кепілі болған дәнді ұзақ мерзімге дұрыс сақтау үшін жанкешті еңбек етеді. Нөсер жауыннан соң «ас-ауқаттары» дымқыл тартып қалса, оларды тездетіп далаға шығарып, кептіріп, құрғатып алады. Ал кепкеннен кейін қайтадан үйлеріне тасып кіргізеді. Бір қызығы, құмырс­қалардың тұра­тын құрлығы мен жері­нің ауа райына байланыс­ты кәсіптерінің түрлері де бөлектеу болып отырады. Мәселен, Азия мен Африканы мекен ететін құмырсқалар негізінен көш­­пенді тұрмыс салтын ұстанады. Олар кезекті қоныс еткен жерлерінде уақытша баспаналар салып алады да, ұдайы көшіп-қонумен болады. Бұлардың арасында дән тұқымын жинайтын, сиыр сүтін сауа­тын, аңға шығатын түрлері қауымға тамақ тауып берумен айналысады. Осындай тамақ табушылардың қатарына өз илеулерінің қабатында саңырауқұлақ плантация­ларын орнататын фермерлерді де жатқызған жөн. Жоғарыда айтылған Бернард Вербердің романында осындай егіншілердің Париж түбіндегі құжы­расының өмірінен сыр шертіледі. Бірақ бұл жерде жазушы бір нәрседен қателесіп кетіпті, мұн­дай орасан зор саңы­рау­құ­лақ плантациялары тек Оңтүстік Америка құмырс­қа­ларында ғана болады екен. Жерасты егіншілігін олар 3-5 метр тереңдікке орналастырады, бұл алқаптарды диаметрі 10 сантиметр келетін туннельдермен жалғастырып қояды. Сол сияқты тыңайтқыш ретінде шіріген жапырақтарды қолданады. Жақында белгілі болды, күллі Оңтүстік Америкада егінші-құмырсқалар саңы­рау­құлақтың бір ғана түрін емес, оның тіпті, бірдей кескіндісін пайдаланады екен. Мұны аз десеңіз, әлемнің кез келген құрлығындағы құмырсқа азық етіп отырған саңырауқұлақтың да түрлері бірдей көрінеді. Демек, бұл өркениеттің иелері сан миллиондаған жылдар бойы жасалған ұзақ тәжірибенің негізінде өздеріне керекті ерекше бір саңырауқұлақ түрін ойлап тапқан болып шықты. Бұған қосарымыз, оларды ауыл шаруашылығы саласын дамыту ісі адамдардан кем дегенде 50 миллион жыл бұрын қолға алыныпты. Құмырсқалардың егіншілікті ғылыми деңгейде дамытып әкеткені соншалық, әлгіндегі саңырауқұлақты құрамында калориясы өте жоғары, белогы бар етіп жасап шығарған. Ақылы асқан құмырсқалардың тіршілігіне байланысты тағы бір мынадай ғажайып дерек бар. Латын Америкасындағы Перу атты мемлекет жеріндегі ит тұмсығы батпайтын қалың орманының ортасында ағаштың бір ғана түрі өседі. Жергілікті жартылай жабайы аборигендер оған жоламайды. Өздері «Шайтан бағы» деп атайтын бұл маңға барудан қорқады. Себебі, перулік үндістер өз тілдерінде «Чуайтаки» деп атайтын орман албас­тысы осы жерлерде тұрады-мыс. Кейін елдің биолог ғалымдары түбегейлі зерттеп көрсе, бар гәп құмырсқаларда болып шықты. Осы алапты қоныс тұтқан құжыра иелері бұл маңайда бүршік жарып өсе бастаған бөтен шыбық көрсе, бірден у шашып, көктемей жатып солдырып тастайды екен. Содан соң ғалымдар бақылауды одан әрі жүргізіп, әлгі «Шайтан бағының» жанына әртүрлі басқа талдардың дәнін егіп көреді. Сол дәнектен бірнеше өскін де өсіп шығады. Ал оларды көрген құмырсқалар үдере көтеріліп, небәрі бір тәуліктің ішінде бәрін тып-типыл етеді. Сөйтсе, олар шыбықтарға тиген жерін күйдіріп, ойып түсетін қышқылдарын сеуіп, бірден жойып жіберетін болған. Енді сол көшеттерді өзге бір жерлерге егіп көрсе, еш кедергісіз өсіп-өніп, жайқалып кете берген. Мұның себебін ғалымдар: «Құмырсқалар өздері мекен етіп отырған ағаштарға бақталас болмауы үшін бөтен шыбықтарды әлсіз кезінде аяусыз құртып отырады», деп түсіндірді.  Сол «Шайтан бағындағы» ағаштар саны артық-кемі жоқ тура 328 түп болып шығыпты, ал осы құмырсқа құжырасының тіршілік етіп келе жатқанына 800 жылдан асып кетіпті. Әлбетте, құмырсқа шаруашы­лығын­дағы мұндай таңғаларлық жетістіктерді түгел олардың инстинкіне теліп, табиғат-ана осылай жаратқан соң бәрі осылай жасалып жатқанына илана салуға да болар еді. Бірақ зерттеушілер мұның тіпті, де олай емес екенін осы күні таңдай қаға отырып, баян етеді. Құмырсқалар күллі жәндік атаулының ішіндегі бір-бірінің тірлігін бағып, бірінен-бірі үйреніп іс жасайтын жалғыз жаратылыс иесі екеніне әлдеқашан көз