Жыл сайын еліміз аумағында төрт мыңға тарта табиғи өрт пен жану фактілері орын алатыны белгілі болып отыр. Бұл жөнінде кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Табиғи өрттердің алдын алу және суға шомылу маусымындағы қауіпсіздік қағидалары» тақырыбында өткен брифингте Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы полковник В.Беккер мәлім етті.
Жалпы жанған алқаптардың аумағы 180 мың гектар болса, келтірілген шығын көлемі 230 миллион теңгені құрап отыр. Комитет төрағасының айтуынша, орман өрттерінің 80 пайызға жуығы адамдардың келеңсіз іс-әрекеттерінен орын алады. Әсіресе, көктем кездерінде орман өрттерінің туындауы азаматтардың және ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің құрғақ шөп пен өзге де орақтан кейінгі қалдықтарды жағудан туындайтыны ерекше аталды. Бұл ретте жыл басынан бері орын алған 27 орман өртінің төртеуі шөп өсімдіктерін жағудан туындағанын айта кету керек. Яғни, жағу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмаған. Владимир Беккер өрттің қауіпті кезеңінің басталуына орай ТЖ комитетінің аумақтық бөлімшелері жергілікті полиция қызметімен және атқарушы органдармен бірлесіп, демалыс және мереке күндері орман мен далалы жерлердегі өрт қауіпсіздігін бұзушыларды анықтау мақсатында рейдтерге шығатындығын ерекше атап кетті. Алайда, комитет төрағасы қажетті техникамен қамту мәселесі ақсап тұрғандығын, нақты айтқанда 60 пайыздан аспайтындығына назар аудартты. «Рейдтік іс-шаралардың арқасында бірлескен мобильді топтар рұқсат берілмеген жағудың, ауыл шаруашылығы далаларында құрғақ шөпті бақылаусыз жағудың, аңыз бен өткен жылғы сабан қалдықтарын жағудың, сондай-ақ Ақмола, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарының орман және дала алқаптарында өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтамаудың 40 фактісін анықтады», деп мәлімдеп кетті Владимир Робертович.
Комитет төрағасының сөзінен мәлім болғандай, қазіргі таңда мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендердегі өрттерге ден қою үшін жергілікті атқарушы органдар 4367 ерікті өртке қарсы құрылым құрылған. Олардың жарағында 7621 бірлік техника болса, соның 348-і өрт сөндіру автомобилі, 7273-і қарапайым құралдар және 755 өрт сөндіру мотопомпасы бар. Ерікті өрт сөндіру құрылымының құрамында 48201 адам бар екендігін де атап кеткен орынды. Реті келгенде комитет төрағасы Қазгидромет РМК мәліметтеріне жүгіне отырып, еліміз аумағында ыстық (30 С дейін жететін болады) ауа райының өршуі шілде айында орын алатындығын тілге тиек ете келіп, батыс және оңтүстік өңірлерде жауын-шашынның тапшылығы болжанатындығын жеткізді. Сондай-ақ В.Беккер жазғы кезеңдегі су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігі туралы да сөз етті.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»