жеткізген. Былайынша айтқанда, олар бірінің тәжірибесін бірі алып, жаңа технологияны ұдайы меңгеріп отыратын ақыл-ой иелері болып шықты. Бұл жаңалықты Ресейдегі Новосібір мирмекология ғылыми мектебінің профессоры Жанна Резникова әлемде бірінші болып ашты. Олардың зерттеуінде шалғынды жердің құмырсқалары өздерінен гөрі пысықтау құмырсқалардан тамақ дайындаудың тиімдірек жолдарын үйренген көрінеді. Бір отбасындағы құмырсқалардың бәрінің ақылдары бірдей бола бермейтінін де осы ғалымдар тобы анықтапты. Олардың шамамен он пайыздай бөлігі айрықша алғыр, зерек келеді екен. Жақында құмырсқалардың өзде­рінің болашақ құрбандарына қалай қақпан құрып, тұзақ салатындары мәлім болды. Оңтүстік Америка ормандарында тіршілік ететін шағын денелі құмырсқа түрі ондай торды өсімдіктің сабағына салатын болып шықты. Олар сол сабақты бірнеше жерінен үңгіп тесіп, соған шегіртке мен көбелек келіп аяқтарын тығып алғанша аңдып отырады екен. Ал жемтіктері сол жерге кептеліп қалған бойда сабақтың астында тығылып тұрған сарбаздар әлгілердің аяқтарына жабыса кетеді. Сол сәтте жоғарыдан жауынгерлердің үлкен жасағы лап қойып, аңшылардың тістегенінен он есе қатты келетін соққыны жаудырады. Жемтік тордан шығып кетпес үшін құмырсқалар оның астынан арнайы тұтқыш та тоқып қоятынға ұқсайды. Осындай қақпанға түскен құрбандық құмырсқа талауынан құтылып кете алмайды. Бұл жәндіктер еңбек құралын жетіл­діруде де ұдайы тәжірибе алмасып отырады. Ғалымдар құмырсқаның бірнеше түріне бақылау жасау негізінде олардың сұйық тамақты тасу үшін жапырақтың қиындысын, ағаштың жаңқасын, кейде қатып қалған топырақты әдемі пайдалана білетіндеріне көз жеткізген. Олар, мысалы, өздері әкеткісі келетін бал тамшысын солардың үстіне тамызады да, әбден кепкенінше күтеді. Содан кейін барып, үйлеріне сүйрелеп әкетеді. Олар осылай әртүрлі заттарды құрал ретінде пайдалану арқылы әдетте, өзі до­мала­тып алып ке­тетіннен он еседей ар­тық мөл­­шерде тамақ тасып әкете алады. Мұның басқа құ­жыралардағы құмырсқалармен арада жүретін қатаң бәсекелестік жағдайында тигізетін пай­дасы зор. Осы жерде 1968 жылы Францияда жасалған мына эксперимент турасында айта кеткеннің артықтығы болмас. Онда құмырсқаларды екі жіпті тартуға үйреткен. Олардың бірін тартып қалғанда, қант сұйығы шығатын болса, екіншісінің соңында ештеңе де болмаған. Ал құмырсқалардың 70 пайызы сонда таңдауды дұрыс жасап, шырыны бар жіпке ұмтылған. Әзірге адамдарға құмырсқаның өзін­дік  болжамды тілін түсіну аса қиын болып тұр. Дегенмен, оны ажырату жолындағы эксперименттің жүріп жатқанына біраз болды. Ал құмырсқа тілі негізінен иістердің, яғни феромондардың кешенінен, аяқтарды қозғалту жолымен жасалатын ымишара мен антеналы байланыстардан құралатын сияқты. Құмырсқаны зерттеушілер бұл ретте оған туыстас бал араларына байланысты тәжіри­беге жүгініп отыр. Тап осы аралардың сим­волды би тілімен сөйлесетінін дәлелдеп шыққан австриялық зоолог Карл фон Фриш 1973 жылы Нобель сыйлығын алып еді. Аралар «тілінің» айрықшылығы жөніндегі тұжырымды өткен ғасырдың 90-жылдарының басында даниялық ғалым Бент Бах Андерсен толық қалыптастырып берді. Ол әр жерде тіршілік ететін аралардың адамдардағы сияқты өз диалектілері болатынын да айғақтап шықты. Осының негізіндегі тәжірибелер қазір АҚШ-тың Калифорния университетінде Аргентинадан алынған құмырсқалар негізінде жасалуда. Ал Ұлыбританиядағы Батыс университетінің интеллектуалды автономия зертханасында доктор Крис Мелхиш құмырсқаға жан-жақты ұқсас робот жасап әуреге түсуде. Осы елдегі Брисполь университетінің оқымыстысы Найджел Фрэнкс бұл жәндікті «ұжымдық ақыл-ойға» теңеп, құмырсқалар колониясын шағын пластмасса қорапшалардың ауқымында зерттеп жатыр. Олардың бәрі зерттеу нысанының келешекте ғылым үшін орасан зор жаңалықтар әкелетіне сенімді. ...Шынында да әлі жұмбаққа толы құмырсқалар тіршілігіндегі өзі­мізге белгілі жақ­тар­дың өзі­нен біз­дің алатын тағы­­лымымыз көп қой.  Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан» АСТАНА